35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
121-ӘН Ұстамдылық танытайық
Тән қалауымен күресте жеңіп шығыңыз!
“Тән құмарлығының жетегінде кетпеулерің үшін, ажалды тәндеріңе күнә патшалық етпесін” (РИМ. 6:12).
НЕГІЗГІ ОЙ
Тән қалауымен күресіп жүрсеңіз, өз-өзіңізді жазғырмаңыз. Тән қалауына берілмеудің жолдары бар.
1. Күнәкар адамдардың бәрі немен күресуге мәжбүр?
ТӘН ҚАЛАУЫМЕН күресудің не екені сізге таныс па? Ехоба жек көретін нәрсені істеп қоймас үшін, күресе беріп шаршасаңыз, сіз жалғыз емессіз. Киелі кітапта: “Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес”,— делінген (Қор. 1-х. 10:13). Қандай тән қалауымен күреспеңіз, сіз біріншісі де, соңғысы да емессіз. Ехобаның көмегімен бұл күресте жеңіп шыға аласыз.
2. Кейбір мәсіхшілер мен зерттеушілер қандай тән қалауымен күресуі мүмкін? (Суреттерді де қараңыз.)
2 Киелі кітапта: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады”,— делінген (Жақ. 1:14). Көргеніміздей, адамды еліктіретін тән қалауы әркімде әртүрлі болады. Мысалы, біреулер қарсы жынысты не өз жынысындағы адаммен азғындық жасауға азғырылып жатады. Ал порнография көру әдетін тастағандар, қайтадан порнография көргісі келіп, өздерін әрең ұстауы мүмкін. Бұрын есірткі мен ішімдікке тәуелді болғандарға да әуестігін ауыздықтау оңай болмауы мүмкін. Бұлар мәсіхшілер мен зерттеушілер күресіп жүрген тән қалауларының кейбірі ғана. Дегенмен де тән қалауымен күресудің не екені бәрімізге таныс. Елші Пауыл айтқандай, “дұрыс нәрсені жасағымыз келгенде, жанымыздан жамандық табылады” (Рим. 7:21).
Азғыратын жағдайға кез келген жерде, кез келген уақытта тап болуымыз мүмкін (2-абзацты қараңыз)c
3. Ұзақ уақыттан бері тән қалауымен күресіп жүрген адамға қандай ой келуі мүмкін?
3 Тән қалауымен күресе-күресе шаршаған болсаңыз, әрі қарай күресуге күшім жоқ, оны жеңуге дәрменсізбін деген ой келетін шығар. Я болмаса дұрыс емес нәрсені қалағанымның өзі Ехобаға ұнамайды, сондықтан мен оның ықыласына ие болуға лайықсызбын деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ бұлай ойлау дұрыс емес. Осыны түсіну үшін бұл мақалада келесі екі сұрақты қарастырамыз: 1) “Мен дәрменсізбін”, “мен лайықсызбын” деген ойлар қайдан келеді? 2) Тән қалауын жеңу үшін не істеуіңіз керек?
ШАЙТАННЫҢ ЫҚПАЛЫ
4. а) Тән қалауының алдында дәрменсізбіз дегенге Шайтан бізді не үшін сендіргісі келеді? ә) Неге тән қалауының алдында дәрменсізбіз деп ойлауға еш себеп жоқ?
4 Шайтан бізді тән қалауының алдында дәрменсізбіз дегенге сендіргісі келеді. Иса бұны білгендіктен, шәкірттерін: “Азғырылуымызға жол бермей, Зұлымнан сақтай көр”,— деп дұға етуге талпындырған (Мат. 6:13). Шайтан Ехобаның қызметшілеріне жала жауып, азғырылғанда олар Құдайдан теріс айналып кетеді деген (Әйүп 2:4, 5). Бірақ Шайтан өзіне қарап алмай ма?! Өз құмарлығына елігіп, Ехобадан бірінші болып теріс айналған өзі емес пе?! Өзі сондай болған соң, бізді де сондай деп ойлайды. Біз түгілі, ол тіпті Құдайдың кемелді Ұлын оңай азғыра аламын деп ойлаған (Мат. 4:8, 9). Сонымен, тән қалауының алдында дәрменсіз екеніміз рас па? Ешқандай да! Өйткені елші Пауыл айтқандай, бізге “күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламыз” (Філіп. 4:13).
5. Ехоба біздің тән қалауына қарсы тұра алатынымызға сенімді екенін қайдан білеміз?
5 Ал Ехоба, керісінше, біздің тән қалауына бой алдырмай, қарсы тұра алатынымызға толық сенімді. Бұны қайдан білеміз? Ехоба ұлы жамағат адалдықтан таймай, зор алапаттан аман өтетінін пайғамбарлық еткен. Ойлап көріңізші, өтірік айта алмайтын Құдай Ехоба бірнеше адам ғана емес, ешкім санай алмайтын ұлы жамағат “шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартып”, тап-таза күйлерінде жаңа дүниеге аяқ басатынын күні бұрын айтқан (Аян 7:9, 13, 14). Көргеніміздей, Ехоба бізді тән қалауының алдында дәрменсіз деп мүлдем есептемейді.
6, 7. Шайтан бізді тағы не нәрсеге сендіргісі келеді және неге?
6 Сондай-ақ Шайтан дұрыс емес нәрсені қалаудың өзі Ехобаға ұнамайды, сондықтан біз оның ықыласына ие болуға лайықсызбыз дегенге сендіргісі келеді. Бірақ тағы да айтамыз, Шайтан өзіне қарап алсын! Ехобаның ықыласына лайықсыз болып қалған — оның өзі. Ехоба оның мәңгі өмір сүрмейтінін біржола шешіп қойған (Мұс. 1-ж. 3:15; Аян 20:10). Ехобаның баталарына ол емес, біз кенелетінімізді Шайтан көре алмайды. Сондықтан ол біздің өзімізді Ехобаның ықыласына ие болуға лайықсыз санап, шарасыз күй кешкенімізді қалайды. Бірақ біз ол айтқандай шарасыз емеспіз. Киелі кітаптан білетініміздей, Ехоба бізді жазғырып, батасынан айыруға ешқашан асықпайды. Керісінше, ол бізді мәңгілік өмірге жеткізу үшін көмегін еш аямайды, “өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9).
7 Егер тән қалауының алдында дәрменсізбін не Ехобаның ықыласына ие болуға лайықсызбын деген теріс ойға сеніп қалсақ, онда Шайтанның өз дегеніне жеткені! Осыны естен шығармасақ, біз Шайтанның өтірігіне алданбай, оған қарсы тұрамыз (Пет. 1-х. 5:8, 9).
КҮНӘКАРЛЫҚТЫҢ ЫҚПАЛЫ
8. Киелі кітапта күнә деген нені білдіреді? (Зәбүр 51:5) (“Сөз мәнін” де қараңыз.)
8 Шайтанның өтірігі аздай, Адам атадан берілген күнәкарлығымыз тағы барa. Тән қалауын жеңуге дәрменсізбін, Ехобаның ықыласына ие болуға лайықсызбын деген ойлардың келетіні де содан (Әйүп 14:4; Зәбүр 51:5 оқыңыз).
9, 10. а) Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін қандай күй кешті? (Суретті де қараңыз.) ә) Күнәкарлықтың кесірінен біз қандай күй кешеміз?
9 Есіңізде ме, Адам ата мен Хауа ана күнә жасағаннан кейін не істеген еді? Олар жалаңаш денелерін жауып, жасырынып қалды. Неліктен? “Киелі жазбаларды түсіну” кітабында айтылғандай, “күнә жасағаннан кейін олар өздерін кінәлі, беймаза, ұятты сезіне бастады”. Олардың бұл күйін былай деп түсіндіруге болады: Адам мен Хауа үш-ақ бөлмесі бар үйге қамалып қалды. Олар сол үйден шыға алмағандықтан, үш бөлмені айналшықтап жүруге мәжбүр болды. Басқаша айтқанда, олар күнәкарлықтарынан ешқайда қашып құтыла алмады.
10 Қуанышқа орай, біз Адам мен Хауа сияқты соншалықты шарасыз емеспіз. Олардан айырмашылығымыз — біз төлемнің арқасында күнәдан тазарып, таза ар-ұжданға ие бола аламыз (Қор. 1-х. 6:11). Дегенмен де олардан берілген күнәкарлығымыз ешқайда кеткен жоқ. Сондықтан біз де өзімізді кінәлі, беймаза, ұятты сезінуге бейімбіз. Киелі кітаптан білетініміздей, күнә адамзатты әлі де уысында мықтап ұстап тұр. “Ол тіпті. . . Адам атанікіндей күнә жасамағандарға да билік жүргізеді” (Рим. 5:14). Жағдайымыз қаншалықты мүшкіл болып көрінбесін, өзімізді дәрменсіз, лайықсыз сезінуге еш себеп жоқ. Осындай жағымсыз ойлар келгенде не істеуге болатынын қарастырып көрейік.
Күнә жасағаннан кейін Адам мен Хауа өздерін кінәлі, беймаза, ұятты сезінді (9-абзацты қараңыз)
11. Тән қалауын жеңуге дәрменсізбін деген ой келгенде не істеуіміз керек және неге? (Римдіктерге 6:12)
11 Тән қалауын жеңуге дәрменсізбін деген ой келгенде, бұны сізге күнә айтып жатыр деп қарастырыңыз. Ал сіз оны тыңдауға міндетті емессіз. Бұлай деуге қандай негіз бар? Киелі кітапта тәнімізге күнәнің “патшалық етуіне” жол бермеуіміз керектігі анық айтылған (Римдіктерге 6:12 оқыңыз). Бұл сөздер бізде таңдау бар дегенді білдірмей ме?! Тән қалауына берілу-берілмеу өз қолымызда (Ғал. 5:16). Ехоба біздің тән қалауына қарсы тұра алатынымызға сенеді, сенбесе бұны талап етпес еді (Мұс. 5-ж. 30:11—14; Рим. 6:6; Сал. 1-х. 4:3). Сондықтан тән қалауын жеңуге дәрменсізбін деп ешқашан ойламаңыз!
12. Ехобаның ықыласына ие болуға лайықсызбын деген ой келгенде не істеуіміз керек және неге?
12 Дұрыс емес нәрсені қалағанымның өзі Ехобаға ұнамайды, сондықтан мен оның ықыласына ие болуға лайықсызбын деген ой келгенде, мұны да күнә айтып жатқанын ұмытпаңыз. Тағы да айтамыз, оны тыңдамаңыз. Өйткені Киелі кітапта Ехоба біздің күнәкар екенімізді жақсы түсінетіні айтылған (Зәб. 103:13, 14). Ол біз жайлы “бәрін біледі”, күнәнің салдарынан кімде қандай тән қалауы пайда болғаны да оған мәлім (Жох. 1-х. 3:19, 20). Қалап тұрған дұрыс емес нәрсені ең бастысы істемесек, Ехоба үшін таза болып қала береміз. Бұған не үшін сенімді болсақ болады?
13, 14. Дұрыс емес нәрсені қалағанымыздың өзі бізді Ехобаның ықыласынан айыра ма? Түсіндіріңіз.
13 Киелі кітаптан анық көрінетіндей, Ехоба жек көретін нәрсені қалау мен істеу бір нәрсе емес. Өйткені адам іс-әрекетін қадағалай алады, ал қалаудың пайда болу-болмауын қадағалай алмайды. Мысалы, бірінші ғасырда Қорынт қаласындағы кейбір бауырластар мәсіхші болғанға дейін гомосексуалист болған. Олар жайлы Пауыл: “Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар”,— деген. Сонда олардың еркектерге деген құмарлықтары ешқашан қайта оянбаған ба? Олай емес-ау. Өйткені мұндай құмарлықтан бүтіндей құтылу өте қиын. Бірақ олар ұстамдылық танытып, құмартқан нәрселерін қайтадан істемеген. Сондықтан бұл мәсіхшілер Ехобаның ықыласына ие болып, таза деп саналды (Қор. 1-х. 6:9—11).
14 Сіз де қандай тән қалауымен күреспеңіз, оны жеңе аласыз. Одан біржола арылмасаңыз да, ұстамдылық танытып, “тәніңіз бен ойыңыздың еркін орындаудан” бас тарта аласыз (Ефес. 2:3). Ал қазір тән қалауымен күресте жеңіп шығу үшін не істей алатыныңызды көрейік.
ТӘН ҚАЛАУЫМЕН КҮРЕСТЕ ЖЕҢІП ШЫҒУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
15. Тән қалауын жеңу үшін шындыққа тура қарау қаншалықты маңызды?
15 Тән қалауымен күресте жеңіп шыққыңыз келсе, шындыққа тура қараңыз. “Өз-өзіңізді жаңсақ пікірмен алдап” жүрмеңіз (Жақ. 1:22). “Менен де көп ішетіндер бар ғой” деп өзіңізді ақтамаңыз, я болмаса “әйелім көңілімді тауып, махаббатын жақсырақ білдіргенде, порнография көрмес едім” деп кінәні басқа біреуге жаба салмаңыз. Осындай ойлармен өзіңізді алдайтын болсаңыз, ертелі-кеш жаман әдетіңізге беріліп қаласыз. Олай болса, өзіңізді іштей болса да ақтамаңыз. Одан да істеген ісіңізді мойныңызбен көтеріңіз (Ғал. 6:7).
16. Нық шешімге келу үшін не істеуіңіз керек?
16 Тән қалауын жеңу үшін шындыққа тура қарағаныңыз жеткіліксіз. Бұдан бөлек, “тән қалауына ермеймін” деген нық шешімге келуіңіз керек (Қор. 1-х. 9:26, 27; Сал. 1-х. 4:4; Пет. 1-х. 1:15, 16). Ол үшін мына сұрақтар жайлы ойланыңыз: сізге әсіресе не нәрсеге қарсы тұру қиын? Қай кезде өзіңізді әрең ұстайсыз? Бәлкім, шаршап тұрғанда не түннің бір уағында шығар. Осыны анықтап алғаннан кейін, “былай істеймін, былай істемеймін” деп әр қадамыңызды ойластырып қойыңыз. Мұны азғыратын жағдайға кезікпей тұрып істеу аса маңызды (Нақ. с. 22:3).
17. Жүсіптен қай жағынан үлгі алсақ болады? (Мұсаның 1-жазбасы 39:7—9) (Суреттерді де қараңыз.)
17 Потифардың әйелі азғырғанда Жүсіптің қалай әрекет еткені есіңізде ме? Ол екі ойланып жатпай, әйелдің ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартты (Мұсаның 1-жазбасы 39:7—9 оқыңыз). Оның әрекетінен не байқауға болады? Жүсіп бөтен еркектің әйелімен ешқашан көңіл қоспаймын деп Потифардың әйелі азғырмай тұрып шешіп қойған. Сіз де азғыратын жағдайға кезікпей тұрып дұрыс нәрсені істеймін деген нық шешімге келуіңіз керек. Сонда азғыратын жағдайға тап болғанда екі ойланып жатпайсыз.
Жүсіпке еліктеп, сіз де екі ойланып жатпаңыз! (17-абзацты қараңыз)
“ӨЗДЕРІҢДІ ҮНЕМІ ТЕКСЕРІП ОТЫРЫҢДАР”
18. Тән қалауымен күресте жеңіп шығу үшін тағы не істегеніңіз маңызды? (Қорынттықтарға 2-хат 13:5)
18 Тән қалауымен күресте жеңіске жету үшін өзіңізді үнемі тексеріп тұрыңыз (Қорынттықтарға 2-хат 13:5 оқыңыз). Арагідік ойларыңыз бен іс-әрекеттеріңізді саралап, баға беріп отырыңыз. Бір нәрсені түзеу қажет болса, түзетіңіз. Соңғы кездері тән қалауына берілмей жүрсеңіз де, “бас тартқанымша қанша уақыт кетті?” деп ойланып көріңіз. Бірден бас тартпай, тосылып қалғаныңызды байқасаңыз, өзіңізді жазғыруға асықпаңыз. Қайта, одан сайын жақсара беріңіз. Ол үшін былай деп анализ жасап көріңіз: Келесі жолы еш кідірмей, бірден бас тарту үшін не істей аламын? Не көріп, не оқып, не тыңдап жүргенім күресімді қиындатып жүрген жоқ па екен? Ұятсыз бейнелер шыға келсе, жүзімді бірден бұрып әкетемін бе? Өзімді тыйып, ұстамдылық танытып, Құдайдың заңын орындауға бар күшімді салсам, бұның тек пайдасын көретінімді түсінемін бе? (Зәб. 101:3).
19. Болмашы болып көрінген нәрселер күресіңізді қалай қиындатады?
19 Анализ жасағанда өзіңізді алдап, ақтаудан аулақ болыңыз. Киелі кітапта: “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды”,— делінген (Ерм. 17:9). Иса да “жүректен жаман ойлар шығатынын” айтқан (Мат. 15:19). Мысалы, порнография көруді доғарған адам уақыт өте “нәпсіні оятатын суреттерді көргеннің еш зияны жоқ, ең бастысы жалаңаш болмаса болды” деп өзін алдауы мүмкін. Я болмаса “азғын ойларға беріліп, қиялдауда тұрған ештеңе жоқ, ең бастысы істемесем болды емес пе” деп тұжырымдауы мүмкін. Бұндай ойлар алдамшы жүректен шығады. Осылай ол “тән құмарлығын қанағаттандырудың жолын ойластырады” (Рим. 13:14). Алдамшы жүректің жетегінде кетіп қалмас үшін не істеуіңіз керек? Біріншіден, ауыр күнә болмашы нәрселерден басталатынын есте ұстаңызb. Екіншіден, дұрыс емес іс-әрекетіңізді ақтайтын кез келген ойдан арылыңыз.
20. Бізді қандай болашақ күтіп тұр және қазірдің өзінде бізде қандай көмек бар?
20 Осы мақаладан білгеніміздей, Ехобаның күшімен біз тән қалауына қарсы тұра аламыз. Ехобаның мейірімінің арқасында мәңгі өмірге де жетеміз. Елестетіп көріңізші, сіз жұмақта өз-өзіңізбен арпалыспай, Ехобаға таза жүрекпен, таза ар-ұжданмен ғибадат етесіз! Ал сол уақыт келгенше, мынаған сенімді болыңыз: тән қалауымен күресте сіз дәрменсіз емессіз және Ехоба сізді ықыласына ие болуға лайықсыз деп санамайды. Ехобаның көмегімен бұл күресте сіз жеңіп шығасыз!
122-ӘН Берік те мығым бол!
a СӨЗ МӘНІ: Киелі кітапта “күнә” деген сөз ұрлау, көзге шөп салу, кісі өлтіру секілді теріс істерді білдіреді (Мұс. 2-ж. 20:13—15; Қор. 1-х. 6:18). Бірақ кейбір жағдайларда “күнә” адамның күнәкарлығына нұсқайды. Адам ешқандай теріс іс жасамаса да, туылғанынан күнәкар болып есептеледі.
b Нақыл сөздер 7:7—23 тармақтарда айтылған жас жігіт болмашы іс-әрекеттерінің кесірінен ақыр соңында азғындыққа барды.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Сол жақта: Кофеханада отырған ер бауырлас қол ұстасып отырған екі ер адамға қарап отыр. Оң жақта: Қыз бауырлас темекі шегіп тұрған екі адамға көз алмай қарап бара жатыр.