Есік алдында және телефон арқылы ілгерілеп отыратын Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізу
1. Зерттеу сабағын не мақсатпен жүргіземіз?
1 Киелі кітап зерттеу сабағын бастау неткен қуаныш! Алайда Киелі кітап зерттегісі келетін адамды табу — істің басы ғана. Зерттеу сабағының мақсаты — адамға Мәсіхтің шынайы шәкірті болуға көмектесу (Мат. 28:19, 20). Бұл мақсатқа қалай жетуімізге болады?
2. Есік алдында және телефон арқылы Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу деген не және оның тиімділігі неде?
2 Уақыты тығыз адамдар. Бүгінде уақыты тығыз адамдардың саны көбеюде. Кей жерлерде бір сағат уақытын Киелі кітап зерттеуге бөлгісі келетін адамдар сирек кездеседі. Сондықтан мұндай адамдарға көмектесу үшін, Киелі кітап зерттеу сабағын есік алдында немесе телефон арқылы жүргізуге тырысуымыз керек. Алғашқыда зерттеу сабақтары қысқа ғана өтетін шығар, әрі Киелі кітап зерттеуге арналған әдебиеттің бір-екі абзацын қарастырып, бірнеше Жазба орнын оқуға ғана мүмкіндік болатын шығар. Дегенмен көп жариялаушының зерттеу сабағын осылай есік алдында немесе телефон арқылы өткізіп жүргені, шынында да, мақтауға тұрарлық.
3. Неге есік алдында өтіп жүрген зерттеу сабағына көбірек уақыт бөлуге тырысу керек?
3 Алайда зерттеу сабағын есік алдында өткізіп жүргенімізді қанағат тұтып жүре беруіміз керек пе? Жоқ. Әрине, алғашқы кезде үй иесінің көп уақытын алмауға тырысамыз, бірақ 1990 жылдың мамырындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” (ор.) 8-бетінде былай айтылған болатын: “Зерттеу сабағы жүйелі түрде өтіп жатса және үй иесінің қызығушылығы артып келе жатса, сабаққа көбірек уақыт бөлген дұрыс болар”. Бұл өте маңызды. Мысалы, аштық көрген баланы алайық. Алғашында қайтадан тәбеті ашылғанша, оған тамақ аз-аздан беріледі, бірақ тамақтың мөлшерін біртіндеп көбейтіп отырмаса, бойына әл жинап, оның кәдімгідей жетіліп өсуі екіталай. Сол сияқты Киелі кітап зерттеп жүрген адам Құдайдың рухани толысқан қызметшісі болу үшін, онымен нақты тұрақтанған зерттеу сабағын жүйелі түрде өтіп тұру керек болады (Евр. 5:13, 14).
4. Киелі кітап зерттеу сабағын үйде өткеннің қандай пайдасы бар?
4 Зерттеу сабағын үй ішінде жүргізу. Сабақ өтуге жеке орын тапқан дұрыс. Сабақ үйде немесе басқа бір ыңғайлы жерде өтетін болса, адамның мәліметті қабыл алып, ізгі хабарды түсінуі жеңіл болады (Мат. 13:23). Жариялаушыға да мәліметті қызығушының қажеттілігіне қарай бейімдеу оңайырақ болады. Оның үстіне, зерттеу сабағы ұзағырақ өтетін болса, Құдай Сөзін асықпай, жан-жақты қарастыруға болады, ал бұл қызығушының сенімін нығайтады (Рим. 10:17).
5. Зерттеу сабағын үйге кіріп өту үшін не істеуге болады?
5 Зерттеу сабағын үйге кіріп өту үшін не істеуге болады? Бірнеше рет есік алдында тұрып сабақ өткен соң, неге жай ғана сабаққа арнайы уақыт бөліп, ұзағырақ отырып талқылауды ұсынбасқа? Немесе тікелей айтпасаң да: “Бұл мәліметті еркін отырып талқылағыңыз келмей ме?”— деп сұрауыңа болады. Болмаса: “Бүгінгі талқылауға қанша уақыт бөлгіңіз келеді?”— деп сұра. Егер бұл әрекетіңнен түк шықпаса, еш қынжылма, сабақты әрі қарай да есік алдында тұрып өте беріңдер. Басқа бір жолы, сәті түскенде, үйге кіріп өтуді тағы ұсынып көр.
6. Біздің басты мақсатымыз не және осы мақаладағы кеңестер сол мақсатымызға жетуге қалай көмектеседі?
6 Лайықты адамдарды іздей жүріп, зерттеу сабағының басты мақсатын ұмытпайық. Біздің мақсатымыз — ақ жүректі адамдардың Ехобаның бағышталған және шомылдыру рәсімінен өткен қызметшілері болуларына көмектесу. Осы мақсатпен атқарып жүрген қызметімізге Құдай батасын берсін! (Тім. 2-х. 4:5)