Бір дінді ұстанбайтын отбасылар бақытты бола алады
“Сен қайдан білесің, бәлкім, [жұбайыңды] құтқарып қаларсың?” (ҚОР. 1-Х. 7:16).
ЖАУАБЫН ТАБА АЛАСЫҢ БА?
Бір дінді ұстанбайтын отбасында мәсіхші татулықты қалай өркендете алады?
Мәсіхші отбасының шындықты қабылдауына қалай көмектесе алады?
Жанұясы шындықта емес бауырласқа біз қалай көмектесе аламыз?
1. Адамның шындықты қабылдағаны отбасына қалай әсер етуі мүмкін?
БІРДЕ Иса елшілерін уағызға жіберіп жатып былай деді: “Жол-жөнекей “Көк патшалығы таяп қалды!” деп уағыздаңдар” (Мат. 10:1, 7). Шын жүректен қабылдаған адамдарға осы ізгі хабар тыныштық пен бақыт сыйлар еді. Алайда Иса елшілеріне көп адамның уағыз ісіне қарсылық көрсететінін де ескертті (Мат. 10:16—23). Ал мұндай қарсылықтың отбасында орын алуы мәсіхшінің жанына әсіресе қатты батады (Матай 10:34—36 оқы).
2. Неге жанұясы шындықта емес мәсіхшілер де бақытты бола алады?
2 Жанұямыз шындықта болмаса да, біз бақытты бола аламыз ба? Әрине, бола аламыз. Тіпті отбасындағы қарсылықтар қатты болса да, бақытқа қол жеткізуге болады. Оның үстіне мұндай қарсылықтар күндердің күнінде тоқтауы мүмкін. Қуанышты жоғалтпау үшін осындай қарсылықтарға немесе шындыққа деген немқұрайдылыққа дұрыс қарай білу де аса маңызды. Сондай-ақ Ехоба өзіне адал адамдарға батасын беріп, қиын жағдайға қарамастан бақытты болуға көмектеседі. Біріншіден, мәсіхшілер үй ішінде татулық сақтау арқылы, ал екіншіден, отбасы мүшелеріне шындықты қабылдауға шын жүректен көмектесу арқылы қуаныштарын сақтай алады.
ҮЙ ІШІҢ ҰЙЫҒАН АЙРАНДАЙ БОЛСЫН
3. Неліктен діни көзқарасы әртүрлі отбасындағы мәсіхшілер үйінде татулықтың болуына күш салулары керек?
3 Отбасында әділдіктің тұқымы өз жемісін беру үшін татулықтың маңызы зор (Жақып 3:18 оқы). Үй іші толығымен шындықта болмаса да, мәсіхші үйінде татулықтың болуына барынша тырысуы керек. Бұл үшін ол не істей алады?
4. Мәсіхшілер жантыныштығын қалай сақтай алады?
4 Мәсіхшілер жан сарайларын сақтаулары қажет. Егер біз шын жүректен дұға етер болсақ, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” бөленеміз (Філіп. 4:6, 7). Ехоба туралы білім алып, Жазбалардағы принциптерді іс жүзінде қолдансақ, жантыныштығын сезінеміз әрі бақытты боламыз (Ишая 54:13). Қауым кездесулерінен қалмай, уағыздау қызметіне құлшына атсалысқанымыз да көңіліміздің қош болуына әрі қуанышымызды жоғалтпау үшін аса қажет. Тіпті діни көзқарастары әртүрлі отбасындағы мәсіхшілер де осындай рухани істерге атсалыса алады. Мысалы, күйеуінен қатты қарсылық көріп жүрген Мираa үй шаруасын тындырған соң ғана шәкірт дайындау ісіне қатысады. Ол былай дейді: “Өзгелерге ізгі хабарды айтуға күш салған сайын Ехоба маған батасын үйіп-төгіп береді”. Иә, Ехобаның батасы қанағат пен жантыныштығына бөлеп, бақытты ететіні даусыз.
5. Бір сенімде емес отбасындағы мәсіхшілер қандай қиындыққа кезігіп жатады және көмекті қайдан таба алады?
5 Сенбейтін отбасы мүшелерімен тату-тәтті өмір сүру үшін күш салып отыруымыз керек. Бұл оңай емес, өйткені олар кей-кейде Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін іс-әрекет жасағанымызды қалауы мүмкін. Құдайдың талаптарын берік ұстанғанымыз оларды ренжітетін шығар, алайда бұл ақырында татулықтың орнауына септігін тигізеді. Алайда Жазбаларға қайшы келмейтін істерде оларға ортақтаса аламыз. Осылайша жоқ жерден кикілжіңдер туындамайтын болады (Нақыл сөздер 16:7 оқы). Қандай да бір қиындық туындап жатса, адал да ақылды құл табы басылымдарын зерттегеніміз әрі ақсақалдардан кеңес іздегеніміз абзал (Нақ. с. 11:14).
6, 7. а) Киелі кітапты жаңадан зерттеп жүрген адамға үй ішіндегілері не себепті қарсыласа бастауы мүмкін? ә) Сенуші өз отбасы мүшелерінің қарсылығын қалай қабылдау керек?
6 Отбасымыздың ұйыған айрандай болуы Ехобаға арқа сүйегенімізге және үй ішіндегілердің сезімін түсіне білгенімізге байланысты (Нақ. с. 16:20). Тіпті Киелі кітапты жаңадан зерттеп жүргендер де осылай істей алады. Бәлкім, олардың сенуші емес күйеуі немесе әйелі Киелі кітап зерттеуіне қарсы болмайтын шығар, тіпті бұл отбасыларына пайдалы екенін мойындауы да мүмкін. Алайда бәрі бірдей бұған риза бола бермейді. Мысалы, кейіннен өзі де Куәгер болған Перизат күйеуінің Киелі кітап зерттей бастағанын білгенде, “қаны қайнағанын” айтады. “Мен оның әдебиеттерін лақтырып тастайтынмын я болмаса өртеп жіберетінмін”,— дейді ол. Алғашында әйелінің Киелі кітап зерттеуіне қарсылық көрсеткен Сұлтан былай дейді: “Күйеулердің көбісі әйелдері алданып, сектаға кіріп кетеді деп қорқады. Сондықтан оларды қорғағысы келгендіктен дөрекі әрекет етіп, қатты-қатты сөйлеуі мүмкін”.
7 Жұбайының тарапынан қарсылық көріп жүргеніне бола зерттеуді тастаудың қажеті жоқ екенін жариялаушы зерттеушіге түсіндіру керек. Жұмсақтық танытып, құрмет көрсету арқылы ол жиі мұндай қиыншылықтарды азайта алады (Пет. 1-х. 3:15). Сұлтан былай дейді: “Мен әйелімнің күйіп-піспей, сабырлы болғаны үшін ризамын”. Әйелі былай деп бөліседі: “Сұлтан менен Киелі кітап зерттеуді қоюды талап ететін. Куәгерлер менің басымды айналдырып жүр деді. Бірақ мен онымен дауласып жатпадым әрі айтқандарына күмән келтірмедім де. Жай ғана дәлел келтіруін сұрап, зерттеп жүрген кітабымды оқуға ұсындым. Ол кітапты оқып шығып, онда жазылғанға тағатын мін таппады. Бұл оған қатты әсер еткен болатын”. Сондай-ақ мынаны ұмытпаған жөн: сенуші қауым кездесулеріне не уағыздау қызметіне барып жүргенде, жұбайының көңілі құлазуы немесе отбасы ойран болады деп қауіптенуі мүмкін. Сондықтан сезімдеріңді ашық та жылы жеткізсең, жұбайыңның көңілін орнықтырып, күмәнін сейілте аласың.
ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТТЫ ҚАБЫЛДАУҒА КӨМЕКТЕС
8. Сенбейтін жары бар мәсіхшілерге Пауыл қандай кеңес берді?
8 Елші Пауыл мәсіхшілерді сенбейтін жұбайларынан ажырамауға кеңес бердіb (Қорынттықтарға 1-хат 7:12—16 оқы). Сенуші емес жұбайың күндердің күнінде шындықты қабылдауы мүмкін екенін есте ұстағаның қуанышыңды жоғалтпауға көмектеседі. Алайда жан жарына шындық жайлы айтқанда, мәсіхшіге абай болу керек жайттар бар. Мұны келесі мысалдардан көрейік.
9. Отбасы мүшелерін Киелі кітап шындығымен таныстырғанда неге абай болу керек?
9 Сергей шындықты алғаш естіген кезін есіне алып былай дейді: “Мен білгенімді жұрттың бәріне айтқым келді!” Зерттеуші Жазбалардан білгендерінің шындық екенін түсінгенде, қуанышы қойнына сыймайды әрі жатса да, тұрса да, бұл хабар аузынан түспейді. Ол отбасы мүшелері Патшалық хабарын бірден қабылдайды деп ойлайтын шығар, алайда бұлай болмауы ықтимал. Сергейдің бастапқы шабытын әйелі қалай қабылдады? “Ол менің құлақ етімді жеп қойды”,— дейді ол. Күйеуінен кейін 18 жылдан соң шындықты қабылдаған әйел: “Біріншіден, маған уақыт қажет болды”,— дейді. Егер Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның жұбайы шындыққа қызығушылық білдірмей жүрсе, өз нанымдарын жұбайына қалай аз-аздап түсіндіруге болатынын көрініс жүзінде үйретсең болады. Мұса пайғамбар былай деді: “Менің тәлімім жаңбыр тамшыларындай, менің сөзім, мөлдіреген шықпен тең, көк шөпке нәр беретін сібірліген жаңбырдай” (Заң. қ. 32:2 ЖД). Құйып тұрған рухани жауыннан гөрі себелеп жауған жаңбыр тамшыларындай куәлік ету әлдеқайда жақсы нәтиже беріп жатады.
10-12. а) Елші Петір сенуші емес жұбайы бар мәсіхшілерге қандай кеңес берді? ә) Петірдің 1-хаты 3:1, 2-дегі кеңесті зерттеуші бір әйел қалай қолданды?
10 Елші Петір рухтың жетелеуімен күйеулері шындықта емес мәсіхші әйелдерге мынадай кеңес берді: “Күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің осы сөз арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын. Олар таза жүріс-тұрыстарыңды әрі өздерін барынша құрметтейтіндеріңді көргенде, осылай болмақ” (Пет. 1-х. 3:1, 2). Әйелі күйеуінің дөрекілігіне қарамастан оған мойынсұнып, барынша құрмет көрсететін болса, оны шындыққа әкеле алады. Сол сияқты мәсіхші күйеу де сенбейтін әйелінің кез келген қарсылығына қарамастан, Құдайға ұнамды жүріп-тұруы және өз үйіне сүйіспеншілікпен басшылық етуі қажет (Пет. 1-х. 3:7—9).
11 Бүгіндегі мәсіхшілер де Петірдің кеңесінің игілігін көруде. Мысал ретінде Сәуленің басынан өткен жағдайды қарастырып көрейік. Оның Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағаны күйеуі Асқарға ұнамайтын. Асқар былай деп есіне алады: “Мен ашуға мініп, қызғанып, оны қасымнан жібергім келмейтін. Әйелімді жоғалтып алам ба деп қорқатынмын”. Ал Сәуле былай дейді: “Шындықты білмей тұрғанда да Асқармен өмір сүру оңай болған жоқ. Ол қызба мінезді болғандықтан, маған үнемі аяқтың ұшымен жүруге тура келетін. Ал Киелі кітапты зерттей бастағанда, мінезі тіптен адам төзгісіз болып кетті”. Сәулеге не көмектесті екен?
12 Сәулемен зерттеу жүргізген бауырлас оны көп нәрсеге үйретті. Осы жайлы Сәуле былай дейді: “Бір күні зерттеу сабағына зауқым соқпады. Күні бұрын Асқарға бір жайтты дәлелдеуге тырысқаным үшін ол маған қол көтерді. Содан көңілім түсіп, өзімді аяп кеттім. Бауырласқа не болғанын және не сезінетінімді айтып бердім. Ол Қорынттықтарға 1-хат 13:4—7 тармақтарды оқып шығуымды сұрады. Оқып жатқанда маған мынадай ой келді: “Асқар маған ешқашан осындай сүйіспеншілік танытпайды”. Сонда бауырлас: “Күйеуіңе сүйіспеншіліктің осы қырларының нешеуін танытасың?”— деп сұрақ қойып, ойымды түзетті. Мен: “Ешбіреуін, өйткені онымен тұру өте қиын”,— дедім. Бауырлас жұмсақ үнмен: “Сәуле, мәсіхші болуға кім ұмтылып жүр: Асқар ма, сен бе?”— деп сұрады. Ойымды өзгерту керектігін түсініп, Асқарды көбірек жақсы көру үшін Ехобадан дұғада көмек сұрадым. Бірте-бірте жағдай өзгере бастады”. 17 жыл өткен соң, Асқар шындықты қабылдады.
БАСҚАЛАР ДА ҚОЛ ҰШЫН БЕРЕ АЛАДЫ
13, 14. Қауым мүшелері бауырластардың шындықта емес жұбайларына қалай көңіл бөле алады?
13 Жауын тамшылары жерді суландырып, көгертетіні сияқты, қауымдағы әрбір бауырлас жұбайлары шындықта емес мәсіхшілерге көмектесе алады. “Бауырластарымның сүйіспеншілігі шындықта берік тұруыма көмектесті”,— дейді Бразилияда тұратын Эльвина.
14 Қауым мүшелері мейірімділік пен қызығушылық танытатын болса, бұл сенбейтін отбасы мүшелерінің жүрегіне қозғау салуы мүмкін. Шындыққа әйелінен 13 жылдан кейін келген Нигерияда тұратын бір отағасы былай деп бөлісті: “Бірде мен Куәгермен бірге жол жүріп бара жатқанда, оның көлігі бұзылып қалды. Ол жақын маңдағы ауылдан Куәгерлерді іздеп тапты да, олар бізге түнейтін орын берді. Олар бізді туған бауырындай қарсы алып, қамқорлық көрсетті. Сол сәтте әйелім үнемі айтып жүрген мәсіхшілердің сүйіспеншілігін сезіндім”. Шындыққа күйеуінен 18 жылдан соң келген Англияда тұратын әйел былай дейді: “Куәгерлер жолдасымды қонаққа шақырғанда, мені де ұмытпайтын. Және де маған үнемі жылы қабақ білдіретін”. Кейіннен Куәгер болған аталмыш елде тұратын бір отағасы: “Бауырластар бізге немесе біз оларға қонаққа барып тұратынбыз. Сонда олардың сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезінетінмін. Мұны мен әсіресе ауруханада жатқанда байқадым, өйткені бауырластардың келіп-кетуі үзілмеді”. Жұбайлары шындықта емес бауырластардың отбасыларына осылайша көңіл бөле аласың ба?
15, 16. Отбасы мүшелері шындыққа келмей жатса, мәсіхшіге қуанышын жоғалтпауға не көмектеседі?
15 Бауырластың жылдар бойы үлгілі жүріс-тұрысымен және ілтипатты сөздерімен куәлік еткеніне қарамастан, жұбайы, балалары, ата-анасы не туыстары шындықты қабылдамауы да мүмкін. Кейбіреулер бәз күйінде немқұрайды қала берсе, басқалары қатты қарсылық көрсете бастауы ықтимал (Мат. 10:35—37). Десе де мәсіхшілерге тән қасиеттер таныта берсек, бұл бір кездері өз жемісін беруі әбден мүмкін. Кезінде Ехобаға сенбеген бір ер бауырлас былай дейді: “Сенуші адам бойындағы асыл қасиеттердің сәулесін шашқанда, сенбейтін жарының санасы мен жүрегінде не болып жатқанын білмейсің ғой. Сондықтан еш берілмеу керек!”
16 Тіпті жұбайы шындықты қабылдамаған күнде де мәсіхші бақытты бола алады. Бір әйел бауырласымыз 21 жыл бойы қолынан келгеннің бәрін істеп жатса да, күйеуі шындыққа бет бұрмады. Ол былай дейді: “Мен Ехобаға ұнамды да адал болуға әрі рухани күйімді нығайтып отыруға тырысамын. Осының арқасында қуанышымды жоғалтқан жоқпын. Жеке зерттеу, қауым кездесулеріне бару, уағыздау және бауырластарға қол ұшын беру сияқты рухани істермен толықтай айналысқаным Ехобаға жақындай түсуге әрі жүрегімді таза сақтауға көмектеседі” (Нақ. с. 4:23).
ЕШ БЕРІЛМЕ!
17, 18. Бір дінді ұстанбайтын жанұяда мәсіхшіге күдерін үзбеуге не көмектеседі?
17 Егер сенің отбасың шындыққа бет бұрмай жатса, еш берілме. Есіңде болсын, Ехоба “өзінің ұлы атына бола меншікті халқын тастамайды!” (Пат. 1-ж. 12:22 сілт.). Оған етене жақын жүрсең, ол да сенімен бірге болады (Шежірелер 2-жазба 15:2 оқы). Сондықтан “Жаратқан Иеден тап рақатыңды... Өмір жолыңды тапсыр Тәңір Иеге, Оған сүйеніп сеніміңді жүкте” (Заб. 36:4, 5). “Ұдайы дұға ет” және сүйіспеншілігі мол көктегі Әкеміздің кез келген қиыншылықта қол ұшын беретініне сенімді болғайсың (Рим. 12:12).
18 Үйіңде татулық болу үшін Ехобадан киелі рухын жалбарынып сұра (Евр. 12:14). Үйде татулық болса, бұл сенуші емес адамыңның жүрегін жібітуі әбден мүмкін. “Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер”, сонда жантыныштығына кенеліп, бақытты боласыңдар (Қор. 1-х. 10:31). Сондай-ақ мәсіхші бауырластарың саған әрдайым қолдау көрсетіп, демеу болуға дайын екенін білу қаншалықты жүрекке жылы тиеді десеңші!
[Сілтемелер]
a Есімдер өзгертілген.
b Алайда келелі себептер болса, бөлек тұруға тыйым салынбайды. Бұндай маңызды шешімді әркім өзі қабылдайды. “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітабының 220, 221-беттерін қара.
[28-беттегі сурет]
Сенімің жайлы айту үшін қолайлы уақытты таңда
[29-беттегі сурет]
Бауырластардың сенбейтін жұбайларына көңіл бөл