Лайықты жүріс-тұрыс танытып Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер
1. Биылғы облыстық конгрестің тақырыбы лайықты жүріс-тұрысымызға қалай назар аударады?
1 Киелі кітапта Әлемнің әміршісі Ехобаның даңққа бөленгені айтылған (Заб. 103:1). Иса әрқашан Әкесіне және оның жасаған шарасына құрмет көрсете отырып сөйлеген әрі әрекет еткен (Жох. 17:4). Алдағы “Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер” деп аталатын облыстық конгресте бәріміздің де Исаға еліктеп, Ехобаны даңқтауға мүмкіндігіміз болады.
2. Конгрестің барлық бөліміне қатысу үшін алдын ала дайындалғанымыз Ехобаны қалай даңқтайды?
2 Лайықты түрде ғибадат ету. Бізге арнап дайындалған рухани тойға барудың қамын жасау арқылы Ехобаны даңқтай аламыз. Конгресс үш күндік болса, жұма күні де келе алу үшін жұмысыңнан сұранып, істеріңді жайғастырдың ба? Алғашқы ән мен дұғаға дейін орын тауып отыру үшін, ертерек келуді жоспарладың ба? Түсте бауырластармен бірге конгресс өтетін жерде тамақтануға қам жасадың ба? Бағдарлама басталарда, конгресс төрағасы орындарымызға отыруға шақырып, әуен ойнай бастағанда, дереу әңгімемізді доғарып, орындарымызға отыруымыз керек.
3. Бағдарламаны мұқият тыңдағанымыз Құдайға лайықты түрде ғибадат ететінімізді қалай көрсетеді?
3 Бағдарламаны мұқият тыңдағанымыз да көктегі Әкемізді даңқтайды. Жергілікті конгресті көрген бір тілші “конгрестегі халықтың үлгілі жүріс-тұрысы және рухани бағдарламаны қыбыр етпей отырып, шын ықыласпен тыңдағандары” сырттан келген адамдарға қатты әсер қалдыратынын жазған. Ол сондай-ақ “балалардың өте көп екенін..., бәрінің де өздерін ерекше жақсы ұстағандарын, тіпті алаңдамай Киелі кітаптарын ашып отырғандарын” айтқан. Бағдарлама жүріп жатқанда, өзара әңгімелесіп, ұялы телефонмен хабар жіберіп, тамақ ішіп немесе дәлізде бос жүрмеген жөн. Жастар ата-аналарының қасында отырса, конгрестің толық пайдасын көре алады (Заң. қ. 31:12; Нақ. с. 29:15). Осылайша басқаларды сыйлайтынымызды және рухани ас-суды бағалайтынымызды көрсетеміз.
4. Неге конгреске лайықты түрде киініп барғанымыз дұрыс?
4 Лайықты сырт көрінісіміз. Көп адам былтырғы үш күндік конгрестердегі Құдайдың қызметшілерінің сырт көрінісі мәсіхшілерге лайықты болуы керек екеніне назар аударылған “Әрқашан Құдайдың ұлылығын көрсет” деп аталатын баяндамаға риза болғандарын білдірді. Бұл жағына биыл да ерекше ден қоюымыз керек. Сырт көрінісімізден Ехобаға деген сезімдеріміз және оның қызметшісі болу мәртебесіне деген көзқарасымыз көрінеді. Біз әрқашан “Құдайға ұнамды болуға ұмтылған” адамдарға лайық киінуіміз керек (Тім. 1-х. 2:9, 10).
5. Конгрестен кейінгі уақытта да сырт көрінісіміз қандай болуы керек?
5 Конгресс уақытында ғана лайықты киінуіміз керек пе? Конгресс өтетін қалада көп адамның плакеткаларымызға назар аударатынын ұмытпайық. Сырт көрінісіміз бізді басқа адамдардан ерекшелендіруі керек. Сондықтан тіпті бос уақытта да, мысалы, конгрестен кейін тамақтануға бара жатсақ та, сырт көрінісіміз мәсіхшілер конгресіне келген адамдарға лайық болуы керек, ал джинсы, шорты немесе футболка сияқты киімдерді кимегеніміз дұрыс. Осылайша жергілікті тұрғындар үшін керемет куәлік береміз! Сырт көрінісімізден Құдайдың қызметшілері екендігіміз көрініп тұрғаны Ехобаға ұнайды.
6. Мәсіхшілерге тән жүріс-тұрысымыз қандай жақсы нәтиже берді?
6 Жақсы нәтиже. Конгрестердегі мәсіхшілерге лайық жүріс-тұрысымыз бейресми куәлік етуге мүмкіндік береді және басқаларға жақсы әсер қалдырады. Жергілікті конгрестің соңында бір шенеунік былай деген: “Біз мұндай тәртіпті адамдарды ешқашан көрген емеспіз. Құдай біздің қандай болғанымызды қаласа, сіздер тура сондайсыздар”. Лайықты жүріс-тұрысымыз бір-бірімізді сыйлайтынымызды және сүйетінімізді көрсетеді, әрі бұл Құдайға даңқ әкеледі (Пет. 1-х. 2:12). Осылайша біз Құдайды терең қастерлейтінімізді және көктегі Әкемізден тәлім алу мәртебесін бағалайтынымызды көрсетеміз (Евр. 12:28). “Иса Мәсіхтің соңынан еріңдер” деп аталатын биылғы облыстық конгресс жақындап келе жатыр. Олай болса, лайықты жүріс-тұрысымызды көрсетуге тырысайық.
[5-беттегі қоршау]
Облыстық конгреске байланысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:20-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Бағдарлама тәртіппен өз уақытында басталу үшін, Патшалық әуені ойнай бастағанда, барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма және сенбі күні 17:05-те, ал жексенбі күні 16:10-да аяқталады.
◼ Көлік қою. Конгресс өтетін жерлердің барлығында, мүмкін болған жерлерде, тегін көлік қоятын орындар дайындалады. Оларға плакеткасы бар конгресс делегаттары ғана көліктерін қоя алады. Көлік қоятын орын әдетте шектеулі болатындықтан, бір көлікке бір-екі адамнан көбірек адам мініп келгені жөн. Көлікті қойғанда, қызмет көрсетушілердің нұсқауларына құлақ асқан дұрыс.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек өздеріңмен бір көлікте келгендерге немесе бір үйде тұратын адамдарға ғана алуға болады.
◼ Түскі ас. Түскі асты сырттан сатып алғанның орнына, өздеріңмен әкелулеріңді өтінеміз. Тамақ салынатын ыдыс орындықтың астына сиятындай шағын болу керек. Үлкен отбасыларға арналған көлемді ыдысты, шыны ыдыстар мен спирттік ішімдіктерді конгреске алып келуге болмайды.
◼ Садақа. Облыстық конгресті өткізуге айтарлықтай көп қаражат жұмсалады. Өзіміздің ризашылығымызды Патшалық Сарайында немесе конгресте дүниежүзілік іске ерікті садақа беру арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Алғашқы көмек көрсететін бөлімдегі бауырластар өздерін жеңіл желпі нәрселерге бола шақырта беретінін айтады. Конгресс өтіп жатқан жерде төтенше жағдай болып қалса, бұл жөнінде қызмет көрсетушіге айтыңдар. Ол бұл жөнінде бірден алғашқы көмек көрсететін бөлімге мәлімдейді де, ондағы бауырластар жағдайдың ауыр-жеңілдігін анықтаған соң, көмек көрсетеді. Қажет болса, 03-ке хабарлайды.
◼ Жазу аппараттары. Кез келген дыбыс не бейне жазатын құралдарды электр не дыбыс шығару жүйесіне қосуға болмайды, сондай-ақ оларды өзгелерге кедергі жасамайтындай етіп қана қолдануға болады.
◼ Иіссулар. Бүгінде көп конгресс жасанды түрде желдендірілетін жабық ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдары немесе соған байланысты сырқаты бар адамдардың жағдайын ойлай отырып, күшті иіссуларды көп сеппегеніміз дұрыс болады (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз”. Конгресс кезінде бейресми куәлік алып, қызығушылық танытқан адам туралы “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкін толтыру керек. Жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келулері керек. Бұл бланктерді конгресс төрағасы бөлімінен де алуға болады. Толтырылған бланкті конгресс төрағасы бөліміне немесе қайтып келген соң, қауым хатшысына беруге болады (2005 жылдың ақпан айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 6-бетін қара).
◼ Тұратын жер. Жеке үйлерде (пәтерлерде) тұруға өтініш жазғанда, келесі жайттарды ескеруіміз керек: 1) Тұратын орынға қатысты өтініш жазғанда, СО-5 бланкін толтырыңдар. 2) Пәтер бөлімі жіберген тұратын орынға қатысты мәлімет жазылған СО-4 бланкін басқа адамдарға бермеу керек. 3) Тамақты және төсек-қаптарыңды ала келгендерің дұрыс. 4) Балаларды қараусыз қалдырмаңдар. 5) Бауырластардың қонақжайлылықтарына ризашылық танытуды ұмытпаңдар және Елшілердің істері 20:35-тегі принципті ұмытпаңдар. 6) Егер тұратын жерден бас тартуға тура келсе, бұл жайында міндетті түрде пәтер бөліміне хабарлаңдар.