Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 тамыз 8—13 бет.
  • Ехоба сізді жақсы көретініне сеніңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба сізді жақсы көретініне сеніңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ СЕНУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?
  • ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ СЕНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
  • ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ИСА АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ СЕНДІРДІ?
  • ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІҢІЗДІ АРТТЫРА БЕРІҢІЗ
  • Ехоба сізді жақсы көреді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Ехобаның сүйіспеншілігі мәңгі
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 тамыз 8—13 бет.

33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”

Ехоба сізді жақсы көретініне сеніңіз

“Айнымас сүйіспеншілігіммен сені өзіме жақындаттым” (ЕРМ. 31:3).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның бізді жақсы көретініне сену және сол сенімімізді арттыру аса маңызды.

1. Сіз Ехобаға не үшін бағышталдыңыз? (Суретті де қараңыз.)

ЕХОБАҒА бағышталған күніңіз есіңізде ме? Ехобаны жақсы көріп кеткеніңіз сонша — сіз дұғада оған өміріңізді арнағыңыз келетінін айтып, оны әрі қарай да бар жүрегіңізбен жақсы көре беретініңізді уәде еттіңіз (Мар. 12:30). Сол күннен бері Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз күшейген үстіне күшейе түскені сөзсіз. Қазір біреу сізден: “Сен Ехобаны жақсы көресің бе?”— деп сұраса, еш ойланбастан: “Бәрінен де артық жақсы көремін!”— деріңіз анық.

Коллаж: Қыз бауырлас Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен кезін еске алып жатыр. 1. Ол далада ағаштың түбінде дұға етіп отыр. 2. Ол өзенде шомылдыру рәсімінен өтіп жатыр.

Ехобаны қалай жақсы көріп кеткеніңіз есіңізде ме? (1-абзацты қараңыз)


2, 3. Ехоба бізді неге сендіргісі келеді және бұл мақалада не қарастырамыз? (Еремия 31:3)

2 Ал біреу сізден: “Ехоба сені жақсы көре ме?”— деп сұраса, не деп жауап берер едіңіз? Еш ойланбастан: “Иә!”— дейсіз бе? Жоқ әлде не айтарыңызды білмей кідіріп қаласыз ба? Бәлкім, сізде “мен Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін” деген ой болатын шығар. Бала кезінде әкесінің махаббаты мен жылулығын сезбей өскен бір әйел бауырлас: “Мен Ехобаны қатты жақсы көремін. Бұны нақты білемін. Ал Ехоба мені жақсы көретініне олай сенімді емеспін”,— дейді. Ендеше, Ехоба бізді жақсы көре ме, жоқ па — оны қалай білсек болады?

3 Ехоба сізді жақсы көретініне айғақтар өте көп. Ол сіздің соларды біліп, соларға сенгеніңізді қалайды (Еремия 31:3 оқыңыз). Ең алдымен, Ехоба сізді өзіне жақындатып тартты. Сіз оған өміріңізді арнап, бағышталған кезде, ол сізге барлық адамға таныта бермейтін бір қасиетін танытып бастады. Бұл — айнымас сүйіспеншілік. Аты айтып тұрғандай, бұл сүйіспеншілік бірқалыпты, ешқашан өзгермейді. Ехоба қызметшілерін айнымас сүйіспеншілікпен сүйетіндіктен, ол сізді “бағалы меншігі” санайды (Малх. 3:17 сілт.). Ехоба елші Пауылдікіндей сенім сіздің де жүрегіңізде ұялағанын қалайды. Пауыл былай деп жазған: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, үкімет те, қазіргі не болашақтағы нәрселер де, ешбір күш те, биіктік те, тереңдік те, ешқандай жаратылыс та бізді Құдайдың. . . сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Рим. 8:38, 39). Бұл мақалада Ехобаның сүйіспеншілігіне сену қаншалықты маңызды екенін және соған деген сенімімізді арттыру үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ СЕНУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

4. Шайтанның ең зымиян айласы қандай және оған қарсы тұру үшін біз не істеуіміз керек?

4 Ехобаның бізді жақсы көретініне сенсек, Шайтанның “зымиян іс-әрекеттеріне тойтарыс бере аламыз” (Ефес. 6:11). Бізге Ехобаға қызмет етуді доғарту үшін Шайтан ештеңеден тайынбайды. Оның ең зымиян айласының бірі — Ехоба бізді жақсы көрмейді деген өтірікке сендіру. Шайтан — барып тұрған айлакер. Әлсіз кезімізді көрсе, ол бұны міндетті түрде пайдаланып кетеді. Өткен өмірдің жарасы, басқа түсіп жатқан қиындықтар, болашақпен байланысты уайымдар жанымызға батып, әбден қажытып жібергенде, Шайтан бірден жетіп келеді (Нақ. с. 24:10). Әлсіреп, қорғансыз қалған жемтігіне атылатын арыстан сияқты Шайтан да бізге дәл әлсіз кезімізде тап береді. Сондайда Шайтанның жемтігіне айналмас үшін Ехобаның бізді жақсы көретініне сенуіміз керек. Бұндай сенім барда біз Шайтанның кез келген зымиян айла-амалдарына “қарсы тұрамыз” (Пет. 1-х. 5:8, 9; Жақ. 4:7).

5. Ехобаның бізді жақсы көретініне сену неге маңызды?

5 Ехобаның бізді жақсы көретініне сенсек, оған жақындай түсеміз. Біз сүю үшін және сүйікті болу үшін жаралғанбыз. Біз өзімізді жақсы көріп тұрған адамды жақсы көруге бейім келеміз. Демек, Ехобаның бізді жақсы көретінін сезген сайын, біздің де оған деген сүйіспеншілігіміз артады (Жох. 1-х. 4:19). Ехобамен де тура солай. Біз оны жақсы көрген сайын, ол да бізді жақсы көре түседі. Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп анық айтылған (Жақ. 4:8). Көргеніміздей, Ехобаның бізді жақсы көретініне сену аса маңызды. Ал енді Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенімімізді арттыру үшін не істеуіміз керектігін қарастырайық.

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ СЕНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

6. Ехобаның бізді жақсы көретініне сену үшін не жайлы дұға етсек болады?

6 Нақты әрі ұдайы дұға етіңіз (Лұқа 18:1; Рим. 12:12). Күнде-күнде, қажет болса күніне бірнеше рет, Ехобаға дұға етіп, “мені жақсы көретініңе көзімді жеткізші” деп сұраңыз. Әрине, өзімізді кінәлай беретін жүрегімізді бұған сендіру оңай емес. Бірақ ұмытпайық, Құдай жүрегімізден жоғары (Жох. 1-х. 3:19, 20). Ехоба бізді өзімізден де артық жақсы біледі, өзіміз байқамай жүрген жақсы тұстарымызды ол міндетті түрде байқайды (Сам. 1-ж. 16:7; Шеж. 2-ж. 6:30). Сондықтан Ехобаға “жүрек сырыңызды ақтарыңыз”, одан сүйіспеншілігіне сенуге көмектесуін сұрай беріңіз (Зәб. 62:8). Кейін айтқан дұғаңызға сай әрекет ету үшін келесі қадамдарды да жасаңыз.

7, 8. Зәбүр жырлары Ехобаның бізді жақсы көретініне көзімізді қалай жеткізеді?

7 Ехобаның айтқан сөздеріне сеніңіз. Ехоба рухының жетелеуімен Киелі кітап жазушыларына өзінің қандай Құдай екенін жаздырған. Сондықтан бұл сөздер толық сенім артуға тұрарлық. Мысалы, Дәуіт патша былай деген: “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады” (Зәб. 34:18). Көңіліміз түсіп, құлазыған сәттерде біз өзімізді бүкіл дүниеде жалғыз қалып кеткендей сезінеміз. Сондай кездерде Ехоба қызметшілеріне жақын тұрады, өйткені дәл сол сәтте оның көмегіне ерекше мұқтаж екенін біледі. Тағы бір жырында Дәуіт Ехобаға: “Көз жасымды месіңе жинап қойшы”,— деген (Зәб. 56:8). Бастан кешіп жатқан қиындықтарымыз да, қандай күй кешіп жүргеніміз де Ехобаға белгілі, ол бұған ешқашан бейжай қарамайды. Шөл даланы кезіп жүрген жолаушының месіндегі әрбір тамшы су қаншалықты бағалы болса, қызметшілерінің көз жасы да Ехоба үшін соншалықты бағалы. Ал Зәбүр 139:3-те Ехобаға “жолдарымыздың бәрі белгілі” екені айтылған. Ехобаға жолдарымыздың бәрі белгілі болса да, ол біздің тек жақсы жақтарымызға ғана назар аударады (Евр. 6:10). Өйткені көңілінен шығу үшін жасаған әрбір ісіміз оның жүрегін қуантадыa.

8 Жігер беретін осындай тармақтарда Ехоба бізге: “Мен сені жақсы көремін, бағалаймын, сенші маған”,— деп жатқандай. Ал Шайтан бізді “Ехоба сені жақсы көрмейді” деген өтірікке сендіріп әлек. Ехоба сізді жақсы көретініне күмәндана бастасаңыз, сәл тоқтап, ойланыңыз: Сіз кімге сенесіз? “Өтіріктің әкесіне” ме, әлде “Шындықтың Құдайына” ма? (Жох. 8:44; Зәб. 31:5 сілт.).

9. Ехобаны жақсы көрсек, ол да бізді жақсы көретініне неге сенімді бола аламыз? (Мұсаның 2-жазбасы 20:5, 6)

9 Ехоба сүйіспеншілікке тек сүйіспеншілікпен қайтаратыны жайлы ой жүгіртіңіз. Кезінде Ехоба Мұса мен Исраил халқына не дегенін еске алайықшы. Ехоба: “Мені жақсы көретіндерге... айнымас сүйіспеншілік танытамын”,— деп уәде еткен (Мұсаның 2-жазбасы 20:5, 6 оқыңыз). Осы сөздерден көрінетіндей, жақсы көріп тұрған қызметшісін жақсы көрмеу, сүйіспеншілігіне сүйіспеншілікпен қайтармау Ехобаға жат (Нех. 1:5). Ехобаның сізді жақсы көретініне сену қиын болып жатса, былай деп ой жүгіртіңіз: “Мен Ехобаны жақсы көремін бе? Егер оны жақсы көрсем, оған ұнамды болу үшін барымды салып жүрсем, онда Ехоба да мені жақсы көреді деген сөз емес пе?!” (Дан. 9:4; Қор. 1-х. 8:3). Өзіңіз ойлаңызшы: егер сіз өз сүйіспеншілігіңізге сенімді болсаңыз, онда Ехобанікіне тіптен сенімді болуыңыз керек емес пе?! Сүйіспеншіліктің Құдайына сенбесек, басқа кімге сенеміз?!

10, 11. Ехоба сіздің төлемге қалай қарағаныңызды қалайды? (Ғалаттықтарға 2:20)

10 Төлем жайлы ой жүгіртіңіз. Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы — Ехобаның адамзат үшін жасаған ең керемет сыйы (Жох. 3:16). Бірақ сіз төлемді жалпы адамзатқа берілген сый деп емес, мен үшін берілген сый деп қарастырыңыз. Бұл орайда елші Пауыл жақсы үлгі қалдырған. Ол мәсіхші болғанға дейін біраз ауыр күнә жасады, ал кейін бойындағы кемелсіздігімен арпалысты (Рим. 7:24, 25; Тім. 1-х. 1:12—14). Соған қарамастан ол төлемді өзіне берілген сый деп есептеді (Ғалаттықтарға 2:20 оқыңыз). Ехоба біздің де Пауылдікіндей көзқарас танытқанымызды қалайды. Сол себепті де ол Пауылдың сөздерін Киелі кітапқа жаздырды. Ал “бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған” (Рим. 15:4). Егер төлем құрбандығын өзіңізге берілген сый деп қарастырсаңыз, Ехобаның сізді жақсы көретініне сеніміңіз арта түседі.

11 Біз өмір сүрсін деп Ұлын өлімге қиғаны үшін Ехобаға алғысымыз шексіз! Бірақ Иса жерге тек өмірін қию үшін келген жоқ, ол адамдарға Құдай жайлы шындықты ашу үшін де келді (Жох. 18:37). Сол шындықтардың бірі — Ехоба жердегі балаларын қатты жақсы көреді. Осы маңызды шындықты Иса адамдарға қалай ашқанын көрейік.

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ИСА АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ СЕНДІРДІ?

12. Исаның Ехоба жайлы айтқан сөздері неге сенім артуға тұрады?

12 Иса адамдарға Ехобаның қандай Құдай екені жайлы айтуды ұнатқан (Лұқа 10:22). Оның айтқан әрбір сөзі сенім артуға тұрады. Өйткені Иса Ехобаның қасында кім-кімнен де ұзақ өмір сүрген (Қол. 1:15). Ол көкте болғанда Ехоба өзінің адал ұл-қыздарын қаншалықты жақсы көретінін көріп жүрген. Қазір Иса жерде болғанда адамдарды Ехобаның сүйіспеншілігіне қалай сендіргенін көрейік.

13. Иса біздің Ехобаны кім ретінде танығанымызды қалады?

13 Ізгі хабарда Иса Ехобаны 160-тан астам рет “Әке” деп атаған. Ол біздің де Ехобаны Әке ретінде танығанымызды қалады. Сондықтан Иса шәкірттеріне “көктегі Әкелерің” деп жиі айтқан (Мат. 5:16; 6:26). Иса жерге келгенге дейін адамдар Ехобаны “Құдіреті шексіз Құдай”, “Ұлы Жаратушы”, “Құдай Тағала” деген сияқты лауазымдармен атап жүрген. Бірақ Ехоба өз қызметшілеріне қаншалықты жақын екенін көрсету үшін Иса оны көбіне “Әке” деп атады. Исаның “Әке” деген бірауыз сөзі Ехоба жердегі қызметшілерін өз балаларындай көретінін айқын көрсетті. Қазір Иса Ехобаны “Әке” деп атаған екі жағдайға тоқталайық.

14. Көктегі Әкеміз әрқайсысымызды бағалайтынын Иса қалай түсіндірген? (Матай 10:29—31) (Суретті де қараңыз.)

14 Алдымен Исаның Матай 10:29—31 тармақтардағы (оқыңыз) сөздерін қарастырайық. Торғайлар Ехобаны жақсы көрудің де, оған ғибадат етудің де не екенін білмейді. Сонда да көктегі Әкеміз олардың қамын ойлайды. Қайсысының қайда қонып, қайда жүргенін біліп отырады. Торғай екеш торғайдың өзін Ехоба осылай қамқорласа, оған ғибадат ететін, оны жақсы көретін қызметшілерін тіптен қамқорлайды емес пе?! Иса Ехобаға “тіпті басымыздағы шашымыздың саны да” белгілі екенін айтқан. Бұл сөздер нені дәлелдейді? Бізбен байланысты нәрсенің бәрі, қаншалықты ұсақ-түйек болса да, Ехоба үшін маңызды. Расында да, көктегі Әкеміз әрқайсысымызды қаншалықты жақсы көретінін Иса бізге тамаша түсіндірген.

Иса жерге қонайын деп жатқан торғайды көрсетіп жатыр. Шәкірттері оны мұқият тыңдап тұр.

Ехоба торғай екеш торғайдың өзін қамқорласа, оған ғибадат ететін, оны жақсы көретін қызметшілерін тіптен қамқорлайды емес пе?! (14-абзацты қараңыз)


15. Исаның Жохан 6:44-тегі сөздерінен көктегі Әкеміз жайлы не білдіңіз?

15 Енді Иса Ехобаны “Әке” деп атаған тағы бір жағдайды қарастырайық (Жохан 6:44 оқыңыз). Көктегі Әкеңіз Ехоба сізді өзіне жақындатып тартты. Неге екенін білесіз бе? Өйткені ол сіздің ақ жүрегіңізді, мәңгілік өмірге ыңғай танытқаныңызды байқады (Ел. іс. 13:48). Иса Жохан 6:44-тегі сөздерді айтқанда, осы мақаланың негізгі тармағындағы сөздерге нұсқаса керек. Онда: “Айнымас сүйіспеншілігіммен сені өзіме жақындаттым [немесе айнымас сүйіспеншілігімді көрсетіп келемін]”,— делінген (Ерм. 31:3 сілт.; Ошия 11:4 салыстырыңыз). Бұл тармақтағы сөздер аяқталмаған, жалғасып жатқан іс-қимылды білдіреді. Бұл деген сөз, көктегі Әкеңіз Ехоба күн сайын бойыңыздан жақсылықты байқап, сізді өзіне тартып, жақындатып жүр.

16. а) Иса бізді не нәрсеге сендіріп жатыр және оның айтқандарына не себепті сенсек болады? ә) Ехоба әлемдегі ең керемет Әке екеніне көзіміз жете түсу үшін не істесек болады? (“Бәрімізге де тап осындай Әке қажет” деген қоршауды қараңыз.)

16 Осы екі жағдайды түйіндесек, Иса бізге: “Ехоба менің ғана емес, сендердің де Әкелерің. Ол сендерді жақсы көреді, сендермен не болып жатқаны оған бәрібір емес. Сөзіме сеніңдер”,— деп жатқандай. Ехобаның сізді жақсы көретініне сену қиын болып жатса, былай деп ойланыңыз: “Иса көктегі Әкемді бәрінен де жақсы біледі, оның үстіне, Исаның аузынан ешқашан жалған сөз шыққан емес. Ендеше, Исаның айтқандарына сөзсіз сенуім керек емес пе?!” (Пет. 1-х. 2:22).

“Бәрімізге де тап осындай Әке қажет”

Бұл сөздер “Ехобаға жақындаңыз” кітабының алғы сөзінен алынған. Онда былай делінген: “Бәрімізге де тап осындай Әке қажет. Орасан зор күші бар, әділетті, даналық пен сүйіспеншілікке толы ол өзінің адал балаларын ешқашан тастамайды”.

Әкесінен қорлық көріп өскен бір әйел бауырлас осы кітапты оқып шыққан соң былай депті: “Бұған дейін ”әке” деген сөзді естісем, зәре-құтым қашатын. Осы кітаптың арқасында жақсы әкенің қандай болатынын білдім. Ехоба мені өз қызындай жақсы көретініне көзім жетті. Мен де оны қазір қамқор Әкемдей көремін”. Осы кітапты оқып шыққан тағы бір әйел бауырлас: “Ехобаға тең келетін Әке жоқ!”— деген екен.

Ехоба теңдессіз Әке екеніне сіздің де көзіңіз жету үшін осы кітапты оқып көрсеңіз болады. Ал бұрын оқыған болсаңыз, неге тағы бір оқып көрмеске?!

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІҢІЗДІ АРТТЫРА БЕРІҢІЗ

17. Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенімімізді арттыра беру неге маңызды?

17 Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенімімізді әрі қарай да арттыра беру аса маңызды. Өйткені, осы мақаланың басында айтылғандай, айлакер Шайтан бізді Ехобаға қызмет еткізбеу үшін бәріне дайын. Ол алған бетінен қайтпайды, Ехоба бізді жақсы көрмейді деген өтірікке сендіру үшін барынша тырысып бағады. Ендеше, Шайтан бізден айласын асырып кетуіне жол бермейік! (Әйүп 27:5).

18. Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сеніміңізді арттыра беру үшін не істесеңіз болады?

18 Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сеніміңізді арттыра беру үшін осы мақалада айтылған қадамдарды жасай беріңіз. Ехобаға дұға етіп, “мені жақсы көретініңе көзімді жеткізші” деп сұрай беріңіз. Киелі кітаптағы Ехобаның өзі жайлы айтқан сөздеріне сеніңіз. Ехоба сүйіспеншілікке тек сүйіспеншілікпен қайтаратыны жайлы ой жүгіртіңіз. Төлем Ехобаның жеке сізге берген сыйы екенін ешқашан ұмытпаңыз. Ехоба сіздің де Әкеңіз екеніне сендірген Исаның сөздеріне сеніңіз. Сонда “Ехоба сені жақсы көре ме?” деген сұраққа еш кідірместен: “Әрине, жақсы көреді, өйткені мен де оны жақсы көремін ғой!”— деп жауап бересіз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехобаның сүйіспеншілігіне сену қаншалықты маңызды?

  • Ехобаның сүйіспеншілігіне сену үшін не істеуіміз керек?

  • Ехобаның сүйіспеншілігіне Иса адамдарды қалай сендірді?

154-ӘН Сарқылмас сүйіспеншілік

a Ехобаның сізді жақсы көретініне сендіретін басқа да тармақтарды “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” басылымының “Күмән” деген тақырыбынан таба аласыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу