Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 қараша 16—21 бет.
  • Біздің жанашыр Бас діни қызметкеріміз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Біздің жанашыр Бас діни қызметкеріміз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҚҰДАЙ СҮЙІКТІ ҰЛЫН ЖЕРГЕ ЖІБЕРДІ
  • ИСАНЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫ НЕДЕН КӨРІНДІ?
  • БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРІМІЗДІ ҮЛГІ ТҰТАМЫЗ
  • БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРІМІЗ СІЗДІ ОЙЛАЙДЫ
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Исаның тәлімге толы жердегі соңғы 40 күні
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехоба “жүрегі жаралы жандарды сауықтырады”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 қараша 16—21 бет.

46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

17-ӘН “Қалаймын”

Біздің жанашыр Бас діни қызметкеріміз

“Ол біздің әлсіздіктерімізге жаны ашымайтын бас діни қызметкер емес” (ЕВР. 4:15).

НЕГІЗГІ ОЙ

Жанашыр болғанының арқасында Иса — ең тамаша Бас діни қызметкер. Оның осы қызметінің пайдасын біз түрлі жолдармен көріп жүрміз.

1, 2. а) Ехоба Ұлын жерге не үшін жіберді? ә) Осы мақалада не жайлы қарастырамыз? (Еврейлерге 5:7—9)

ОСЫДАН 2000 жылдай бұрын Ехоба Құдай өзінің сүйікті Ұлын жерге жіберді. Мұның бірден-бір себебі — адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан құтқарып, Шайтан келтірген залалдың орнын түгел толтыру (Жох. 3:16; Жох. 1-х. 3:8). Бұдан бөлек, жер бетінде адам болып өмір сүргеннің арқасында Иса өте жанашыр әрі түсінушілігі мол Бас діни қызметкер болуды үйренді. Ол осы қызметке б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткен соң тағайындалдыa.

2 Бұл мақалада Исаның жерде бастан өткізгендері оның одан бетер шыңдалып, жанашыр Бас діни қызметкер болуына ықпал еткенін білеміз. Осыны тереңінен түсінсек, әсіресе қателігіміздің кесірінен түңілген кезде, Ехобаға тартынбай дұға етіп, одан ажырамайтын боламыз (Еврейлерге 5:7—9 оқыңыз).

ҚҰДАЙ СҮЙІКТІ ҰЛЫН ЖЕРГЕ ЖІБЕРДІ

3, 4. Иса жерге келгенде қандай үлкен өзгерістерді бастан өткізді?

3 Өз үйің — өлең төсегіңді, отбасың мен достарыңды қиып, басқа жаққа кету — өмірде болатын үлкен өзгеріс. Мұның қандай қиын екенін көпшілігіміз білеміз. Десе де Исаның бастан кешкенін ешқайсысымыз кешпедік. Оның көктегі өмірін еске түсірейікші. Көкте ол Ехобаның рухани ұлдарының ішінде ең ұлысы еді. Ехобаның сүйіспеншілігіне шомылып, алдында шаттанып, “оң жағында” жүрді (Зәб. 16:11; Нақ. с. 8:30). Алайда Філіпіліктерге 2:7-де айтылғандай, ол соның “барлығынан өз еркімен бас тартып”, жердегі жұмыр басты пенделердің арасына келді.

4 Енді оның адам болып туылған кезі мен балалық шағын алсақ. Ата-анасы ол туылғаннан кейін өте қарапайым құрбандық әкелгеніне қарағанда, олар кедей тұрған (Мұс. 3-ж. 12:8; Лұқа 2:24). Исаның дүниеге келгенін біліп алғанда, жауыз Ирод патша оның көзін құртпақшы болды. Сондықтан кішкентай Иса ата-анасымен Мысыр елін паналап, қашқынның күйін кешті (Мат. 2:13, 15). Иә, оның осы өмірі мен бұған дейінгі өмірінің арасы “жер мен көктей” болды!

5. Жерде жүріп Иса не көрді әрі жердегі өмірі оның жанашыр Бас діни қызметкер болуына қалай септігін тигізді? (Суретті де қараңыз.)

5 Жерде жүріп Иса айналасындағы адамдардың қайғырып, қасірет шеккенін өз көзімен көрді. Өзіне қымбат жандардан, олардың ішінде өгей әкесі Жүсіп те болса керек, айырылудың қандай ауыр екенін бастан өткізді. Қызметі барысында ол зағип, алапес, сал адамдармен, баласынан айырылған ата-аналармен ұшырасып, оларға жаны ашып кетті (Мат. 9:2, 6; 15:30; 20:34; Мар. 1:40, 41; Лұқа 7:13). Ол кезінде бұл қасіреттерді көктен де көргені рас. Бірақ өзі ет пен сүйектен жаралған адам болғанда, ол адамзаттың азабына жаңаша қарады (Ишая 53:4). Әртүрлі жағдайда олардың не сезінетінін, қалай шарасыз күй кешіп, жандары ауыратынын толық түсінді. Жүректің сыздауы, қайғыру, шаршау дегенді де өзінің жан-тәнімен сезінді.

Түрлі аурулары бар адамдар Исаны жан-жақтан қоршап, сауықтыруын сұрап жатыр. Ол еңкейіп, қарт науқас кісінің қолынан ұстап тұр.

Қиындықтан азып-тозған адамдарға Исаның жүрегі елжіреп, жаны ашыған (5-абзацты қараңыз)


ИСАНЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫ НЕДЕН КӨРІНДІ?

6. Ишая пайғамбардың сөзінен Исаның жанашырлығы жайында нені түсінеміз? (Ишая 42:3)

6 Еврей жазбаларында дәулетті, мықты адамдар кейде жайқалған баққа және діңгегі берік, алып ағашқа теңеледі (Зәб. 92:12; Ишая 61:3; Ерм. 31:12). Ал бейшара, жарлы-жақыбайлар майысып қалған қамыс пен сөнейін деп тұрған шамның білтесіне, яғни адамдар пайдасыз көретін нәрселерге теңеледі (Ишая 42:3 оқыңыз; Матай 12:20). Алайда Ишая пайғамбар сондай жандарға Исаның мейіріммен, жанашырлықпен қарайтынын алдын ала айтты. Расымен де, жерде қызмет еткен кезінде Иса дәрменсіз, өзгелер менсінбейтін адамдарға ерекше жанашыр болып, жақсы көрді.

7, 8. Иса Ишая айтқан пайғамбарлықты қалай орындады?

7 Матай Ишаяның пайғамбарлығын Исаға қатыстырып былай деген: “Майысқан қамысты сындырмайды, сығырайып тұрған білтені де сөндірмейді”. Шынымен-ақ Иса көп кереметін қоғам шеттетіп тастаған және үміті сөнген жандарға жасаған. Мысалы, үсті-басын түгел алапес басқан кісінің күйі қандай болды екен? Ол “бір күні дертімнен айығып, жақындарыммен, достарыммен қайтадан бірге боламын” деп үміттенбеген де шығар (Лұқа 5:12, 13). Исаның алдына келген құлағы саңырау, тілі мүкіс адам ше? Ол айналасындағы адамдарды бақылап, олардың шүйіркелесіп әңгімелесіп жатқанын көретін, бірақ түк те түсінбейтін. Сондай кездері ол не сезінді екен? (Мар. 7:32, 33). Осындай жандардың рухын күйреткен тағы бір жайт бар еді.

8 Исаның кезінде еврейлердің көбі адам ауру я кемтар болса, демек, өзінің не әке-шешесінің күнәсі үшін жазаланып жатыр деп ойлаған (Жох. 9:2). Сондықтан ондай адамның қадір-қасиетін түсіріп, жаман қараған. Иса болса сол жандарды сауықтырып, кеуделерінде Құдайға деген үміт отын жаққан. Осылай ол Ишая айтқан пайғамбарлықты орындады. Бұдан өзімізге не түйеміз?

9. Еврейлерге 4:15, 16-тармақтардан Исаның біз сияқты пенделерге деген жанашырлығы жайлы не түсінеміз?

9 Еврейлерге 4:15, 16 оқыңыз. Исаның бізге де әрқашан жаны ашып тұратынына нық сенімдіміз. Осы тармақтардағы “жаны ашу” деп аударылған грек сөзі өзгенің қиналғанын, мұң-қайғысын өз бойыңнан өткізіп, сезінуді білдіреді (Еврейлерге 10:34-ті қарасаңыз, Пауыл дәл сол грек сөзін қолданған). Ал Иса адамдардың қайғысын қалай сезініп, оларға қалай жаны ашығанын оның жасаған кереметтерінен түсінеміз. Ол өзін борышты сезінгендіктен ғана емес, адамдардың қамын жеп, көмектескісі келгендіктен сауықтырған. Мысалы, ол алапес кісіні алыстан-ақ айықтырып жібере алар еді, бірақ қасына келіп, тіпті денесіне қолын тигізді! Бұл кісі көп жылдан бері ешбір адамнан бұндай жылулық сезінбеген шығар. Саңырау кісіні жазғанда да, Иса оның қамын ойлап, у-шу халықтың ортасынан шеткері алып шыққан. Бірде күнәсіна өкінген әйел Исаның аяғын көз жасымен жуып, шашымен сүрткен кезде не болып еді? Сол жердегі бір парызшыл оған менсінбей қарағанда, Иса бұл әйелді қорғап сөйлеп, парызшылды қатаң түзетті (Мат. 8:3; Мар. 7:33; Лұқа 7:44). Осы оқиғалардан байқағанымыздай, Иса еш уақытта науқас, кемтар я ауыр күнә жасаған адамдардан бетін бұрмаған. Қайта, оларды қасына шақырып, жақсы көретінін білдірген. Бұрынғыдай, бүгінде де Иса бізге дәл солай жанашырлықпен қарайтынына күмәнданбасақ болады.

БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРІМІЗДІ ҮЛГІ ТҰТАМЫЗ

10. Қазіргі таңда зағип пен саңырау адамдарға қандай көмек берілуде? (Суреттерді де қараңыз.)

10 Исаның ізімен жүргендіктен, біз де адамдарға сүйіспеншілік пен жанашырлық танытқымыз келеді (Пет. 1-х. 2:21; 3:8). Зағиптар мен саңырауларды айықтыра алмасақ та, біз оларға рухани көмек көрсете аламыз. Мысалы, біздің ұйым 100-ден астам ым тілінде әдебиеттер шығарады. Сондай-ақ зағип кісілер үшін Брайль қарпінде 60-тан көп тілде әдебиеттер шығарады және 100-ден аса тілде видеоларымыздың аудиосипаттамасы бар. Осы шаралардың арқасында көзі көрмейтін немесе құлағы естімейтін жандар да Ехоба Құдай мен оның Ұлын танып, олармен дос болады.

Коллаж: 1. Ым тілді қауым кездесуінде бауырластар ән шырқап жатыр. 2. Бір зағип әйел бауырлас Брайль қарпімен жазылған Киелі кітапты оқып жатыр.

Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер 1000-нан астам тілге аударылады

Сол жақта: 100-ден аса ым тілінде

Оң жақта: Брайль қарпінде 60-тан аса тілде

(10-абзацты қараңыз)


11. Исадан үлгі алып, біздің ұйым барша адамның қамы үшін не істеп жатыр? (Елшілердің істері 2:5—7, 33) (Суреттерді де қараңыз.)

11 Елуінші күн мейрамына жиналған адамдардың бәрі ізгі хабарды өз тілінде есту үшін, қайта тірілген Иса шәкірттеріне киелі рух төкті (Елшілердің істері 2:5—7, 33 оқыңыз). Қазіргі таңда да Ехобаның ұйымы әртүрлі адамдарға Құдайға жақындауға көмектеседі. Исаның жетелеуімен біз Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді 1000-нан астам тілде, тіпті аз ғана адам сөйлейтін тілдерде де басып шығарамыз. Мысалы, Оңтүстік және Солтүстік Америкадағы байырғы халықтардың тілдерінде аз адам сөйлейді. Десе де ұйым бұл халықтардың 160-тан аса тілінде әдебиеттер басып шығарады, өйткені ізгі хабарды олар да түгелімен естісе екен дейді. Бұдан бөлек, біздің әдебиеттер сыған халықтары сөйлейтін 20-дан астам тілге аударылады. Сол тілдерде сөйлейтін мыңдаған адам Ехобаға қызмет ете бастады.

Коллаж: 1. Американың байырғы халқына жататын әйел бауырлас өз тіліндегі Киелі кітапты ұстап тұр. 2. Сыған әйел бауырлас қызымен бірге рухани жиындардың бірінде отыр.

Сол жақта: Американың байырғы халықтарының 160-тан аса тілінде

Оң жақта: 20-дан аса сыған тілінде

(11-абзацты қараңыз)


12. Ехобаның ұйымы адамдарға тағы қандай көмек көрсетеді?

12 Ізгі хабарды көпшілікке жеткізумен қатар, Ехобаның ұйымы табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек қолын созады. Жердің түкпір-түкпірінде мыңдаған ерікті қызметші айтпай келген апаттан қиналған бауырластарына көмектесуге дайын. Сонымен қатар адамдар бірге жиналып, Ехобаның сүйіспеншілігі туралы көбірек оқып-білу үшін, біздің ұйым қарапайым ғибадат орындарымен қамтамасыз етеді.

БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРІМІЗ СІЗДІ ОЙЛАЙДЫ

13. Иса бізге қандай жолдармен көмек көрсетеді?

13 Ізгі бағушымыз Иса әрбіріміздің рухани күйімізді ойлайды (Жох. 10:14; Ефес. 4:7). Кейде өмірдегі қиындықтардан өзімізді сөнгелі тұрған білтедей не майысқан қамыстай сезініп кетеміз. Мысалы, ауыр дерттің, бауырласпен арамызда туған реніштің немесе өз қателігіміздің кесірінен сондай күй кешіп жатамыз. Сондайда жанымыздың қиналғанынан басқа ештеңені ойлай алмай қалатын шығармыз, үмітіміз де ойдан шығып кетер. Алайда Иса қаншалықты қиналып жатқанымызды, ішкі жай-күйімізді толық түсінетінін ұмытпайық. Жаны ашығандықтан ол бізден көмегін аямайды. Біріншіден, киелі рух арқылы бізге күш беріп, қуаттайды (Жох. 16:7; Тит. 3:6). Сондай-ақ сый ретінде берілген адамдар мен бауырластарды жіберіп, бізді жігерлендіреді әрі қажетті көмек көрсетеді (Ефес. 4:8).

14. Еңсеміз түскенде не туралы ой жүгіртсек болады?

14 Еңсеңіз езіліп, іштегі жалыныңыз сөніп бара жатса, Иса сияқты Бас діни қызметкеріміз бар екенін еске алып, терең ой жүгіртіңіз. Ехоба оны жерге төлем үшін ғана емес, кемелсіз пенделердің қиындықтарын жақсырақ түсінсін деп жіберді. Сондықтан күнәларымыз бен әлсіздіктеріміздің кесірінен түңіліп жүрсек, Иса “мұқтаж кезімізде” көмекке келуге дайын екенін ұмытпайық (Евр. 4:15, 16).

15. Бір ер бауырластың қауымға оралуына қандай көмек көрсетілді?

15 Сондай-ақ Иса бауырластарға Ехобаның отарынан бөлініп қалған адамдарды тауып, оларды қауымға қайтаруға қозғау салады (Мат. 18:12, 13). Қауымнан аластатылғанына 12 жыл болғанда Стефаноb деген бір ер бауырлас Патшалық сарайына барады. Ол былай дейді: “Алғаш барғанымда қатты ұялып, ыңғайсыздандым. Алайда ақсақалдар мені жылы жүзбен күтіп алды. Бауырластарыммен бірге Ехобаға қайтадан қызмет еткім келсе де, өзімді кейде лайықсыз сезініп, менен түк шықпайды деп ойлайтынмын. Сонда ақсақалдар: —Еш берілме, Ехоба мен Иса сені күтеді,— деп есіме салатын. Кейін мен қауымға қайта қабылдандым. Мені де, отбасымды да бауырластар құшақ жая қарсы алды. Кейінірек әйелім де зерттеу сабағын бастады. Қазір отбасымызбен Ехобаға қызмет етіп жүрміз”. Күнәсіна өкінгендердің арамызға оралуына қауым болып үлес қосып жатқанымызды көргенде, Бас діни қызметкеріміз қатты қуанады!

16. Бас діни қызметкеріміз Исаға сіз не үшін ризасыз?

16 Жерде өмір сүрген кезінде Иса талай рет мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Бүгінде де ол бізге қиын шақта көмектесетініне кәміл сенеміз. Ал жаңа дүниеде ол бізді күнә мен кемелсіздіктің құлдығынан толықтай босатады. Сүйіспеншілігі мен рақымы мол Әкеміз Ехоба осындай жанашыр Бас діни қызметкер бергеніне алғысымыз шексіз!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Исаның жердегі өмірі оның ең тамаша Бас діни қызметкер болуына қалай септігін тигізді?

  • Ишая 42:3-тегі сөздерді Иса қалай орындады?

  • Қазіргі күні Бас діни қызметкеріміз бізге қалай көмектесіп жатыр?

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

a Иса исраилдіктердің бас діни қызметкерінің орнын қалай басқаны жайында толығырақ білу үшін, 2023 жылы қазан айында шыққан “Күзет мұнарасының” “Рухани ғибадатханада құлшылық ету мәртебесін бағалайық” деген мақаласының 26-бетіндегі 7—9 абзацтарын қараңыз.

b Есімі өзгертілген.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу