Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 тамыз 14—19 бет.
  • Ехобаның сізді кешіргеніне сеніңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның сізді кешіргеніне сеніңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБАНЫҢ КЕШІРГЕНІНЕ СЕНУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?
  • ЕХОБАНЫҢ КЕШІРГЕНІНЕ ЖҮРЕГІМІЗДІ ҚАЛАЙ СЕНДІРСЕК БОЛАДЫ?
  • ЕХОБА ЕСТЕ ҰСТАЙТЫН НӘРСЕНІ СІЗ ДЕ ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ
  • ЖҮРЕГІҢІЗДІ ӘРІ ҚАРАЙ ДА СЕНДІРЕ БЕРІҢІЗ
  • Ехоба кешірсе, толықтай кешіреді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • ‘Кешіруге дайын’ Құдай
    Ехобаға жақында
  • Ехоба — кешірімділердің кешірімдісі!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Ехоба кешірген күнәларды еске ала ма?
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2017)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 тамыз 14—19 бет.

34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

Ехоба сізді кешіргеніне сеніңіз

“Сен қателігімді де, күнәларымды да кешірдің” (ЗӘБ. 32:5).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның бізді кешіргеніне сену аса маңызды. Киелі кітапта Құдай өкінгендерді толық кешіретініне сендіретін тармақтар өте көп.

1, 2. Күнәсіна өкінген адам қандай жеңілдік сезінеді? (суретті де қараңыз.)

КІМ-КІМ, Дәуіт патша күнәнің зілі қаншалықты ауыр екенін жақсы білген (Зәб. 40:12; 51:3 кіріспе). Ол өмірінде бір емес, бірнеше ауыр күнә жасаған. Бірақ ол шын жүректен өкінгендіктен, Ехоба оны кешірді (Сам. 2-ж. 12:13). Ехобаның кешіріміне ие болған адамның қандай жеңілдік сезінетіні де Дәуітке жақсы таныс болған (Зәб. 32:1).

2 Дәуіт қана емес, Ехобаның кешірімінен бүгінде талайымыз жеңілдік сезініп жүрміз. Ехобаның қателіктерімізді, тіпті ауыр күнәларымызды кешіруге асық екені жанымызға жұбаныш береді емес пе?! Тек күнәмізді мойындап, шын жүректен өкініп, қайталамасақ болғаны (Нақ. с. 28:13; Ел. іс. 26:20; Жох. 1-х. 1:9). Ехобаның бізді жай ғана кешіріп қоймай, ешқашан күнә жасамағандай толық ақтап алатынын айтсаңызшы! Бұл неткен жұбаныш! (Езек. 33:16).

Дәуіт патша сарайының төбесінде арфада ойнап, ән айтып отыр.

Дәуіт патша Ехобаның кешірімділігі жайлы біраз жыр жазған (1, 2-абзацты қараңыз)


3, 4. Дженнифер бауырластың қандай күмәні болған және бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Өкінішке қарай, кейбір бауырластарға Ехоба кешіргеніне сену қиын болып жатады. Солардың бірі — Дженнифер бауырлас. Ол шындықта өссе де, жасөспірім кезінде ата-анасынан тығылып, Ехобаға ұнамайтын неше түрлі нәрселер істеген. Біраз жылдан кейін ол Ехобаға қайта оралып, шомылдыру рәсімінен өтті. Ол былай дейді: “Мен ақшаның соңынан да қудым, азғындыққа да, ішімдікке де салындым. Ашуды жүгендеп, өз-өзімді ұстау дегенді ұмыттым. Кейін күнәларым үшін өкініп, жалбарынып Ехобадан кешірім сұрадым. Ол мені кешіргенін санаммен түсінсем де, жүрегімді бұған сендіре алмай-ақ қойдым”.

4 Ехоба күнәларыңызды кешіргеніне жүрегіңізді сіз де сендіре алмай жүрсіз бе? Бірақ Ехоба сіздің күнәларыңыз кешірілгеннен кейін Дәуіт сияқты жеңілдеп, көңіліңіз тыныш болғанын қалайды. Осы мақалада Ехобаның кешіргеніне сену қаншалықты маңызды екенін және сол сенімімізді қалай арттыра алатынымызды көреміз.

ЕХОБАНЫҢ КЕШІРГЕНІНЕ СЕНУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

5. Шайтан бізді не нәрсеге сендіргісі келеді? Мысал келтіріңіз.

5 Ехобаның бізді кешіргеніне сенсек, Шайтанның өте бір қауіпті тұзағына түсіп қалмаймыз. Шайтан бізге Ехобаға қызмет етуді доғарту үшін бәріне дайын. Өз дегеніне жету үшін, ол бізді күнәларымыз кешірілмейтіндей тым ауыр дегенге сендіргісі келеді. Бірінші ғасырда Қорынт қауымындағы бір ер бауырлас азғындық жасап, қауымнан аластатылғанда, Шайтан дәл осы айласын асырмақ болған (Қор. 1-х. 5:1, 5, 13). Сол бауырлас күнәсіна өкінгенде, Шайтан қауымдағы бауырластардың оны кешірмей қойып, қауымға қайта қабылдамағандарын қалады. Ал күнәсіна өкінген бауырластың өз күнәсін кешірілмейтіндей тым ауыр санап, “шектен тыс қайғыға батып” кеткенін қалады. Осылай Ехобаға қызмет етуін доғарса екен деді. Бүгінде де Шайтанның көздеген мақсаты да, қолданатын айла-амалы да тура сол. Қуанышқа орай, біз оның айла-амалдарын жақсы білеміз (Қор. 2-х. 2:5—11).

6. Күнәнің зіл батпан жүгінен арылу үшін не істегеніміз маңызды?

6 Ехобаның кешіргеніне сенсек, күнәнің зіл батпан жүгінен арыламыз. Күнә жасап қойғанда біз өзімізді бірден айыптап шығамыз (Зәб. 51:17). Бұл бір жағынан жақсы, өйткені ар-ұжданымыз мазалағанда біз жаман жолдан қайтып, қателігімізді түзеуге талпынамыз (Қор. 2-х. 7:10, 11). Бірақ бір қауіп бар. Біз өкінген соң да, өзімізді қоймай жазғыра беруіміз мүмкін. Соның кесірінен өз-өзімізден күдер үзіп, Ехобаға қызмет етуді доғаруымыз да ғажап емес. Ал Ехобаның бізді кешіргеніне сенсек, бұрынғы күнәларымызды арқаламай, артта қалдырамыз. Соның арқасында Ехоба қалағандай оған таза ар-ұжданмен әрі зор қуанышпен қызмет етеміз (Қол. 1:10, 11; Тім. 2-х. 1:3). Алайда бізді қоймай айыптайтын жүрегімізді Ехобаның кешіргеніне қалай сендірсек болады?

ЕХОБАНЫҢ КЕШІРГЕНІНЕ ЖҮРЕГІМІЗДІ ҚАЛАЙ СЕНДІРСЕК БОЛАДЫ?

7, 8. Ехоба Мұсаға өзі жайлы не деді және оның сөздері не нәрсеге көзімізді жеткізеді? (Мұсаның 2-жазбасы 34:6, 7)

7 Ехобаның өзі жайлы айтқан сөздерін есте ұстаңыз. Синай тауында Ехоба Мұсаға өзі жайлы не дегенін еске алайықшыa (Мұсаның 2-жазбасы 34:6, 7 оқыңыз). Басқа да керемет қасиеттері жетіп жатса да, Ехоба өзінің “мейірімді де жанашыр” екенін ерекше атап өтті. Енді ойланып көріңізші, осындай Құдайдың күнәсіна өкініп тұрған қызметшісін кешірмей қоюы мүмкін бе? Жоқ, әрине! Өйткені бұл мейірімсіздік әрі тасжүректік болар еді. Ал бұл қасиеттерді Ехоба ешқашан танытпайды, тіпті таныта алмайды да.

8 Ехоба ешқашан жоқты бар демейді, өйткені ол — “Шындықтың Құдайы” (Зәб. 31:5 сілт.). Демек, Ехоба мейірімдімін десе, оның мейірімді екеніне сенуіміз керек. Егер сіз бұрынғы күнәларыңыз үшін өзіңізді әлі де жегідей жеп жүрген болсаңыз, былай деп ойланыңыз: “Мен Ехобаның мейірімді де жанашыр екеніне және күнәсіна өкінген кез келген адамды кешіретініне сенемін бе? Егер сенсем, Ехоба мені де кешіргеніне сенуім керек емес пе?!”

9. Зәбүр 32:5-тен Ехобаның кешірімділігі жайлы не білеміз?

9 Киелі кітаптағы Ехобаның кешірімділігін сипаттайтын тармақтар жайлы ой жүгіртіңіз. Мысалы, Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен Ехоба жайлы былай деген: “Сен қателігімді де, күнәларымды да кешірдің” (Зәбүр 32:5 оқыңыз). Бұл тармақтағы “кешіру” деп аударылған еврей сөзі “алып тастау” не “лақтырып тастау” деген мағынаны білдіреді. Демек, Ехоба Дәуітті кешіргенде, оның иығын зілдей басып тұрған ауыр жүкті алып, лақтырып тастағандай болды. Сол кезде Дәуіт жанын жегідей жеген кінәлі сезімнен арылып, бір жеңілдеп қалды (Зәб. 32:2—4). Күнәларымызға шын өкінген болсақ, біз де жеңілдік сезінейік. Ехоба иығымыздан алып, лақтырып тастаған жүкті қайтадан арқалап жүрудің еш қажеті жоқ.

10, 11. Зәбүр 86:5-тен Ехоба жайлы не білеміз?

10 Зәбүр 86:5 оқыңыз. Бұл тармақта Дәуіт Ехобаның “кешіруге дайын” екенін айтқан. Киелі кітап жайлы бір еңбекте бұл тіркес былай түсіндірілген: “[Құдай] — нағыз кешірімпаз, кешіру оның болмысының ажырамас бөлігі”. Ехобаның осыншалықты кешірімпаз болуының себебі неде? Бұның жауабы тармақтың екінші жартысында айтылған. Онда: “Өзіңе арқа сүйейтіндердің ешқайсысынан айнымас сүйіспеншілігіңді аямайсың”,— делінген. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Ехоба өз қызметшілеріне айнымас сүйіспеншілік танытады және оның бұл сүйіспеншілігі тұрақты әрі еш өзгермейді. Өкінген жандарды жомарттықпен кешіруге талпындыратын да — дәл осы сүйіспеншілігі (Ишая 55:7). Құдайдың сізді кешіргеніне сену қиын болып жатса, былай деп ойланыңыз: “Ехобаның кешірімпаз Құдай екеніне, кешірім сұрап келген адамның бәрін кешіруге дайын екеніне сенемін бе? Онда кешірім сұрап жалбарынсам, мені де кешіргеніне сенуім керек емес пе?!”

11 Адам баласының күнәкар болмысының қандай екені Ехобаға бүге-шігесіне дейін мәлім (Зәб. 139:1, 2). Бұл да — Ехоба бізді кешіргеніне сенуге көмектесетін бірден-бір жайт. Осы орайда Дәуіт жазған тағы бір зәбүр жырына назар аударайық.

ЕХОБА ЕСТЕ ҰСТАЙТЫН НӘРСЕНІ СІЗ ДЕ ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ

12, 13. Зәбүр 103:14-ке сай, Ехоба нені есте ұстайды және бұл оны не істеуге талпындырады?

12 Зәбүр 103:14 оқыңыз. Дәуіт “топырақ екеніміз” Ехобаның есінде екенін айтқан. Оның бұл сөздері Ехоба өкінген қызметшілерін кешіруге не үшін дайын екенін түсінуге көмектеседі. Құдай күнәкар болмысымызды қаншалықты ескеретінін жақсырақ түсіну үшін, Дәуіттің осы сөздерін тереңірек қарастырайық.

13 Дәуіт Ехоба “біздің неден жаратылғанымызды жақсы білетінін” айтқан. Құдай Адам атаны жердің топырағынан жаратқан. Сондықтан кемелді адам тамақ, ұйқы, ауа сияқты қарапайым нәрселерге тәуелді еді, онсыз өмір сүре алмайтын. О баста “топырақ” деген сөз осыны ғана білдірген (Мұс. 1-ж. 2:7). Бірақ Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін, “топырақ” деген сөздің мағынасы кеңейе түсті. Олардан тараған ұрпақ күнәкар болғандықтан, енді адамдар күнә жасауға бейім болды. Ехоба мұны өте жақсы біледі. Дәуіттің “топырақ екеніміз оның есінде” деген сөздері Ехоба күнәкар бейімділігімізді білетінін және соны есте ұстайтынын білдіреді. Ендеше, Дәуіттің сөздерінен мынадай түйін жасауға болады: күнә жасау бізге тән екенін Құдайымыз жақсы түсінеді, сондықтан күнәмізға өкінсек, ол бізге жаны ашып, мейіріммен кешіреді (Зәб. 78:38, 39).

14. а) Ехобаның кешіріміне қатысты Дәуіт тағы не айтқан? (Зәбүр 103:12) ә) Ехоба кешірсе, толық кешіретінін Дәуіттің жағдайы қалай дәлелдейді? (“Ехоба күнәларды кешіреді, есінен де өшіреді” деген қоршауды қараңыз.)

14 Ехобаның кешіріміне қатысты назар аударатын тағы бір жайт бар (Зәбүр 103:12 оқыңыз). Дәуіт Ехоба бізден күнәларымызды барынша қашықтататынын айтқан. Шығысқа ең алыс нүкте — батыс. Бұл екеуі бір-бірімен ешқашан кездеспейді. Дәуіттің сөздерінен Ехобаның кешірімі жайлы не білеміз? Бір еңбекте “Құдай күнәмізді бізден қашықтататыны сонша — сол күнәміздің ізі де, иісі де қалмайтыны” айтылған. Әдетте қандай да бір иіс бұрын болған жайттарды еріксіз еске түсіріп жібереді. Күнәмізді еске түсіретін ештеңе болмайтындықтан, Ехоба күнәмізді есіне алмайды, сол үшін кейін жазалап та жүрмейді (Езек. 18:21, 22; Ел. іс. 3:19 сілт.).

Коллаж: 1. Дәуіт патша сарайының төбесінен шомылып жатқан Барсабияға қарап тұр. 2. Ол өкініштен өзегі өртеніп, дұға етіп жатыр. 3. Жыр жазып отырған Дәуіт ойланып отыр.

Ехоба күнәларды кешіреді, есінен де өшіреді

Ехоба кешіргенде жасаған күнәмізді біржола ұмытады және күндердің күнінде сол үшін жазалап жүрмейді (Ишая 43:25). Бұған Дәуіт патшаның жағдайы тамаша дәлел. Оның жағдайынан күнә жасағаннан кейін де Ехобаның алдында жақсатқа ие болу мүмкін екенін көреміз.

Дәуіт азғындық, кісі өлтіру сияқты өте ауыр күнәлар жасаған. Бірақ ол шын өкінгендіктен, Ехоба оны кешірді. Дәуіт түзетуді қабылдап, дұрыс жолға қайтты. Ол бұрынғы күнәларын қайталамай, Ехобаға соңына дейін адал қызмет етті (Сам. 2-ж. 11:1—27; 12:13).

Кейін Ехоба Дәуіт жайлы Сүлейменге былай деді: “Әкең Дәуіт сияқты... алдымда жүрегің мінсіз әрі әділ болып жүр” (Пат. 1-ж. 9:4, 5). Байқасақ, Ехоба Дәуіттің бірде-бір күнәсін айтпаған, керісінше, оны “мінсіз әрі әділ” деп атады. Оның үстіне, Ехоба Дәуітті адалдығы үшін “көл-көсір игілікке” кенелтті (Зәб. 13:6).

Дәуіттің жағдайынан қандай түйін жасаймыз? Ехоба кешірсе, күнәларымызды ұмытады. Ол күнәларымызды санамалап, жіпке тізбейді. Керісінше, қай жақсылығы үшін батамды берсем екен деп, бойымыздан тек жақсылық іздейді (Евр. 11:6). Ендеше, Ехоба ұмытқан күнәларды біз де ұмытайық.

15. Бұрын жасаған күнәларымыз әлі де маза бермей жүрсе, не істесек болады?

15 Сонымен, Зәбүр 103-тараудағы Дәуіттің сөздерінен Ехобаның кешіріміне қатысты не түйеміз? Бұрынғы күнәларыңыз үшін өз-өзіңізді кешіре алмай жүрсеңіз, былай деп ойланыңыз: “Ехоба менің күнәкар екенімді есте ұстайтынына, сондықтан мені кешіруге дайын екеніне қаншалықты сенемін? Ал күнәмді кешірсе, біржола ұмытатынына және кейін сол үшін жазалап жүрмейтініне сенемін бе? Егер сенсем, онда Ехоба есте ұстайтын нәрсені мен де есте ұстап, ұмытқан нәрсені мен де ұмытуым керек емес пе?!” Ехоба өткенді қазбалап, бұрынғы күнәларымызды қайта-қайта есіне ала бермейді. Біздің де солай еткеніміз жөн (Зәб. 130:3). Ехобаның бізді кешіргеніне сенсек, онда біз де өз-өзімізді кешіріп, алға қарай ұмтыламыз.

16. Бұрын жасаған күнәларымызды ойлай беру несімен қауіпті? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)

16 Бұрынғы күнәларды ойлай беру көлікті тек артқы айнаға қарап жүргізумен тең. Әрине, көлік жүргізгенде ара-арасында артқы айнаға қарап тұрған дұрыс. Соның арқасында жүргізуші арттағы қауіпті көре алады. Бірақ жол апатына ұшырамас үшін, ол бар назарын алдағы жолға тігу керек. Тура солай, бұрынғы күнәларымыз кейде еске түсіп тұрса, бұл жаман емес. Бұл бізге жасаған қателіктерімізден сабақ алып, қайталамауға көмектеседі. Бірақ бұрынғы күнәларымызды үнемі ойлай беретін болсақ, қуаныштан айырылып, Ехобаға толыққанды қызмет ете алмай қаламыз. Ендеше, артқа жалтақтай бермей, тек алға көз тігейік. Бізді алда Ехоба уәде еткен жаңа дүние күтіп тұр. Жұмақта жүрегімізге қаяу түсірген “бұрынғы жайттар еске алынбайды” (Ишая 65:17; Нақ. с. 4:25).

Жүргізуші ирелең жолмен жүріп келе жатып, артқы айнаға көз тастап жатыр.

Жүргізушінің бар назарын артқы айнаға емес, алдағы жолға тіккені маңызды. Біз де бұрынғы қателіктерімізге емес, алдағы баталарға көз тігуіміз керек (16-абзацты қараңыз)


ЖҮРЕГІҢІЗДІ ӘРІ ҚАРАЙ ДА СЕНДІРЕ БЕРІҢІЗ

17. Ехоба бізді жақсы көретініне және кешіргеніне жүрегімізді сендіре беру неге маңызды?

17 Ехобаның бізді жақсы көретініне және күнәларымызды кешіргеніне жүрегімізді сендіре берейік (Жох. 1-х. 3:19). Бұл неге маңызды? Өйткені Шайтан бізді “сендер жақсы көруге де, кешіруге де тұрмайсыңдар” деген өтірікке сендіру үшін бәрін істейді. Оның көздеп жүргені — сол баяғы бізге Ехобаға қызмет етуді доғарту. Дау жоқ, Шайтан “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен”, шабуылын одан бетер үдете түседі (Аян 12:12). Ендеше, оған айласын асырып кетуге жол бермейік!

18. Ехобаның сізді жақсы көретініне және кешіргеніне жүрегіңізді қалай сендірсеңіз болады?

18 Ехобаның сізді жақсы көретініне сену үшін не істеуіңіз керектігі алдыңғы мақалада айтылды. Ал бұл мақалада Ехобаның сізді кешіргеніне жүрегіңізді сендіру үшін не істеуіңіз керектігін білдіңіз. Қайталап өтсек, Ехобаның өзі жайлы айтқан сөздерін есте ұстаңыз. Киелі кітаптағы Ехобаның кешірімділігін сипаттайтын тармақтар жайлы ой жүгіртіңіз. Ехоба біздің күнә жасауға бейім екенімізді білетінін, сондықтан да жанашырлықпен кешіретінін ұмытпаңыз. Ехоба кешірсе, толықтай әрі біржола кешіретінін есте ұстаңыз. Сонда Ехобаның сізді кешіргеніне көзіңіз жетіп, жүрегіңіз ризашылыққа толады. Сол кезде Дәуіт сияқты сіз де былай дейсіз: “Ехоба, сен қателігімді де, күнәларымды да кешірдің, сол үшін саған шексіз ризамын!” (Зәб. 32:5).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехобаның кешіргеніне сену қаншалықты маңызды?

  • Ехобаның кешіргеніне жүрегімізді қалай сендірсек болады?

  • Ехобаның кешіргеніне жүрегімізді әрі қарай да сендіре беру неге маңызды?

1-ӘН Ехобаның қасиеттері

a “Құдайға жақында. Ехоба Құдай өзінің қасиеттерін ашты” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2009 жыл, 1 шілде).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу