Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.2. 23—25 бет.
  • Натан — таза ғибадаттың батыл қорғаушысы

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Натан — таза ғибадаттың батыл қорғаушысы
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ІЛТИПАТТЫ ТӘЛІМГЕР
  • ТАЗА ҒИБАДАТТЫҢ АДАЛ ҚОЛДАУШЫСЫ
  • ПАТШАЛЫҚ ТАҒЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ
  • КІШІПЕЙІЛ ТАРИХШЫ
  • АДАЛДЫҒЫ ОҒАН ҚОЗҒАУ САЛҒАН
  • Шын өкініп, кешірім іздеген жүрек
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Дәуіт патшаның күнәсі
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Өміріңде өзгерістер болғанда, Құдайдың рухына арқа сүйе
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Дәуіттің үйіндегі бақытсыздық
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.2. 23—25 бет.

Натан — таза ғибадаттың батыл қорғаушысы

Қолында билігі бар адамның арам іс-әрекеттерін әшкерелеп, түзелу керектігіне көзін жеткізу оңай емес. Ал абыройын сақтап қалу үшін кісі өлтіруге барғанын білсең, оны түзетуге батылың жетер ме еді?

Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт Барсабиямен зинақорлық жасап, нәтижесінде Барсабия жүкті болып қалады. Осы күнәсін жасырып қалу үшін Дәуіт Барсабияның күйеуін өлтіртіп, оны әйелдікке алады. Арада жылжып айлар өтеді. Дәуіт болса екіжүзді өмір кешіп, бұрынғысынша патшалық ете береді. Алайда Ехоба Дәуіттің күнәсіна көз жұмған жоқ. Ол Натан пайғамбарды Дәуітті әшкерелеуге жібереді.

Бір сәтке өзіңді Натанның орнына қойып көрші. Оған тапсырылған іс оңай емес-тін. Алайда Ехобаға деген адалдығы мен принциптерін берік ұстанғаны Натанды бұл тапсырманы орындауға талпындырды. Ол күнәларын есіне салып, патшаны қалай тәубеге келтірер екен?

ІЛТИПАТТЫ ТӘЛІМГЕР

Патшалықтар 2-жазба 12:1—25 тармақтарды неге оқып көрмеске? Дәуітке келесідей оқиғаны баяндап жатқан Натанның қасында тұрғаныңды көз алдыңа елестетші: “Бір қалада екі адам болды. Біреуі бай, біреуі кедей екен. Байдың малы көп болса, кедейдің сатып алған бір кішкентай қозысынан басқа түгі де болмады. Кедей оны бағып-қағып, қозы көз алдында балаларымен бірге өсті. Ол қожайынының барлы-жоқты тамағын бөлісіп жеп, оның тостағанынан су ішіп, кеудесінде ұйықтап, оған өз қызы іспетті болды. Бір күні байға бір жолаушы қонақ келе қалды. Бірақ бай оған арнап союға өз малын аяп, кедейдің әлгі тоқтысын тартып алып, содан қонағына тамақ пісіріп берді!” (Пат. 2-ж. 12:1—4).

Кезінде әкесінің қойларын баққан Дәуіт бұл шынымен болған жағдай деп ойлап қалғаны анық. Мұны түсіндіріп бір Киелі кітап зерттеушісі былай дейді: “Жапа шегіп, көмек сұрап барар жері қалмаған адамдардың атынан сөйлеу Натанның әдеттегі ісі болғанға ұқсайды. Сол себепті әлгіндей оқиғаларды есту Дәуіт үшін жат емес-тін”. Әйтсе де патшаға осылай тіл қату үшін Натанға адалдық пен батылдық таныту керек болғаны сөзсіз. Оның айтқанын тыңдаған Дәуіт ашуға мінді. “Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында ант етемін: мұны істеген адам өлімге лайық!”— деп дауыстады ол. Сонда Натан: “Сол адам өзіңсің!”— деп ашық айтты (Пат. 2-ж. 12:5—7).

Натанның бұл мәселені не себепті осылай жеткізгенін қарастырайық. Әдетте ғашық болған адамның өз жағдайына дұрыс баға беруі өте қиын. Бәріміз де қателігімізді ақтауға бейімбіз. Бірақ Натанның астарлы әңгімесін тыңдап болған соң, Дәуіт аңғармай өзін айыптады. Ол Натан сипаттап берген әрекетті барып тұрған сұмырайлық деп атады. Тек содан кейін ғана Натан бұл әңгіменің Дәуітке қатысты екенін айтты. Сонда Дәуіт күнәсінің қаншалықты ауыр екенін ұқты әрі түзетуді қабыл алуға дайын болды. Ол Барсабиямен жасаған қылығымен Ехобаны “елемегенін” мойындап, түзетуді қабыл алды (Пат. 2-ж. 12:9—14; Заб. 50-тар.).

Натаннан біз не нәрсеге үйрене аламыз? Киелі кітап тәлімгерінің мақсаты — адамның дұрыс тұжырым жасауына көмектесу. Натан Дәуітті құрметтеген, сондықтан да оған ілтипаттылық танытып сөйлеген. Ол Дәуіттің әділдікті әрі Құдайдың нормаларын жақсы көретіндігіне сенімді болған. Сондықтан келтірген мысалы бойында осындай қасиеттер бар адамды бейжай қалдырмайтынын Натан білген. Біз де ақжүрек адамдарға Ехобаның көзқарасын түсінуге көмектесе аламыз. Қалайша? Негізінен, әр адам ненің жақсы, ненің жаман екенін қандай да бір шамада біледі. Осы біліміне негізделе отырып көмектесуге болады. Сонда адам біз оған ақыл үйретіп жатырмыз деген ойда қалмайды. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне қатысты біздің жеке ойымыз емес, Киелі кітаптың не дейтіні маңызды.

Құдайға адал болғандықтан, Натан құдіретті патшаны батылдықпен түзетті (Пат. 2-ж. 12:1). Ехобаға деген адалдығымыз бізге де оның әділ принциптерін қорғау үшін батылдық береді.

ТАЗА ҒИБАДАТТЫҢ АДАЛ ҚОЛДАУШЫСЫ

Дәуіт пен Натан жақсы достар болғанға ұқсайды, өйткені Дәуіт ұлдарының бірін Натан деген есім берген (Шеж. 1-ж. 3:1, 5). Киелі кітапта Натанның есімі алғашқы рет аталған үзіндіде оның Дәуітпен бірге жүргені айтылады. Екеуі де Ехобаны жақсы көрген. Патша Натанның ақыл-кеңесіне жүгініп отырғаны сөзсіз. Бұл оның Ехобаға бағыштап ғибадатхана соғуға қатысты ықыласын Натанға білдіргенінен көрінеді. Ол: “Міне, мен балқарағайдан жасалған сарайда тұрып жатырмын, ал Жаратқан Иенің келісім сандығы тек шатырда ғана тұр!”— деді. Сонда Натан: “Ойыңыздағыны түгелдей жүзеге асырыңыз, себебі Тәңір сізге жар болады”,— деп жауап берді (Пат. 2-ж. 7:2, 3).

Ехобаның адал қызметкері болған Натан Дәуіттің таза ғибадаттың тұрақты орталығын соғуға қатысты жоспарын қуана қолдады. Алайда Натан сол кезде Ехобаның атынан сөйлеудің орнына өз ойын айтқаны анық. Сол түні Құдай Натанға мына бір хабарды патшаға жеткізуді бұйырады: ғибадатхананы Дәуіт емес, оның ұлдарының бірі соғатын болады. Ал Дәуітпен келісім жасайтынын айтып, оның “патшалық тағы мәңгілікке орнайтынын” хабарлады (Пат. 2-ж. 7:4—16).

Ғибадатхананы кімнің соғатынына қатысты Натанның ойы Ехобаның еркіне сай келген жоқ. Десе де кішіпейіл пайғамбар еш ренжімеді. Ол Ехобаның нұсқауын алып, соған сай әрекет етті. Құдай бізді қалай да түзеткен кезде, біз де Натан сияқты әрекет етейік. Осы оқиғадан соң Натан әрі қарай да пайғамбар ретінде қызмет етіп, Ехобаның ықыласына бөленіп жүрді. Мысалы, ол көріпкел Ғадпен бірге Дәуіт патшаға ғибадатханадағы 4000 сазгердің қызметін ұйымдастыруға көмектесті (Шеж. 1-ж. 23:1—5; Шеж. 2-ж. 29:25).

ПАТШАЛЫҚ ТАҒЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ

Дәуіттен кейін Сүлеймен патша болу керектігін Натан білді. Сондықтан Адония қартайған әкесінің тағын тартып алмақшы болғанда, Натан бірден әрекет етті. Ол бұл жолы да ілтипаттылық пен адалдық танытты. Алдымен, ол Барсабияны Дәуітке барып, Сүлейменді патша етуге қатысты уәдесін есіне түсіруге талпындырды. Артынша өзі де Дәуіттің алдына барып, келесі патша ретінде Адонияны таңдады ма, жоқ па — соны сұрады. Мәселенің өзектілігін түсінген Дәуіт Натан мен басқа адал қызметшілеріне Сүлейменді майлап, патша деп жариялауды бұйырды. Осылайша Адонияның жоспары жүзеге аспай қалды (Пат. 3-ж. 1:5—53).

КІШІПЕЙІЛ ТАРИХШЫ

Натан мен Ғад Патшалықтар 1-жазба 25—31 тараулар мен Патшалықтар 2-жазбаның авторлары деп саналады. Бұл кітаптарда рухтың жетелеуімен жазылған тарихи оқиғалар туралы Шежірелер кітабында былай делінген: “Дәуіт патшаның билік құруының басынан аяғына дейінгі аралықта орын алған оқиғалардың барлығын Самуил, Натан, Ғад есімді пайғамбарлар баяндап жазып қалдырды” (Шеж. 1-ж. 29:29). Сондай-ақ “Сүлейменнің істерін” де Натан пайғамбардың баяндағанын білеміз (Шеж. 2-ж. 9:29). Натан Дәуіттің өлімінен кейін де патша сарайында белсенді қызмет атқарғанға ұқсайды.

Натан жайлы Киелі кітаптан білгендеріміздің бәрін пайғамбардың өзі жазған. Ал қандай да бір жайттарды айтпай кеткенінен оның болмысы жайлы біраз нәрсе аңғаруға болады. Ол кішіпейіл әрі өзінің атын шығаруды ойламаған тарихшы болғаны сөзсіз. Киелі кітаптың бір түсіндірмесінде айтылғандай, Жазбаларда Натанның ата-тегі жайлы еш мәлімет жоқ. Біз оның жеке өмірінен де бейхабармыз.

АДАЛДЫҒЫ ОҒАН ҚОЗҒАУ САЛҒАН

Жазбалардағы Натан туралы қысқа ғана мәліметтен көргеніміздей, ол Құдай ниетінің батыл әрі кішіпейіл қолдаушысы болған. Ехоба оған үлкен жауапкершіліктер тапсырған. Натанның Құдайға деген адалдығы мен оның заңдарына деген зор сүйіспеншілігі турасында ой жүгіртейік. Сөйтіп, одан үлгі алуға асық болайық.

Сірә, саған, азғындыққа барған патшаны әшкерелеу не билікке қарсы шыққандардың жоспарын болдырмау қажет болмайтын шығар. Алайда Құдайдың көмегімен оған адал болып, әділ талаптарын ұстана аласың. Сондай-ақ батыл, сөйте тұра ілтипатты тәлімгер әрі таза ғибадаттың қорғаушысы бола алатының даусыз.

[25-беттегі сурет]

Патша тағына адал болған Натан Барсабияға ілтипаттылық танытып сөйледі

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу