Сауалдар жәшігі
◼ Танымайтын адаммен Интернет арқылы араласудың қандай қаупі бар?
Интернеттегі көптеген веб-сайттар адамдар бір-бірімен танысып, араласуға арналған. Бұл сайттарға адамдар суреттері мен өздерінің жеке мәліметтерін салып, оны басқаларға жариялай алады. Бұларды қараған басқа адамдар олармен байланыса алады. Мұндай веб-сайттарды әсіресе жастар жиі қолданады және осы веб-сайттар арқылы өздерін Ехоба Куәгері ретінде таныстырған адамдармен араласатын жастарды қауымдардан да кездестіруге болады.
Интернет арқылы танысқан адам өзінің кім екенін, рухани күйінің және пиғылының қандай екенін оп-оңай жасыра алады (Заб. 25:4). Өзін Ехоба Куәгері ретінде таныстырған адам шын мәнінде Куәгер емес болуы мүмкін немесе қауымнан шығарылған, болмаса тіпті жолдан тайып, белсенді қарсыласымызға айналған адам болуы ықтимал (Ғал. 2:4). Мәлімдемелер көптеген педофилдердің өз құрбандарын осындай веб-сайттар арқылы тапқанын көрсетіп отыр.
Тіпті өзіміз араласатын адамдардың қауымда жақсы атқа ие екеніне сенімді болсақ та, интернеттегі әңгімелер лайықсыз тақырыптарға оп-оңай көшіп кетуі мүмкін. Себебі бірін-бірі көрмеген адамдар шектен тыс еркінсіп кетуге бейім келеді. Сондай-ақ олар интернет арқылы айтылған нәрселерді басқалар, мысалы, ата-аналары не ақсақалдар, білмейді деп ойлауы мүмкін. Өкінішке орай кейбір мәсіхші отбасындағы жастар осы тұзаққа түсіп, тұрпайы әңгімелерге араласып кеткен (Ефес. 5:3, 4; Қол. 3:8). Ал өзге біреулері интернетке жыныстық құмарлық оятатын суреттері мен жанама есімдерін салған немесе азғындық жайында жырланатын музыкалық клиптерге нұсқау көрсетіп қойған.
Сондықтан ата-аналар балаларының компьютерді қалай қолданып жүргенін бақылап отырулары керек (Нақ. с. 29:15). Бөтен адамды үйімізге кіргізіп, немесе балалармен жалғыз қалдырғанымыз қауіпті болмас па еді? Сол сияқты, тіпті өздерін Ехоба Куәгерлері ретінде таныстырса да, интернет арқылы бөтен адамдармен достасқанымыз немесе балаларымыздың достасуына жол бергеніміз қауіпті болып табылады (Нақ. с. 22:3).