44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
138-ӘН “Ақ шаш — әсем тәж”
Қартайдым деп мойымаңыз
“Жасы ұлғайса да, жеміс әкеледі” (ЗӘБ. 92:14).
НЕГІЗГІ ОЙ
Егде бауырластардың мойымағандары неге маңызды екенін және бұл орайда оларға не көмектесетінін қарастырамыз.
1, 2. Қарттыққа аяқ басқан қызметшілеріне Ехоба қалай қарайды? (Зәбүр 92:12—14; суретті де қараңыз.)
“КӨП жасаған қария — ақылы теңіз дария” демекші, адамның ақыл-ойы кемелдене түсетін қарттық шаққа аяқ басуды кейбіреулер абырой санайды. Ал кейбіреулер, керісінше, қарттықты тойтарғысы келеді. Мысалы, маңдайына бір тал ақ шаш шыға қалса, жұлуға асығып тұрады. Бірақ ақ шашты қанша жұлма, ол бұдан азаймайды. Осы бір мысалдың өзі адамдардың көбі қартайғысы келмейтінін көрсетеді.
2 Бірақ көктегі Әкеміз Ехоба қарттықты мүлдем кемістік деп санамайды (Нақ. с. 16:31). Керісінше, Киелі кітапта ол қарт кісілерді жайқалған ағашқа теңеген (Зәбүр 92:12—14 оқыңыз). Ехобаның бұлай теңеуі бекер емес. Әдетте көп өмір сүрген ағаштар ерекше әдемі болып келеді. Сондай ағаштардың бірі — сакура. Жапонияда өсетін бұл шие ағаштары көктемде көздің жауын алатын гүлге оранады. Әдетте бұл ағаштардың ішіндегі ең әдемілері — мыңдаған жыл өмір сүргендері. Тура солай, Ехоба үшін қызметшілері ұзақ жасаған сайын тек көркейе түседі. Өйткені Ехоба олардың бойындағы әдемі қасиеттерін, өмірдің ыстық-суығына қарамай, жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқандарын ерекше бағалайды.
Ағаштар көп жыл өмір сүрген сайын, жайқалып әдемі бола түседі, көп жасаған бауырластарымызбен де тура солай (2-абзацты қараңыз)
3. Ехоба жасы келген қызметшілеріне қандай істер сеніп тапсырған?
3 Жасы келген қызметшілерін Ехоба ешқашан пайдасыз деп санамайдыa. Керісінше, ол өзінің еркімен байланысты үлкен істерді жиі үлкен кісілерге сеніп тапсырған. Мысал үшін, Сара қартайған шағында бала көтеріп, ұлы халықтың анасына әрі Мәсіхтің түп анасына айналды (Мұс. 1-ж. 17:15—19). Мұса да исраилдіктерді Мысырдан бастап алып шыққанда, жасы біразға келіп қалған еді (Мұс. 2-ж. 7:6, 7). Ал елші Жохан Киелі кітаптың құрамына енген бес кітабын егде тартқан шағында жазды.
4. Нақыл сөздер 15:15-ке сай, қарттықпен келетін қиындықтарға мойымауға не көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)
4 Өкінішке қарай, қарттықпен бірге қиындықтар да келеді. Бір әйел бауырлас қалжыңдап: “Қартаю дегенің ойыншық емес, шырағым”,— дейді екен. Бірақ Ехоба көмектесетіндіктен, қарттықтың қиындықтары сізді қуаныштанb айыра алмайды (Нақыл сөздер 15:15 оқыңыз). Бұл мақалада егде тартқан аяулы бауырластарымызға қуаныштарын жоғалтпауға көмектесетін кеңестерді қарастырамыз. Сондай-ақ қауымдағы бауырластар оларға қандай көмек бере алатынын талқылаймыз. Бірақ алдымен қарттық қандай қиындықтар әкелетініне тоқталайық.
Жүрегіңізде Ехоба сыйлайтын қуаныш болса, қарттықпен келетін қиындықтарға мойымайсыз (4-абзацты қараңыз)
ҚАРТТЫҚТЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
5. Егде тартқан бауырластарды не қынжылтуы мүмкін?
5 Егде тартқан ардақты бауырласымыз, “күшім асып-тасыған қайран жастық шағым-ай” деп аңсап отыратын кезіңіз бола ма? Бәлкім, бұрын шапқылап істеп жүрген нәрселерді қазір істей алмайтыныңызға қынжылатын шығарсыз (Уағ. 7:10). Бұл күй Руби деген бауырласқа өте таныс. Ол былай дейді: “Буындарым сырқырап, қақсағанда, тіпті майда-шүйде нәрселерді істей алмай қаламын. Аяқ-қолым бүгілмей, нәски киюдің өзі жыр болып кетеді”. Ал бұрын Бетелде қызмет еткен Харольд бауырлас былай дейді: “Бұрын қандай едім, қазір қандаймын — соны ойласам, ызам келеді. Кезінде тепсе темір үзетін жігіт едім. Жолдастарыммен бейсбол ойнап, шаршау дегенді білмейтінмін. Олар “допты Харольдқа бер, ол мүлт жібермейді” деуші еді. Қазір сол допты жай лақтыруға да шамам келмей қалды ғой”.
6. а) Егде тартқан бауырластарды тағы не қынжылтуы мүмкін? ә) Жасы келген кісілер көлік айдау қауіпті ме, жоқ па — мұны қалай анықтаса болады? (Осы журналдағы “Көлік айдау сізге қауіпті болып бара ма?” деген мақаланы қараңыз.)
6 Бәлкім, біреудің көмегіне тәуелді болып қалғаныңыз да сізді қынжылтатын шығар. Мысалы, біреудің үйіңізге келіп сізге көмектесуіне мұқтаж шығарсыз, я болмаса балаңыздың қолына көшіп баруға тура келген болар. Денсаулығыңыз не көз жанарыңыз нашарлағандықтан, өз бетіңізше ешқайда бара алмай, көлік айдауға да жағдайыңыз келмей қалған шығар. Әрине, бұның бәрі көңілге қаяу салады. Бірақ бұлардың ешқайсысы да сіздің қадіріңізді түсірмейді. Сіз Ехобаның да, басқалардың да алдында қашанда бағалы болып қала бересіз. Ұмытпаңыз, көктегі Әкеңіз Ехоба сіздің не күй кешіп жүргеніңізді өте жақсы түсінеді. Ол адамның сырт келбетіне емес, жүрегіне қарайды. Егер сіз Ехобаны, бауырластарыңызды жақсы көрсеңіз, жасаған жақсылықтарына риза болсаңыз, міне, ең маңыздысы — осы (Сам. 1-ж. 16:7).
7. Армагеддонды көріп үлгермей қаламын ба деп уайымдайтын бауырластар не жайында ойланса болады?
7 Армагеддонды көріп үлгермей қаламын ба деп уайымдайтын кезіңіз бола ма? Соны ойлап, көңіліңіз түсіп жатса, Ехобаның шыдамдылығы жайлы ой жүгіртіңіз (Ишая 30:18). Ехобаның бұл дүниенің жойылуын шыдаммен күтіп отырғаны бекер емес. Оның шыдамдылығының арқасында миллиондаған адам оны танып-біліп, оған қызмет етіп жатыр (Пет. 2-х. 3:9). Ойлап көріңізші, осы дүниенің ақыры келгенше, әлі қаншама адам шындыққа келіп, құтқарылуы мүмкін. Кім біледі, олардың арасында сіздің де туыстарыңыз болып қалар.
8. Қарт кісілер қиналғаннан не ауруы жанына батқаннан не істеуі мүмкін?
8 Жасымыз да, кәріміз де ауруымыз жанымызға батып, қиналып кеткенде, сөзімізбен не ісімізбен біреуді ренжітіп қоюымыз мүмкін (Уағ. 7:7; Жақ. 3:2). Адал кісі Әйүп те қиналған шағында “ашына сөйлеген” (Әйүп 6:1—3). Мысалы, қарт кісілер қиналғаннан не ішіп жүрген дәрілерінің әсерінен әдетте айтпайтын сөздерді айтып, істемейтін нәрселерді істеп қоюы мүмкін. Бірақ біз жасымызды, ауруымызды сылтау етіп, өзімізді ақтамауымыз керек. Ашуымызды өзгелерден алудан да, басқалардан тым көп нәрсе талап етуден де аулақ болғанымыз дұрыс. Егер өзіміздің қатты сөйлеп қойғанымызды түсініп жатсақ, бірден кешірім сұрағанымыз жөн болады (Мат. 5:23, 24).
МОЙЫМАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН КЕҢЕСТЕР
Қарттық шақ қуаныштан айырмас үшін не істесеңіз болады? (9—13 абзацтарды қараңыз)
9. Неге өзгелердің көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс? (Суреттерді де қараңыз.)
9 Өзгелердің көмегіне жүгініңіз (Ғал. 6:2). Басында біреуден көмек сұрауға не біреудің көмегін қабыл алуға ыңғайсыздануыңыз мүмкін. Гретель есімді әйел бауырлас былай дейді: “Мен өзімнің көмекке мұқтаж екенімді бірден мойындай қоймаймын. Сол үшін көмек сұрамас бұрын мың ойланамын. Басқаларды әуре қылып қоймаймын ба, уақыттарын алып жүрмеймін бе деп, қатты ыңғайсызданамын”. Негізі, өзгелердің көмегіне жүгінсеңіз, олар беруден келетін қуаныштың дәмін татады (Ел. іс. 20:35). Олар ғана емес, сіз де басқалардың өзіңізді жақсы көретінін, қамыңызды ойлайтынын көріп, қуанып қаласыз.
(9-абзацты қараңыз)
10. Өзгелердің көмегі үшін алғыс айтып жүруді неге ұмытпағаныңыз дұрыс? (Суреттерді де қараңыз.)
10 Алғыс айтып жүріңіз (Қол. 3:15; Сал. 1-х. 5:18). Біреу бізге жақсылық жасаса, іштей риза болып қаламыз. Бірақ ризашылығымызды айтуды да ұмытпауымыз керек. Күлімсіреп, рақметіңізді айтсаңыз, адам көмегін бағалап жатқаныңызды көріп риза болып қалады. Бетелде қарт бауырластарға күтім жасайтын Лия деген бауырлас былай дейді: “Бізде бір жасы үлкен әйел бауырлас бар. Ол үнемі маған бір жапырақ қағазға рақметін жазып кетеді. Бір-екі ауыз сөз жазса да, хатын көріп кәдімгідей қуанып қаламын. Ол кісі көмегімді бағалайды екен ғой деп, сондай риза боламын”.
(10-абзацты қараңыз)
11. Өзгелерге қалай көмектессеңіз болады? (Суреттерді де қараңыз.)
11 Қолдан келгенше өзгелерге көмектесіңіз. Басқалардың жағдайын ойлап, көмектесуге тырыссаңыз, өз қиындықтарыңыздан алаңдайсыз. Көпті көрген кісілерді даналыққа толы кітапқа теңеуге болады. Кітап сөреде шаң басып жатса, ешкім оның пайдасын көре алмайды. Сондықтан пайдалы кітаптай болып, өзіңізден кейінгі ұрпаққа білген-түйгеніңізді, өмірден алған тәжірибеңізді айтып беріңіз. Оларға сұрақтар қойып, ойын біліңіз. Өздері жайлы айтқан әңгімесін мұқият тыңдаңыз. Оларға Ехобаның жолымен жүру адамды тек бақытқа жеткізетінін айтып түсіндіріңіз. Жас бауырластарыңызды осылай нығайтып жүрсеңіз, бұдан өзіңіз де сөзсіз бақыт табасыз (Зәб. 71:18).
(11-абзацты қараңыз)
12. Ишая 46:4-ке сай, Ехоба қартайған қызметшілеріне қандай уәде берген? (Суреттерді де қараңыз.)
12 Дұғада Ехобадан күш сұраңыз. Күшіңіз таусылып, қажыған кезіңізде Ехобаның шексіз күшке ие екенін еске алыңыз. Киелі кітапта: “Ол еш шаршамайды, қажымайды”,— делінген (Ишая 40:28). Ехоба өзінің шексіз күшін сізбен де бөлісуге дайын (Ишая 40:29—31). Ол тіпті сізге күш сыйлаймын деп уәде беріп те қойған (Ишая 46:4 оқыңыз). Ал Ехоба уәде етсе, міндетті түрде орындайды (Ешуа 23:14; Ишая 55:10, 11). Олай болса, Ехобаға дұға етіп, одан күш сұраңыз. Ол дұғаңызға жауап бергенде, оның сізді қаншалықты жақсы көретінін түсініп, жүрегіңіз қуанышқа толады.
(12-абзацты қараңыз)
13. Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 тармақтарға сай, біз нені есте ұстауымыз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
13 Жастық шағыңыз қайтып келетінін есте ұстаңыз. Біз қиындықтың уақытша екенін біліп тұрсақ, оған шыдау оңайырақ болады. Киелі кітапта қарттық пен ауру уақытша екені айтылған (Әйүп 33:25; Ишая 33:24). Олай болса, бақытты күндер артта қалды деп ойламаңыз, қайрат-жігерге толы уылжыған жастық шағыңыз әлі алда (Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 оқыңыз). Ал қазір өзгелер сізге қалай көмек бере алатынын қарастырайық.
(13-абзацты қараңыз)
ӨЗГЕЛЕР ҚАЛАЙ КӨМЕК БЕРЕ АЛАДЫ?
14. Егде тартқан бауырластардың хал-жағдайын біліп тұру неге маңызды?
14 Хал-жағдайын біліп тұрыңыз (Евр. 13:16). Егде тартқан бауырластар көбіне үйде жалғыз болатындықтан, көңілдері құлазып кетуі мүмкін. Үйден шыға алмайтын Камиль деген ер бауырлас былай дейді: “Мен азаннан қара кешке дейін үйде отырамын. Уақыт өтпей, қатты ішім пысады. Мен тура бір торда отырған кәрі арыстан секілдімін. Кейде өз-өзіме сыймай, бойымды ыза кернейді”. Егер біз егде тартқан бауырластардың жағдайын сұрап тұрсақ, олар жақсы көретінімізді түсініп, өздерін керек сезінеді. Біз қауымдағы егде бауырластарға хабарласу керек еді деп ойлауын ойлаймыз, бірақ істей бермейміз. Бұған жиі өміріміздің қарбалас болғаны себеп болып жатады. Алайда ұмытпайық, егде бауырластарымызға көңіл бөлу маңызды істерге жатады (Філіп. 1:10). Олай болса, бұл жағынан жақсару үшін не істесек болады? Әйтеуір бір орайы туар деп күтіп жүрмей, күнтізбеңізге кімге, қашан кіріп шығатыныңызды, қашан қоңырау шалатыныңызды нақты жазып қойыңыз.
15. Жастар мен үлкен кісілер бірге не істесе болады?
15 Жастар жиі үлкен кісілермен не туралы сөйлесем, олармен бірге не істеуге болады деп уайымдайды. Сен де солай уайымдасаң, бұны көп ойлай берме. Әдетте біреумен дос болу үшін не істесең, үлкен кісілермен дос болу үшін де тура соны істе (Нақ. с. 17:17). Мысал үшін, қауымға дейін не кейін қастарына барып, әңгімелес. Сүйікті тармақтарын, балалық шағында болған қызықты оқиғаларын сұра. Бірге Бродкастинг бағдарламасын көруді ұсын. Бәлкім, оларға көмегің керек шығар. Қажет болса, құрылғысын жаңартып, соңғы шыққан басылымдарды жүктеп бер. Карл деген әйел бауырлас былай дейді: “Жастарға ұнаған нәрсе үлкен кісілерге де ұнауы мүмкін. Мысалы, өзім біраз жасқа келсем де, маған көп нәрсе қызық. Мен дүкен аралағанды, бір жерге барып тамақтанғанды, табиғат аясында демалғанды ұнатамын. Сондықтан үлкен кісілерді де бір жаққа шақырып тұрған жақсы”. Ал Майра деген бауырлас былай дейді: “Менің тоқсанға келген құрбым бар. Ол менен 57 жас үлкен. Кейде ол менен үлкен екенін ұмытып кетемін. Екеуміздің басымыз қосылса болды, ананы айтып, мынаны айтып күле береміз. Біз бірге кино көріп тұрамыз, қажет кезде бір-бірімізден ақыл сұраймыз”.
16. Егде тартқан бауырластар дәрігерге барғанда, неге қасына еріп барғанымыз дұрыс?
16 Дәрігерге бірге еріп барыңыз. Егде тартқан бауырласты ауруханаға апарып-әкелген жақсы, бірақ мүмкіндігіңіз болса, дәрігерге бірге кіріңіз. Дәрігерлер мен медбикелер оған дұрыс қарап жатыр ма — соған көз жеткізіңіз (Ишая 1:17). Қажет болса, дәрігердің айтқандарын қағазға жазып беріңіз. Рут деген егде бауырлас былай дейді: “Ауруханаға жалғыз барсам, дәрігерлер маған дұрыстап қарамайды. Қайдағы жоқты айтпаңыз, сіздің еш жеріңіз ауырмайды деп, қайтарып жібереді. Ал қасымда біреу болса, олар асты-үстіме түсіп, бәрін істеп кетеді. Сондықтан бауырластар уақыт тауып, менімен бірге дәрігерге барса, оларға риза болып қаламын”.
17. Егде бауырластармен бірге қызмет етудің қандай жолдары бар?
17 Бірге қызмет етіңіз. Әл-дәрмені жетпегендіктен, кейбір егде бауырластарымыз үйден үйге уағыздай алмайды. Сол үшін оларды әдебиет арбасымен қызмет етуге шақырып көріңіз. Ол кісілер шаршап қалмас үшін әдебиет арбасының қасына орындық қойып қойсаңыз болады. Я болмаса оларды зерттеу сабағына шақырыңыз. Бәлкім, зерттеуді сол кісілердің үйінде өтерсіз. Егде бауырластарға уағызға шығу қиын болмас үшін, ақсақалдар уағызға арналған кездесуді сол бауырластардың үйінде өтуді қарастырып көрсе болады. Ардақты бауырластарымыз үшін жасаған мұндай жақсылықтарымыздың ешқайсысы Ехобаның назарынан тыс қалмайды (Нақ. с. 3:27; Рим. 12:10).
18. Келесі мақалада не қарастырамыз?
18 Егде тартқан ардақты бауырластарымыз, осы мақалада көргеніміздей, Ехоба да, қауымдағы бауырластар да сіздерді қадірлейді, жақсы көреді. Қарттыққа аяқ басу оңай емес, әрине. Бірақ Ехобаның көмегімен сіз қиындықтарға қарамай қуанышты бола аласыз (Зәб. 37:25). Ұмытпаңыз, бақытты күндер артта қалған жоқ, нағыз бақытты күндер әлі алда! Біздің арамызда қартайған ата-анасына, я болмаса ауырып жүрген туысына не баласына қарайтын бауырластар да бар. Оларға да қуанышты болып жүру оңай емес. Келесі мақалада қиындықтарына мойымауға оларға не көмектесетінін қарастырамыз.
30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым
a jw.org сайтынан не JW Library® қосымшасынан “Қарт бауырластар, сіздердің қосар үлестеріңіз зор” деген видеоны көріңіз.