Облыстық конгрестер — қуанышпен ғибадат ететін уақыт
1. Исраилдіктердің мерекелерімен облыстық конгрестердің қандай ұқсастықтары бар?
1 Жүсіп пен Мәриям балаларымен бірге, басқа исраилдіктер сияқты, Иерусалимге жыл сайынғы мерекелерді тойлауға баратын. Бұл үшін олар күнделікті күйбең тірліктерін уақытша тоқтатып, бар назарын өмірлеріндегі маңызды іске аударған. Мереке кезінде олар Ехобаның баталары жайлы әңгімелесетін және оның Заңын талқылап, ой жүгіртетін. Бүгіндегі облыстық конгрестер де Ехобаға қуана ғибадат етудің керемет мүмкіндігі болып табылады.
2. Алдағы облыстық конгреске бару үшін қалай қамдана аласыңдар?
2 Алдын ала қамдану қажет. Назареттен Иерусалимге барып келу үшін Жүсіп пен Мәриямның отбасына 200 шақырымдай жол жүру керек еді. Олардың Исадан басқа қанша баласы болғанын білмесек те, осы жолға қамдану үшін қаншалықты күш салу керек екендігін елестетуге болады. Сендер де алдағы облыстық конгрестің барлық күніне қатысу үшін қажетті дайындықтарды жасап жатырсыңдар ма? Бұл үшін жұмыстан демалыс алу немесе сұрану керек шығар. Я болмаса, мұғалімнен балаңның оқудан қалуына рұқсат алу қажет болар. Конгресс кезінде қай жерде тұратындарыңды ойластырдыңдар ма? Ерекше мұқтаждықтары бар бауырластарға конгреске бара алулары үшін көмек ұсына аласыңдар ма? (Жох. 1-х. 3:17, 18).
3. Исраилдіктердің мерекелері қалайша бір-бірін жігерлендіруге мүмкіндік берген?
3 Бір-бірімізді жігерлендіреміз. Исраилдіктер үшін мұндай мерекелер бір-бірімен араласып, жігерлендірудің керемет мүмкіндігі болған. Исаның отбасы да достарымен қауышатын әрі рухани жігерленетін осындай мерекелерді асыға күткен болар. Сондай-ақ олар басқа жерлерден келген немесе Иерусалимнің өзінде тұратын исраилдіктер мен прозелиттердің арасынан жаңа достар таба алған.
4. Бауырластықты бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
4 Бауырластардың бас қосып, баяндама тыңдағандары жігер беретінін білгендіктен, адал да ақылды құл рухани ас-суды қағаз жүзінде ұсына салмай, облыстық конгрестер ұйымдастыруда (Евр. 10:24, 25). Олай болса, бауырластармен араласып, алғашқы ән мен дұғаға дейін орын тауып отыру үшін, конгреске ертерек келуді жоспарла. Түскі үзілісте тамақтануға басқа жерге барғаннан гөрі, өзімізбен шамалы тамақ ала келгеніміз жөн. Сонда бауырластармен араласуға көбірек уақыт қалады. Дүниежүзілік бауырластығымыз — Ехобаның сыйы. Сондықтан олармен бас қосудың әрбір мүмкіндігін жоғары бағалауымыз қажет (Миха 2:12).
5. Бағдарламаның толық пайдасын көру үшін не істеуге болады?
5 Тәлім алатын уақыт. Иса жастайынан рухани мерекелерге барып, көктегі Әкесінің тәлімін алған (Лұқа 2:41—49). Отбасымыз рухани бағдарламаның толық пайдасын көруі үшін не істей аламыз? Ол үшін бағдарлама кезінде орнымызда отырып, мұқият тыңдағанымыз және қасымыздағы адамдармен, аса қажет болмаса, сөйлеспегеніміз жөн. Ұялы телефон және басқа да электронды құрылғыларымызды өзгелерге кедергі жасамайтындай режимге қойған дұрыс. Сондай-ақ баяндамашыға қарап тыңдаған және қағазымызға ойларды түртіп алып отырған пайдалы. Отбасымызбен бірге отырсақ, балаларымыздың да бағдарламаны тыңдап отырғанын қадағалай аламыз.
6. Сырт көрініске қатысты нені есте ұстаған дұрыс?
6 Сырт көрінісіміз. Жол-жөнекей кездескен шетелдік саудагерлер мерекеге бара жатқан не келе жатқан Исаның отбасы мен басқа яһудилерді бірден танитын. Өйткені олар киімдерінің етегіне шашақ пен көк жіп тігіп қоятын (Ру. сан. 15:37—41). Бүгінгі күні мәсіхшілер басқалардан ерекшеленетін киімдер кимесе де, таза да ұқыпты, әрі әдепті сырт көріністерімен танымал. Конгреске бара жатқанда және қайтар жолда, сондай-ақ конгресс кезінде де сырт көрінісімізге көңіл бөлейік. Конгрестің бағдарламасынан кейін де киетін киіміміз Ехобаға мадақ әкелетіндей және плакеткамызды тағып жүре алатындай лайықты болсын. Осылайша Куәгер емес адамдардан ерекшеленіп, сырт көзге жағымды әсер қалдырамыз.
7. Неге конгресс кезіндегі ерікті қызметке үлес қосуды ойлағанымыз жөн?
7 Ерікті қызмет көрсету. Конгресс бағдарламасы жақсы өту үшін ерікті қызметшілер қажет. Сен де ерікті түрде қызмет ете аласың ба? (Заб. 109:3). Конгресте атқарылатын істердің бәрі қасиетті қызметтің бір бөлігі әрі жақсы куәлік болып табылады. Конгресс өткізуге жалданған ғимараттың бір жауапты қызметкері тазалау жұмысына қатысқан бауырластардың құлшынысына қайран қалып, былай деген: “Сендерге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Ехоба куәгерлерінің жалға алған ғимаратты өздерінен кейін әлдеқайда таза етіп қалдыратындарын үнемі еститінмін. Сендер мұндай ғимараттарды ең жақсы қоғамдық орынға айналдырып жібересіңдер. Сендермен таныс болып, қызметтескеніме өте қуаныштымын”.
8. Конгресс өтетін қалада куәлік беруге қандай мүмкіндіктер туады?
8 Куәлік берудің мүмкіндігі. Конгресс өтіп жатқан қалада көп адам таза да ұқыпты киінгенімізді және плакеткамызды көріп, біздің кім екенімізді білгісі келер. Бұл оларға конгресіміз жайлы айтуға мүмкіндік береді. Төрт жасар бір бала ресторанда ата-анасымен отырғанда, официант әйелге конгресте алған жаңа әдебиеті көрсетті. Бұл жағдайды пайдаланып, ата-анасы оны келесі күнгі конгресс бағдарламасын тыңдауға шақырды.
9. Исаның отбасы сияқты, Ехобаның рухани шарасын бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
9 Ехобаның тәлімін бағалайтын яһудиліктер үшін жыл сайынғы мерекелер қуанышты кез болған (Заң. қ. 16:15). Исаның отбасы сол мерекелерге барып, оның рухани пайдасын толық көру үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеуге дайын болған. Біз де конгрестерімізді көктегі Әкеміздің сыйы деп қарастырамыз әрі бағалаймыз (Жақ. 1:17). Олай болса, Ехобаға қуана ғибадат ететін жыл сайынғы жиынға бара алу үшін қазірден қамданайық.
[6, 7-беттегі қоршау]
Облыстық конгреске қатысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:20-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Бағдарлама өз уақытында және лайықты түрде басталу үшін, Патшалық әуені ойнай бастағанда, барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма және сенбі күні 16:55-те, ал жексенбі күні 15:40-та аяқталады.
◼ Көлік қою. Мүмкін болса, конгресс өтетін жердің бәрінде көлік қоятын орындар дайындалады. Көлік қоятын орын әдетте шектеулі, сондықтан бір көлікпен көбірек адам келгені жөн.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек өздеріңмен бір көлікте келген немесе бір үйде тұрып жатқандарға және Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарымызға алуға болады (Қор. 1-х. 13:5).
◼ Түскі ас. Үзіліс кезінде басқа жерге барып түстенгеннен гөрі, тамақты өздеріңмен әкелген жөн. Тамақ салынған сөмке орындықтың астына сыятындай шағын болу керек. Демалуға шыққанда қолданатын үлкен тоңазытқыш, шыны ыдыстар және спирттік ішімдіктерді конгреске әкелуге болмайды.
◼ Садақа. Конгресс үшін ризашылығымызды Патшалық сарайында немесе конгресс өтетін жердегі жәшікке дүниежүзілік іс үшін ерікті садақа салу арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Шұғыл медициналық көмек қажет болып қалса, жақын жерде тұрған қызмет көрсетушілердің біріне айтыңдар. Ол мұны дереу Алғашқы көмек көрсету бөліміне хабарлайды да, ондағы бауырластар жәрдем береді. Қажет болса, 103-ке телефон соғып, жедел жәрдем шақырады. Осылайша болмашы жағдайға бола жедел жәрдем қызметкерлерін мазаламайтын боламыз.
◼ Аяқкиім. Жыл сайын көп бауырлас жайсыз аяқкиімнің кесірінен жарақаттанып жатады. Сондықтан баспалдақпен не темір торлардың үстімен жүруге ыңғайлы және қарапайым аяқкиім киген дұрыс.
◼ Бейне және дыбыс жазатын құралдар. Бейне не дыбыс жазатын құралдарды электр және дыбыс шығару жүйесіне қоспау керек. Оларды тек өзгелерге кедергі жасамайтындай етіп қана қолдануға болады.
◼ Балалардың бесікарбасы мен бүктемелі орындықтар. Балалардың бесікарбасы мен бүктемелі орындықтарды конгреске әкелуге болмайды. Бірақ ата-ананың жанындағы орындыққа бекітіп қоюға болатын қауіпсіз отырғышты әкелуге болады.
◼ Иіссулар. Конгрестердің көбісі жабық ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдарының сырқаты бар адамдарды ескеріп, иіссуларды көп сеппегеніміз дұрыс (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз”. Конгресс кезінде бейресми куәлік кезінде адам қызығушылық танытса, “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкін қолдану керек. Сондықтан жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келгендері дұрыс. Толтырылған бланкті әдебиет бөліміне немесе конгрестен соң, қауым хатшысына беруге болады (km 2.09 4-б. қара.).
◼ Қонақ үйлер. 1) Қонақ үйден қажетінен артық бөлме жалдамауды және жалданған бөлмеде тапсырыс берген адамдардың ғана тұруын өтінеміз. 2) Бөлме жалдау ниеттеріңнен айнысаңдар, қонақ үйге бірден хабарлаңдар. 3) Қонақ үйдің жүк арбасын қолданып болған соң, бірден қайтарып беріңдер. 4) Бөлмеде тамақ істеуге болмайтын болса, тамақ пісірмеңдер. 5) Қонақтарға шай, кофе немесе басқа заттар берілетін болса, әдептілік сақтаңдар. 6) Қонақ үйдің қызметкерлеріне әрқашан ілтипат танытыңдар. Олар көп қонаққа қызмет көрсететіндіктен, біздің мейірімділік, шыдамдылық пен парасаттылық танытқанымызға дән риза болады. 7) Тізімде келтірілген қонақ үйлердің салық салынбаған бағасы көрсетіледі. Егер олар сендерден келісілгеннен жоғары баға немесе тапсырыс берілмеген нәрселер үшін ақы сұрап жатса, төлемей тұрып, бірден конгрестің пәтер бөліміне хабар беріңдер. 8) Қонақ үйде бөлме жалдауға қатысты қандай да бір қиындықтар туындаса, конгрестің пәтер бөліміне хабарла, олар жәрдем береді.
◼ Ерікті қызмет. Ерікті қызметке үлесімізді қосатын болсақ, конгрестен алатын қуанышымыз арта түседі (Ел. іс. 20:35). Көмегін ұсынғысы келген кез келген бауырлас ерікті қызмет көрсету бөліміне хабарлауына болады. Он алтыға толмаған бауырластар да ата-анасының немесе ересек адамның жауапкершілігімен ерікті қызметке атсалыса алады.