Ер адамдарға куәлік етуді мақсат ет
1. Патшалық ісінде қандай қажеттілік бар?
1 Осы соңғы күндері уағыз ісі зор қарқынмен жүріп жатқандықтан, жетекшілік ететін рухани толысқан ер бауырластар өте қажет (Мар. 4:30—32; Ел. іс. 20:28; Тім. 1-х. 3:1—13). Алайда шындыққа келіп жатқандардың арасында әйелдерге қарағанда ерлердің саны анағұрлым аз. Кейбір жерлерде ер адамдар дінмен байланысты мәселелер және балаларға рухани тәлім-тәрбие беру әйелдердің ісі деп есептейді. Көбірек ер адамдарға шынайы Құдайды танып, ұйымымызға қосылуға қалай көмектесе аламыз?
2. Пауыл мен Петірдің ер кісілерге куәлік беруі қандай жақсы нәтиже әкелді?
2 Ер адамдарға куәлік ет. Жиі отағасы шындық жолына түскенде, үй-ішіндегілері де оған ілесіп, шындыққа келіп жатады. Мысалы, уағыз ісі үшін қамауға алынған Пауыл мен Сыйлас түрме бастығына куәлік бергенде, ол бүкіл үй ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 16:25—34). Тағы бірде Пауыл Қорынт қаласында уағыздағаннан кейін, “мәжілісхана басшысы Крисп және оның үй іші түгелдей Иемізге сенді” (Ел. іс. 18:8). Ал Петір Ехобаның нұсқауымен “шын жүректен Құдайды қастерлейтін” Корнел есімді жүзбасына куәлік бергенде, оның өзі, туыстары мен жақын достары шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 10:1—48).
3. Філіпке еліктеп, билігі бар ер кісілерге куәлік бере алар ма едің?
3 Билігі бар ер адамдарға куәлік беру жақсы нәтиже әкелуі мүмкін (Тім. 1-х. 2:1, 2). Бірде Ехобаның жіберген періштесі Філіпке Эфиопия патшайымының барлық қазынасын басқаратын уәзіріне жолығуды бұйырды. Філіп ол кісінің “Ишая пайғамбардың жазбасын оқып” отырғанын көріп, Иса жайлы ізгі хабарды айтып берді. Нәтижесінде, ол Исаның шәкірті болды. Ол еліне жеткенше жолшыбай ізгі хабарды жарияласа керек. Сондай-ақ ол Эфиопия патшайымы мен оның сарайындағыларға да куәлік берген болуы мүмкін. Бұлай болмағанда, ізгі хабардың оларға жетуі екіталай еді (Ел. іс. 8:26—39).
4. Ер адамдарға ізгі хабарды жеткізудің қандай мүмкіндіктері бар?
4 Көбірек ер адамдарды кездестіруге тырыс. Күндізгі уақытта ер адамдар әдетте жұмыста болатындықтан, қызметке көбінесе кешке, демалыс не мейрам күндері шығуды жоспарлай аласың ба? Үйінде бола бермейтін адамдарды табудың тағы бір мүмкіндігі — іскерлер аумағында уағыздау. Ер бауырластардың өздерімен бірге жұмыс істейтін ер адамдарға бейресми куәлік беруге ерекше күш салуларына болады. Үйме-үй жүргенде, әсіресе жиі уағыздалатын учаскеге барғанда, ер бауырластар кейде сол үйдің ер адамын шақыртуына болатын шығар.
5. Ер кісі қызығушылық танытқан жағдайда, әйел бауырластың қалай әрекет еткені жөн?
5 Әйел бауырластың қызығушылық танытқан ер кісіге жалғыз өзі қайта бармағаны дұрыс. Ол күйеуін, я болмаса қыз не ер бауырласты ертіп барғаны жөн. Ол кісі әрі қарай да білім алғысы келетін болса, оны тәжірибелі ер бауырласқа тапсырған абзал.
6. Елші Пауылға қалай еліктей аламыз?
6 Оларды қызықтыратын тақырып таңда. Елші Пауыл тыңдаушыларының “көбін Мәсіх жолына түсіру үшін” оларға бейімделе білген (Қор. 1-х. 9:19—23). Сол сияқты біз де ер адамдарды қандай тақырыптар қызықтыруы мүмкін екенін ойластырып, жақсылап дайындалып баруымыз керек. Мәселен, ер адамдармен қаржы тапшылығы, әділ үкімет және отбасының қауіпсіздігі туралы әңгіме бастауға болады. Сондай-ақ оларды өмірдің мәні, жерді не күтіп тұрғаны және Құдайдың қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғаны қызықтыруы мүмкін. Ұсынысымызды осылайша бейімдейтін болсақ, хабарымызға көп адамның құлақ асатыны шүбәсіз (Нақ. с. 16:23).
7. Қауым кездесуіне келген мәсіхші емес күйеулерге бауырластардың барлығы қалай көмектесе алады?
7 Мәсіхші емес күйеулерге шындықты тануға көмектес. Әдетте әйел бауырластардың үлгілі жүріс-тұрысы сенбейтін күйеулеріне қатты әсер етіп жатады. Алайда қауымдағы бауырластар да оның шындықты білуге деген ықыласын оята алады (Пет. 1-х. 3:1—4). Әйел бауырластың жолдасы қауым кездесуіне келгенде, бауырластардың оны жылы шыраймен қарсы алғаны зор куәлік болады. Оның қауым кездесуіне келгені қызығушылығы бар екенін көрсетсе керек. Сондықтан ол зерттеу сабағына келісуі әбден мүмкін.
8. Шындықты білуге шамалы ғана ықылас білдірген күйеулерге ер бауырластар қалай көмектесе алады?
8 Кейбіреулер алғашқыда айтарлықтай ықылас білдіре бермеуі мүмкін, бірақ кейінірек таныс ер бауырласпен Киелі кітап жайлы әңгіме құруға ниет білдіруі ықтимал. Бір қауымның ер бауырластары мәсіхші емес отағасымен өзіне ұнайтын тақырыптарға әңгімелесу үшін арагідік үйіне барып тұратын. Осылай арнайы күш салғандарының арқасында олар рухани тақырыптарға да әңгімелесетін болды. Қазір ол шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші. Ал басқа жағдайда бауырлас бір отағасына үйінің айналасын шарбақпен қоршауға көмектесті. Бауырластың осылай көңіл бөлгені отағасын Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға талпындырды (Ғал. 6:10; Філіп. 2:4). Егер сен ер бауырлас болсаң, неге мәсіхші емес күйеулердің кейбірімен сөйлеспеске?
9. Ер адамдарды қандай жауапкершіліктерге дайындауға болады?
9 Болашақ жауапкершіліктерге дайында. Патшалық туралы ізгі хабарға құлақ асып, Ехобаның ұйымында көбірек іс атқаруға талпынатын ер кісілер “адамдар кейпіндегі тартулар”, яғни қабілеттері мен күш-жігерін Ехобаның халқын қамқорлау үшін пайдаланатын ақсақалдар, бола алады (Ефес. 4:8 ЖД; Заб. 67:19). Бұндай ер адамдар қауымды шын көңілден әрі ынта-жігермен қамқорлап бағады (Пет. 1-х. 5:2, 3). Осылайша олар бүкіл бауырластық үшін нағыз бата болады!
10. Ананидің Пауылға куәлік еткені қандай жақсы нәтиже берді?
10 Мысалы, кезінде мәсіхшілерді қуғындаған Саул “Мәсіхтің басқа халықтарға жіберген елшісі” болды (Рим. 11:13). Анани есімді шәкірт алғашқыда Саулға уағыз айтудан тартынған еді. Сөйтсе де, Анани Иеміздің әміріне құлақ асып, Пауылға куәлік етті, нәтижесінде ол Исаның елшісі болды. Пауылдың арқасында ізгі хабарды мыңдаған адам естіді. Тіпті күні бүгінге дейін миллиондаған адам оның Құдай Сөзіне енген хаттарының пайдасын көруде (Ел. іс. 9:3—19; Тім. 2-х. 3:16, 17).
11. Неге ер адамдарға куәлік беру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек?
11 Ер адамдарға куәлік ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік. Осы мақсатқа талпынатын болсақ, өзінің еркін орындауға және Патшалықтың ісін бар ықыласпен атқаруға күш салғанымыз үшін Ехоба бізге батасын берері шүбәсіз.