Мәсіхшілерге тән нағыз бірлікке қалай қол жеткізуге болады?
1 234 елдегі 380 тілде сөйлейтін шамамен алты миллион адамды не нәрсе біріктіреді? Ехоба Құдайға ғибадат етулері (Миха 2:12; 4:1—3). Мәсіхшілерге тән нағыз бірліктің бүгінгі күні де бар екеніне Ехоба Куәгерлері өз өмірлерінде көз жеткізіп отыр. “Бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар” болып күнәкар дүниенің келіспеушілік тудыратын рухына қарсы тұруға белімізді бекем буамыз (Жох. 10:16; Ефес. 2:2).
2 Құдайдың ниеті — барлық саналы жаратылыстардың бірігіп, өзіне шынайы ғибадат етуі (Аян 5:13). Бұның маңызды екенін біле тұрып, Иса ізбасарларының бірлігі үшін шын жүректен дұға еткен (Жох. 17:20, 21). Мәсіхшілер қауымындағы бірлік үшін әрқайсысымыз қандай үлес қоса аламыз?
3 Бірлікке қол жеткізудің жолы. Мәсіхшілер арасындағы бірлікке қол жеткізу үшін Құдай Сөзі мен Оның рухы қажет. Киелі кітаптан білгенімізді өмірде қолдану арқылы Құдай рухының өмірімізге әсер етуіне жол береміз. Ал бұл бізді ‘өзара байланыстырған татулық арқылы’ ‘Құдай Рухымен иемденген бірлігімізді сақтауға’ көмектеседі (Ефес. 4:3). Бұл сүйіспеншілікпен өзара төзімді болуға ынталандырады (Қол. 3:13, 14; 1 Пет. 4:8). Құдай Сөзін күнделікті оқып, ой жүгірту арқылы бірлікті сақтауға талпынасың ба?
4 Уағыздау және шәкірттер дайындау тапсырмамыз да бізді біріктіреді. Бауырластармен бірге қызмет еткенде, ‘ізгі хабарға деген сеніміміз үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күресіп’, ‘шындық жолында қызметтес боламыз’ (Філіп. 1:27; 3 Жох. 8). Сонда қауымдағы сүйіспеншілік арта түседі. Сондықтан біраз уақыттан бері бірге қызмет етпеген бауырласты неге осы аптада қызметке шақырмасқа?
5 Қазіргі күні халықаралық нағыз бауырластықтың бөлігі болғанымыз қандай мәртебе десеңші! (1 Пет. 5:9) Жақында өткен “Құдайды даңқтаңдар” деп аталатын халықаралық конгрестердің арқасында арамызда дүниежүзілік бірліктің бар екеніне көптеген адамдардың көзі жетті. Сонымен Құдай Сөзін күнделікті оқып, келіспеушілікті сүйіспеншілікпен шешіп және ізгі хабарды “ынтымақпен” уағыздай отырып, керемет бірлікке әрқайсысымыз өз үлесімізді қосайық (Рим. 15:6).