Көлік айдау сізге қауіпті болып бара ма?
БӘЛКІМ, сіз өмір бақи көлік айдап келген шығарсыз. Кілт қалтада, қайда барамын, қалай барамын десеңіз де еріктісіз. Бірақ соңғы кезде жақындарыңыз бен достарыңыз қауіпсіздігіңізді ойлап, сіз үшін алаңдап жүр. Ал сіз “уайымдауға еш себеп көріп тұрған жоқпын” деп, әрі қарай да темір тұлпарыңызбен жүре бергіңіз келеді.
Сіздің жағдайыңызда осылай болып жатса, көлік айдау мәселесін бір саралап-салмақтап алу керек шығар.
Кей елдердің заңы бойынша, белгілі бір жасқа жеткен қариялар әрі қарай да көлік жүргізе беру үшін, тексерістен өтіп, дәрігердің рұқсатын алу керек. Сондай елдердегі мәсіхшілер заңға бағынатыны сөзсіз (Рим. 13:1). Сіз тұратын аймақта мұндай заң болмаса да, қауіпсіздік үшін төмендегі кеңестерге ден қойғаныңыз жөн болар.
КӨЛІК АЙДАУ ҚАБІЛЕТІҢІЗДІ БАҒАМДАП КӨРІҢІЗ
Қарияларға арналған бір ұйым қарт жүргізушілерді мына сұрақтар бойынша өздерін тексеріп көруге шақырады:
Қараңғы түскенде көру қиын ба және жол бойындағы белгілерді нашар көресіз бе?
Икемділігіңіз азайғандықтан айналарға және “көрінбейтін аймақтарға” мойын бұрып қарау қиын ба?
Бірдеңе бола қалса, тез әрекет ету қиын ба (мысалы, газдан бірден тежегішке басу)?
Өте баяу айдағандықтан, жолда көлік қозғалысына кедергі жасайсыз ба?
Бірнеше рет басқа көлікті соға жаздадыңыз ба немесе жолда тұрған заттарды соққандықтан, көлігіңіздің сырылған не майысқан жерлері бар ма?
Дұрыс айдамағаныңызға жол полициясы тоқтатты ма?
Айдап бара жатып көзіңіз ілініп кете ме?
Көлік жүргізу қабілетіне кері әсер ететін дәрілер қабылдайсыз ба?
Жақындарыңыз я достарыңыз көлік айдауыңызға қатысты уайымдарын айтты ма?
Осы сұрақтардың бір-екеуіне “иә” деп жауап берген болсаңыз, қажетті шаралар қолданған дұрыс болар. Мәселен, көп айдамауды, әсіресе қараңғы түскенде көлікпен жүрмеуді шешерсіз. Сондай-ақ қалай айдайтыныңызды жүйелі түрде тексеріп отырыңыз. Көлікті қалай жүргізетініңізді үйдегі адамнан я досыңыздан да сұрасаңыз болады. Көлікті қауіпсіз жүргізуге қатысты курс өтіп шыққан да жақсы. Ал егер жоғарыдағы сұрақтардың бірнешеуіне “иә” деген болсаңыз, онда көлік айдауды тоқтататын уақытыңыз келген боларa.
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АҚЫЛ-КЕҢЕСІ БАҒЫТ БЕРСІН
Көлік айдау қабілетіміздің нашарлап бара жатқаны өзімізге білінбеуі мүмкін. Рульден түсу жайында тіпті ойланғымыз да, сөйлескіміз де келмес. Мұндайда Киелі кітаптағы кеңестер жағдайға жан-жақты қарауға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сол кеңестердің екеуі мінекей:
Шамаңызды ескеріп, қарапайым болыңыз (Нақ. с. 11:2). Қартая келе көру мен есту қабілеті, бұлшық еттердің және ағзаның рефлекторлық қызметі нашарлайды. Денсаулығы баяғыдай болмағандықтан, кей кісілер жарақаттанып қалам-ау деген спорт түрлерінен бас тартады. Көлік айдауға келгенде де осылай еткен дұрыс болар. Кей қариялар қарапайымдылық танытып, өз амандықтары үшін көлік айдамауды шешеді (Нақ. с. 22:3). Ал өзгелері қамқор жақындары мен достарының уайымына құлақ асып, сондай шешімге келеді (Самуилдің 2-жазбасы 21:15—17 салыстырыңыз).
Кісі өліміне себепші болып қалмаңыз (Мұс. 5-ж. 22:8). Көлікті абайлап айдамаса, ол — қарумен тең. Жүргізу қабілеті нашарлағанына қарамастан айдай берсе, адам өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Тіпті біреудің қанын төгіп қоюы мүмкін.
Көлік жүргізуді доғарсам, қадір-қасиетім кетіп қалады деген теріс ойға берілмеңіз. Қайта, Ехоба қарапайымдылық пен кішіпейілділік танытып жатқаныңыз үшін және өзгелердің қауіпсіздігін ойлағаныңыз үшін сізді одан сайын жақсы көреді. Сізді өзі қолдап-қуаттайды, жұбаныш сыйлайды (Ишая 46:4). Ешқашан жалғыз қалдырмайды. Сондықтан көлік айдау мәселесін шешкенде, одан ақыл-парасат пен рухани түсінік сұрай беріңіз.
a 2002 жылы 22 тамызда шыққан “Ояныңдар!” журналындағы “Автокатастрофы. Застрахованы ли вы от них?” деген орыс тіліндегі мақаланы да қараңыз.