Игі істер жасауда үлгілі болыңдар
1. Облыстық конгресс кезінде не себепті жүріс-тұрысымызға ерекше көңіл қоюымыз қажет?
1 Облыстық конгресте үлкен топ болып жиналған кезімізде, жүріс-тұрысымыз бен өзгелерге қалай қарайтынымызды адамдар өте тез байқап қояды. Сол себепті, әрқайсысымыз Киелі кітаптағы келесі кеңеске ерекше назар аударуымыз керек: ‘Байсалды бол... Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі... бол’ (Тит. 2:6, 7). ‘Өз мүддемізді ғана емес, басқалардікін де ойлай жүру’ үшін ерекше күш салуымыз керек болуы мүмкін (Філіп. 2:4). “Құдайды дәріптеңдер” деп аталатын алдағы келе жатқан облыстық конгресте осы кеңестерді қолдануымыз керек болатын біраз салаларды қарастырып көрелік.
2. Тұратын орынға шара қолдануда не нәрсені есте ұстауымыз керек?
2 Тұратын орынға қатысты шаралар: Тұратын орынға қатысты шара қолданғанда, игі істер жасауға керемет мүмкіндігіміз болады. Тұратын орынға өтініштеріңді ертерек жіберулеріңді өтінеміз. Қажетті орынға ғана тапсырыс беріңдер. Пәтер бөліміндегі бауырластардың басшылығын ұстанып, олар жіберген жерде тұратын болсақ, ауыр еңбектерін жеңілдетеміз. Қандай да бір себептермен бізге ұсынылған жерде тұра алмайтын болсақ, пәтер бөліміне ертерек хабарлауымыз керек. Барлық жағдайда Құдайдың рухының жемісін таныту арқылы жақсы үлгі көрсетеміз (Ғал. 5:22, 23). Бауырластардың пәтерінде тұруға өтініш берген болсақ та, барлығына бірдей жетпегендіктен бізді өзге орынға жіберуі мүмкін.
3. Тұрған жерімізде қалай ‘барлық адамдарға... жақсылық істей’ аламыз?
3 Біз іс жүзінде өзгелердің қамын ойлауымыз керек. Барлығы да уақтылы жатып дем алу үшін, тұратын жерге тым кеш келмейміз және әңгімелесіп көп отырып алмаймыз. Соның арқасында тамақтанып, конгреске жиналу үшін ерте тұра аламыз, сөйтіп үй иелері де, өзгелер де конгреске уақтылы келеді. Көптеген бауырластарымыздың табыстары аз екендігін есімізде ұстап, үй иелері конгресс уақытында бізді ас-сумен қамтамасыз етеді деп күтпейміз. Тұрған жерімізде үй иелері орнатқан тәртіпті ұстанғанымыз және олардың заттарын қолданғанда абай болғанымыз өте маңызды. Конгрестен соң, кетер алдында, үй иелеріне ризашылықтарыңды білдіруді ұмытпаңдар. Осылай етуімізбен біз ‘барлық адамдарға... жақсылық істейміз’ және өзгелерге жақсы куәлік береміз (Ғал. 6:10).
4, 5. Балалар қалай Ехобаны даңқтай алады және ата-аналардың қандай міндеті бар?
4 Ата-аналар мен балалар: Көптеген жасөспірімдердің жүріс-тұрысында әдепсіздік басым заманда, біздің балаларымыздың ерекшеліктері бірден көзге түседі және бұл Ехоба мен ұйымына даңқ әкеледі. Алайда кей кездерде балаларға лайықты бақылау жүргізілмеген кезде, қиыншылықтар бой көтереді (Нақ. с. 29:15). Сол себепті, ата-аналар тұратын жерлерінде және конгресте балаларын бақылаусыз қалдырмаулары керек.
5 Кейбір ата-аналар конгрестің алдында олардан не күтілетінін талқылағанның пайдалы екенін байқаған (Ефес. 6:4). Олар балаларының шынайы мәсіхшілерге тән сүйіспеншіліктің “жүгенсіз” немесе “өзімшіл” емес екенін түсінулеріне көмектеседі (1 Қор. 13:5). Облыстық конгресс — Ехобадан тәлім алатын уақыт. Сол себепті, балалар мен жастар конгресс өтіп жатқан жерде және өзге де жерлерде жүріс-тұрыстары арқылы осы шараны құрметтейтіндіктерін көрсетеді (Иш. 54:13).
6. Біздің жақсы жүріс-тұрысымыз өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?
6 Біздің үлгілі жүріс-тұрысымыз түсінбеушіліктің болмауына септігін тигізіп, шынайы ғибадатты адамдар үшін тартымды етеді (Мат. 5:16; 1 Пет. 2:12). Облыстық конгресте жолыққан адамдардың барлығына жүріс-тұрысымыз бен оларға қалай қарағанымыз арқылы жақсы куәлік бергейміз. Осылай етуімізбен біз “барлық істе де ізгіліктің үлгісі” боламыз және Ехобаны дәріптейміз (Тит. 2:7).
[4-беттегі қоршау]
Өзгелерге мұқият болыңдар
▪ Қажетті орынға ғана тапсырыс беріңдер
▪ Орналастыру кезінде төзімді болыңдар
▪ Уақтылы жатыңдар
▪ Балаларыңды қадағалаңдар
▪ Бауырластарға қонақжайлығы үшін ризашылық білдіріңдер