Бауырласымыздың сенбейтін жарына қалай куәлік бере аламыз?
1. Бауырласымыздың сенбейтін жарының шындықты қабылдауына тағы кімдер көмектескісі келеді?
1 Сенің қауымыңда жары сенбейтін бауырластар бар ма? Олай болса, бұл бауырластар жарының да өздерімен бірге Құдайға шынайы ғибадат еткенін қалайтыны шүбәсіз. Жарым шындықты қабылдаса екен деп жүрген басқа да бауырластар бар. Құдай “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайтыны” сияқты, қауымдағылардың бәрі бауырластың сенбейтін жұбайының шындыққа келуін қалайды (Тім. 1-х. 2:4). Қауымымыздағы бауырластардың сенбейтін әйелі не күйеуіне қалай куәлік бере аламыз?
2. Бауырласымыздың сенбейтін жарына көмектесу үшін парасатты болғанымыз қаншалықты маңызды?
2 Біріншіден, жағдайға сенбейтін адамның көзімен қарап көр. Көптеген Куәгер емес әйел немесе күйеу өз отбасын жақсы көреді және жақсы жар әрі ата-ана болуға тырысады. Алайда шын жүректен сенетін біздікінен өзгеше діни нанымдары бар шығар. Сонымен қатар оның бар білетіні — Ехоба куәгерлерін жақтырмайтын адамдардан естіген жалған мәлімет қана болуы мүмкін. Кейбіреуін жұбайы бұрын отбасымен бірге өткізетін уақытын енді Құдайға ғибадат етуге арнағаны ашуландырады. Парасаттылық Куәгер емес адамға түсінушілікпен қарап, оған мейірімділік пен ізеттілік көрсетуге және ұстамды болуға көмектеседі (Нақ. с. 16:20—23).
3. Бауырластың сенбейтін жарының шындыққа деген көзқарасын өзгертудің ең жақсы жолы қандай?
3 Шынайы қызығушылық таныту. Бауырластың сенбейтін жарының шындыққа деген көзқарасын өзгертуіне алғашқы кезде рухани тақырыпқа әңгімелескеннен гөрі, іс-әрекетіміз көбірек әсер етуі мүмкін (Пет. 1-х. 3:1, 2). Бұл үшін шынайы қызығушылық танытқанымыздың маңызы зор. Қауымдағы әйел бауырластар ер бауырластардың сенбейтін зайыбына, сол сияқты, ер бауырластар әйел бауырластардың сенбейтін жұбайына қызығушылық танытуына болады. Қалайша?
4. Шынайы қызығушылықты қалай көрсете аламыз?
4 Бауырластың сенбейтін жұбайымен әлі таныс болмасаң, алдымен өзімен сөйлесіп алғаның дұрыс болар еді. Сенбейтін жұбайы алғашында достық сыңай танытпаса, көңілің қалмасын. Достық сыңай мен шынайы қызығушылық танытқанымыз оны Ехоба куәгерлері туралы жағымды ойда болуға талпындыруы мүмкін (Рим. 12:20). Кейбір рухани толысқан бауырластар мұндай адамды отбасымен бірге, жақынырақ танысу және оның Ехоба куәгерлері туралы дұрыс ойда болуы үшін, қонаққа шақырған. Олар әңгімені рухани тақырыптарға бұрмай, сенбейтін адамды қызықтыратын тақырыптарға да сөйлескен. Ал кейінірек ол өзін еркін сезінгенде, рухани тақырыптарға да сөйлесу мүмкін болар. Я болмаса, ол кездесулердің біріне шақырылғанда, әсіресе қауымдағы кейбір бауырластарды танитын болса, әйелінің не нәрсеге үйреніп жүргенін көру үшін шақыруды қабыл алуы мүмкін. Тіпті шындықты қабылдауға дайын болмаса да, ол жұбайына қолдау көрсеткені үшін мақтауға тұрарлық.
5. Ақсақалдар бауырластың сенбейтін жұбайына қалай куәлік бере алады?
5 Бауырластың сенбейтін жұбайына куәлік берудің әрбір мүмкіндігін әсіресе ақсақалдар жіберіп алмау керек. Сенбейтін адам бұрын рухани нәрселер туралы зер салып тыңдамаған болса, ауруханаға жатып қалғанда немесе денсаулығы нашарлағанда, Жазбаларға негізделген жігер беретін сөздерді тыңдайтын шығар. Әртүрлі дінді ұстанатын отбасы қиындыққа кезіккенде, мысалы, жақын адамы қайтыс болған жағдайда, ақсақалдар отбасына көңіл айтуға барғанда, бауырластың сенбейтін жұбайының да болғанын қалайды.
6. Бауырласымыздың сенбейтін жұбайына не себепті көмектесеміз?
6 Жұбайының шындықты қабылдағаны бауырласымызды қандай қуанышқа бөлейді десеңші! Бұған Ехоба, періштелер және қауымдағы барлық бауырластар қуанады (Лұқа 15:7, 10). Алайда сенбейтін адам қазір шындықты қабылдамаса да, жасап жатқан ісіміз Ехобаға ұнамды екенін білгеніміз бізге қуаныш әкеледі. Ол “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9 ЖД).
[6-беттегі сөздер]
Бауырластың сенбейтін жарының шындыққа деген көзқарасын өзгертуіне алғашқы кезде рухани тақырыпқа әңгімелескеннен гөрі, іс-әрекетіміз көбірек әсер етуі мүмкін