10-ТАРАУ
Қызмет аясын кеңейту жолдары
ИСА шәкірттерін Патшалықтың уағыздаушылары ретінде жіберетін уақыт келгенде, оларға: “Жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз”,— деді. Атқарылатын жұмыс өте көп болғандықтан, ол былай деп қосты: “Егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер” (Мат. 9:37, 38). Иса шәкірттеріне қызметтерін қалай атқару керектігін айтты. Бұл шұғыл атқарылу керек іс екені оның мына сөздерінен байқалады: “Адам Ұлы келгенше, Исраилдің барлық қалаларын аралап үлгермейсіңдер” (Мат. 10:23).
2 Бүгінде де уағыз қызметінде атқаратын жұмыс көп. Патшалық жайлы ізгі хабар осы заманның соңы келмей тұрып уағыздалуы тиіс, ал уақыт болса зымырап өтіп жатыр (Мар. 13:10). Егіндік осы дүние болғандықтан, кезінде Иса мен шәкірттері кезіккен жағдайға біз де кезігеміз, тек үлкенірек көлемде. Дүниежүзіндегі миллиардтаған адамның қасында біз өте азбыз, дегенмен Ехобаның көмектесетініне сенімді бола аламыз. Патшалық жайлы ізгі хабар бүкіл жер бетінде міндетті түрде уағыздалады, ал Ехоба белгілеген уақытта осы заманның соңы келеді. Олай болса, Құдай Патшалығын өмірімізде бірінші орынға қойып, қызметімізді толықтай атқарамыз ба? Бұл үшін қандай теократиялық мақсаттарға ұмтыла аламыз?
3 Ехоба бағышталған қызметшілерінен не талап ететіні жайлы Иса: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген (Мар. 12:30). Иә, біз Құдайға деген қызметімізді бүкіл жан-тәнімізбен атқаруымыз керек. Бұл — қаншалықты шын берілгенімізді паш ету үшін және бағышталуымыздың қаншалықты шынайы екенін көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деген сөз (Тім. 2-х. 2:15). Осылай қызмет етудің мүмкіндіктері әрбіріміз үшін қолжетімді, әрине, бұл мәселеде шама-шарқымыз бен қабілеттерімізді ескереміз. Қазір сол мүмкіндіктердің кейбірін қарастырып, қызметіңізді атқару үшін қандай теократиялық мақсаттарға ұмтылатыныңызды шешіп алыңыз.
ҚАУЫМ ЖАРИЯЛАУШЫСЫ
4 Шындықты қабылдаған әркім ізгі хабарды жариялау мәртебесіне ие. Иса шәкірттеріне тапсырған ең негізгі іс — осы (Мат. 24:14; 28:19, 20). Әдетте Иса Мәсіхтің шәкірті ізгі хабарды естігеннен кейін, оны өзгелерге айтқысы келеді. Мысалы, Әндір, Філіп, Корнел және тағы басқалар осылай еткен (Жох. 1:40, 41, 43—45; Ел. іс. 10:1, 2, 24; 16:14, 15, 25—34). Сонда шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып-ақ ізгі хабарды уағыздауға бола ма? Әлбетте! Адам шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болған соң, оған үйме-үй жүріп уағыздау мүмкіндігі ашылады. Бұған қоса, ол қабілеті мен жағдайына қарай, уағыз қызметінің басқа да түрлеріне қатыса алады.
5 Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, жариялаушы ізгі хабарды уағыздауда қолдан келгеннің бәрін істегісі келеді. Ерлердің де, әйелдердің де уағыз ісіне қатысу мәртебесі бар. Біз Құдай Патшалығының мүддесін алға жылжытуда аз болса да өз үлесімізді қосуға қуаныштымыз. Қызметтің басқа да түрлеріне ұмтылып, қызмет аясын кеңейте алатын әркім сөзсіз бақытқа кенеледі.
ҚАЖЕТТІЛІК БАР ЖЕРДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ
6 Сіздің қауымыңыздың аумағы жиі өңделіп, ондағы адамдарға жақсы куәлік берілген болар. Мұндай кезде уағыз ісінде қажеттілік көбірек жерге көшу арқылы қызмет аясын кеңейте алатын шығарсыз (Ел. іс. 16:9). Егер сіз ақсақал я қызмет көмекшісі болсаңыз, көмегіңіз басқа қауымда қажет болуы мүмкін. Аудандық бақылаушыңыздың аудандағы басқа қауымға қалай көмектесуге болатынына қатысты ұсыныстары бар шығар. Ал еліңіздің басқа аймағында қызмет еткіңіз келсе, қажетті мәліметті жергілікті филиалдан алуға болады.
7 Шетелде қызмет етуді қалайсыз ба? Қаласаңыз, көшіп-қону мәселесін мұқият қарастырыңыз. Бұны қауымыңыздағы ақсақалдармен талқылап көріңіз. Көшіп-қонудың өзіңізге және сізбен бірге көшетін адамдарға тигізер әсері бар (Лұқа 14:28). Ал шетелге аз уақытқа ғана баруды жоспарласаңыз, онда өз еліңіздің басқа аймағында қызмет етуді қарастырғаныңыз жөн болар.
8 Кейбір елдерде бақылаушы міндетін атқаратын ер бауырластардың шындықта жүргендеріне көп болған жоқ. Мұндайда кішіпейіл жергілікті ер бауырластар көшіп келген тәжірибелі шетелдік бауырластарға жетекшілікті тапсырып жатады. Егер сіз сондай елге көшкелі жүрген ақсақал болсаңыз, мына жайтты есте ұстаңыз: сіздің мақсатыңыз — жергілікті ер бауырластардың орнын басу емес, олармен бірге қызмет ету. Оларды міндеттерге ұмтылып, жауапкершіліктер алуға талпындырыңыз (Тім. 1-х. 3:1). Егер қандай да бір істер сіздің еліңіздегідей атқарылмай жатса, шыдамды болыңыз. Ақсақалдық қызметте жинақтаған тәжірибеңізді ер бауырластарға көмектесу үшін қолданыңыз. Сонда қандай да бір себептермен өз еліңізге оралу керек болғанда, жергілікті ақсақалдар қауымды жақсылап қамқорлай алады.
9 Филиал сіздің көмегіңіз тиеді-ау деген қауымдардың тізімін жібермес бұрын, қауымыңыздың қызмет комитеті мінездеме хат жазуы тиіс. Қауымда, мейлі, ақсақал, қызмет көмекшісі, ізашар не жариялаушы болып қызмет етсеңіз де, осындай хат талап етіледі. Сосын қызмет комитеті бұл мінездеме хатты сіздің өтінішіңізбен қосып, қызмет еткіңіз келетін елдегі филиалға жібереді.
БАСҚА ТІЛДЕ УАҒЫЗДАУ
10 Қызметіңіздің аясын кеңейту үшін, сіз басқа тілді немесе ым тілін үйренуді жөн көрерсіз. Егер уағыздау мақсатында өзге тілді үйренуді көздеп жүрсеңіз, ақсақалдармен және аудандық бақылаушымен ақылдасып көріңіз. Олар тиімді ұсыныстар айтып, сізді шабыттандыра алады. Кейбір аудандар жергілікті филиалдың нұсқауымен тіл үйрену сыныптарын ұйымдастырып, қабілетті жариялаушылар мен ізашарларға өзге тілде уағыздауды үйретеді.
ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
11 Барлық жариялаушылар қосалқы, тұрақты, арнайы ізашарлық қызметке және толық уақытты қызметтің басқа да түрлеріне қойылатын талаптармен таныс болулары керек. Ізашар шомылдыру рәсімінен өткен үлгілі жариялаушы болу қажет, сондай-ақ жеке бастың жағдайы уағыз қызметіне белгілі бір сағат мөлшерін жұмсай алатындай болу керек. Қосалқы және тұрақты ізашарлық қызметке берілген өтініштерді қауымның қызмет комитеті мақұлдайды, ал арнайы ізашарларды филиал тағайындайды.
12 Қосалқы ізашарлар, кем дегенде, бір айға не бірнеше айға тағайындалады, я болмаса жағдайына қарай үздіксіз қызмет ете алады. Патшалықтың көптеген жариялаушылары ерекше кезде, мысалы Еске алу мезгілінде не аудандық бақылаушының сапары болатын айда, қосалқы ізашар болып қызмет етіп жатады. Ал кейбіреулер еңбек демалысын алғанда қосалқы ізашар болуды шешеді. Шомылдыру рәсімінен өткен мектеп жасындағы жариялаушылар демалысқа шыққанда қосалқы ізашарлық қызметті алады. Жариялаушылар әр наурыз бен сәуірде және аудандық бақылаушының сапары болатын айларда қысқартылған сағат мөлшерімен қосалқы ізашар бола алады. Жағдайыңыз қандай болмасын, моральдық жағынан таза болып, жақсы әдеттерді ұстансаңыз, әрі белгілі бір сағат мөлшерін орындай алсаңыз және бір не бірнеше ай бойы қосалқы ізашар бола аламын деп ойласаңыз, ақсақалдар қызметтің осы түріне берген өтінішіңізді қуана-қуана қарастырады.
13 Тұрақты ізашар болып қызмет ету үшін, жылдық сағат мөлшерін орындай алуыңыз қажет. Тұрақты ізашар болып жатсаңыз, қауымыңызбен тығыз қызметтесуге ықыласты боласыз. Құлшынысты ізашарлар — қауым үшін бата. Олардың үлгісіне қарап, өзгелердің де қызметте құлшынысы артып, тіпті ізашарлық қызметті бастап жатады. Бірақ тұрақты ізашарлық қызметке өтініш толтыру үшін, шомылдыру рәсімінен өткеніңізге, кем дегенде, алты ай болған үлгілі жариялаушы болуыңыз керек.
14 Арнайы ізашарлар негізінен шебер уағыздайтын тұрақты ізашарлардың арасынан таңдап алынады. Филиал қайда тағайындаса, олар сонда қызмет етуге дайын болулары керек. Жиі оларды шалғай аймаққа тағайындайды, сонда олар қызығушыларды тауып, жаңа қауымдар құрады. Кейде арнайы ізашарлар уағыз аумағын өңдеуде көмекті қажет ететін қауымдарға тағайындалып жатады. Ал ақсақал болып қызмет ететін арнайы ізашарлардың кейбірін, уағыздаушылар айтарлықтай қажет болмаса да, көмек беру мақсатымен кішігірім қауымдарға тағайындайды. Арнайы ізашарлар күн көруге қажетті азын-аулақ жәрдемақы алып тұрады. Олардың кейбірі уақытша мерзімге тағайындалады.
МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТ
15 Басқарушы кеңестің Қызмет комитеті танапта уағыздайтын миссионерлерді тағайындайды. Сосын жергілікті филиал комитеті оларды халқы көп шоғырланған аймақтарға жібереді. Олар уағыз ісі мен қауымның іс-шараларын тұрақтандыру мен нығайтуда көп еңбек сіңіреді. Олардың көбісі Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте білім алған. Олар баспанамен және азын-аулақ жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.
АУДАНДЫҚ ҚЫЗМЕТ
16 Аудандық бақылаушыларды Басқарушы кеңес тағайындайды. Олар алдымен аудандық бақылаушының орынбасары болып жүріп білім алады және тәжірибе жинақтайды. Мұндай ер кісілер қызметті және бауырластарды жақсы көреді. Олар құлшынысты ізашарлар, Киелі кітаптың тыңғылықты зерттеушілері, шебер баяндамашылар әрі тәлімгерлер. Киелі рухтың жемісін танытуда тамаша үлгі көрсетеді, әрі олар байсалды, есті, парасатты. Егер аудандық бақылаушы үйленген болса, оның ізашар әйелі жүріс-тұрысымен және өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуымен үлгі көрсетеді. Шеберлікпен уағыздайды. Бұған қоса, күйеуі үшін жауап бермейді немесе әңгімеде басымдылық танытпайды, мәсіхші әйел ретінде мойынсұнып, өз міндетін жақсы түсінеді. Аудандық бақылаушы мен әйелінің қызмет кестесі өте тығыз келеді, сондықтан бұл қызметке ұмтылатын бауырластардың денсаулығы жақсы болуы тиіс. Ізашарлар өз бетінше аудандық қызметке қатысты өтініш жаза алмайды. Егер аудандық қызметке ықыластары бар болса, бұл жайлы аудандық бақылаушыларына айтып, тиімді кеңестер ала алады.
ТЕОКРАТИЯЛЫҚ МЕКТЕПТЕР
17 Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп. Сирек уағыздалатын аумақтарды өңдеу үшін және қауымдарды рухани жағынан нығайту үшін жариялаушылар ауадай қажет. Сондықтан бойдақ ер бауырластар мен қыз бауырластар және ерлі-зайыптылар Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте арнайы білім алуға өтініш толтыра алады. Бұл мектепті тамамдаған соң, түлектер өз елдеріндегі қажеттілік көбірек жерге тұрақты ізашар ретінде жіберіледі. Ал мүмкіндігі бар түлектер өз елінде не шетелде басқа міндеттерге тағайындалуы мүмкін. Кейбіреулері уақытша не үздіксіз мерзімге арнайы ізашар етіп тағайындалады. Бұл мектепте білім алғысы келетін ізашарлар аймақтық конгресте осы мақсатта өткізілетін кездесуге қатысып, қойылатын талаптармен танысса болады.
18 Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі. Бұл мектепке ағылшын тілін меңгерген арнайы толық уақытты қызметтегі бойдақ ер бауырластар мен қыз бауырластар және ерлі-зайыптылар шақырылады. Олардың танаптағы уағыз ісін не филиал ісін тұрақтандыруға және нығайтуға деген әлеуеттері бар. Сондай-ақ бауырластарға қуана қызмет ететінін әрі өзгелерге Жазбалардағы нұсқаулар мен теократиялық басшылыққа мойынсұнуды мейіріммен үйрететінін әлдеқашан көрсеткен. Жергілікті филиал комитеті осындай бауырластарға өтініш қағазын беріп, толтыруды ұсынады. Бұл мектептің түлектері өз елдеріндегі не шетелдегі танапқа я филиалға тағайындалады.
БЕТЕЛДІК ҚЫЗМЕТ
19 Бетелде қызмет ету — ерекше мәртебе. “Бетел” деген сөз “Құдай үйі” дегенді білдіреді. Бұл — теократиялық іс-шараларды атқаратын орталықтарға берілген орынды атау. Бетелдегі ер және қыз бауырластар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді шығарумен, аударумен және таратумен байланысты маңызды істерді атқарады. Жержүзіндегі қауымдарға бас-көз болып, басшылық беретін Басқарушы кеңес үшін олардың қызметі өлшеусіз. Аудармашы болып істейтін көптеген бетелдіктер өздері аударатын тілде сөйлейтін филиал аумағында тұрып қызмет етеді. Осының арқасында олар өз тілдерін күніге естиді. Сондай-ақ аударылған басылымдар адамдарға түсінікті ме, жоқ па — алысқа бармай-ақ көз жеткізе алады.
20 Бетелде атқарылатын істердің көбісі қара күшті талап етеді. Сол себепті Бетелге негізінен шомылдыру рәсімінен өткен жас, денсаулығы жақсы әрі шымыр ер бауырластар шақырылады. Сіз тұратын елге бас-көз болатын филиалда қажеттілік бар болса және Бетелде қызмет етуге ықыласыңыз болса, қойылатын талаптар жөніндегі мәліметті өз қауымыңыздағы ақсақалдардан сұрастырсаңыз болады.
ҚҰРЫЛЫС ІСІ
21 Сүлейменнің ғибадатханасын соғу қасиетті іс болғанындай, бүгінгі теократиялық ғимараттардың құрылысы да — қасиетті қызметтің бір түрі (Пат. 1-ж. 8:13—18). Көптеген ер және қыз бауырлас осы іске өз үлестерін қосу үшін, уақыттары мен өздеріндегі барын аямай тамаша құлшыныс танытады.
22 Сіз осы істе көмек бере аласыз ба? Егер шомылдыру рәсімінен өткен болсаңыз және құрылыс ісіне қатысқыңыз келсе, аймағыңыздағы құрылыс ісін бақылайтын бауырластар сіздің көмегіңізге риза болады, қажет болса, кәсіби қабілеттілікке үйрете алады. Олай болса, жергілікті ақсақалдарға өз ықыласыңыз жайлы неге айтып көрмеске? Шомылдыру рәсімінен өткен кейбір жариялаушылар тіпті өзге елдегі теократиялық ғимараттарды соғу ісінде ерікті болып қызмет ете алған.
23 Құрылыс ісіне қатысудың мүмкіндігі көп. Құрылыс ісінен хабары бар шомылдыру рәсімінен өткен үлгілі жариялаушылар жақын жердегі жобаларға қатысқысы келсе, Жергілікті жобалау және құрылыс ісінің еріктілері болып қызмет ете алады. Ал шалғайдағы жобаларға қысқа уақыт аралығында көмектесе алатын кейбір бауырластарды филиал екі аптадан үш айға дейін құрылыс еріктілері етіп тағайындай алады. Ал ұзақ мерзімге тағайындалған бауырластар құрылыс қызметшілері деп аталады. Ал шетелге тағайындалған құрылыс қызметшісі халықаралық құрылыс қызметшісі деп аталады. Құрылыс қызметшілері мен құрылыс еріктілерінен құралатын Құрылыс тобы әр жобада жетекшілік етеді. Оларға Жергілікті жобалау және құрылыс ісінің еріктілері мен жобаға қатысатын қауым еріктілері жәрдем береді. Құрылыс топтары филиал аумағындағы бір жобадан екінші жобаға ауысып отырады.
РУХАНИ МАҚСАТТАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?
24 Өміріңізді Ехобаға бағыштаған болсаңыз, демек, қалауыңыз Ехобаға мәңгілік бойы қызмет ету болғаны. Бірақ қазіргі мақсаттарыңыз қандай? Рухани мақсаттарыңыз бар болса, күшіңіз бен басқа да мүмкіндіктеріңізді ақылмен жұмсай аласыз (Қор. 1-х. 9:26). Мұндай мақсаттарды көздесеңіз, рухани алға басасыз, әрі қосымша мәртебелі қызметке ұмтыла жүріп, ең маңызды нәрселерді назарда ұстайсыз (Філіп. 1:10; Тім. 1-х. 4:15, 16).
25 Елші Пауыл Құдайға қызмет ету жағынан керемет үлгі қалдырған (Қор. 1-х. 11:1). Ол қызметті жан-тәнімен атқарған. Бұл істе Ехоба көптеген мүмкіндіктер ашып отырғанын түсінген. Қорынттағы бауырластарға ол: “Мен үшін қызмет етуге үлкен есік ашылды”,— деп жазған (Қор. 1-х. 16:9, сілт.). Бұл сөздердің біз үшін де жаны бар. Қауыммен бірлесе жүріп Ехобаға қызмет етудің мүмкіндігі көп, әсіресе Патшалық жайлы ізгі хабарды жариялау ісінде. Бірақ сол “үлкен есіктен” кіргенде, елші Пауыл сияқты, біз де көп “қарсыластарды” кезіктіреміз (Қор. 1-х. 16:9, сілт.). Сондай-ақ Пауыл өзін тәртіпке салуға да дайын болған. Оның не дегеніне қараңызшы: “Денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын” (Қор. 1-х. 9:24—27). Сіздің де көзқарасыңыз осындай ма?
Рухани мақсаттарыңыз бар болса, күшіңіз бен басқа да мүмкіндіктеріңізді ақылмен жұмсай аласыз
26 Әрбіріміз өз жағдайымызға қарай теократиялық мақсаттарға ұмтылғанымыз жақсы. Бүгінде көп бауырластар толық уақытты қызметтің қандай да бір түріне қатысып жүр. Өйткені олар ерте жастан теократиялық мақсаттар қойған. Ата-аналары не басқа бауырластар оларды балалық шағынан бастап рухани мақсаттарға талпындырып отырған. Осылайша Ехобаға деген қызметті өмірлік жолдары етіп, мұнысына еш өкінбей, толассыз қуанышқа бөленіп жүр (Нақ. с. 10:22). Ұмтылуға тұрарлық басқа да мақсаттар бар, мысалы, апта сайын уағыз қызметіне қатысу, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау және оны жүргізу, кездесулерге дайындалуға көбірек уақыт бөлу. Ең маңыздысы — табанды болып, қызметімізді толықтай атқару. Осылай етсек, Ехобаны дәріптейміз, әрі оған мәңгілік бойы қызмет етеміз деген негізгі мақсатымызға қол жеткіземіз (Лұқа 13:24; Тім. 1-х. 4:7ә, 8).