Ехобаны күтуден жалықпаңдар
1. Облыстық конгрестің тақырыбы қандай және неге ол осылай орынды аталған?
1 Ишая пайғамбар: “Тәңір Ие шындықтың Құдайы, оған сеніп артқан әркім бақытты”,— деп жазған (Иш. 30:18ә). Киелі кітапта Құдайдың жауларын жазалап, өзінің адал қызметшілерін құтқарғаны туралы көп жазылған. Мұндай оқиғалардан Ехобаның бүгінгі қызметшілері қандай сабақ ала алады? “Тәңір Иенің ұлы да қорқынышты күні” келгенде дайын болу үшін не істеуіміз керек? (Жое. 2:31, 32) “Құтқарылатын күн жақын” деп аталатын жақындап келе жатқан облыстық конгресс бізді осы сұрақтар жайында ой жүгіртіп, өз-өзімізді тексеруге талпындырады. Ал бұл Ехобаны әрі қарай да күте беруімізге көмектеседі?
2. Облыстық конгресімізді бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
2 Конгрестің пайдасын көру үшін қам жасадың ба? Оның үш күніне де қатыса алу үшін жұмысыңнан сұрандың ба? Бұл мәселе өздігінен шешілер деп ойлама. Бұл туралы жақсылап дұға айт. Одан кейін бастығыңа барып, өтінішіңді білдір (Нех. 2:4, 5). Сондай-ақ конгреске жету жағын, жататын жеріңді және басқа да мәселелерді қазірден бастап ойластыра бер. Ехоба беріп отырған рухани ас-суды шын бағалайтының осылай ерте бастан қамданғаныңнан көрінеді. Ақсақалдар көмекке мұқтаж адамдардың, әсіресе қауымдағы қарттардың, қажеттіліктерін ескерусіз қалдырмаулары керек (Ғал. 6:10).
3. Конгресс өтетін қалада Ехобаның халқы қандай қасиеттерімен көзге түсулері керек?
3 Жақсы жүріс-тұрысымызбен Құдайды даңқтаймыз. Конгреске жан-жақтан жиналғанда, жақсы жүріс-тұрысымызбен жергілікті тұрғындарға куәлік етеміз. Ендеше, біз өзімізді қалай ұстауымыз керек? Қонақ үйлерде, мейрамханаларда және басқа да іскерлер аймағында шыдамдылық, ілтипаттылық, ұстамдылық және кішіпейілділік сияқты қасиеттеріміз қызмет көрсететін адамдарға жағымды әсер қалдыру керек (Ғал. 5:22, 23; Філіп. 4:5). Бәріміздің де “Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды” деген қағиданы іс жүзінде көрсеткеніміз дұрыс болады. Тіпті қиыншылықтарға не жағымсыз жағдайларға тап болсақ та, ‘бәрін Құдайды дәріптеу үшін істегіміз’ келеді (Қор. 1-х. 10:31; 13:5).
4. Балаларының тәртібі Ехобаны даңқтау үшін, ата-аналар не істеулеріне болады?
4 Бір қонақ үйдің меңгерушісіне біздің жастарымыздың тәртібі мен сырт көрінісі қатты әсер еткені сонша, ол “өзінің қонақ үйіне Ехоба Куәгерлерінің әрқашан келіп тұрғанын” қалайтынын айтқан. Мұндай сөздерді есту неткен қуаныш! Бұл мақтау сөздер, ең бірінші, балаларыңа тәрбие беріп, қадағалап отырған сендерге, ата-аналарға, қатысты айтылған. Ата-аналардың балаларын қонақ үйде қараусыз қалдырып кеткендері дұрыс болмас еді. Балаларды көзден таса қылмау керек (Нақ. с. 29:15). Олардың тәртібі Ехобаны даңқ пен қуанышқа бөлесін! (Нақ. с. 27:11)
5. Ехобаны киімдеріміз бен сырт көрінісіміз арқылы қалай даңқтай аламыз?
5 Киім және сырт көріністің қарапайым болуы. Тым оғаш, салдыр-салақ, әдепсіз немесе жағдайға сай келмейтін киімнен аулақ болсақ, жергілікті тұрғындарға жақсы куәлік қалдыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз. Мұны жол жүргенде де, конгресс өтетін жерді дайындауға атсалысқанда да және бағдарламаны тыңдауға келгенде де ұмытпау керек. Біз Құдайдың қызметшілері ретінде ең бірінші өз қалауымызды немесе жағдайымызды емес, Ехобаның есіміне кір келтірмеуді ойлаймыз. Отбасы мүшелері қарапайым да сыпайы киінулері үшін, отағалары бас-көз болулары керек (Тім. 1-х. 2:9).
6. Неге басқа жерлерде де сырт көрінісіміздің лайықты болғаны дұрыс?
6 Қонақ үйге, дүкендерге және мейрамханаларға барғанда да киімдеріміз лайықты болу керек. Конгрестен кейін бір жерге барып тамақтанатын болсақ та, мұны ұмытпағанымыз жөн. Ал плакеткаларымызды тағып жүретін болсақ, басқаларға куәлік ететін мүмкіндік пайда болады (Қор. 2-х. 6:3, 4).
7. Конгрестің ойдағыдай әрі қуанышты өтуіне қалай өз үлесімізді қоса аламыз? (“Облыстық конгреске байланысты ескертулер” деген қоршауды және 2005 жылдың сәуіріндегі “Біздің патшалық қызметіміздің” 5-бетіндегі ескертулерді қараңдар.)
7 Ишая: “Тәңір Ие сендерге рақым ету үшін күтіп отыр және сендерге аяушылық білдіру үшін өзін-өзі ұстап отыр”,— деп пайғамбарлық еткен (Иш. 30:18а). Ехобаның мейірімділігі мен рақымына деген ризашылығымыз конгрестерде бас қосқанда, оны жүріс-тұрысымыз бен сырт көрінісіміз арқылы даңқтауға талпындыру керек. “Құтқарылатын күн жақын!” деп аталатын облыстық конгресс Құдайымызға атақ-даңқ әкелсін, ал бізге оны әрі қарай да күтуге күш-жігер берсін!
[5-беттегі қоршау]
Облыстық конгреске байланысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:30-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Таңертеңгілік бағдарлама басталардан бірнеше минут бұрын, алғашқыда ойналатын Патшалықтың әуені біткенше, төраға сахнада отырады. Бағдарлама тәртіппен өз уақытында басталу үшін, осы аралықта барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма күні 17:15-те, сенбі күні 17:05-те, ал жексенбі күні 16:10-да аяқталады.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек өздеріңмен бір көлікте келгендерге немесе бір үйде тұратын адамдарға ғана алуға болады.
◼ Садақа. Облыстық конгресті өткізуге айтарлықтай көп қаражат жұмсалады. Өзіміздің ризашылығымызды Патшалық Сарайында немесе конгресте дүниежүзілік іске ерікті садақа беру арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Алғашқы көмек көрсететін бөлімдегі бауырластар өздерін жеңіл желпі нәрселерге бола шақырта беретінін айтады. Конгресс өтіп жатқан жерде төтенше жағдай болып қалса, бұл жөнінде қызмет көрсетушіге айтыңдар. Ол бұл жөнінде бірден алғашқы көмек көрсететін бөлімге мәлімдейді де, ондағы бауырластар жағдайдың ауыр-жеңілдігін анықтаған соң, көмек көрсетеді. Қажет болса, 03-ке хабарлайды.
◼ Иіссулар. Бүгінде көп конгресс жабық немесе қолдан желдендірілетін ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдары немесе соған байланысты сырқаты бар адамдардың жағдайын ойлай отырып, күшті иіссуларды көп сеппегеніміз дұрыс болады (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз”. Конгресс кезінде бейресми куәлік алып, қызығушылық танытқан адам туралы “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкін толтыру керек. Жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келулері керек. Бұл бланктерді әдебиет бөлімінен де алуға болады. Толтырылған бланкті әдебиет бөліміне немесе қайтып келген соң, қауым төрағасына беруге болады (2005 жылдың ақпан айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 6-бетін қара).
◼ Тұратын жер. Жеке үйлерде (пәтерлерде) тұруға өтініш жазғанда, келесі жайттарды ескеруіміз керек: 1. Тұратын орынға қатысты өтініш жазғанда, СО-5 бланкін толтырыңдар. 2. Пәтер бөлімі жіберген тұратын орынға қатысты мәлімет жазылған СО-4 бланкін басқа адамдарға бермеу керек. 3. Тамақты және төсек-қаптарыңды ала келгендерің дұрыс. 4. Балаларды қараусыз қалдырмаңдар. 5. Бауырластардың қонақжайлылықтарына ризашылық танытуды ұмытпаңдар және Елшілердің істері 20:35-тегі принципті ұмытпаңдар. 6. Егер тұратын жерден бас тартуға тура келсе, бұл жайында міндетті түрде пәтер бөліміне хабарлаңдар.