“Оның ізімен жүруіміз керек”
1. Тиімді қызмет еткіміз келсе, не істеуіміз керек?
1 Иса арнайы діни даярлықтан өтпесе де, тарихтағы ең ұлы Қызметші болған. Оның қызметі жайлы мәліметтің біздің күнімізге дейін сақталғаны қуанышты-ақ. Мұның біз үшін пайдасы зор. Тиімді қызмет еткіміз келсе, біз “Оның ізімен жүруіміз керек” (Пет. 1-х. 2:21).
2. Адамдарды Мәсіх сияқты жақсы көруге не көмектеседі?
2 Адамдарға деген сүйіспеншілігіңді көрсете біл. Адамдарға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы Иса үшін қозғаушы күш болған (Мар. 6:30—34). Учаскеміздегі көптеген адам ‘бейнет шегуде’ әрі олар шындықты білуге аса мұқтаж (Рим. 8:22). Олардың мүшкіл халі мен Ехобаның сүйіспеншілікпен олардың қамын ойлайтыны жайлы ой жүгірткеніміз бізді уағыз ісін табандылықпен жалғастыруға талпындырады (Пет. 2-х. 3:9). Оның үстіне, жағдайларын шын жүректен ойлайтынымызды байқаса, адамдар хабарымызға құлақ асуға әлдеқайда бейім болады.
3. Иса қай кездері уағыздаған?
3 Әрбір мүмкіндікті пайдалан. Иса ізгі хабарды басқаларға жеткізу үшін әрбір мүмкіндікті пайдаланған (Мат. 4:23; 9:9; Жох. 4:7—10). Біз де күнделікті тірліктерімізді істей жүріп, мүмкіндік туған жағдайда шындықпен бөлісуге дайын болғымыз келеді. Кейбіреулер жұмыста, мектепте, жол жүргенде, дүкенде не тағы басқа жерлерде куәлік бере алу үшін Киелі кітап пен әдебиеттерді алып жүреді.
4. Қалайша Патшалыққа басты назар аударуымызға болады?
4 Патшалыққа басты назар аудар. Исаның уағызының басты тақырыбы Патшалық туралы ізгі хабар болған (Лұқа 4:43). Ұсыныс жасағанда үй иесіне Патшалық туралы бірден не тікелей айтпасақ та, біздің мақсатымыз оның маңыздылығын көрсету екенін ұмытпауымыз керек. Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі ретінде бүгінгі қиындықтарға көңіл аударғанның өзінде, біз бірінші кезекте жақсы нәрселер туралы ‘ізгі хабарды’ жариялаймыз (Рим. 10:15).
5. Қызметіміз нәтижелі болу үшін Киелі кітапты қалай қолданғанымыз дұрыс?
5 Құдай Сөзіне жүгін. Жердегі қызметінің барысында Иса үнемі Жазбаларға жүгінетін. Ол ешқашан өз бетінше тәлім бермеген (Жох. 7:16, 18). Құдай Сөзі ол үшін нәр болған және ол оны Шайтан шабуылына қарсы тұру үшін қолданған (Мат. 4:1—4). Өзгелерге тәлім бергенде нәтижелі болуымыз үшін Киелі кітапты күнделікті оқып, білгенімізді өмірімізде қолдануымыз керек (Рим. 2:21). Адамдардың сұрақтарына жауап бергенде, Жазбаларға сүйеніп сөйлеуіміз керек, ал мүмкін болған жағдайда Киелі кітаптан тікелей оқып бергеніміз дұрыс болады. Үй иесі біздің өз сөзімізді емес Құдайдың сөздерін айтып жатқанымызды түсінуі керек.
6. Иса адамдардың жүрегіне әсер ету үшін қалай тәлім берген?
6 Жүрекке әсер ететіндей етіп тәлім бер. “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!” (Жох. 7:46). Басты діни қызметкерлер мен парызшылдар сақшылардан Исаны неге тұтқындамағанын сұрағанда, олар осылай жауап берген болатын. Иса құрғақ сөйлемеген. Ол адамдардың жүрегіне әсер ететіндей етіп тәлім берген (Лұқа 24:32). Сөздері түсінікті болу үшін Иса күнделікті өмірден алынған мысалдар келтірген (Мат. 13:34). Ол қабылдауға ауыр болмау үшін тыңдаушыларына тым көп мәлімет бермеген (Жох. 16:12). Сондай-ақ, ол адамдардың назарын өзіне емес, Ехобаға аударған. Біз “қалай оқытып жүргенімізді әрдайым қадағаласақ” қана Иса сияқты жақсы тәлімгер бола аламыз (Тім. 1-х. 4:16, ЖД).
7. Исаға табанды болуға не көмектесті?
7 Немқұрайдылық пен қарсылықтарға қарамастан, табанды бол. Иса кереметтер жасаса да, көптеген адам оны тыңдамады (Лұқа 10:13). Тіпті Исаның отбасындағы адамдардың өзі ол “жынданып кеткен шығар” деп ойлады (Мар. 3:21). Осыған қарамастан Иса табандылық танытқан. Ол дұрыс ой қалпын сақтаған, себебі айтып жүрген шындығы адамдарды азаттыққа жеткізетініне толық сенімді болған (Жох. 8:32). Біз де Ехобаның көмегіне жүгіне отырып, ешбір мойымауға бел буғанбыз (Қор. 2-х. 4:1).
8, 9. Қалайша біз Исаға еліктеп, ізгі хабар үшін құрбандықтарға барамыз?
8 Қызметке толық атсалысу үшін құрбандықтарға баруға дайын бол. Иса қызмет үшін жайлы өмірден бас тартқан (Мат. 8:20). Ол талмастан, кейде тіпті кеш батқанша, уағыздаған (Мар. 6:35, 36). Иса қызметін атқаруға берілген уақыттың шектеулі екенін білген болатын. ‘Осы заманның ақыры таяп қалғандықтан’, біз Исаға еліктеп, уақытымызды, күшіміз бен қаражатымызды құрбан етуге дайын болуымыз керек (Қор. 1-х. 7:29—31).
9 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер жемісті қызмет еткен, өйткені олар Исадан тәлім алған (Ел. іс. 4:13). Тарихтағы ең ұлы Қызметшіден үлгі алатын болсақ, біз де “қызметімізді толықтай орындайтын” боламыз (Тім. 2-х. 4:5, ЖД).