45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
111-ӘН Қуануға себеп көп
Біреуге күтім жасау — мойымас жанның ісі
“Көз жасын төгіп жүріп егін еккендер Өнімін қуана әндетіп жинайды” (ЗӘБ. 126:5).
НЕГІЗГІ ОЙ
Біреуге күтім жасау оңайға соқпағанда, мойымауға көмектесетін кеңестерді қарастырамыз.
1, 2. Жақын адамына күтім жасап жүргендерге Ехоба қалай қарайды? (Нақыл сөздер 19:17) (Суреттерді де қараңыз.)
КОРЕЯДА тұратын Джин Ёль деген бауырлас былай дейді: “Әйелім екеуіміздің отау құрғанымызға 32 жылдан асты. Соңғы бес жылда әйелім Паркинсон ауруымен күресіп жүр. Уақыт өткен сайын оның қозғалуы қиындап барады. Мен әйелімді жанымдай жақсы көремін, сондықтан бар жағдайын шын көңілмен істеймін. Әйелім науқастарға арналған арнайы төсекте ғана ұйықтай алады. Ал мен оның қасында қолынан ұстап жатамын”.
2 Сіз де жақын адамыңызға, мысал үшін ата-анаңызға, жұбайыңызға не балаңызға күтім жасап жүрсіз бе? Қиын шақта жақын адамыңыздың қасынан табылып, оған көмектесіп жүргеніңізді ауыртпалық санамайтыныңыз анық. Оның үстіне, мұндай игі ісіңізбен Ехобаны да жақсы көретініңізді көрсетіп жүрсіз (Тім. 1-х. 5:4, 8; Жақ. 1:27). Біреуге күтім жасау — өте ауыр және жауапты іс. Бәлкім, кейде жағдайыңызды ешкім түсінбейтіндей көрініп, өзіңізді жалғыз қалып кеткендей сезінетін шығарсыз. Сырттай күліп жүргеніңізбен, жалғыз қалғанда көз жасыңызға ерік беріп, жылап та алатын шығарсыз (Зәб. 6:6). Менің не күй кешіп жүргенімді ешкім білмейді де ғой деп, көңіліңіз түсетін де шығар. Бірақ Ехоба бәрін көріп тұр (Мұсаның 2-жазбасы 3:7 салыстырыңыз). Сіздің көз жасыңыз бен көріп жүрген қиындықтарыңыз оның көзінен таса қалмайды (Зәб. 56:8; 126:5). Жақын адамыңызға жасап жүрген әрбір жақсылығыңызды Ехоба өзіне берілген қарыз деп есептейді және ол міндетті түрде қарымтаңызды қайтарады (Нақыл сөздер 19:17 оқыңыз).
Біреуге күтім жасау — өте ауыр әрі жауапты іс (2-абзацты қараңыз)
3. Ыбырайым мен Сараға қартайған әкелеріне қарау неге оңай болмады дей аламыз?
3 Жақындарына күтім жасаған адамдар жайлы Киелі кітапта да айтылады. Солардың бірі — Ыбырайым мен Сара. Олар Урдан көшіп шыққанда, 200 жасқа таяған әкелері Тарах та оларға ере шықты. Олар Харанға дейін 960 шақырым жол жүрді (Мұс. 1-ж. 11:31, 32). Жасы келген кісіге түйеге не есекке мініп ұзақ жол жүру өте қиын болғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ Ыбырайым мен Сара әкелерін жақсы көргендіктен, қолдан келгенше оның жағдайын жасады. Сонда да олар қартайған әкелеріне қараймыз деп қатты шаршаған шығар. Сондай қиын шақта Ехоба оларға қажетті күш-қуат бергені анық. Ыбырайым мен Сараға күш бергеніндей, Ехоба сізге де күш береді (Зәб. 55:22).
4. Бұл мақалада не қарастырамыз?
4 Жақыныңызға шаршамай күтім жасай беру үшін, сіз мойымай, қуанышыңызды жоғалтпауыңыз керек (Нақ. с. 15:13). Ұмытпаңыз, адам ең қиын деген жағдайда да қуанышты бола алады (Жақ. 1:2, 3). Қиындыққа мойымаудың бірден бір жолы — Ехобаға дұға етіп, одан жағдайға дұрыс қарауға көмектесуін сұрау. Бұл мақалада күтім жасаушыларға қиындыққа мойымауға көмектесетін кеңестерді қарастырамыз. Сондай-ақ оларға қауымдағылар қалай көмектесе алатынын талқылаймыз. Бірақ алдымен күтім жасаушылардың мойымағандары қаншалықты маңызды екенін және олардың салы суға кетуіне не себеп болуы мүмкін екенін білейік.
КҮТІМ ЖАСАУДЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
5. Күтім жасаушылардың мойымағандары қаншалықты маңызды?
5 Жақынына күтім жасап жүрген адамның салы суға кетсе, ол тез шаршап, тез қажып кетеді (Нақ. с. 24:10). Ал шаршағанда адамның сіркесі су көтермейді. Ондай кезде жақын адамыңа жақсы қарап, жағдайын жасау қиынға соғады. Ал қазір күтім жасаудың қиындықтарына тоқталайық.
6. Жақынына күтім жасайтындар не үшін эмоциялық жағынан қажып кетуі мүмкін?
6 Эмоциялық қажу. Күтім жасаушы Лия деген бауырлас былай дейді: “Күн тыныш, ойдағыдай өткен күннің өзінде кешке қарай діңкем құрып, күшім қалмайды. Кейде біреумен сөйлеспек түгілі, хабарламаға жауап беруге шамам келмейді”. Ал кейбіреулердің жеткілікті тынығып, ұйықтап алуға мүмкіндіктері болмайды. Мысал үшін, Инес бауырлас былай дейді: “Мен түнде дұрыс ұйықтай алмаймын. Өйткені әр екі сағат сайын оянып, енеме қараймын. Күйеуім екеуміз бір жаққа барып демалмағалы да бірталай жыл болды”. Жақындарына күні-түні қарап, қасынан шыға алмайтындар жиі қонаққа барудан, басқалармен араласудан бас тартуға мәжбүр. Олар тіпті қауымға да бара алмай, уағызға да шыға алмай қалады. Осылай үйде аяқ-қолдары байланып отырғандықтан, олардың жалғыздықтан көңілдері құлазуы мүмкін.
7. Күтім жасаушылар қандай жағымсыз сезімдерге бой алдыруы мүмкін?
7 Жағымсыз сезімдер. “Әкеме жөндеп қарап жүрген жоқпын деп жиі өзімді жегідей жеймін. Өзіме көңіл бөліп, сәл демала қалсам, қара басымды ойлап кеттім ғой деп өзімді жазғырып шығамын”,— дейді Джессика бауырлас. Оның сөздерінен байқағанымыздай, кейбіреулер қолымнан келгеннің бәрін істеп жүрген жоқпын деп өздерін кінәлайды. Тағы біреулер мұндай жағдай менің басыма қайдан ғана түсті деп өмірге өкпелеп, кейін сол үшін жаман болады. Шаршап кеткен кездерінде күтім жасап жүрген адамына қатты сөйлеп қойғаны үшін өздерін жегідей жейтіндер де бар (Жақ. 3:2). Ал кейбіреулерге кеше ғана күліп-ойнап жүрген адамның бойынан күш-қайраты кетіп жатқанын көру өте ауыр тиеді. “Жақын адамыңның күннен-күнге солып бара жатқанын көру жаныңа батады екен”,— дейді Барбара бауырлас.
8. Бірауыз жылы сөз адамға қалай әсер етеді? Мысал келтіріңіз.
8 Ауыр еңбектерінің еленбеуі. Өкінішке қарай, күтім жасаушылар алғыс пен мақтау сөздерді көп ести бермейді. Негізі, бір-екі ауыз жылы сөздің өзі адамға кәдімгідей қанат бітіреді (Қол. 3:15). Мелисса деген бауырлас бұл жайлы былай дейді: “Жұмыста кейде қарт кісілерге күтім жасаймын деп шаршап кететінім сонша, бір жылап аламын. Бірақ олар еңбегімді бағалап, рақмет айтса, марқайып қаламын. Сол бір жылы сөздерінен қанаттанып, оларға ертесіне қайтадан келіп көмектесуге асығып тұрамын”. Алғыс сөздердің күші орасан екенімен Амаду бауырлас та келіседі. Ол әйелі екеуі балдызының эпилепсиямен ауыратын кішкентай қызына қарайды. Амаду бауырлас былай дейді: “Ол үшін не істеп жүргенімізді толық түсінбесе де, оның “сіздерді жақсы көремін” не “рақмет” деген бірауыз сөзі жүрегімізді елжіретіп жібереді”.
МОЙЫМАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН КЕҢЕСТЕР
9. Күтім жасаушылар қалай қарапайым бола алады?
9 Қарапайым болыңыз (Нақ. с. 11:2). Біздің күшіміз бен уақытымыз шексіз емес. Сондықтан шамаңыз неге жетеді, неге жетпейді — соны анықтап алыңыз. Кейде басқалардың өтінішіне жоқ деп айтыңыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Адамдар мен туралы не ойлап қалады деп уайымдамаңыз. Сіз шамаңызды біліп, қарапайымдылық танытып жатырсыз, соны есте ұстаңыз. Ал егер біреу көмегін ұсынып жатса, ыңғайсызданбай, қайта, қуана қабыл алыңыз. Джей деген ер бауырлас былай дейді: “Адам күші мен уақыты неге жетеді, соны ғана істей алады. Одан артығын істеймін деп әуреге түссек, бостан-босқа қажып, қуанышымызды жоғалтып аламыз”.
10. Күтім жасаушылардың терең түсінік танытқаны қаншалықты маңызды? (Нақыл сөздер 19:11)
10 Адамды түсінуге тырысыңыз (Нақыл сөздер 19:11 оқыңыз). Терең түсінігі бар адам біреудің сөзі мен ісінің артында не тұрғанын көре біледі. Адамға түсінікпен қарасаңыз, ол сізді ренжітетін бір нәрсе айтып не істеп қойса, сабыр сақтап, үндемей қоя саласыз. Жиі адам ауруының кесірінен жағымсыз мінез көрсете бастайды (Уағ. 7:7). Мысалы, бұрын момын, жұмсақ болған адам мазасыз, ашушаң болып кетеді, я болмаса тырнақ астынан кір іздеп, ештеңені жақтырмауы мүмкін. Сондықтан адамның ауруы жайлы көбірек біліп алыңыз. Адамның әдейі істемейтінін білсеңіз, оған түсінікпен қарау жеңіл болады (Нақ. с. 14:29).
11. Күтім жасаушылар қандай маңызды істерге күнде уақыт табуы керек? (Зәбүр 132:4, 5)
11 Ехобамен достығыңызды нығайту үшін уақыт табыңыз. Кейде маңыздырақ істерді істеу үшін басқа істерді ысырып қоюға тура келеді (Філіп. 1:10). Сондай маңыздырақ істерге Ехобамен достығымызды нығайту да жатады. Мысалы, Дәуіт патша шаруасы бастан асса да, Ехобаны бәрінен жоғары қойған (Зәбүр 132:4, 5 оқыңыз). Сіз де қанша мұрныңыздан шаншылып жүрсеңіз де, Киелі кітап оқуға, дұға етуге күнде уақыт табуға тырысыңыз. Элиша деген әйел бауырлас былай дейді: “Мұңға батып кетпес үшін мен дұға етіп, зәбүр жырларын оқимын. Бірақ дұғаның орны бөлек. Сабырлы күйімнен айнымау үшін күні бойы қайта-қайта дұға етемін”.
12. Күтім жасаушылар неге өз денсаулықтарын да күтуге уақыт табу керек?
12 Денсаулығыңызды күтуге уақыт табыңыз. Күтім жасаушылар тірліктері көп болғандықтан, дүкеннен азық-түлік әкеліп, пайдалы тамақ істеп жеуге уақыт таппай жатады. Бірақ дұрыс тамақтанып, жаттығу жасау керек, онсыз болмайды. Тәніңіз де, жаныңыз да сау болсын десеңіз, қолыңыз қалт етсе, нәрлі тамақ жеп, жаттығу жасап тұрыңыз (Ефес. 5:15, 16). Сондай-ақ ұйқыңызды қандырып жүруге тырысыңыз (Уағ. 4:6). Мамандардың айтуынша, ұйқы кезінде адамның миы токсиндерден арылады. Олар ұйқысы қанған адамның көп уайымға салынбайтынын, стреске де тез түспейтінін айтады. Сонымен қатар өзіңізге ұнайтын істермен де айналысып тұрыңыз (Уағ. 8:15). Бұған қатысты бір әйел бауырлас былай дейді: “Ауа райы жақсы болған күндері күннің көзіне шығып, жүріп қайтамын. Жоқ дегенде айына бір күн арнап, құрбыммен бірге демалып келемін”.
13. Күлудің пайдасы қандай? (Нақыл сөздер 17:22)
13 Әзілдеуді ұмытпаңыз (Нақыл сөздер 17:22 оқыңыз; Уағ. 3:1, 4). Күлу денсаулық пен көңіл күйге жақсы әсер етеді. Әдетте біреуге күтім жасағанда стресс көп болады, ойламаған жерден әйтеуір бірдеңе болып қалады. Сондай кезде күліп, қалжыңдап жіберсеңіз, болған келеңсіз жағдайға жеңіл қарайсыз. Ал күтім жасайтын адаммен бірге әзілдеп, күліп жүрсеңіздер, бұдан араларыңыз жақындай түседі.
14. Неге кейде досыңызға ішіңізді ақтарып алғаныңыз жақсы?
14 Досыңызға ішіңізді ақтарыңыз. Қанша жерден мойымайын десек те, кейде еңсеміз түсетін кездер болады. Сондайда сізді айыптамайтын, қайта, жаныңызды түсінетін досыңызға ішіңізді ақтарып алсаңыз болады (Нақ. с. 17:17). Кейде қайтадан қуанышты болып жүру үшін бар болғаны жылы сөз айтатын тіл, тыңдайтын құлақ, түсінетін жүрек керек (Нақ. с. 12:25).
15. Жұмақты елестеткеніміз мойымауға қалай көмектеседі?
15 Жұмақты елестетіңіз. Қазіргі қиын күндеріңіз уақытша екенін естен шығармаңыз. Ехоба адамдарды ауырсын, біреуге күтім жасасын деп жаратпаған (Қор. 2-х. 4:16—18). Оның о бастағы ниетіне сай келетін “шынайы өмір” әлі алда (Тім. 1-х. 6:19). Алда болатын сол өмірді елестетіңіз. Күтім жасап жүрген жақын адамыңызбен жұмақта не істейтіндеріңіз туралы әңгімелесіңіздер (Ишая 33:24; 65:21). “Өзім қарайтын қарт кісілерге жұмақта тігін тігеміз, жүгіріп ойнаймыз, бірге велосипед тебеміз деп жиі айтып отырамын. Біз қайта тірілген жақындарымызға нан пісіріп, тамақ істеп жатқанымызды елестетеміз. Сосын осындай керемет үміт сыйлағаны үшін Ехобаға алғыс айтамыз”,— дейді Хетер есімді әйел бауырлас.
БАСҚАЛАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?
16. Күтім жасаушы бауырласқа қауымдағылар қалай көмектессе болады?
16 Күтім жасаушы бауырласты алмастырып тұрыңыз. Қауымдағылар осылай көмектесіп тұрса, ол бауырлас сәл де болса демалып, өзінің шаруаларын бітіріп алады (Ғал. 6:2). Кезек-кезек алмастырып тұру үшін кейбір бауырластар тіпті кесте құрып қояды. Екі аяғы сал күйеуіне қарайтын Наталья деген бауырлас былай дейді: “Қауымдағы бір ер бауырлас аптасына бір-екі рет үйге келіп тұрады. Ол күйеуіммен әңгімелеседі, қызмет етеді, тіпті екеуі бірге кино көреді. Ол келгенде күйеуім мәз болып қалады. Мен де сол уақытты пайдаланып, өз-өзіме көңіл бөлемін, сыртқа шығып, серуендеп қайтамын”. Жағдайы келсе, қауымдағылар күтім жасайтын бауырласты түнгі уақытта да алмастырса болады, сонда бауырласымыз жақсылап тынығып, ұйқысын қандырып алады.
Қауымыңыздағы күтім жасаушы бауырластарға қол ұшын бере аласыз ба? (16-абзацты қараңыз)a
17. Күтім жасаушы бауырластарға қауым кездесуі кезінде қалай көмектессек болады?
17 Қауым кездесуі кезінде жәрдем беріңіз. Әдетте күтім жасаушы бауырластар жақынына қараймын деп, қауымды, конгресті дұрыстап тыңдай алмайды. Олар бағдарламаны алаңдамай тыңдау үшін, оларды аз уақытқа не қауым бойы алмастырсаңыз болады. Ал қарайтын адамы үйден шыға алмай, қауымға бара алмайтын болса, онда үйіне барып, сол кісімен қауымға онлайн қосылсаңыз болады. Сонда күтім жасаушы бауырлас қауымға Патшалық сарайына барып қатыса алады.
18. Күтім жасаушы бауырластарды тағы қалай қолдасақ болады?
18 Оларды мақтап, олар үшін дұға етіңіз. Ақсақалдар күтім жасаушы бауырластарға жиірек бақташылық сапар жасап тұрғандары дұрыс (Нақ. с. 27:23). Сол бауырластарды жиі-жиі мақтап тұру қай-қайсысымыздың да қолымыздан келеді. Сондай-ақ Ехобадан “оларға күш берші, мойымауға көмектесші” деп сұрап, олар үшін дұға етіп жүрсек болады (Қор. 2-х. 1:11).
19. Бізді алда қандай өмір күтіп тұр?
19 Көп ұзамай Ехоба көзіміздегі әрбір жасты сүртіп тастайды. Ауру мен өлім ұмыт болады (Аян 21:3, 4). “Ақсақ адам еліктей секіреді” (Ишая 35:5, 6). Қарттықтың азабын тарту, жақын адамыңның күннен-күнге солып бара жатқанын көріп қиналу — бұның бәрі артта қалады, тіпті “еске алынбайды” (Ишая 65:17). Ал сол уақыт келгенше, Ехоба әрдайым қасымыздан табылады. Оған арқа сүйей берсек, ол бізге “бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзуге” күш береді (Қол. 1:11).
155-ӘН Мәңгі таусылмайтын қуаныш
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі қыз бауырлас жасы келген әйел бауырластың жағдайын сұрап келіп отыр. Осы уақытты пайдаланып, күтім жасайтын туысы серуендеп келуге кетіп бара жатыр.