Рухани тамақтанып, қуанышқа кенелудің мүмкіндігі
1. Ехоба қызметшілерінің рухани мұқтаждықтарын қалай қанағаттандырады?
1 Ехоба өзінің қызметшілерінің рухани мұқтаждықтарын сүйіспеншілікпен қанағаттандырады. Дүниедегі адамдар, жалпы алғанда, рухани ашығып жатыр, ал біз тойына ішіп-жеудеміз (Ишая 65:13). Ехоба бізді әртүрлі жолмен тамақтандыруда. Соның бірі — жыл сайын өтетін облыстық конгрестеріміз. “Бізді Құдай рухы жетелейді” деп аталатын биылғы облыстық конгрестің барлық бөліміне қатысу үшін қазірден дайындалып жатырсың ба? Дәмді әрі нәрлі ас-су дайындалған рухани тойдан қалып қойма.
2. Конгреске дайындалғанда қандай нәрселерді естен шығармау керек?
2 Ерте бастан жоспарла. “Бар ынта-жігерімен еңбек ететін адамды жасаған жоспарлары жетістікке жеткізеді” (Нақ. с. 21:5, ЖД). Сондықтан конгрестің үш күніне де қатысу үшін қажетті шараларды алдын ала қарастыр. Егер жұмысыңнан сұрануың керек болса, мұны кейінге қалдырма. Қажет болса, жататын орныңды да ойластыр. Сондай-ақ конгресс өтетін жерде бауырластармен бірге түстену үшін, тамағыңды үйден дайындап келгенің дұрыс болар. Алғашқы ән мен дұғаға дейін орын тауып, жайғасып алу үшін конгрестің үш күніне де ертерек келуге тырыс.
3. Киімге қатысты не нәрселерді ескергеніміз дұрыс?
3 Біз киіміміздің қарапайым әрі ұқыпты болғанын қалаймыз (Тім. 1-х. 2:9, 10). Себебі конгрестің арқасында жергілікті адамдарға куәлік беретін керемет мүмкіндігіміз болады. Лайықты сырт көрінісіміз бен плакеткаларымыз арқылы біз конгресс өтетін қалада бірден көзге түсіп, өзге адамдарға жақсы әсер қалдыратын боламыз.
4. Өзіміз де, отбасымыз да бағдарламаның барынша пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
4 Мұқият тыңда. Осы рухани тойда берілетін ас-суды толығымен қабыл алғымыз келетіні сөзсіз (Нақ. с. 22:17, 18). Оқылып жатқан Жазба орындарын өз Киелі кітабымыздан қарап отырғанымыз және естіген нәрселерімізді қысқаша жазып отырғанымыз алаңдамай тыңдауға көмектеседі. Ал жазып алған қызықты ойларды кешке басқалармен бірге талқылауымызға болады. Соңғы жылдары жастардың бірге отырып, бағдарлама кезінде әңгімелесіп немесе бір-біріне ұялы телефон арқылы хат жазып отыратындары байқалып жүр. Егер кішкентай не жасөспірім балаларымыз болса, олардың басқа балалармен бірге отырмай, бағдарламаны жанымызда отырып тыңдағаны пайдалы болатын шығар.
5. Конгрестен көбірек қуаныш алу үшін не істеуімізге болады?
5 Бауырластармен аралас. Достармен бірге отырып ішкен ас әлдеқайда дәмді болады (Нақ. с. 15:17). Сол сияқты бауырластармен әңгіме-дүкен құрғанымыздың арқасында конгресс бізге көбірек қуаныш әкеледі. Олай болса, бағдарлама жүріп жатпаған уақытта бауырластардың қасына барып танысып, олармен әңгімелескеніміз қандай тамаша! (Заб. 132:1). Конгресс төрағасы ілтипаттылықпен әуен басталғанға дейін орындарымызға жайғасуымызды өтінгенде, әңгімемізді доғарып, орындарымызға отырғанымыз абзал.
6. Конгресс өтетін қалада қалай куәлік бергендеріңді айтып беріңдер.
6 Куәлік етудің мүмкіндігін жіберме. Әдетте конгрестің арқасында куәлік етудің керемет мүмкіндігі туады. Конгрестен шыққан бауырластардың плакеткаларындағы конгресс тақырыбын көріп, жиі көшедегі адамдар сұрақ қойып жатады. Осылай басталған әңгіменің арқасында куәлік берудің мүмкіндіктері туындаған және сұрақ қойған адамдардың арасында шақыруды қабыл алып, конгреске келгендері де болған.
7. Неге келе жатқан облыстық конгрестен қалып қоймауымыз керек?
7 Конгресс бағдарламасын, конгресс өтетін жерді, онда айтылатын баяндамаларды дайындауға және қызмет көрсету бөлімдерін ұйымдастыруға мыңдаған сағат жұмсалуда. Сүйіспеншілікпен атқарылып жатқан бұл істің бәрі Ехобаның өз халқына деген қамқорлығын көрсетеді. Тойына тамақтану үшін бұл рухани тойдан ешқайсымыз да қалып кетпейік! Сонда осы дүниеліктер сияқты емес, ‘көтеріңкі көңілмен ән шырқайтын’ боламыз (Ишая 65:14).
[4-беттегі қоршау]
Облыстық конгреске қатысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:20-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Бағдарлама өз уақытында басталу үшін, Патшалық әуені ойнай бастағанда, барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма және сенбі күні 16:55-те, ал жексенбі күні 16:00-де аяқталады.
◼ Көлік қою. Мүмкін болса, конгресс өтетін жердің бәрінде тегін көлік қоятын орындар дайындалады. Оларға плакеткалары бар конгресс делегаттары ғана көліктерін қоя алады. Көлік қоятын орын әдетте шектеулі болатындықтан, бір көлікке бір-екі адамнан көбірек адам мініп келгені жөн. Көлікті қойғанда, қызмет көрсетушілердің нұсқауларына құлақ асқан дұрыс.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек өздеріңмен бір көлікте келген немесе бір үйде тұратын адамдарға ғана алуға болады.
◼ Түскі ас. Түскі үзіліс кезінде тамақ сатып алу үшін кетіп қалмай, асты өздеріңмен әкелулеріңді өтінеміз. Тамақ салынатын ыдыс орындықтың астына сиятындай шағын болу керек. Үлкен отбасыларға арналған көлемді ыдысты, шыны ыдыстар мен спирттік ішімдіктерді конгреске алып келуге болмайды.
◼ Садақа. Өзіміздің конгреске деген ризашылығымызды Патшалық сарайында немесе конгресте дүниежүзілік іске ерікті садақа беру арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Конгресс өтіп жатқан жерде төтенше жағдай болып қалса, бұл жөнінде қызмет көрсетушілердің жақын тұрған біреуіне айтыңдар. Ол бұл жөнінде бірден алғашқы көмек көрсететін бөлімге мәлімдейді де, ондағы бауырластар жағдайдың ауыр-жеңілдігін анықтаған соң, көмек көрсетеді. Қажет болса, жедел жәрдем шақырады.
◼ Балалардың бесік-арбасы (коляска) мен бүктемелі орындықтар. Балалардың бесік-арбасы мен бүктемелі орындықтарды конгреске алып келуге болмайды. Алайда ата-аналар балаларға арналған отырғыштарды қастарындағы орындықтардың үстіне қоюларына болады.
◼ Иіссулар. Бүгінде көп конгресс жасанды түрде желдендірілетін жабық ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдары ауыратын немесе соған байланысты қиындықтары бар адамдардың жағдайын ойлай отырып, күшті иіссуларды көп сеппегеніміз дұрыс болады (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз”. Конгресс кезінде бейресми куәлік алып, қызығушылық танытқан адам туралы мәлімет жазуға “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкін қолдану керек. Жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келгендері дұрыс. Толтырылған бланкті әдебиет бөліміне немесе қайтып келген соң, қауым хатшысына беруге болады (2005 жылдың ақпан айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 6-бетін қара).
◼ Тұратын жер. Жеке үйлерде (пәтерлерде) тұруға өтініш жазғанда, келесі жайттарды ескеруіміз керек: 1) Тұратын орынға қатысты өтініш жазғанда, “Ерекше мұқтаждарды жайғастыруға арналған тапсырыс” (СО-5-U) бланкін толтырыңдар. 2) Тұратын орынға қатысты мәлімет жазылған “Пәтерлер” (СО-4-U) бланкін басқа адамдарға бермеу керек. 3) Тұратын орын конгресс өтетін уақытқа ғана берілетінін ұмытпаулырыңды өтінеміз. 4) Балаларды қараусыз қалдырмаңдар. 5) Бауырластардың қонақжайлылықтарына ризашылық танытуды ұмытпаңдар және Елшілердің істері 20:35-тегі принципті естеріңде ұстаңдар. 6) Егер тұратын жерден бас тартуға тура келсе, бұл жайында міндетті түрде пәтер бөліміне хабарлаңдар.