Қазақстан мен Орта Азиядағы Патшалық сарайларының құрылысы
1 Ұлы ұстаз Ехоба өзіне дұрыс ғибадат ету үшін халқының көзі рухани мағынада ашық болғанын қалайды (Иш. 48:17). Ехоба Куәгерлері рухани тәлімді шынайы ғибадаттың бір бөлігі деп қарастыратындықтан, қауым кездесулерін ерекше бағалайды. Олар алаңдамай рухани жігер алу үшін, мүмкін болса, өз Патшалық сарайларының болғанын қалайды (Евр. 10:24, 25).
2 Басқарушы кеңес ресурстары шектеулі әрі Патшалық сарайларына аса мұқтаж елдерде Патшалық сарайларын соғу бағдарламасын ұйымдастырған. Бұл бағдарлама іске қосылмай тұрып-ақ, Қазақстандағы Аймақтық құрылыс комитетінің көмегімен Алматы, Новоалексеевка, Балтабай, Қарабалта және басқа да жерлерде бірнеше Патшалық сарайлары салынған. Қазақстандағы офиске қарайтын елдерде бауырластар Патшалық сарайларын соғуға қолайлы жерлер іздестіруде. Бұл елдерде бүгінде 30 Патшалық сарайы соғылды, құрылымы өзгертілді және жөнделді.
3 Патшалық сарайларын соғу бөлімі Қазақстан офисінде 2002 жылдың мамыр айында құрылған. Оның міндеті — Қазақстан офисінің қарамағындағы елдерде құрылыс жұмыстарын ұйымдастырып, жұмыс барысын қадағалап отыру. Сондай-ақ бұл бөлім қауымдардың жер таңдауына жәрдемдеседі, әрі жергілікті құрылыс материалдарын және әдісті қолдана отырып соғу үшін жасалған жобаларды ұсынады. Біздің аймақта қандай мұқтаждық бар? Бүгінгі таңда 64 Патшалық сарайына мұқтажбыз. Ал қауымдардың жыл санап өсіп келе жатқанын ескерсек, жыл сайын бұған қоса 4 Патшалық сарайын салып отыру керек. Демек келесі бес жылдың ішінде барлық қауымдардың мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін 84 Патшалық сарайын соғу керек. Бұл бағдарлама қалай жұмыс істейді? Ең бірінші көп қауымды үлкен қалаларға көңіл бөлінеді. Офистің қызмет бөлімі Патшалық сарайына аса мұқтаж қауымдардың тізімін жасаған. Патшалық сарайларын соғу бөлімі қауымдағы ақсақалдар кеңесімен қызметтесе отырып, ғимаратты соғу мен оны пайдалануға қатысты рұқсат қағаздарымен қоса барлық қажетті құжаттарды алуға көмектеседі. Бұл бағдарламаның қандай пайдасы бар? Біздің мақсатымыз — қарапайым, арзан, сонымен қатар ғибадат етуімізге лайық сарайлар соғу. Құрылыс аяқталған соң, құрылыс бөлімі Патшалық сарайын күтіп ұстау мен пайдалану жолын қауым ақсақалдарына үйретеді. Өз Патшалық сарайы болу үшін қауымға не істеу керек?
4 Жасалатын қадамдар. Ақсақалдар кеңесі Патшалық сарайын соғуға қатысты көмек сұрап қауымның атынан офиске хат жолдайды. Одан соң офис Патшалық сарайын соғатын мүмкіндік бар ма, соны анықтайды. Егер мүмкіндік болса, Патшалық сарайларын соғу бөлімі мен оның өкілі ретінде тағайындалған бауырлас құрылысқа қатысты басшылық береді. Бірақ алдымен құрылысқа лайықты жер тауып, қажетті құжаттарды толтыру керек болады. Офис құрылысқа келісімін берген соң, қауым қарызға ақша алуға қатысты қарар (резолюция) қабылдайды. Бұл сұрақтарға қатысты шешімді қабылдау, ең бірінші, қауымның міндеті екенін естеріңе салғымыз келеді. Патшалық сарайларын соғу бөлімінің өкілі берген кеңестерді ұстануларыңды өтінеміз. Қауым қарызға ақша алуға және құрылысты бастауға рұқсат алған соң, бірден құрылыс тобының келетін күні хабарланады.
5 Патшалық сарайларын соғу топтары. Қазақстанда Ресейден келген құрылыс тобы 2002 жылдың күзінен бастап біраз уақыт жұмыс істеді. Бүгінде аймағымызда жұмыс істеу үшін қазақстандық екі топ ұйымдастырылған. Бұл топ Патшалық сарайларын соғатын қызметшілер мен Патшалық сарайларын соғуға көмектесетін ерікті қызметшілерден құралады. Патшалық сарайларын соғатын қызметшілер рухани толысқан бойдақ бауырластар мен ерлі-зайыптылардан құралған. Олар ұзақ уақыт бойы толық уақыт қызмет етуге дайын. Жас шамалары 19—55 жас аралығында. Олар ауыр жұмысты атқара алулары үшін, денсаулықтары мықты болуы керек және шомылдыру рәсімінен өткендеріне, кем дегенде, бір жыл болу керек. Біздің аймағымызда Патшалық сарайларын соғу ісіне жарайтын және толық уақыт қызмет ете алатын бауырластардың бәрі Патшалық сарайларын соғуға көмектесетін ерікті қызметшілердің арасынан таңдалады. Патшалық сарайларын соғуға көмектесетін ерікті қызметшілер ретінде, негізінен, 19 жасқа толған және шомылдыру рәсімінен өткендеріне, кем дегенде, бір жыл өткен бойдақ бауырластар таңдалады. Бұл топқа жататын бауырластар аз уақытқа ғана шақырылады (2 аптадан 3 айға дейін). Олардың да денсаулықтары ауыр жұмысқа жарамды болу керек. Мұндай бауырластар (А-25) бланкін толтырулары керек. Бұл бланктер қауымдарға осы хатпен бірге жіберілді.
6 Жергілікті қауымдағы ерікті қызметшілер. Қауымдағы барлық бауырластарды өз Патшалық сарайларын соғуға тікелей атсалысуға шақырамыз. Егер құрылысқа тікелей атсалыса алмайтын болсаң, тамақ істеу, бөлмелерді жинастыру және кір жуу сияқты жұмыстарды атқара аласың ба? Бір аспаз болып істейтін қыз бауырлас бастығынан сұранып, Патшалық сарайы соғылып жатқан жерде бірнеше күн жұмыс істеген.
7 Қауымда құрылыстың қашан басталатыны, қанша ерікті қызметші қажет болатыны және олардың қашан шақырылатыны алдын ала айтылады. Жергілікті ақсақалдар кімнің қолынан не келетінін анықтап, оларды құрылысқа атсалысуға талпындырады. Қауымдағы бауырластарға ешқандай бланк толтырудың қажеті жоқ. Алайда олар 17-ге толған әрі тәртібі жақсы бауырластар болуы керек.
8 Патшалық сарайларын соғуға атсалысу арқылы Ехобаны даңқтағысы келетін бауырластардың бәрі жобаны ұстанып, басшылыққа мойынсұнады деп күтеміз (Евр. 13:17; Қор. 1-х. 14:40). Ерікті қызметшілердің жұмысы Патшалық сарайларын соғу тобының бақылауында болады. Сондай-ақ бұл топ жұмыстың кестеден қалып кетпеуін және қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалайды. Ұйым Патшалық сарайларын соғуға жәрдемдесетін барлық бауырластарға ризашылығын білдіреді. Ерікті қызметшілердің бәрі уақыттары мен күштерін құрбан ете отырып, жомарттық рухы мен дайындық рухын танытатындықтан, бұл бағдарламаның біз үшін өте пайдалы болары сөзсіз (Заб. 109:3). Осы маңызды іске атсалысуға дайындық білдіргендері үшін олар біздің мақтауымызға, ризашылығымызға және қолдау көрсетуімізге әбден лайық.
9 Патшалық сарайы қай жерде соғылмасын, негізгі ауыртпалықты жергілікті қауымдардағы бауырластар көтереді. Сондықтан Ұйым жұмысшыларды болашақта осы Патшалық сарайына баратын бауырластардың арасынан таңдауға тырысады. Патшалық сарайларын соғу тобы жергілікті бауырластармен, әсіресе ақсақалдар мен қызмет көмекшілерімен жұмыс істейтін болады. Патшалық сарайын соғуға атсалысып жатқан қауымдағы бауырластар бар жұмысты Патшалық сарайларын соғу тобындағы бауырластар атқарады деп күтпей, олармен дайындық рухын таныта отырып қызметтесулері керек.
10 Ерікті қызметшілердің көмектері ерекше бағаланады. Патшалық сарайларын соғуға атсалысқысы келетін бауырластардың көп екенін көру неткен тамаша! Бір аудандық бақылаушы Патшалық сарайын соғуға атсалысып жатқан қауымға келгенде, жариялаушылардың керемет жанқиярлық рухын таныта отырып, басқа бауырластармен бірге Патшалық сарайын соғып жатқанын көргенде, әйелі екеуі қарап отыра алмай, аптаның аяғына дейін құрылысқа жәрдемдесуді шешеді. Кездесуге әрең келіп жүретін жасы келген бір әйел бауырлас аяғының ауыратынына қарамастан, іргетас қаланатын жердің траншеясын қазуға ерекше ықыласпен атсалысады және жұмыс аяқталғанға дейін құрылыстың басында жүреді. Бауырластардың дайындық рухы мен құлшыныс танытатынында күмән жоқ.
11 Өзгелерге куәлік ету. Құрылыста киелі рухтың арқасында еңбек етіп жатқан бауырластарды көріп, басқа жұрт жақсы куәлік алады. Бір кісі ауылындағы куәгерлердің Патшалық сарайын екі аптада соғып қойғанын көргенде: “Осындай сарайды екі-ақ аптада соғу деген адам сенгісіз нәрсе ғой!”— деп таңданған. Ал бір ауылдың әкімі Патшалық сарайы соғылған соң, бірнеше ай өте былай деген: “Сіздерге жерді ауылдың ортасынан бермегеніме өкінемін. Сіздер қарапайым, әдемі әрі жылдам соғасыздар”. Жол полициясы бастығымен бір көлікте келе жатқан бауырлас оған жаңа соғылған Патшалық сарайын көріп кетуді ұсынады. Ол алғашқыда көнбегенімен, ақырында қинала келіседі. Бауырлас залдың бірнеше минут бойы офицерге үнсіз “куәлік етіп тұрғанын” есіне түсіреді (Лұқ. 19:40). Бірақ осының өзінен қатты әсер алған офицер қайтарда жол бойы Киелі кітапқа негізделген көптеген сұрақтар қояды. Бұл бағдарлама үнемі өсіп отырған Патшалық сарайына деген мұқтаждықты қанағаттандырып қана қоймай, жомарт Құдайымыз Ехоба туралы да көп куәлік беретініне сенімдіміз.
12 Патшалық сарайын соғу, одан кейін оны күтіп ұстау қауымның тікелей жауапкершілігі екенін ұмытпауларыңды өтінеміз. Қауым мүшелері ғибадат етуге жиналу үшін өз Патшалық сарайларын соғуды ғана емес, оны таза ұстауды да шын жүректен қалайды. Көп адам біз жалдаған стадиондар, Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайлары сияқты ғибадат ету орындарын көргенде, Киелі кітап зерттеу сабағына қуана келіседі. Соңғы күндері адамдар арасындағы сүйіспеншілік суып бара жатқанымен, Ехобаның халқы нағыз сүйіспеншілік танытуда және бұл Патшалық сарайларын соғу кезінде ғана емес, басқа да жағдайларда көрінеді. Көктегі Әкемізге еліктей отырып, әрі қарай да адамдарды жақсы көре берейік, сонда Құдайдың көл-көсір батасына әрі игі істерге бай боламыз (Млх. 3:10; Евр. 6:10).
[6-беттегі сурет]
Новоалексеевкадағы құрылысшылар және Патшалық сарайы
[7-беттегі сурет]
Рудныйдағы Патшалық сарайы
[8-беттегі сурет]
Ақтөбедегі Патшалық сарайы
[9-беттегі сурет]
Бішкектегі Патшалық сарайы
[10-беттегі сурет]
Қарабалтадағы Патшалық сарайы
[11-беттегі сурет]
Қостанайдағы Патшалық сарайы
Қарағандыдағы Патшалық сарайы
[12-беттегі қоршау]
Бірінші бағана: 30 Патшалық сарайы соғылды, құрылымы өзгертілді немесе жөнделді және т. с. с.
Екінші бағана: Бүгінгі таңда 64 Патшалық сарайы қажет
Үшінші бағана: Қауымдардың жыл санап өсіп келе жатқанын ескерсек, келесі 5 жылда бұған қоса 84 Патшалық сарайын салу керек
30
30 + 64 = 94
114