Неге біз қайта-қайта бара береміз?
1. Уағыздау қызметіне қатысты қандай сұрақ туындайды?
1 Көп жерде біз учаскелерді жиі аралап тұрамыз. Кейде бір үйге бірнеше рет барамыз. Ал ол үйдің иесі бұндайға қызықпаймын деп нақты айтқан болуы мүмкін. Неліктен біз тыңдағысы келмеген адамдарға қайта-қайта бара береміз?
2. Уағыздау қызметінде табандылық танытуымыздың басты себебі не?
2 Ехоба мен адамдарға деген сүйіспеншілік. Уағыздау қызметінде табандылық танытуымыздың басты себебі — Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз. Жүрегіміз бізді әрі қарай да ұлы Құдайымыз туралы өзгелерге айта беруге талпындырады (Лұқ. 6:45). Ехобаны сүйгендіктен біз оның өсиеттеріне бағынып, басқалардың да осылай етуіне көмектескіміз келеді (Нақ. с. 27:11; Жох. 1-х. 5:3). Адамдардың тыңдамағаны біздің құлшынысымызды сөндіре алмайды. Алғашқы мәсіхшілер қуғын-сүргін көрсе де “уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (Ел. іс. 5:42). Адамдар тыңдамаған кезде бұған бола біздің ұнжырғамыз түспейді, қайта Ехобаға деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адалдығымызды көрсете отырып, әрі қарай да табандылық таныта береміз.
3. Маңайымыздағы адамдарды сүйгеніміз қызметімізді жалғастыруға қалай көмектеседі?
3 Біз маңайымыздағы адамдарды сүйгендіктен де табандылық танытамыз (Лұқ. 10:27). Ехоба ешкімнің де жойылғанын қаламайды (Пет. 2-х. 3:9). Кейде тіпті жиі уағыздалатын учаскенің өзінде Ехобаға қызмет еткісі келетін адамдар табылып жатады. Мысалы, Гваделупа аралының әрбір 56-шы тұрғыны Ехоба Куәгері болса да, өткен жылы 214 адам шомылдыру рәсімінен өткен, ал Еске алу кешіне 20 000-ға жуық адам, яғни шамамен аралдағы әрбір 22-ші адам, қатысқан.
4. Учаскелерде қандай өзгерістер болып тұрады?
4 Учаскедегі өзгерістер. Учаскедегі тұрғындар үнемі өзгеріп тұрады. Тыңдамаған адамдардың үйіне қайта барғанда, сол үйдегі ізгі хабарды естімеген адам есікті ашып, бізді тыңдауы мүмкін. Немесе ол үйге қызығушылық танытатын басқа адамдар көшіп келуі мүмкін. Сондай-ақ ізгі хабарға қарсы болған адамдардың балалары есейіп, бөлек шығып жатады. Осындай адамдар патшалық туралы хабарға құлақ асуы ықтимал.
5. Адамдардың ізгі хабарға құлақ асуына не әсер етуі мүмкін?
5 Адамдар да өзгереді. Елші Пауыл басында Исаға ‘тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткен’ (Тім. 1-х. 1:13). Сол сияқты бұрын шындыққа қызықпаған көп адам бүгінде Ехобаға қызмет етіп жүр. Олардың кейбірі тіпті ізгі хабарға қарсылық білдірген шығар. Дүниедегі жағдай өзгергенде, қарсылық білдірген немесе немқұрайды қараған адамдар шындыққа құлақ асуы мүмкін. Ал кейбіреулер отбасында біреу қайтыс болғанда, жұмысынан айырылғанда, қаржы тапшылығына ұшырағанда, я болмаса ауруға шалдыққанда, біздің хабарымызға басқаша қарай бастауы мүмкін.
6. Неліктен әрі қарай да құлшына уағыздауымыз керек?
6 Осы зұлым дүниенің ақыры таяп келеді, ал біздің уағыздау және тәлім беру ісіміз қарқын алып келеді (Иш. 60:22). Сондықтан әрі қарай да құлшына уағыздап, дұрыс көзқарас сақтауға тырысамыз. Мүмкін, келесі жолы кездестірген адам бізді тыңдайтын шығар. Ендеше уағызды доғармауымыз керек! ‘Осылай ету арқылы өзімізді де, бізді тыңдаушыларды да құтқарамыз’ (Тім. 1-х. 4:16, Тт).