Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытыңдар
1. Бір әйел бауырласымыз өзінің күнделікті атқарып жүрген рухани іс-әрекетіне байланысты нені түсінді?
1 “Мен өткен 20 не сол шамадағы жылдар бойы тек кездесулерге қатысу мен уағыздауға шығу арқылы ғана шындықта жүрдім”,— деп мойындады бір әйел бауырласымыз. Бірақ ол былай деп жалғастырды: “Менің көзім жеткені, кездесу мен уағыздау ісі маңызды болғанымен, жағдай қиындай түскенде, бұл істердің құр өзі маған күш бере алмайды екен... Енді мен өз ой-қалпымды өзгертуім керектігін, Ехобаны шын мәнінде танып, оған деген сүйіспеншілігім мен оның Ұлының біз үшін істегендеріне ризашылығымды арттыра алуым үшін сапалы етіп зерттеу жүргізуді бастауым керектігін ұқтым”.
2. Неліктен Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту маңызды?
2 Ехобамен тығыз қарым-қатынас орнату көп күш салуды қажет етеді. Бұл жай ғана мәсіхшілердің істерін күнделікті атқара беруден әлдеқайда көп нәрсені талап етеді. Егер Ехобамен дұға арқылы үнемі қарым-қатынаста болмасақ, ол біз үшін арамызда қатынас үзіліп қалған ескі досымыздай болып қалады (Аян 2:4). Киелі кітапты жеке оқып зерттеу мен дұға Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуымызға қалай көмектесетінін қарастырып көрейікші (Заб. 24:14).
3. Ехобаға жақындай түсу үшін жеке оқып зерттеуді қалай жүргізуіміз керек?
3 Дұға мен ой жүгіртудің маңыздылығы. Жүрегімізді тәрбиелейтін жеке оқып зерттеу бұл оқып жатқан материалдағы негізгі ойлардың астын сызу мен келтірілген тармақтарды оқып шығумен шектелмейді. Жеке оқып зерттеу оқыған мәліметтеріміз Ехобаның жолдары, нормалары мен оның болмысы туралы не айтатыны жайлы ой жүгіртуді білдіреді (Мыс. ш. 33:13). Рухани нәрселерді түсінгеніміз сезімімізге әсер етіп, қалай өмір сүріп жатқанымызды ойланып көруге талпындырады (Заб. 118:35, 111). Жеке зерттеу жүргізгендегі мақсатымыз — Ехобаға жақындай түсу (Жақ. 4:8). Зерттеуді сапалы етіп жүргізу уақыт пен ыңғайлы орынды, сондай-ақ оны үнемі өткізуді қадағалап отыруды қажет етеді (Дан. 6:10). Істерің басыңнан асып жатса да, әр күні Ехобаның ғажайып қасиеттерінің үстінен ой жүгіртуге уақыт бөлесің бе? (Заб. 118:147, 148; 142:5).
4. Жеке зерттеу жүргізер алдында дұға еткеніміз Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуға қалай көмектеседі?
4 Сапалы етіп жеке зерттеу жүргізудің маңызды бөлігі шын жүректен дұға ету болып табылады. Киелі кітаптағы шындықтар жүрегімізге терең бойлап, ‘Құдайды риза қылатындай қызмет етіп, терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынуға’ талпындыру үшін, бізге Ехобаның киелі рухы қажет (Ев. 12:28). Сол себепті де әрбір зерттеуді Ехобадан киелі рухын жалынып сұраудан бастауымыз керек (Мат. 5:3, сілт. қара). Жазбалардың үстінен ой жүгірткенде және Ехобаның ұйымы қамтамасыз етіп отырған зерттеуге арналған құралдарды қолданғанда, біз жүрегімізді Ехобаға ашамыз (Заб. 61:9). Зерттеуді осындай әдіспен жүргізу — ғибадатымыздың бір бөлігі, бұл Ехобаға берілгенімізді көрсетіп, оған бауыр басуымызды күшейтеді (Яһуда 20, 21).
5. Неге Құдай Сөзінің үстінен күнделікті ой жүгірткеніміз маңызды?
5 Қарым-қатынастың өзге түрлері сияқты, Ехобамен қарым-қатынасымызды өмір бойы сақтап қалу үшін, оны нығайтып отыруымыз керек. Олай болса, біз оған жақындасақ, өз кезегінде оның да бізге жақындайтынын біле отырып, Ехобаға жақындау үшін әр күні уақыт босатайық! (Заб. 1:2, 3; Ефес. 5:15, 16).