Интернетті даналықпен қолданыңдар
ИНТЕРНЕТ арқылы адам кез келген уақытта және қай жерде болмасын, қалаған мәліметіне қол жеткізе алады. Ендеше Интернеттің дүниежүзі бойынша кеңінен қолданылатыны таңғалдырмайды.
Адамның қарым-қатынас жасау қабілеті Жаратушының берген керемет сыйы болып табылады. Өйткені соның арқасында біз пікір алысып, мәліметпен бөлісе аламыз. Ехоба адамзат баласына бірінші болып тіл қатып, олардың мағыналы өмір кешулері үшін нақты да түсінікті мәлімет берді (Жар. 1:28—30). Алайда адамзат тарихының басында қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің бұрыс қолданылған болатын. Шайтан Хауа анаға жалған мәлімет берді. Хауа ана бұл мәліметті қабыл алып Адам атаға жеткізді, ал ол сол мәліметке сай әрекет етіп адамзатты апатқа бастады (Жар. 3:1—6; Рим. 5:12).
Бүгінде қарым-қатынас жасаудың маңызды құралына айналған Интернет жайлы не деуге болады? Әрине, ол бізге аз уақыттың ішінде қажетті мәлімет табуға көмектеседі. Алайда абай болмасақ, Интернет уақытымызды ұрлауы, жалған мәлімет беруі, тіпті азғындыққа итермелеуі мүмкін. Олай болса, бұл құралды қалай даналықпен қолдана алатынымызды қарастырайық.
Сенімді мәлімет пе, жоқ па?
Интернетте жарияланатын мәліметтің бәрі бірдей пайдалы емес. Ондағы мәлімет іздеу бағдарламасының (браузер) қызметін саңырауқұлақтарды улы не улы емес екеніне мән бермей бір ыдысқа жинап, біздің дастарқанымызға қоятын бір топ адамға теңеуге болады. Сен мұндай саңырауқұлақтарды еш тексермей жер ме едің? Әрине, жемес едің! Интернеттен мәлімет іздеуге көмектесетін бағдарламалар сансыз компьютерлерді пайдаланып, миллиардтаған веб-сайттардан ең керемет дегенінен бастап, ең жаманына дейінгі мәліметтерді жинайды. Сондықтан парасаттылық танытып, ақ пен қараны ажырата білу қажет.
1993 жылы шыққан бір әйгілі газетте компьютердің алдында отырған екі иттің суреті салынған. Онда бір ит екіншісіне: “Интернетте сенің ит екеніңді ешкім де білмейді”,— деп айтып жатқаны бейнеленген. О баста жылан арқылы сөйлеген Шайтан сияқты, бүгінде көптеген адамдар Интернетте өздерінің шынайы болмысын жасырады. Мысалы, адам белгілі бір салада мүлдем хабары болмаса да, өзін сол саланың маманы ретінде таныстыруы мүмкін. Оның үстіне Интернетте жарияланатын пікірлер, ақпараттар, суреттер мен кеңестердің кімнен және қайдан келіп жатқанын ешкім қадағаламайды.
Интернетті қолданғанда Хауа ана сияқты аңқау болма. Мәліметке бірден сене салма, қайта өзіңе келесідей сұрақтарды қоя отырып салмақтап-сарала: 1) Бұл мәліметтің авторы кім? Оған сенім артуға қандай негіз бар? 2) Мәлімет не мақсатпен жарияланды? Автордың ниеті қандай еді? Ол мәселеге бір жақты қарап отырған жоқ па? 3) Автор мәліметті қайдан алған? Ол қолданған мәлімет көздері келтірілген бе? 4) Бұл ескіріп қалған мәлімет емес пе? Бірінші ғасырда елші Пауыл Тімөтеге бүгінгі күні де тиімділігін жоғалтпаған кеңес берді. Пауыл: “Өзіңе сеніп тапсырылғанды аман сақта және қасиеттіні қор қылатын бос әңгімелерден, қарама-қайшылыққа толы жалған білімнен аулақ бол”,— деп жазған (Тім. 1-х. 6:20).
Уақытты ұрламай ма?
Әрине, Интернетті даналықпен қолданатын болсақ, уақытымыз, күшіміз бен қаржымыз үнемделеді. Мысалы, біз үйде отырып-ақ өзімізге керек затты тиімді бағаға сатып ала аламыз. Сондай-ақ Интернет арқылы төлемдер төлеу, ақша жіберу және тағы басқа істерді банкке бармай-ақ тындыруға болады. Саяхаттауды жоспарлағанда ыңғайлы және арзан жолды таңдап, билеттерге алдын ала тапсырыс беруге болады. Бір жердің телефон нөмірін, мекен-жайын және діттеген жеріңе қалай жетуге болатын білгің келсе, керекті ақпаратты перне арқылы терсең болғаны. Дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлерінің филиалдары Интернеттің осындай қызмет түрлерін қолдану арқылы уақыт пен қаржыны үнемдеуде.
Алайда Интернеттің жаман жақтары да бар. Есіл-дерті Интернетке ауған кейбір адамдар ойын ойнау, зат сатып алу, чат арқылы әңгімелесу, хат жазу не Интернетті шарлауға көп уақытын сарып етеді. Ақыр соңында олар отбасы мен достарына аз көңіл бөліп, қауым кездесулері сияқты маңызды істерге немқұрайды қарай бастауы мүмкін. Осылайша адамдар ғаламторға жіпсіз байланғандай болады. Мысалы, Анкара университетінде тәлім беретін профессордың айтуынша, Түркияда Интернетті қолданушылардың 40 пайызы оған тәуелденіп кеткенін сезінеді. Германиядағы зерттеушілердің мәлімдеуінше, “күйеулерінің әуестігі үшін уайымдайтын әйелдер саны көбеюде”. Бір әйел жолдасының Интернетке деген тәуелділігі оны қатты өзгерткенін және отбасыларының ойран болуына себепші болғанын айтып мұңын шақты.
Бірде Ехоба куәгерлерінің бір филиалына өзін “Интернетқұмар” деп атаған адамнан хат келді. Оның күніне он сағат Интернетте отыратын кездері болған екен. “Алғашында мұның еш зияны жоқтай көрінді,— деді ол.— Бірақ уақыт өте келе мен қауым кездесулерін жібере бастадым және дұға айтуды доғардым”. Ол кездесуге барған күннің өзінде, алдын ала дайындалмайтын әрі тезірек үйге барып Интернетке кіруді ойлап отыратын. Қуанышқа орай, ол бұл әуестігінің қаншалықты қауіпті екенін түсініп, одан арылу үшін қажетті қадамдар жасады. Ендеше, Интернетті шектен тыс қолданып, оған тәуелді болып кетуден абай болайық.
Пайдалы мәлімет пе, жоқ па?
Салоникалықтарға 1-хат 5:21, 22-тармақтардан былай деп оқимыз: “Бәрін тексеріңдер, жақсысын ғана берік ұстаныңдар. Жамандық атаулыдан аулақ жүріңдер”. Біз Интернеттен көретін мәліметке Құдай қалай қарайтыны туралы ойлауымыз керек. Мәлімет мәсіхшілер үшін лайықты әрі еш күмән тудырмайтындай болу керек. Интернетте порнография кең тараған, сондықтан сақ болмасақ, оның торына түсіп қалуымыз әбден мүмкін.
Өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: “Жұбайым, ата-анам не бауырластарым бөлмеге кіріп келсе, компьютерден көріп отырғанымды жасырамын ба?” Егер бұл сұраққа “иә” деп жауап беретін болсақ, Интернетті тек өзге адамдардың көз алдында қолданғанымыз дұрыс. Рас, Интернеттің арқасында үйде отырып-ақ “дүкенге баруға” болады әрі ол керемет байланыс құралы болып табылады. Десе де, ғаламтордың кесірінен “жүректе... неке адалдығын бұзудың” жаңа жолы да пайда болды (Матай 5:27, 28).
Хатты жіберейін бе, жоқ па?
Адамдар Интернеттен мәлімет алып қана қоймай, оны тарата да алады. Алайда біз мәліметтің шынайы да ізгі болуына жауаптымыз. Жазып жібергіміз келген мәліметтің тура екеніне сенімдіміз бе? Бұл мәліметті таратуға құқымыз бар ма?a Ол құлықтылық жағынан таза әрі пайдалы ма? Мұны не үшін жазайын деп жатырмыз? Жай ғана адамдарды таңғалдыру үшін бе?
Электрондық поштаны дұрыс қолданса, ол өте пайдалы болуы мүмкін. Алайда бізді мәлімет “тасқыны” алып кетуі де ықтимал. Соңғы жаңалықтар не ұзын құлақтан естіген мәліметтерді көптеген таныстарымызға жіберіп, алтын уақыттарын ұрлап жүрген жоқпыз ба? “Жіберу” пернесін баспас бұрын, ниетімізді тексеріп алғанымыз абзал емес пе? Бұрын адамдар хатты отбасылары мен достарына қал-жағдайларын айтып, бастан өткерген оқиғаларын баяндау үшін жазатын. Электрондық поштаны негізінен осы мақсатта ғана қолданған дұрыс. Шынайылығына көз жеткізуге болмайтын мәліметті таратып қайтеміз?
Сонымен, сен не істейсің? Интернетті қолданудан бас тартасың ба? Кей жағдайда солай ету керек. Мақалада сөзі келтірілген Интернетке тәуелденіп кеткен кісіге құмарлығынан арылу үшін солай етуге тура келді. Алайда “ақыл-парасаттың өзімізді аман сақтауына әрі дұрыс түсініктің бақылап қорғауына” жол берсек, Интернеттің тек пайдасын көретін боламыз (Нақыл сөздер 2:10, 11).
[Сілтеме]
a Бұл фотосуреттерге де қатысты. Мәселен, біз біреулерді суретке түсірсек те, бұл суреттерді таратуға не ондағы адамдардың есімдерін, мекен-жайларын жария етуге құқымыз бар дегенді білдірмейді.
[4-беттегі сурет]
Бұрыс мәліметтің құрбаны болудан қалай сақтана аламыз?
[5-беттегі сурет]
“Жіберу” пернесін баспас бұрын не жайында ойлануымыз керек?