Әрқашан “жақсылық жасауға ұмтылыңдар!”
1 Мәсіхшілерге тән өмір жолына ‘бір-бірімізге және басқаларға жақсылық жасауға ұмтылу’ жатады (1 Сал. 5:15). Облыстық конгрестер кезінде біздің өзгелерге жақсылық жасауға көптеген мүмкіндіктеріміз бар. Ол кезде айналадағы адамдар бізге көңіл аударады және өзімізді қалай ұстағанымызға байланысты біз туралы пікір түйеді. Ехоба Куәгерлері ретінде жақсы беделімізді сақтау үшін, іс-әрекетіміз арқылы ‘әркімге лайықты құрмет көрсететінімізді’ паш етуіміз керек (1 Пет. 2:17). Оған ‘өз мүддемізді ғана емес, басқалардікін де ойлай жүру’ жатады (Філіп. 2:4). Осы айтылғандардың облыстық конгресс кезінде тоқтаған жеріміздегі жүріс-тұрысымызға қандай қатысы бар екенін қарастырайық.
2 Қонақ үйінен бөлме жалдап қойдыңдар ма? 1) Қонақ үй әкімшілігі барлық бөлменің жалданғанын қалайды, сол себепті керегінен артық бөлме жалдамаңдар. 2) Алдын ала соманың біраз бөлігін төлеп қоймасаңдар, қонақ үйдің әкімшілігі сендер үшін бөлмені ұстап тұрады деп күтпеңдер. 3) Қонақ үйінде тіркеуге тұрған кездеріңде, сендерді орналастырып жүрген қызметкерлерге төзімділік танытып, оларға құрмет көрсетіңдер. 4) Егер таңғы ас тегін болса, ол тек қонақ үйде орналасқан қонақтарға арналғандықтан, асылық қылмаңдар. 5) Қонақ үйдің бұйымдарын қолдануға байланысты ережелерін толық ұстаныңдар. 6) Егер қалыптасқан дәстүр болса, қонақ үйдің қызметшілеріне шайлық ақша қалдырыңдар.
3 Балаларыңды жақсылық істеуге үйретіңдер: Үлкендердің тарапынан дұрыс бақылау жүргізілмеген балалар кейде қонақ үйде біраз қиыншылықтар тудырады (Нақ. с. 29:15). Кей жағдайларда өзге істермен айналысқан ата-аналар балаларын бөлмеде, бассейнде немесе қонақ үйдің өзге бір бөлігінде қараусыз қалдырған. Кей балалардың тәртіпсіздік танытқаны сонша, қонақ үйдің әкімшілігі оларға кейбір жабдықтарды қолдануға шек қоюды, сондай-ақ бассейнді немесе өзге демалуға арналған жерлерді мүлдем жауып тастауды қажет деп тапқан. Соның салдарынан қонақ үйдің өзге де қонақтары, Куәгер еместері де мазасызданып, ыңғайсыз күй кешкен.
4 Ата-аналар, конгрестің алдында балаларыңмен бірге барлық жерде және барлық уақытта олардан талап етілетін мәсіхшілерге тән мінез-құлықтарды қарастыруға біраз уақыт бөлгендеріңнің көмегі зор болады (Ефес. 6:4). Мысалы, мәсіхшілерге тән шынайы сүйіспеншіліктің “не жүгенсіз, не өзімшіл, не ашушаң” емес екеніне олардың көңілін бұрыңдар (1 Қор. 13:5). Үлкендер барлығына жақсы үлгі көрсету арқылы бұл сөздердің әсерін күшейте алады. Балалар, сендер ата-аналарыңды тыңдау, қонақ үйдің бұйымдарына және айналаңдағыларға ұқыпты болу арқылы жақсылық жасауға ұмтыла аласыңдар (Қол. 3:20). Барлығымыз бірдей жақсылық жасауға ұмтылу арқылы ‘Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтеміз’ (Тит. 2:10).
5 Біздің жақсы мінез-құлқымыз тек жалпы бізді көріп жүрген адамдарға ғана емес, әр түрлі себептермен бізге сын көзбен қарап келгендерге де жақсы әсер етеді. Конгрестің кезінде және конгресс өтіп жатқан қалада — көшеде келе жатқанда, мейрамханада тамақтанып отырғанда, қонақ үйде дем алып отырғанда, бейресми куәлік берудің мүмкіндіктерін пайдаланған кезімізде — біздің мәсіхшілерге тән әңгімеміз бен іс-әрекетіміз жақсылық істеуге ұмтылатынымызды паш етуі керек.
[4-беттегі қоршау]
Есте сақтаңыздар:
■ Қонақ үйдің қызметкерлеріне шыдамды болып, құрметтеңдер.
■ Барлық қонақтардың пайдасы үшін қонақ үйдің ережелерін толықтай ұстаныңдар.
■ Тегін берілетін таңғы асты пайдаланғанда асылық қылмаңдар.
■ Балаларыңа ұқыпты болыңдар.