“Бірліктеріңді сақтап қалыңдар”
ЕЛШІ ПАУЫЛ Ефестегі бауырластарға: “Сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар, өзара тату болып, киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар”,— деп өсиет еткен (Ефес. 4:2, 3).
Арамыздағы тамаша бірлік “киелі рух арқылы”, яғни Құдайдың құдіретті күшінің арқасында келген. Десе де Пауыл айтқандай, сол бірлікті “сақтап қалу” керек. Ал бұл — әрбір мәсіхші өз тарапынан жасайтын әрекет.
Бұған бір қарапайым мысал келтірейік. Сізге біреу су жаңа көлік сыйға тартты. Енді оны жақсы күйде сақтау — сіздің міндетіңіз. Өзіңіз ұқыпты қарамағандықтан ол көлік бұзылып қалса, бұған көлікті берген адамды кінәлай алмайсыз, солай емес пе?
Арамыздағы бірлікті де Құдай бергенмен, оны сақтап қалу әрқайсысымыздың мойнымызда. Ендеше, бір бауырласпен татулығымыз бұзылса, бірлікті сақтауға өз тарапымнан әрекет жасап жатырмын ба деп ойланып көрейік.
БІРЛІК САҚТАУҒА “БАРЫНША ҰМТЫЛАЙЫҚ”
Әсіресе біреу бізді ренжіткенде бірлік сақтау үшін, Пауыл айтқандай, біраз тер төгу керек болады. Алайда бірлік сақтау деген — әр жағдайда бауырласқа барып сезімімізді айтып, сөйлесу керек деген сөз емес. Сондайда былай ойланып көріңіз: “Осы мәселені қозғасам, татуласамыз ба, әлде түймедей нәрсені түйедей қылып жіберемін бе?” Кейде ең дұрысы — мән бермей-ақ қою я кешіре салу (Нақ. с. 19:11; Мар. 11:25).
Болған жағдайды қозғап, бауырласпен сөйлессеңіз, татуласасыздар ма, әлде мәселе ушығып кете ме?
Ендеше, Пауылдың “сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар” деген ақылына құлақ түрейік (Ефес. 4:2). Бір мәліметке сай, бұл сөзді “адам қандай болса, солай қабылдаңдар” деп те аударуға болады. Бұл деген бауырластар да өзіміз сияқты күнәкар екенін мойындап, оларды кемшіліктерімен қоса қабылдауды білдіреді. Әрине, бәріміз “жаңа болмысқа ие болуға” тырысамыз (Ефес. 4:23, 24). Бірақ ешкім де бұны кемеліне жеткізе алмайды (Рим. 3:23). Осыны мойындасақ, бір-бірімізге төзу, кешіру және “киелі рух арқылы иемденген бірлікті сақтап қалу” жеңілдей түседі.
Бауырластың қателігін кешіріп, ұмыта салғанда, “өзара тату болып” қала береміз. Ефестіктерге 4:3-те “өзара тату болу” деп аударылған осы грек сөзі Қолостықтарға 2:19-да “сіңірлермен тұтасу” деп берілген. Сіңір — екі сүйектің басын біріктіріп тұратын мықты талшықтар. Татулық пен сүйіспеншілік қасиеттері де сіңір сияқты. Олар бізге бауырластың бізге жақпайтын жақтары болса да, онымен дос болып қалуға көмектеседі.
Ендеше, бір бауырлас ренжітіп, ашуымызға тиіп жатса, оның тек жағымсыз қасиетін ойлай бермей, түсінікпен қарайық (Қол. 3:12). Ешкім кемелді болып туылған жоқ, өзіміздің де біреуді жаралап қойған кезіміз болды. Соны есте ұстап, “киелі рух арқылы иемденген бірлікті сақтап қалуға” әрқайсысымыз атсалысайық.