Ізгі хабарды “әр түрлі тілде сөйлейтін” адамдар естиді
“Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады” (ЗӘКӘРИЯ 8:23).
1. Ехоба көп тілді халықаралық уағыздау ісіне қалай бастама берді?
ИЕРУСАЛИМ. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамы. Бұл сол күні болған оқиға үшін ең қолайлы жер әрі ең қолайлы кез болатын. Осыдан бірнеше апта бұрын кең байтақ Рим империясы мен оның айналасындағы, кем дегенде, 15 өңірден келген яһудилер мен яһуди дініне кіргендер Құтқарылу мейрамын тойлауға Иерусалимге келген еді. Мыңдаған адам киелі рухқа кенелген қарапайым адамдардың, Құдайдың ежелгі Бабылдағы тілді шатастырып жіберген кезіндегідей емес, өздеріне түсінікті тілде ізгі хабарды жариялап тұрғанын көрді (Елшілердің істері 2:1—12). Бұл оқиға мәсіхшілер қауымының дүниеге келуі мен біздің күнімізге дейін жалғасын тауып отырған көп тілді халықаралық ағарту ісінің бастамасы болды.
2. Б. з. 33 жылы Исаның шәкірттері көп ұлтты тыңдаушыларын қалай ‘қатты таңғалдырды’?
2 Исаның шәкірттері сол кездегі жалпы гректік сөйлеу тілін білген болу керек. Олар сондай-ақ ғибадатханада қолданылған көне еврей тілінде де сөйлейтін. Алайда Алғашқы өнім мейрамы күні олар көп ұлтты тыңдаушыларын ‘қатты таңғалдырып’, олардың ана тілдерінде сөйледі. Бұл оларға қалай әсер етті? Өз ана тілдерінде естіген Құдай Сөзіндегі маңызды шындық олардың жүректеріне жетті. Сөйтіп, сол күннің аяғына таман шәкірттердің шағын тобының саны 3 000-нан астам адамға артты! (Елшілердің істері 2:37—42)
3, 4. Шәкірттер Иерусалим, Яһудея мен Ғалилея аймақтарынан көшіп барған жерлерде уағыздау ісі қалай өріс алды?
3 Сол маңызды оқиғадан кейін көп ұзамай, Иерусалимде қатты қудалау басталып, “бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді” (Елшілердің істері 8:1—4). Мысалы, Елшілердің істері кітабының 8-тарауынан ізгі хабарды жариялаушы Філіп жайында оқимыз. Ол грекше уағыздаған болу керек. Філіп самариялықтарға, сондай-ақ Мәсіх туралы хабарды қабыл алған эфиопиялық уәзірге уағыздаған (Елшілердің істері 6:1—5; 8:5—13, 26—40; 21:8, 9).
4 Мәсіхшілер Иерусалим, Яһудея мен Ғалилея аймақтарынан басқа жерлерге қоныстанбақ болып көшіп барғанда, жаңа мәдениет пен өзге тілге қатысты кедергілерге кезікті. Олардың кейбіреуі тек яһудилерге ғана куәлік еткен болса керек. Бірақ шәкірт Лұқа былай деп жазды: “Кейбір кипрлік және күренелік сенушілер Антақияға келіп, Иеміз Иса туралы Ізгі хабарды эллиндерге [грекше сөйлейтін адамдарға] айтып жүрді” (Елшілердің істері 11:19—21, [20, сілтемеге қараңдар]).
Бет-жүзге қарамайтын Құдайдың бәріне арналған хабары
5. Уағыздау ісінен Ехобаның бет-жүзге қарамайтыны қалай көрінеді?
5 Мұндай жайт Құдайдың еркіне сай еді, өйткені бет-жүзге қарау деген Құдайға жат нәрсе. Ехоба елші Петірге басқа ұлттың адамдарына деген көзқарасын өзгертуге көмектескеннен кейін, ол ризашылықпен: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды”,— деп жазды (Елшілердің істері 10:34, 35; Забур 144:9). Бұрын мәсіхшілерді қудалаған елші Пауыл да Құдайдың ешкімді алаламайтынын растап: “Ол барлық адамдардың құтқарылуын қалайды”,— деген (Тімотеге 1-хат 2:4). Жаратушының бет-жүзге қарамайтыны Патшалыққа деген үмітті ұлтына, тілі мен нәсіліне қарамай, сондай-ақ әйел, еркек демей, барлығына беріп отырғанынан көрінеді.
6, 7. Ізгі хабардың әр түрлі тіл мен халықтар арасына тарайтыны туралы Киелі кітапта қандай пайғамбарлықтар айтылған?
6 Ізгі хабардың әр түрлі халықтар арасына тарайтыны жайлы ғасырлар бұрын айтылып кеткен еді. Даниялдың пайғамбарлығына сай, Исаға “барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін, билік, даңқ пен патшалық берілді” (Даниял 7:14). Ехобаның Патшалығы жайлы білуіңе көмектесетін осы журналдың 151 тілде басып шығарылып, дүние жүзі бойынша таратылуы Киелі кітаптағы сол пайғамбарлықтың орындалып жатқанын көрсетеді.
7 Киелі кітапта әр тілде сөйлейтін халықтар өмір сыйлайтын хабарды еститін уақыт жөнінде алдын ала айтылған. Шынайы ғибадаттың көп адамдарды өзіне тартатыны жайлы Зәкәрия былай деп айтқан: “Сол күндері әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам Яһудидің [киелі рухпен майланған мәсіхшілердің, яғни “Құдайдың рухани Исраил халқының” бөлігінің] етегіне жармасып: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады” (Зәкәрия 8:23; Ғалаттықтарға 6:16). Аянда көргенін айтып, елші Жохан: “Содан соң қарасам, ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды көрдім. Олар әрбір ұлттан, халықтан, тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен”,— деді (Аян 7:9). Біз осындай пайғамбарлықтардың жүзеге асуын өз көзімізбен көріп отырмыз.
‘Барлық адамдардың’ ізгі хабарды естуі
8. Бүгінгі жағдайлар уағыздау ісінде қандай өзгерістер жасағанды талап етіп отыр?
8 Бүгінде қоныс аударушылардың саны күннен-күнге артуда. Ғаламдастыру халықтың көптеп көшіп-қонуына бұрын-соңды болмағандай жағдай жасап отыр. Көптеген адамдар соғыс аймақтары мен экономикасы төмен елдерден әлдеқайда тұрақты әрі бақуатты өмір кешу ниетімен көшіп кетуде. Көп елдерде сырт елден қоныс аударушылар мен босқындардың ағылып келуінен шет тілде сөйлейтін мекен-жайлар пайда болды. Мысалы, Финляндияда адамдар 120-дан астам, Австралияда 200-ден астам тілде сөйлейді. Ал Құрама Штаттарындағы Сан-Диего қаласының өзінде 100-ден астам тілді естуге болады!
9. Аумағымыздағы өзге тілде сөйлейтіндерге қалай қарауымыз керек?
9 Мәсіхшілер ретінде өзге тілде сөйлейтін осындай адамдардың келуін тосқауыл деп қарастырамыз ба? Ешқандай да! Қайта, қызмет ету аймағымыздың, яғни ‘жинауға дайын пісіп тұрған егіндігіміздің’, аясының кеңейгеніне қуаныштымыз (Жохан 4:35). Ұлтына яки тіліне қарамастан, рухани мұқтаждықтарын мойындаған адамдарға көмектесу үшін бар күшімізді саламыз (Матай 5:3, ЖД). Осының нәтижесінде жыл сайын Мәсіхтің шәкірті болып жатқандардың саны артып келеді (Аян 14:6). Мысалы, 2004 жылдың тамыз айында Германияда уағыздау ісі 40-қа жуық тілде жүргізілді. Австралияда болса 30 шақты тілде уағыздалды, ал он жыл бұрын 18 тілде ғана болатын. Грекияда Ехоба Куәгерлері 20 тілде уағыздады деуге болады. Дүние жүзі бойынша Ехоба Куәгерлерінің 80 пайызға жуығы халықаралық ағылшын тілінен басқа тілдерде сөйлейді.
10. “Барлық ұлттың арасынан” шәкірттер дайындау ісінде әрбір жариялаушының атқаратын рөлі қандай?
10 Шынында да, Исаның “Барлық ұлттың арасынан шәкірт дайындаңдар” деген бұйрығы орындалуда! (Матай 28:19, ЖД) Осы тапсырмаға қызу кіріскен Ехоба Куәгерлері 235 ел мен аумақта уағыздап, 400-ден астам тілде әдебиеттер таратуда. Ехобаның ұйымы көбірек адамдарды табу үшін қажетті құралдар дайындап отырғанымен, әрбір жеке жариялаушы ізгі хабарды ‘барлық адамдарға’ олар жақсырақ түсінетін тілде айтып жеткізу үшін, бірінші болып әрекет етуге тиіс (Жохан 1:7). Осылай жұмыла күш салғанның арқасында түрлі тілде сөйлейтін миллиондаған адам ізгі хабарды естиді (Римдіктерге 10:14, 15). Сөйтіп, әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз.
Қиындықты жеңу
11, 12. а) Қандай қиындықтарды жеңуіміз керек және бұған киелі рух қалай көмектеседі? ә) Неге адамдарға өз ана тілінде уағыздағанымыз жақсы?
11 Бүгінде Патшалықтың көптеген жариялаушылары өзге тілді үйренгілері келеді. Бірақ олар бұл киелі рухтың қандай да бір дарын сыйлағанының арқасында болады деп күтпейді (Қорынттықтарға 1-хат 13:8). Жаңа тілді үйрену — оңай іс емес. Тіпті екінші тілді білетіндердің өздеріне де Киелі кітаптың хабарын сол тілде сөйлейтін, бірақ шыққан ортасы мен мәдениеті өзгеше адамдарға түсінікті етіп жеткізу үшін, өздерінің ой-қалпы мен уағыздау әдістерін өзгертуге тура келуі мүмкін. Оның үстіне, жаңадан қоныс аударып келгендер көбінесе қысылып, тартыншақтайды, сондықтан олардың ой-қалпын түсіну үшін көп күш салу керек.
12 Дегенмен де өзге тілде сөйлейтіндерге көмектесу үшін күш салып жатқан Ехобаның қызметшілеріне киелі рух қазір де жәрдемдеседі (Лұқа 11:13). Киелі рух бізге керемет түрде өзге тілде сөйлейтін қабілет дарытпағанымен, тілімізді түсінбейтін адамдармен сөйлесуге деген ықыласымызды күшейтеді (Забур 142:10). Киелі кітаптың хабарын адамдарға онша таныс емес тілде уағыздағанымыз не тәлім бергеніміз олардың санасына жетуі мүмкін. Бірақ жүректеріне жету үшін олардың ана тілінде, яғни адамның ішкі сезіміне, ниеті мен арман-тілегіне әсер ететін тілде, сөйлегеніміз әлдеқайда жақсы (Лұқа 24:32).
13, 14. а) Кейбіреулерді өзге тілде уағыздауға не талпындырады? ә) Олардың жанқиярлық рухы неден көрінеді?
13 Көп жариялаушылар шет тілінде сөйлейтін танапта шындықты жақсы қабылдап жатқанын көріп, сол жерлерде қызмет етуді бастаған. Өзгелерін болса қызметтерінің көбірек жанқиярлықты талап етіп, әлдеқайда қызықты болғаны талпындырған. “Шығыс Еуропадан келгендердің арасында шындыққа сусағандар көп”,— дейді оңтүстік Еуропадағы Ехоба Куәгерлерінің бір филиалы. Ізгі хабарға сусаған осындай жандарға көмектесу зор қанағатқа бөлейді! (Ишая 55:1, 2)
14 Бұл іске толық атсалысумыз үшін, алған бетімізден қайтпауымыз әрі жанқияр болуымыз керек (Забур 109:3). Мысалы, жапондық Куәгерлер отбасының біразы үлкен қалалардағы барлық жағдайы жасалған үйлерін тастап, Қытайдан қоныс аударып келгендерге Киелі кітапты зерттеуге көмектесу үшін, алыс аймақтарға көшіп барды. Құрама Штаттарының батыс жағалауында тұратын жариялаушылар Филиппинде адамдармен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізу үшін бір-екі сағаттарын жолға жұмсайды. Норвегияда бір ерлі-зайыпты Ауғанстаннан келген отбасымен зерттеу сабағын өткізуде. Олар ағылшын және норвег тіліндегі “Құдай бізден нені талап етеді?”a кітапшасын қолданады. Ал әлгі отбасы абзацтарды өз ана тілдеріне, яғни дари тіліне, жақын парсы тілінде оқиды. Талқылау ағылшын және норвег тілінде өтеді. Шетелдіктер ізгі хабарды қабыл алғанда, жариялаушылардың осындай жанқиярлық рухы мен бейімделе білуі мол жеміс бередіb.
15. Әр түрлі тілде жүргізілетін уағыздау ісіне бәріміз де қалай атсалыса аламыз?
15 Осындай әр түрлі тілде жүргізілетін уағыздау ісіне қатыса аласыңдар ма? Онда неге алдымен аумақтарыңда көп адам сөйлейтін тағы басқа қандай тіл барын біліп алмасқа? Кейін адамдарға сол тілдердегі трактаттар мен кітапшалар апарып беруге болады. 2004 жылы жарық көрген “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасы Патшалық туралы ізгі хабарды көптеген тілдерде қарапайым әрі жағымды түрде жеткізетін құрал болып отыр.
“Жат жерлік кірмені жақсы көріңдер”
16. Шет тілде сөйлейтін адамдарға көмектесу үшін, жауапкершілік алған бауырластар қалай жанқиярлық рухын таныта алады?
16 Өзге тілді үйренсек те, үйренбесек те, бәріміз бірдей аумағымыздағы шетелдіктерге рухани білім алуға көмектесе аламыз. Ехоба өз халқына ‘жат жерлік кірмелерді жақсы көруді’ үйреткен (Заңды қайталау 10:18, 19). Мысалы, Солтүстік Америкадағы бір үлкен қалада Патшалық Сарайында бес қауымның кездесуі өтеді. Көптеген басқа Сарайдағы сияқты, бұл жерде де кездесу уақыты жыл сайын өзгеріп тұрады. Осының себебінен қытай тілінде өтетін кездесудің уақыты жыл бойына жексенбі күні кешкісін өту керек еді. Бірақ бұлай етсе, мейрамханаларда жұмыс істейтін қоныс аударып келушілердің көбісі кездесуге келе алмайтын. Сондықтан өзге қауымның ақсақалдары қытай тіліндегі кездесулер жексенбі күні күндіз өткізілетіндей өзгерістер жасады.
17. Егер кімде-кім өзге тілді топқа көмектесу үшін басқа жерге көшуді ұйғарса, бұған қалай қарау керек?
17 Қамқор ақсақалдар өзге тілді топтарға көмектесу мақсатымен басқа жерге көшкісі келетін қабілетті де тәжірибелі бауырластарға қолдау көрсетеді. Мұндай тәжірибелі тәлім берушілердің өз қауымдарынан кеткені өкінішті шығар, бірақ ақсақалдар Лүстра мен Қониядағы ақсақалдарға еліктейді. Ол ақсақалдар Тімоте сол жердегі қауымдар үшін қымбат болса да, оның Пауылмен бірге сапарға шығуына тосқауыл болған жоқ (Елшілердің істері 16:1—4). Оның үстіне, бұндай уағыздаушыларды шетелден келгендердің ой-қалпы, әдет-ғұрпы, яки мәнері шошытпайды. Қайта, олар осындай өзгешеліктерді қуана қабыл алып, ізгі хабар үшін солармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолдарын іздейді (Қорынттықтарға 1-хат 9:22, 23).
18. Бәріміз үшін қандай іске ‘есік айқара ашылып’ отыр?
18 Алдын ала айтылып кеткендей, ізгі хабар ‘әр түрлі тілде сөйлейтін халықтарға’ уағыздалуда. Шет тілінде сөйлейтін танапта әлі де өсім болуына керемет мүмкіндік бар. Мыңдаған жариялаушылар тапқырлықпен осындай ‘өнімді еңбек етуге есігі айқара ашылған’ танаптағы қызметке кірісіп кетті (Қорынттықтарға 1-хат 16:9). Алайда келесі мақаладан көретініміздей, мұндай танапты жақсылап өңдеу үшін, тағы бір нәрсе қажет.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
b Басқа да мысалдарды 2004 жылғы 1 сәуірдегі “Күзет мұнарасының” “Кішкене құрбандықтарға барғанымыз орасан зор баталар әкелді” деген мақаласынан қарауға болады (24—28 бет, ор.).
Қалай түсіндірер едіңдер?
• Ешкімді алаламау жағынан Ехобаға қалай еліктей аламыз?
• Аумағымыздағы өзге тілде сөйлейтін адамдарға қалай қарауымыз керек?
• Адамдарға неліктен ана тілінде уағыздаған жақсы?
• Арамызда тұратын шетелдіктердің қамын ойлайтынымызды қалай көрсете аламыз?
[23-беттегі карта/сурет]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Рим
КРИТ
АЗИЯ
ФРҮГИЯ
ПАМФҮЛИЯ
ПОНТИ
ҚАПАДОҚИЯ
МЕСОПОТАМИЯ
МИДИЯ
ПАРФИЯ
ЕЛАМ
АРАБИЯ
ЛИБИЯ
МЫСЫР
ЯҺУДЕЯ
Иерусалим
Жерорта теңізі
Қара теңіз
Қызыл теңіз
Парсы шығанағы
[Сурет]
Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Рим империясы мен оның айналасындағы 15 өңірден келгендер ізгі хабарды өз ана тілдерінде естіді
[24-беттегі суреттер]
Шетелден келгендердің көбісі Киелі кітаптағы шындықты жақсы қабылдауда
[25-беттегі сурет]
Бес тілде жазылған Патшалық сарайының тақтайшасы