9-ТАРАУ
Ізгі хабарды уағыздаудың әдіс-тәсілдері
ІЗГІ ХАБАРДЫ құлшыныспен жариялаған Иса ізбасарларына үлгі қалдырған. Уағыздау үшін ол адамдарға өзі барған, оларға үйлерінде және көпшілік орындарда тәлім берген (Мат. 9:35; 13:36; Лұқа 8:1). Кейбіреулермен жеке сөйлескен, шәкірттерін оңашада үйреткен, ал кейде мыңдаған адамның алдында тәлім берген (Мар. 4:10—13; 6:35—44; Жох. 3:2—21). Ол ыңғайлы әрбір сәтті пайдаланып, адамдарға жігер мен үміт сыйлайтын сөздер айтқан (Лұқа 4:16—19). Тіпті тынығып, тамақтанып алу қажет болған кезде де куәлік берудің мүмкіндігін қалт жібермеген (Мар. 6:30—34; Жох. 4:4—34). Киелі кітап беттерінен Исаның қызметі жайлы оқиғаларды оқығанда, оған ұқсағымыз келеді емес пе? Иә, елшілер іспетті біз де оған еліктегіміз келеді (Мат. 4:19, 20; Лұқа 5:27, 28; Жох. 1:43—45).
2 Осыдан 2000 жылдай бұрын Иса Мәсіх бастаған іс бүгінде де атқарылып жатыр. Ендеше, осы уағыз ісін атқарудың жолдарын қарастырайық.
ҮЙМЕ-ҮЙ УАҒЫЗДАУ
3 Біз, Ехоба куәгерлері, Патшалық жайлы ізгі хабарды ұйымдасқан түрде үйме-үй уағыздаудың артықшылықтарын білеміз. Уағыздаудың бұл әдісін кең қолданатынымыз сонша — ол Ехоба куәгерлерінің айрықша белгісіне айналған. Бұл әдісті қолданудың даналығы өз нәтижесімен дәлелденуде: қысқа уақыттың ішінде ізгі хабарды миллиондаған адамға жеткізіп, мұның керемет жемісін көрудеміз (Мат. 11:19; 24:14). Үйме-үй уағыздау — Ехобаға және адамдарға деген сүйіспеншілігімізді көрсетудің тамаша мүмкіндігі (Мат. 22:34—40).
4 Үйме-үй уағыздау әдісі — бүгіндегі Ехоба куәгерлері ойлап тапқан жаңашылдық емес. Кезінде елші Пауыл үйме-үй жүріп тәлім бергенін айтып өткен. Ефестегі бақылаушыларға өзінің қызметін баяндай келе, ол былай деген: “Азия аймағына аяқ басқан күннен бастап... үйден үйге жүріп тәлім беруден әрі пайдалы болатын нәрсенің бәрін айтудан еш тартынбадым”. Ол үйме-үй жүрген және уағыздың басқа да әдістерін қолданған, “яһудилер мен гректерге өкініп, Құдайға бет бұрулары және Иеміз Исаға сенулері керектігін айтып, түбегейлі куәлік берген” (Ел. іс. 20:18, 20, 21). Пауылдың заманында Рим императорлары пұтқа табынушылықты насихаттаған, содан көпшілік жалған “құдайлардан көбірек қорқатын”. Сол себепті адамдар “дүниені және сондағының бәрін жаратқанды” және “жер-жерді мекендейтін адамдарға өкіну керектігін айтып жатқан” Құдайды шұғыл түрде іздеу керек еді (Ел. іс. 17:22—31).
5 Ал бүгінде адамдарға ізгі хабарды уағыздау ісі — екі есе шұғыл іс. Осы зұлым заманның соңы жылдам таяп келеді. Осыны білгендіктен уағыз ісіне барымызды салуға ынталымыз. Үйме-үй уағыздау — уақыт сынағынан өткен әдіс, шындыққа сусаған адамдарды іздеп табуда бұдан асып түсетін әдіс жоқ. Иса мен елшілердің заманында жемісті болған бұл әдіс біздің заманымызда да сондай (Мар. 13:10).
6 Ал сіз барыңызды салып үйме-үй уағыздайсыз ба? Уағыздасаңыз, Ехоба сізге дән риза екеніне сенімді болыңыз (Езек. 9:11; Ел. іс. 20:35). Бірақ үйме-үй уағыздау сізге оңайға соға бермейтін шығар. Бәлкім, мүмкіндігіңіз шектеулі не учаскеңіздегі адамдар ізгі хабарға бейжай қарайтын болар. Үкімет тарапынан да шектеулер бар шығар. Мүмкін, ұялшақ болғандықтан бейтаныс адамдармен әңгіме бастау қиынға соғар. Сондықтан үйме-үй жүріп уағыздаған сайын, қатты қобалжитын шығарсыз. Десе де еңсеңіз түспесін (Мұс. 2-ж. 4:10—12). Сіздікіндей жағдайды жер-жердегі бауырластарымыз да бастарынан кешуде.
7 Иса шәкірттеріне мынадай уәде берген: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” (Мат. 28:20). Бұл сөздер шәкірт дайындау ісінде бізге күш береді. Біз де өзімізді елші Пауыл сияқты сезінеміз. Ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деген (Філіп. 4:13). Қауымның үйме-үй уағыздауға қатысты ұйымдастыратын шараларының толық пайдасын көріңіз. Өзгелермен қызметтессеңіз, жігерленесіз әрі жеке көмек аласыз. Кез келген кедергіні жеңу үшін дұғада көмек сұраңыз, әрі ізгі хабарды құлшына уағыздай беріңіз (Жох. 1-х. 5:14).
8 Адамдарға ізгі хабарды айтқан кезде, үмітімізді түсіндіріп берудің мүмкіндігі туады (Пет. 1-х. 3:15). Сонда Патшалыққа үміттенетіндер мен үміттенбейтіндердің арасындағы айырмашылықты анық көре бастайсыз (Ишая 65:13, 14). “Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын” деген Исаның бұйрығына мойынсұнып жүргеніңіз жайлы ойлансаңыз, бойыңызды қанағат сезімі билейді. Кім біледі, бәлкім, әлдекімге Ехобаны және мәңгілік өмірге жетелейтін білімді танып-білуге көмектесудің мүмкіндігі туып қалар (Мат. 5:16; Жох. 17:3; Тім. 1-х. 4:16).
9 Үйме-үй уағыздауға арналған кездесулер демалыс күндері де, аптаның ішінде де ұйымдастырылады. Күндіз тұрғындары үйлерінде болмайтын аймақтарда кейбір қауымдар мұндай кездесуді кешке өткізеді. Адамдар әдетте үйлеріне келген кісілерге таңертеңге қарағанда, түстен кейін не кешке жылы шырай танытып жатады.
ЛАЙЫҚ АДАМДАРДЫ ІЗДЕП ТАБУ
10 Иса шәкірттеріне лайық адамдарды “іздеп табуды” айтқан (Мат. 10:11). Ол ізгі хабарға ыңғай танытқандарды іздеп табу үшін, тек үйме-үй жүрмеген. Ол әрбір қолайлы жағдайды пайдаланып, ресми де, бейресми де куәлік берген (Лұқа 8:1; Жох. 4:7—15). Елшілер де түрлі орындарда уағыздаған (Ел. іс. 17:17; 28:16, 23, 30, 31).
Біздің мақсатымыз — Патшалық хабарын мүмкіндігінше әр адамға жеткізу
11 Бүгінгі таңда да біздің мақсатымыз — Патшалық хабарын мүмкіндігінше әр адамға жеткізу. Бұл үшін шәкірт дайындау ісінде Иса мен елшілердің қолданған тәсілдерін үлгі етуіміз керек, сондай-ақ заманның тұрақсыздығын ескеріп, аумағымыздағы тұрғындардың ахуалы жайлы хабардар болып отыруымыз қажет (Қор. 1-х. 7:31). Мысалы, жариялаушылар іскерлер аумағында айтарлықтай жақсы куәлік береді. Көп елдерде көшеде, саябақтар мен көлік тұрақтарында және адамдар бар жердің бәрінде куәлік ету өте тиімді. Кей қауымдар өз аумағында әдебиеттер қойылған үстелдер мен жылжымалы стенділер орнатады. Бұған қоса, филиал жұрт көп жүретін аумақтарда бірнеше қауымды қатыстырып, ірі қалалардағы көпшілік орындарында уағыздау әдісін ұйымдастыра алады. Осының арқасында үйінде табылмайтын адамдар ізгі хабарды басқа жерде естиді.
12 Көпшілік орындарда Киелі кітап хабарына қызығушылық білдірген адамдарды жолықтырсақ, орынды болатын басылымды ұсынсақ болады. Адамның қызығушылығын арттыру үшін, оған өзіңіздің байланыс мәліметтеріңізді беріп, қайта барудың амалын жасаңыз, jw.org сайтына бағыттаңыз не жақын маңда өтетін қауым кездесулерінің мекенжайын беріңіз. Осылай сіз көпшілік орындарда уағыздаудың қызмет аясын кеңейтудің керемет жолы екеніне көз жеткізе аласыз.
13 Мәсіхшілерге ізгі хабарды уағыздау ғана тапсырылмаған. Егер сіз өмірге жетелейтін шындықты өзгелер қабыл алсын десеңіз, қызығушылық білдірген адамдарға қайта-қайта баруға ықыласты болуыңыз керек. Сонда олар толысқан мәсіхші болуға адымдап жақындай түседі.
ҚАЙТА БАРУЛАР
14 Иса ізбасарларына: “Жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген (Ел. іс. 1:8). Бірақ, бұған қоса, оларға былай деген: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап,.. сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Мат. 28:19, 20). Адамдарға қайта бару қызметтегі қуанышымызды арттыра түседі. Алғаш барғанда ізгі хабарға қызыққан адамдар сізді тағы да көргісі келуі әбден мүмкін. Оларға Киелі кітаптан қосымша мәлімет беру арқылы Құдайға деген сенімін нығайта аласыз, әрі рухани қажеттіліктері бар екенін түсінуге көмектесесіз (Мат. 5:3). Егер қайта баруға жақсылап дайындалсаңыз және адамдарға ыңғайлы уақытта баруға келісіп алсаңыз, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауыңыз мүмкін. Қайта барудың мақсаты да — осы. Біз шындық тұқымын егіп қана қоймаймыз, оны суарамыз да (Қор. 1-х. 3:6).
15 Қайта бару кейбір жариялаушылар үшін оңайға соқпайды. Бәлкім, сіз ізгі хабарды қысқаша ұсыныспен айтуды жақсы меңгеріп алып, солай қызмет етуді ерекше ұнататын шығарсыз. Ал енді өзіңіз уағыздаған үй иесіне қайта барып, Киелі кітап жайлы әңгімені жалғастыру керек деген ойдың өзінен шошитын шығарсыз. Алайда жақсы дайындалсаңыз, сенімділігіңіз өседі. Апта ішіндегі кездесуде айтылатын тиімді кеңестерді қолданыңыз. Сондай-ақ тәжірибесі көбірек жариялаушыны серік етуді жөн көрерсіз.
КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ
16 Бірде яһуди дінін қабылдаған бір кісі Құдай Сөзін оқып отырғанда, ізгі хабардың уағыздаушысы Філіп: “Оқығандарыңызды түсініп жатырсыз ба?”— деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: “Ешкім үйретпесе қалай түсінейін?”— деп жауап береді. Елшілердің істерінің 8-тарауында жазылған осы оқиғаға сай, Філіп әлгі кісі оқып отырған Жазбалардың үзіндісінен бастап, “Иса туралы ізгі хабарды уағыздады” (Ел. іс. 8:26—36). Біз олардың арасындағы осы әңгіменің қанша уақытқа созылғанын білмейміз, бірақ бір білетініміз — Філіп әлгі кісіге сенуші болып, шомылдыру рәсімінен өтуге жеткілікті деңгейде ізгі хабарды түсіндірді. Сөйтіп, ол Иса Мәсіхтің шәкірті болды.
17 Бүгінде көп адам Киелі кітаппен таныс емес, сондықтан олардың сенімін нығайтып, шомылдыру рәсімінен өту үшін, оларға қайта-қайта барып, егжей-тегжейлі зерттеу сабағын жүргізу керек болып жатады. Бұған апталар, айлар, тіпті бір жыл не одан да көбірек уақыт кетуі мүмкін. Шәкірт ету жолында ақжүрек адамдарға танытқан шыдамдылығыңыз бен сүйіспеншілігіңіздің берер жүлдесі бар. Өйткені Иса былай деген: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Ел. іс. 20:35).
18 Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізу үшін, осы мақсатта арнайы шығарылған басылымдардың бірін қолданатын шығарсыз. Апта ішіндегі кездесуде берілетін нұсқауларды қолдана отырып әрі қауымдағы тәжірибелі тәлімгерлермен қызметтесе отырып, сіз де зерттеу сабақтарын жақсы өткізе аласыз. Осылай өзгелерге де Иса Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесесіз.
19 Егер сіз зерттеу сабағын бастауда және жүргізуде көмек қажет етсеңіз, бақылаушылардың біріне я зерттеу сабақтарын жақсы жүргізетін бауырласқа қысылмай барып сөйлесіңіз. “Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптеріндегі кеңестер мен соның негізінде көрсетілетін көріністердің де пайдасы зор. Ехобаға арқа сүйеңіз, дұғада ықыласыңызды айта беріңіз (Жох. 1-х. 3:22). Бәлкім, сіз отбасыңызда біреумен Киелі кітапты зерттейтін шығарсыз, бірақ мүмкін болса, басқа біреумен де зерттеу сабағын жүргізуді мақсат етіңіз. Киелі кітап зерттеу сабақтарыңыз болса, қызметтен алар қуанышыңыз да еселене түседі.
ҚЫЗЫҒУШЫЛАРДЫ ЕХОБАНЫҢ ҰЙЫМЫНА БАҒЫТТАУ
20 Адамдарға Ехоба Құдайды танып-білуге және Иса Мәсіхтің шәкірті болуға көмектессек, олар қауымның бір бөлігі болады. Киелі кітапты зерттеушілер рухани өсіп, толыса түсу үшін, Құдайдың ұйымын танып-біліп, онымен қызметтесулері қажет. Оларға мұны қалай істеуге болатынын үйреткеніңіз өте маңызды. Осы мақсатта түрлі бейнероликтер мен “Бүгінде Ехоба Құдайдың еркін кім орындауда?” атты кітапша шығарылған. Бұл кітаптың 4-тарауында да пайдалы мәліметтер бар.
21 Бүгінде жер бетінде уағыз ісі атқарылу үшін, Ехоба өз ұйымын қолданатынын зерттеушіге әуел бастан түсінуге көмектесіңіз. Киелі кітапты зерттеуге арналған басылымдарымыздың қаншалықты бағалы екенін, Құдайға бағышталған еріктілер оларды қалай шығарып, жер жүзіне қалай тарататынын түсіндіріңіз. Зерттеушіні Патшалық сарайында өткізілетін кездесулерге шақырып, бірге баруды ұсыныңыз. Қауым кездесулерінің өту тәртібін түсіндіріңіз және сондағы достарыңызбен таныстырыңыз. Конгрестерде де басқа Куәгерлермен таныстырыңыз. Осы және басқа да кездесулерде жаңадан келгендер Ехобаның халқын айрықша ететін сүйіспеншілік қасиетін қалай танытатынын өз көздерімен көре алады (Жох. 13:35). Қызығушының Ехобаның ұйымы үшін ризашылығы артқан сайын, ол Ехобаға жақындай түседі.
КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ӘДЕБИЕТТЕРДІ ҚОЛДАНУ
22 Ертедегі мәсіхшілер Құдай Сөзінің құлшынысты жариялаушылары болған. Олар жеке қолданыс үшін және қауымда зерттеу мақсатында Жазбалардың көшірмесін жасап алатын. Басқаларды да Құдай Сөзін оқуға талпындыратын. Қолдан көшірілген мұндай Жазбалар санаулы еді, әрі олар өте бағалы болатын (Қол. 4:16; Тім. 2-х. 2:15; 3:14—17; 4:13; Пет. 1-х. 1:1). Бүгінде Ехоба куәгерлері заманауи баспа әдісін қолданып, Киелі кітаптың миллиондаған данасы мен Киелі кітапты зерттеуге арналған құралдардың жүздеген миллион данасын басып шығарады. Мұндай құралдарға жүздеген тілде шығатын буклеттер, кітапшалар, кітаптар мен журналдар кіреді.
23 Адамдарға ізгі хабарды уағыздағанда, Ехобаның ұйымы шығарған аталмыш құралдарды міндетті түрде қолданыңыз. Ай сайын әртүрлі басылымдар таратылады. Бұған қоса, журналдар ұсынатын күні де, айдың басқа күндерінде де журналдар таратсаңыз болады. Ехоба куәгерлерінің басылымдарын оқып-зерттеудің жеке өзіңіз үшін пайдалы болғанын есте ұстасаңыз, оны өзгелерге де айтуға талпынасыз (Евр. 13:15, 16).
24 Бүгінде ғаламтор — көп адам үшін негізгі ақпарат көзі. Сондықтан әдебиеттерімізбен қатар, jw.org ресми веб-сайтымыз — ізгі хабарды таратуда таптырмас құрал. Дүниежүзіндегі кез келген адам компьютердің көмегімен Киелі кітап пен әдебиеттерді жүздеген тілдерде оқып, тыңдай алады. Бізбен әңгімелесуге тартыншақтайтын адамдар немесе Ехоба куәгерлерімен сөйлесудің мүмкіндігі бола бермейтін аймақтарда тұратын адамдар өз бетінше jw.org сайтына кіріп, нанымдарымызды зерттей алады.
25 Сондықтан ыңғайы келген әр кезде jw.org сайты жайлы айта жүреміз. Егер үй иесі нанымдарымыз жайлы сұраса, ұялы телефонды не планшетті қолданып, жауапты бірден сайттан көрсете аламыз. Өзге тілде я ым тілінде сөйлейтін адамды кезіктірсек те, олар Киелі кітап пен әдебиеттерді өз тілінде табуы үшін, назарларын веб-сайтымызға аударсақ болады. Көп жариялаушылар Киелі кітап жайлы әңгіме бастау үшін сайтымыздағы бейнероликтердің бірін қолданады.
БЕЙРЕСМИ КУӘЛІК БЕРУ
26 Сөзіне құлақ түрген адамдарға Иса былай деген: “Сендер дүниенің жарығысыңдар... сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтасын” (Мат. 5:14—16). Сол шәкірттер Құдайдың жолдарын жарқырата көрсетіп, “мен осы дүние үшін жарықпын” деп айтқан Исаға еліктеген. Иса тыңдауға ыңғай танытқан адамдардың алдында “өмір беретін жарықты” жарқыратуымен мәсіхшілердің бәріне үлгі қалдырған (Жох. 8:12).
27 Елші Пауыл да — еліктеуге тұрарлық үлгі (Қор. 1-х. 4:16; 11:1). Афинада болғанда ол күніге базар алаңында кезіккендермен пікір алысып жүрді (Ел. іс. 17:17). Оның үлгісіне Філіпідегі мәсіхшілер еліктеген. Сол себепті де Пауыл “бұзылған, азғын ұрпақ арасында” өмір сүрген оларды “шырақтай нұрға” теңеген (Філіп. 2:15). Бүгінде біз де ізгі хабарды айтудың мүмкіндігі туа қалса, сөзімізбен әрі ісімізбен Патшалық жайлы шындықтың нұрын жарқырата аламыз. Әрине, шыншыл да адал болғанымыздың өзі жұрттың назарына ілініп, біздің осы дүниеден ерекше екенімізді көрсетеді. Бірақ оларға ізгі хабарды айтатын болсақ, біздің не себепті ерекше екенімізді білетін болады.
28 Ехобаның қызметшілерінің көбісі жұмыста, мектепте, қоғамдық көліктерде, я болмаса күнделікті істерімен айналысқанда уағыздайды. Саяхатқа шыққан кезде де, демалыста жүрген адамдармен әңгімелесудің ыңғайы тууы мүмкін. Сондықтан біз кәдімгі әңгімені куәлікке ұластырудың жолын іздей жүруіміз қажет. Кез келген ыңғайлы сәтті пайдаланып, өзгелермен сөйлесуге дайын жүрейік.
29 Осылай істеуімізбен Жаратушымызды мадақтайтынымызды және есімін даңққа бөлейтінімізді есте ұстайтын болсақ, бейресми куәлік беруге талпынамыз. Оның үстіне, ақжүрек адамдарға Ехобаны танып-білуге көмектесе аламыз, соның арқасында олар да қызметші болып, Иса Мәсіхке сенуден келетін өмірге үміттене алады. Ехоба мұндай еңбегімізді бағалайды, әрі қасиетті қызмет деп қарастырады (Евр. 12:28; Аян 7:9, 10).
УАҒЫЗ АУМАҒЫ
30 Патшалық хабарының дүниежүзі бойынша қалаларда да, ауылдарда да уағыздалғаны — Ехобаның еркі. Бұл үшін филиал шалғай аумақта қызмет ететін қауымдарға не жариялаушыларға белгілі бір аумақты тағайындайды (Қор. 1-х. 14:40). Бұл I ғасырда Құдайдың басшылығымен берілген нұсқауға сай келеді (Қор. 2-х. 10:13; Ғал. 2:9). Соңғы күндері Патшалық ісі жылдам кең етек алып жатыр, осы орайда қауым аумақтарын белгілі бір жүйемен аралап шығудың арқасында көп жетістікке жетудеміз.
31 Учаскелерді аралау ісі қауымның қызмет бақылаушысының жетекшілігімен атқарылады. Учаскелерді үлестіріп отыруды қызмет көмекшілерінің бірі істей алады. Учаскелердің екі түрі бар: топтың учаскелері мен жариялаушылардың жеке учаскелері. Учаскелері аз қауымда топ бақылаушыларының қолында тобындағы жариялаушылар уағыздай алуы үшін топ учаскелері болады. Ал учаскелері көп қауымда жариялаушылар жеке учаске ала алады.
32 Уағыздауға арналған кездесу өткізілмеген кезде не топпен жиналу тиімсіз болған кезде, жариялаушының жеке учаскесі болғаны жақсы. Мысалы, кейбір жариялаушылар учаскені өздерінің жұмыс орнына жақын жерден алып, сол жақта түскі үзіліс кезінде не жұмыстан кейін уағыздайды. Кейбір отбасылар жеке учаскелерді үйлеріне жақын жерден алып, кешкі уақыттары уағызға шығады. Жариялаушы жеке учаскені ыңғайлы жерден алғанының арқасында уағызға көп уақыт арнай алады. Әрине, жеке учаскесі бар жариялаушы оған өзге жариялаушымен бірге бара алады, мысалы, уағыздауға арналған кездесуден кейін. Егер учаске алғыңыз келсе, соған жауапты қызметшіге жолықсаңыз болады.
33 Кез келген учаскені — мейлі ол топ бақылаушысы алған топ учаскесі болсын не жариялаушының жеке учаскесі болсын — оны алған адам сондағы әрбір үйдің тұрғынымен байланысу үшін ақылға қонымды шамада күш салады. Аумақты өңдеу шаралары деректерді қорғауға қатысты заңдарға сай болуы тиіс. Учаске алған топ бақылаушысы немесе жариялаушы оны төрт ай аралығында жүріп өтуге тырысу қажет. Жүріп өткеннен кейін бұл жайлы учаскеге жауапты қызметшіні хабардар ету керек. Жағдайларға қарай, топ бақылаушысы не жариялаушы учаскені өзінде қалдырып, қайта жүріп өтсе болады, я болмаса учаскеге жауапты қызметшіге тапсырса болады.
34 Жариялаушылардың бәрі қауымның нұсқауына сай қызмет етсе, учаскелер тыңғылықты жүріп өтіледі. Сондай-ақ бір жерде басқа жариялаушылар да уағыздап, тұрғындардың қитығына тимейді. Осылайша бауырластарымызды және учаскедегі адамдарды ойлайтынымызды көрсетеміз.
КӨПТІЛДІ АЙМАҚТАРДА УАҒЫЗДАУ
35 Әр адам Ехоба Құдай мен оның Ұлы туралы және Патшалық жайлы білу қажет (Аян 14:6, 7). Әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар құтқарылу үшін, біз оларға Ехобаны атын атап шақыруға және мәсіхшілік болмысқа ие болуға көмектескіміз келеді (Рим. 10:12, 13; Қол. 3:10, 11). Көптілді аймақта ізгі хабарды уағыздағанда қандай қиындықтар туындауы мүмкін? Мейлінше көп адам өздері жақсы түсінетін тілде Патшалық хабарын ести алу үшін, бұл қиындықтарды қалай шешуге болады? (Рим. 10:14).
36 Уағыз аумағы әр қауымға тілі бойынша тағайындалады. Сол себепті көптілді аймақтарда әртүрлі қауымның жариялаушылары бір жерде уағыздап жатады. Мұндай кезде әр қауымның жариялаушылары негізінен өз тілінде сөйлейтін адамдарға уағыздағандары жөн. Жыл сайын ұйымдастырылатын шақыру науқаны кезінде де тәртіп осындай. Бірақ көпшілік орындарда немесе бейресми куәлік бергенде, жариялаушылар кез келген тілде уағыздап, әдебиет ұсына алады.
37 Кей кездері өзге тілді қауымдар өздерінің шалғайдағы аумақтарын жүйелі түрде аралап өте алмай жатады. Мұндай жағдайларда бірге қызметтесетін қауымдардың қызмет бақылаушылары уағыз аумағын өңдеу үшін бір-бірімен пікір алысып, бәріне тиімді жүйе ойластырып табады. Осылайша Патшалық хабарын әр адам ести алады, әрі екі жұмыс болмайды (Нақ. с. 15:22).
38 Егер есікті ашқан үй иесі өзге тілде сөйлесе ше? Мұндай кезде “бұл кісіге өзінің ана тілінде сөйлейтін жариялаушы келіп уағыздайды ғой” деп ой түзбеуіміз керек. Кейбір жариялаушылар аумақтарында жиі кезіктіретін тілде қарапайым ұсынысты жаттап алады. Адамға jw.org веб-сайтынан өз тілінде әдебиет оқуға я жүктеуге болатынын көрсете аламыз немесе оның тілінде шыққан әдебиетті әкеліп беруді ұсынсақ болады.
39 Егер адам шынайы қызығушылық танытса, оның тілін түсінетін әрі көмектесе алатын бауырласты табуға тырысуымыз керек. Сондай-ақ жақын жерде өтетін оның тіліндегі қауымның мекенжайын айтуға болады. Егер ол өз тілінде сөйлейтін адаммен байланысқысы келсе, оған jw.org сайтына өзінің байланыс мәліметін қалай енгізуге болатынын көрсетіңіз. Ал филиал, өз кезегінде, жақын арадағы жариялаушының, топтың я қауымның қажетті көмек көрсетуін қамдайды.
40 Қызығушы ана тілінде сөйлейтін жариялаушының өзіне хабарласқаны жайлы айтпағанша, оған барып тұруымыз керек. Кейде филиал ақсақалдармен хабарласып, қызығушының тілінде сөйлейтін жариялаушының жоқ екенін мәлімдейді. Мұндай кезде біз қолдан келгенше үй иесінің қызығушылығын арттыра беруіміз керек. Мүмкін болса, онымен зерттеу сабағын жүргіземіз. Бұл үшін оның тіліндегі зерттеуге арналған құралды қолданған жөн. Басылымдағы суреттерді жақсылап қолдансақ, ал қызығушы тармақтарды өзі оқыса, оның Киелі кітап жайлы негізгі білімі болады. Үй ішіндегілерінің бірі оның тілін де, жергілікті тілді де түсінетін болса, аудармашы болып көмектесуге келісетін шығар.
41 Қызығушыны Құдайдың ұйымына бағыттау үшін, қауым кездесулеріне шақыруға тиіспіз. Ол бағдарламаны толық түсінбесе де, осылай істегеніміз жөн. Егер оның тілінде Киелі кітап бар болса, оқылып жатқан жазба орындарын табуға көмектесіңіз. Қауымдағылармен араласқанның өзі оны жігерлендіріп, рухани өсуге септігін тигізеді.
42 Сынама топтар. Сынама топтың құрамында қауымның тілінен басқа тілде уағыздайтын біршама жариялаушылар болады, тіпті сол тілде апта сайынғы кездесуді жүргізе алатын қабілетті ақсақал не қызмет көмекшісі болмаса да, сынама топ құрыла алады. Келесі талаптар орындалса, филиал қандай да бір қауымды сынама топқа жауапты ретінде тіркей алады:
1) Аймақта тұратын және қауымның тілінен басқа тілде сөйлейтін тұрғындардың саны әжептәуір көп.
2) Сол тілде сөйлейтін не сол тілді үйренуге дайын кем дегенде бірнеше жариялаушы бар.
3) Ақсақалдар кеңесі сол тілдегі уағызды ұйымдастыруға дайын.
Егер ақсақалдар кеңесі сынама топқа жауапты болуды қаласа, ақсақалдар аудандық бақылаушымен ақылдасу керек. Ол сол тілде сөйлейтін адамдарға уағыздауға әрекеттеніп жүрген басқа қауымдарды білуі мүмкін және сынама топқа қай қауымның жауапты болғаны жақсырақ екенін анықтауға көмектесетін құнды мәлімет беруі мүмкін. Жауапты қауым анықталған кезде, ақсақалдар қызмет бөліміне хат жіберіп, қауымды сынама топқа жауапты деп ресми түрде тіркеуге рұқсат сұрау керек.
43 Топтар. Келесі талаптарға сай келсе, филиал қандай да бір қауымды топқа жауапты ретінде тіркей алады:
1) Бұл тілде сөйлейтін адамдардың арасында қызығушылық білдіргендер жеткілікті және онда өсімнің әлеуеті бар.
2) Бұл тілде сөйлейтін және сол тілді үйреніп жүрген жариялаушылардың кем дегенде шағын тобы бар.
3) Басшылықты қолға алатын және сол тілде апта сайын кем дегенде бір кездесуді я болмаса көпшілікке арналған баяндама не “Күзет мұнарасын” зерттеу сияқты апта сайынғы кездесудің бір бөлігін жүргізе алатын қабілетті ақсақал не қызмет көмекшісі бар.
Құрылғалы жатқан топ бұл талаптарға ақылға қонымды деңгейде сай келсе, ақсақалдар кеңесі филиалға мағлұматтар жазып, топты өз қауымдарына ресми түрде тіркеуін өтінеді. Топқа жауапты ақсақал “топ бақылаушысы” деп аталады, ал жетекшілікті қызмет көмекшісі алған болса, “топ қызметшісі” деп қарастырылады.
44 Топ құрылған соң, топқа жауапты қауымның ақсақалдар кеңесі топтың апта сайынғы кездесуіне не оның бір бөлігіне қауым кездесулерінің басқа да бөліктерін қосу керек пе, жоқ па — соны анықтап, бұл кездесулер айына қанша рет өтетінін шешсе болады. Топ үшін уағызға арналған кездесуді де ұйымдастыруға болады. Топқа жауапты қауымның ақсақалдар кеңесі топтағы жариялаушыларға бас-көз болады. Бұл ақсақалдар тиімді нұсқаулар беріп, топтың қажетін қамдайды. Аудандық бақылаушы жауапты қауымға сапармен келгенде, топпен қызметтесіп, филиалға олардың жетістігі мен қажеттілігі жайлы қысқаша есеп жазып жібереді. Уақыт өте келе топ қауым болуы мүмкін. Бұған қатысы бар бауырластардың бәрі теократиялық басшылықты ұстанатын болса, Ехобаның көңілінен шығады (Қор. 1-х. 1:10; 3:5, 6).
ТОППЕН УАҒЫЗДАУ
45 Бағышталған мәсіхшілердің әрбіріне ізгі хабарды өзгелерге айту жауапкершілігі жүктелген. Уағыздаудың көптеген жолы бар, десе де солардың ішінде біз үшін ең бағалысы — өзгелермен қызмет ету (Лұқа 10:1). Осы мақсатта қауымдар демалыс күндері, сондай-ақ аптаның ішінде уағызға арналған кездесулер ұйымдастырады. Мереке күндері де топпен уағыздаудың керемет мүмкіндігі туады, өйткені сол күндері көп бауырлас жұмыс істемейді. Қауымның қызмет комитеті уағыздауға арналған кездесулердің күндіз және кешке, бәріне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде өтуін ұйымдастырады.
46 Топпен уағыздаудың арқасында жариялаушылар бір-бірімен қызметтесіп, “өзара жігерленеді” (Рим. 1:12). Жаңа жариялаушылар қабілетті де тәжірибесі мол бауырластармен уағызға шығып, көпке үйренеді. Кейбір жерлерде қауіпсіздік мақсатта екі я одан да көп жариялаушының бірге уағыздағаны жөн болар. Қызметке тіпті жалғыз баруды жоспарлаған болсаңыз да, уағыз кездесуіне барғаныңыз өзгелерді жігерлендіруі мүмкін. Өзге бауырластар сіз жүрген аймақта уағыздап жүр деген ойдың өзі бойымызға сенімділік ұялатады емес пе?! Ізашарлар мен басқа да жариялаушылар қауым ұйымдастыратын уағызға арналған кездесулердің әрбіреуіне, әсіресе олар күнде өткізілсе, келуге міндетті сезінбеулері қажет. Десе де апта сайынғы кездесулердің ең болмағанда кейбіріне келгендері жөн.
47 Лайым Иса мен елшілерінің үлгісіне әрі қарай да еліктей берейік. Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздау ісіне толықтай атсалысуға ұмтылғанымызды Ехоба молынан жарылқайтынына еш күмәнданбайық (Лұқа 9:57—62).