Тікелей шақыру
1. Аймақтық конгреске шақыру науқаны қашан басталады?
1 Достарыңды не туыстарыңды қонаққа шақырмақ болсаң, әсіресе дастарқан дайындауға көп күшің мен қаражатың кетсе, қонақтарыңның міндетті түрде келгенін қалап, зор құлшыныспен шақырасың. Тура осы сияқты, алдымызда күтіп тұрған рухани тойымыздың, яғни аймақтық конгрестің дайындығына да көп күш жұмсалды. Аймақтық конгреске үш апта қалғанда біз осы рухани тойымызға қонақтар шақыратын боламыз. Бұл мәртебелі істі бізге Ехоба табыстап отыр. Осы істі зор құлшыныспен атқаруға бізге не көмектеседі?
2. Науқанға құлшына атсалысуға бізге не көмектеседі?
2 Егер Ехобаның аймақтық конгресс арқылы беретін керемет тәлім-тәрбиесінің үстінен ризашылықпен ой жүгіртер болсақ, рухани тойға шақыру науқанына құлшына атсалысатын боламыз (Ишая 65:13, 14). Сондай-ақ жыл сайын өтетін бұл науқан өз жемістерін әкеліп жатқанын да ұмытпауымыз қажет (“Науқанның жемістері” атты қоршауды қара). Әрине, шақырған адамдарымыздың бірі келсе, бірі келмеуі мүмкін. Алайда адамдар шақыруды қабыл алсын-алмасын, бұл науқан Ехобаға мадақ әкеліп, оның жомарттығын паш етеді (Зәб. 145:3, 7; Аян 22:17).
3. Аймақтық конгреске адамдарды қалай шақырамыз?
3 Шақырудың қалай жасалатынын — мысалы, үйінде жоқ адамдарға шақыру қағазын қалдыру-қалдырмауды, я болмаса қауым аумағында қызмет еткенде, шақыру қағазын тарату-таратпауды — әр қауымның ақсақалдар кеңесі шешеді. Демалыс күндері журналмен қызмет етумен қатар, орынды болса, аймақтық конгреске шақыруға да болады. Осы науқанға құлшына атсалысып, әрі көптеген адамдардың Ехобаның бай рухани дастарқанына жиналғанын көргенде, зор қуанышқа кенелетін боламыз.