Құдайдың жол тапқыш әрі бейімделгіш қызметшісі болайық
“Әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделудемін” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-хат 9:22).
1, 2. а) Пауыл қызметте қалай нәтижелі болған? ә) Пауыл өзінің тапсырмасына деген көзқарасы жайлы не айтты?
ОЛ БІЛІМДАР адамдармен де, қарапайым кәсіпкерлермен де еркін араласатын. Оның айтқандары Рим ақсүйектері үшін де, фрүгиялық қарапайым шаруалар үшін де ақылға қонымды болған. Оның хаттары еркін ойлайтын гректер мен кертартпа яһудилерге де әсер еткен. Ол еш дауласа алмайтындай қисынды әрі адамға әсер ететіндей күшті сезіммен сөйлейтін. Кіммен сөйлессе де, оны Мәсіхке сендіру үшін, сөзін екеуіне де ортақ жайттан бастауға тырысатын (Елшілердің істері 20:21).
2 Бұл кісі қызметте нәтижелі, түрлі жағдайда жол тапқыш әрі бейімделгіш болған елші Пауыл еді (Тімотеге 1-хат 1:12). Ол Исадан ‘[оның] атын басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау’ тапсырмасын алған болатын (Елшілердің істері 9:15). Пауыл бұл тапсырмаға қалай қарады? “Әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделудемін. Осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүрмін, сонда оның игілігінен үлесімді алатын боламын”,— деді ол (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23). Пауылдың үлгісі уағыздау және тәлім беру ісінде әлдеқайда нәтижелі болуымызға қалай көмектеседі?
Өзін өзгертіп, қиын іске кірісуі
3. Мәсіх жолына түспес бұрын, Пауыл мәсіхшілерге қалай қарады?
3 Пауыл Құдайдан алған тапсырмасын орындауға лайықты, барлық уақытта да момын, өзгеге көңіл бөлгіш адам болған ба? Мүлдем олай емес! Діни фанатизм Саулды (Пауыл бұрын осылай белгілі болған) Мәсіхтің ізбасарларын қатыгез қудалаушы етті. Жас кезінде ол Степанның өлімін жақтады, ал кейін басқа да мәсіхшілерге қырғидай тиді (Елшілердің істері 7:58; 8:1, 3; Тімотеге 1-хат 1:13). “Иеміздің жолын қуушыларға қарсы өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін” үдете түсті. Иерусалимдегі сенушілерді қудалағанына қанағаттанбаған ол сонау солтүстіктегі, Дамаскідегі, мәсіхшілерге де қаһарын төкті (Елшілердің істері 9:1, 2).
4. Тапсырмасын орындау үшін, Пауылға қандай өзгеріс жасау керек болды?
4 Пауылдың мәсіхшілікті соншалықты жек көруінің негізгі себебі — осы жаңа дін яһудилер дінін жат түсініктермен арамдайды деп сенгендіктен болуы мүмкін. Пауыл ‘парызшыл’ болған, ал бұл сөздің өзі “бөлінген адам” дегенді білдіреді (Елшілердің істері 23:6). Құдай Мәсіх туралы басқа ұлттарға уағыздау үшін өзін таңдағанын білген кезде, Пауылдың төбесіне жай түскендей болғанын елестетіп көріңдерші! (Елшілердің істері 22:14, 15; 26:16—18). Өйткені парызшылдар өздері күнәкарлар деп есептегендермен тіпті бірге тамақ жеуден бас тартатын (Лұқа 7:36—39). Әрине, Пауылға көзқарасын өзгерту әрі мұны Құдайдың барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын еркіне сай келтіру оңай бола қойған жоқ.
5. Қызметімізде қалай Пауылға еліктей аламыз?
5 Бәлкім, бізге де солай етуге тура келетін шығар. Уағыздауда әр түрлі тілде сөйлейтін басқа ұлт адамдарын көп кездестіріп жатқандықтан, оларға деген көзқарасымызды тексеріп тұруға және алалаушылықтың кез келген түрінен арылуға саналы түрде күш салуымыз қажет (Ефестіктерге 4:22—24). Біздің ой-қалпымыз, мұны мойындаймыз ба, жоқ па, алған тәрбиеміз бен ортамыздың ықпалымен қалыптасады. Сондықтан бойымызда адамдарды алалау, басқаның жағдайына бейімделе қоймау дегендер қалыптасуы мүмкін. Қызметімізде қой тәрізді адамдарды көптеп тапқымыз келсе, осылардан арылуымыз керек (Римдіктерге 15:7). Пауыл осылай еткен. Ол Құдайдың тапсырмасын үлкен жауапкершілікпен қабыл алған. Сүйіспеншілік қозғау салғандықтан, ол тәлім беру шеберлігін дамытып, бізге үлгі қалдырды. ‘Басқа халықтарға жіберілген елшінің’ қызметін қарастыра отырып, оның уағыздау мен тәлім беру ісінде адамдарға мұқият, бейімделгіш және түрлі жағдайдан жол тауып шыға білетін адам болғанын көремізa (Римдіктерге 11:13).
Пауылдың жол тауып, әр түрлі жағдайларға бейімделе білуі
6. Қалай Пауыл тыңдаушыларына мұқият болып, олардың шыққан ортасын ескерген және мұның нәтижесі қандай болған?
6 Пауыл тыңдаушыларына мұқият болып, олардың нанымдары мен шыққан ортасын ескерген. Пауыл Агриппа II-ге сөйлегенде, оның ‘яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білетінін’ мойындаған. Кейін Агрипаның көзқарасы, сенімі жайлы білімін шебер қолданып, оған өте таныс жайттарды қарастырып уағыздаған. Пауылдың онымен түсінікті әрі сенімділікпен ой түзе білгені сонша, Агриппа: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға көндірмексің бе?”— деді (Елшілердің істері 26:2, 3, 27, 28).
7. Пауыл Лүстрадағы тобырға уағыздағанда, қалай бейімделе білді?
7 Пауыл сондай-ақ адамдарға бейімделгіш болған. Барнаба екеуінің құдай еместігіне көздерін жеткізу үшін оның Лүстрадағы тобырмен басқаша сөйлескенін байқаңдаршы. Лиқаон тілінде сөйлейтін бұл адамдар сол өңірдегі ең сауатсыз және өте ырымшыл адамдар болған деседі. Елшілердің істері 14:14—18 дейінгі тармақтардан көрініп тұрғандай, Пауыл шын Құдайдың бәрінен құдіретті екендігінің айқын дәлелі ретінде жаратылыс пен табиғаттың мол сыйлары жайлы айтады. Осы қисынды жайтты түсіну оларға жеңіл болып, нәтижесінде Пауыл мен Барнаба ‘халықты өздеріне құрбандық шалмай үйлеріне қайтуға көндіреді’.
8. Пауыл кейде ашуланса да, бейімделгіш екенін қалай көрсетті?
8 Әрине, Пауыл кемелді болған жоқ, кейде ол ашуланатын. Мысалы, бірде өзін орынсыз қорлағанда, Анани есімді яһудиге ызасы келіп, ашуланды. Бірақ оған байқамай діни қызметкерді қорлағанын айтқанда, сол заматта-ақ кешірім сұрады (Елшілердің істері 23:1—5). Ал Афиныға келгенде, ол алғашында “қаладағы қаптаған тәңір бейнелерін көріп, іштей қапа болып, ашуланды”. Бірақ Ареопаг төбесінде ешбір ашу-ызасыз сөйледі. Қайта, базарда афинылықтармен ортақ нәрсе тауып сөйлесуге тырысты: мысалы, “Бейтаныс құдайға” деген құрбандық орны жайлы айтып, солардың бір ақынының сөзінен үзінді келтірді (Елшілердің істері 17:16—28).
9. Тыңдаушылары әр түрлі болғанда, Пауыл қалай тапқырлық көрсеткен?
9 Тыңдаушылары әр түрлі болғанда да, Пауыл жол тауып шыға білді. Ол адамдардың ой-қалпына ықпал еткен мәдениеті мен тәрбиесінің ерекшеліктерін есепке алды. Римдегі мәсіхшілерге хат жазғанда, олардың сол кездегі билігі үстем болып тұрған мемлекеттің астанасында өмір сүріп жатқандарын жақсы білетін. Сондықтан Римдегі мәсіхшілерге жолдаған хатында билік жайында, яғни Адамның күнәсінің билігінен үстем болған Мәсіхтің төлем құрбандығының билігі жайында көп айтқан. Ол Римдегі және соның айналасындағы елдерде тұратын мәсіхшілерге жүректеріне әсер ететін тілде сөйлеген (Римдіктерге 1:4; 5:14, 15).
10, 11. Пауыл мысалдар таңдағанда, тыңдаушыларын қалай ескерген? (Сілтемені қараңдар)
10 Ал Пауыл Киелі кітаптағы терең шындықтарды түсіндіргісі келген жағдайда не істеді? Ол күрделі рухани ойларды түсіндіру үшін жұрттың бәріне түсінікті мысалдарды шебер қолданды. Мысалы, римдіктердің Рим империясындағы құл иелену жүйесімен жақсы таныс екенін Пауыл білген. Оның үстіне, хат жолдаған адамдарының көбісі құл болғанға ұқсайды. Сондықтан құлды мысал етіп, әр адам ненің құлы болғысы келетінін, күнәнің ба, әлде әділдіктің бе, нақты шешіп алуы қажет екен көрсететін күшті дәлел келтірді (Римдіктерге 6:16—20).
11 Бір анықтамалықта былай делінген: “Римде қожайыны құлды жай ғана босата алатын, я болмаса құл өз құнын өтеп, бостандыққа шыға алатын болған. Сондай-ақ құлдың жеке меншік құқын басқа құдайға арнағанда да, ол бостандыққа ие бола алатын”. Бостандық алған құл әрі қарай қожайынына жалақыға жұмыс істей алатын. Пауыл әркім қай қожайынға — күнәға ма, әділдікке ме — қызмет ететінін шешу керектігін жазғанда, осы жайтқа меңзеген болу керек. Римдегі мәсіхшілер күнәдан босатылып, Құдайдың меншігі болған еді. Енді олар Құдайға қызмет ете ме, жоқ әлде бұрынғы қожайындарына, яғни күнәға қызмет етуді қалай ма, мұны өздері шешетін. Осы қарапайым да бәріне түсінікті мысал римдік мәсіхшілерді өздерінен: “Мен қайсы қожайынға қызмет етіп жүрмін”,— деп сұрауға талпындырғанb.
Пауылдан үйренейік
12, 13. а) Әр түрлі адамдардың жүрегіне әсер ету үшін, не нәрсеге күш салу керек? ә) Әр түрлі ортадан шыққан адамдарға уағыздағанда, қандай тиімді тәсілді қолданасыңдар?
12 Пауыл сияқты біз де әр түрлі адамдардың жүрегіне әсер ету үшін, оларға мұқият, бейімделгіш болып, сондай-ақ түрлі жағдайдан жол тауып шыға білуіміз керек. Тыңдаушыларымыз ізгі хабардың мәнін ұғу үшін дайын ұсынысты айтып, яки қандай да бір әдебиетті қалдырып, адамдармен атүсті сөйлесе салмауымыз керек. Олардың қажеттіліктері мен мазалап жүрген нәрселерін, нені ұнатып, нені ұнатпайтындарын, неден қорқатындары мен теріс ұғымдарын біліп алуға тырысуымыз керек. Бұл үшін терең ойланып, күш салуымыз қажет. Дегенмен дүниенің төрт бұрышындағы Патшалықтың жариялаушылары қуанышпен қолынан келгендерін істеуде. Мысалы, Венгриядағы Ехоба Куәгерлерінің филиалы былай деп мәлімдейді: “Бауырластар басқа елден келген адамдардың ұлттық әдет-ғұрпы мен тұрмыс салтын құрметтейді, әрі олардан жергілікті жердің әдет-ғұрпына бейімделеді деп күтпейді”. Дүние жүзіндегі Куәгерлердің бәрі де осыған талпынады.
13 Қиыр Шығыстағы бір елде адамдарды көбінесе балалардың тәрбиесі, денсаулық пен білім мәселесі мазалайды. Сондықтан ол жердегі жариялаушылар дүниедегі жағдайдың нашарлауы немесе күрделі әлеуметтік мәселелерден гөрі, көбінесе осындай тақырыптарға сөйлеседі. Ал Құрама Штаттарындағы бір үлкен қаланың аудандарының бірінде жариялаушылар учаскедегі адамдарды көбінесе жемқорлық, көшеде көліктердің кептеліп қалуы және қылмыс сияқты мәселелер мазалайтынын байқаған. Куәгерлер осы тақырыптарды ұтымды қолдана отырып, әңгімені Киелі кітапқа оңай бұрады. Құдай сөзінің шебер тәлімгерлері қай тақырыпқа әңгіме бастамасын, Киелі кітап принциптерін қазіргі уақытта да қолдануға болатынына және Құдайдың адамзатқа беріп отырған жарқын үмітіне назар аудара отырып, әңгімені жағымды әрі рухты көтеретіндей етуге тырысады (Ишая 48:17, 18; 52:7).
14. Адамдардың қажеттіліктері мен жағдайларына қалай бейімделуімізге болатынын айтып беріңдер.
14 Уағызда мәдениеті, діні мен білім деңгейі әр түрлі адамдарды кездестіретіндіктен, олардың әрқайсысымен сөйлесу жолын тауып отырған да дұрыс. Мысалы, Құдайға сенетін, бірақ Киелі кітапқа сенім артпайтын адамдармен басқаша, ал Құдайға мүлдем сенбейтіндермен басқаша сөйлесеміз. Діни әдебиеттің бәрін насихаттау құралдары деп қарастыратындарға Киелі кітап ілімдерін құрметтейіндерге қарағанда басқа ұсыныс қолданамыз. Адамдардың білім деңгейі де әр түрлі болатындықтан, бізге бейімделе білу қажет. Шебер оқытушылар жағдайға байланысты лайықты болатын дәлелдер мен көрнекі мысалдарды қолданады (Жоханның 1-хаты 5:20).
Жаңа жариялаушыларға көмек
15, 16. Неге жаңа жариялаушыларды үйрету керек?
15 Пауыл өзінің ғана оқыту тәсілдерін жақсартып қоюды ойлаған жоқ. Ол Тімоте мен Тит сияқты жас ұрпақты қызметте нәтижелі болуға үйрету керектігін де ойлаған (Тімотеге 2-хат 2:2; 3:10, 14; Титке 1:4). Бүгінгі таңда да қызметті жаңадан бастағандарды үйрету аса қажет болып отыр.
16 1914 жылы дүние жүзі бойынша шамамен 5 000 Патшалықтың жариялаушылары болған болса, бүгінде 5 000-дай адам апта сайын шомылдыру рәсімінен өтуде! (Ишая 54:2, 3; Елшілердің істері 11:21) Мәсіхшілер қауымына жаңадан қосылып, қызметке қатысуды қалайтындарды үйретіп, басшылық беруіміз керек (Ғалаттықтарға 6:6). Оларды үйреткенде, Иеміз Иса Мәсіхтің әдістерін қолданғанымыз өте маңыздыc.
17, 18. Қызметте өздерін сенімді сезіну үшін жаңа жариялаушыларға қалай көмектесуге болады?
17 Иса елшілерін қалың топқа жіберіп, жай ғана: “Барыңдар да, уағыздай беріңдер”,— деген жоқ. Ол алдымен уағыздау ісінің қаншалықты маңызды екендігіне баса назар аударып, оны дұғамен атқаруға шақырды. Содан соң мынадай үш нәрсемен қамтамасыз етті: уағызда серік болатын адам, уағыздайтын аймақ және айтатын хабар (Матай 9:35—38; 10:5—7; Марқа 6:7; Лұқа 9:2, 6). Біз де осылай етуімізге болады. Кімге көмектессек те — баламызға болсын, Киелі кітапты жаңадан зерттеп жатқан адамға яки біраз уақыттан бері қызметке қатыспаған адамға болсын — Мәсіх сияқты үйреткеніміз дұрыс.
18 Қызметте өздерін сенімді сезіну үшін жаңа жариялаушарға көп көмектесу қажет. Оларға қарапайым да қызықты ұсыныс дайындап, оны қолдануға көмектесе аласыңдар ма? Қызметте әңгімені қалай бастауды алдымен өздеріңнен үйренулеріне мүмкіндік беріңдер. “Маған қарап, менің істегенімді істеңдер”,— деген Гедеоннан үлгі алсаңдар болады (Билер 7:17). Кейін оған әңгімеге араласуға мүмкіндік беріңдер. Талпынып жатқаны үшін мақтап, егер қажет болса, қай жағынан жақсаруға болатынын айтыңдар.
19. ‘Қызметті толықтай орындау’ үшін, не істеуге тырысу керек?
19 ‘Қызметімізді орындау [“толықтай орындау”, ЖД]’ үшін, алдымен өзіміз бейімделе білуді үйрене түсіп, кейін мұны жаңа жариялаушыларға да үйреткіміз келеді. Егер мақсатымыздың — адамдарға өмірлерін құтқарып қалатын Құдай туралы білім берудің — қаншалықты маңызды екенін есте ұстайтын болсақ, ‘әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделу’ бар күшімізді салуға тұрарлық екеніне көзіміз жетеді (Тімотеге 2-хат 4:5; Қорынттықтарға 1-хат 9:22).
[Сілтемелер]
a Пауыл қызметте бұл қасиеттерді қалай танытқанын Елшілердің істері 13:9, 16—42; 17:2—4; 18:1—4; 19:11—20; 20:34; Римдіктерге 10:11—15; Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13 дейінгі тармақтардан оқуға болады.
b Құдайдың және киелі рухпен майланған ‘балаларының’ арасындағы жаңа қарым-қатынасты түсіндіргенде де, Пауыл Рим империясындағыларға түсінікті заң ұғымын қолданған (Римдіктерге 8:14—17). “Бала асырап алу Римде кең тараған болатын, әрі бұл римдіктердің отбасы туралы түсініктеріне жат болмаған”,— делінген бір кітапта (Paul at Rome).
c Ехоба Куәгерлерінің барлық қауымында “Ізашарлардың көмектесу бағдарламасы” жүріп жатыр. Осы бағдарламаға сай, тәжірибесі аз жариялаушылар толық уақытты тәжірибелі қызметшілерден үйренеді.
Естеріңде ме?
• Қызметімізде Пауылға қалай еліктей аламыз?
• Ой-қалпымызды қалай өзгерту керек болуы мүмкін?
• Хабарымызды қалай жағымды мәнерде жеткізе аламыз?
• Жаңа жариялаушыларға қызметте сенімді болуларына қалай көмектесуге болады?
Елші Пауыл уағыздау және тәлім беру ісінде адамдарға мұқият, бейімделгіш болып, әрі тапқырлық танытқан
Иса үш нәрсемен қамтамасыз еткен: уағызда серік болатын адам, уағыздайтын аймақ және айтатын хабар
[30-беттегі сурет]
Шебер уағыздаушылар сөйлескен адамының шыққан ортасын, мәдениетін ескереді
[31-беттегі сурет]
Бейімделе білетін, тапқыр уағыздаушылар жаңа жариялаушыларға қызметке дайындалуға көмектеседі
[32-беттегі суреттер]
Пауыл бейімделе білуімен қызметте нәтижелі болған