Әдеппен киінгеніміз Құдайды құрметтейтінімізді көрсетеді
1. Жақында болатын облыстық конгресс үшін ризашылығымызды қалай көрсетеміз?
1 Жақында 2003 жылғы “Құдайды дәріптеңдер” деп аталатын облыстық конгресте Ехобаның қонағы болу құрметіне ие боламыз. Осындай бай рухани тойға шақырып отырғаны үшін, Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! Өзіміздің Құдайды құрметтейтінімізді және осы рухани шарасы үшін ризашылығымызды киім және сыртқы көрінісіміз арқылы көрсете аламыз (Заб. 115:3, 8).
2. Таза да ұқыпты болғанымыз неге маңызды?
2 Таза және ұқыпты: Сыртқы көрінісіміз, таза да ұқыпты және Құдайымыздың нормасына сай болу керек (1 Қор. 14:33; 2 Қор. 7:1). Үсті-басымыз, шашымыз бен тырнақтарымыз таза және сыртқы көрінісіміз ұқыпты болу керек. Қазіргі уақытта адамдар қалай болса солай киіне береді. Алайда кино және спорт жұлдыздары қалай болса солай киінеді екен деп, мәсіхшілер де солай етпеулері керек. Егер әйгілі адамдарға еліктер болсақ, адамдардың Құдайға қызмет ететіндер мен оған қызмет етпейтіндердің арасындағы айырмашылықты көруі қиын болып қалады (Малх. 3:18).
3. Сырт келбетіміз 1 Тімоте 2:9, 10-дағы кеңеске сай екеніне қалай сенімді бола аламыз?
3 Мәсіхшілерге сай киім үлгісі: Мәсіхші ақсақал Тімотеге жолдаған хатында елші Пауыл: “Әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін... Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық”,— деп кеңес берді (1 Тім. 2:9, 10). Киіміміздің әдепті екендігіне сенімді болу үшін жақсылап ойланғанымыз жөн. Киіміміз талғамсыз, тым ашық емес, керісінше жарасымды, таза және қарапайым болу керек (1 Пет. 3:3).
4, 5. Мәсіхші ерлер мен әйелдер қандай ескертуді ескергендері жөн?
4 Сондай-ақ Пауыл, ‘шаштарын баптай беріп, алтын, маржан және қымбат киімге үйір болып’, ерекше көрінуге байланысты ескерту айтқан еді (1 Тім. 2:9). Асыл тастар мен бояуларды және өзге де әшекейлерді қолданғанда парасатты болғандары мәсіхші әйелдер үшін даналық болып табылады (Нақ. с. 11:2).
5 Пауылдың мәсіхші әйелдерге жолдаған кеңестерінің негізіндегі принциптер мәсіхші ерлерге де қатысты. Ер бауырластар осы дүниеге тән ой-қалпын танытатын үлгіден аулақ болулары керек (1 Жох. 2:16). Мысалы, кей елдерде тым кең киім үлгісі кеңінен тараған, алайда бұл үлгі Құдайдың қызметшілеріне лайық емес.
6. Не себептен конгреске бара жатқанда, қайтып келе жатқанда, конгресс кезінде және әр күнгі бағдарламадан кейінгі уақытта киім және сыртқы көрінісімізге байланысты жоғары нормаларды ұстануымыз керек?
6 Бағдарламадан кейінгі жүріс-тұрыс: Бағдарлама кезінде бауырластардың басым көпшілігі киім және сыртқы көрініске байланысты керемет үлгі көрсетеді. Алайда кей бауырластардың конгреске бара жатқанда және қайтып келе жатқанда немесе бағдарламадан кейінгі уақытта сыртқы көріністеріне аса мән бермейтіні жөнінде хабарлар түсіп жатады. Біздің киіміміз бен сыртқы көрінісіміз — бағдарлама кезінде не өзге уақытта болсын — өзгелердің Құдай халқына деген көзқарасына әсер етеді. Конгреске арналған плакетканы тағып жүретіндіктен, әрқашан мәсіхшілерге лайық киінуіміз керек. Осының арқасында өзгелер жиі бізге мақтау айтады және куәлік етуге мүмкіндік туады (1 Қор. 10:31—33).
7. Әдепті киім және сыртқы көрінісіміз өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін?
7 Жылы жымиғанымыздың өзі жүзімізді нұрландыра түседі, ал әдепті киім мен сыртқы көрінісіміз айтып жатқан хабарымыздың маңыздылығы мен ұйымымыздың қадірін арттыра түседі. “Құдайды дәріптеңдер” деп аталатын осы жылғы облыстық конгресс кезінде бізді бақылағандардың кейбіреулері не себепті өзгелерден ерекше екендігімізді сұрап, ақыр аяғында: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік”,— деп айтуы мүмкін (Зәк. 8:23). Сол себепті әрқайсысымыз киім және сыртқы көрінісіміз арқылы Ехобаны құрметтейтінімізді көрсеткейміз!
[5-беттегі қоршау]
Өзімізді жақсы жағынан көрсету
▪ Конгреске бара жатқанда немесе қайтып келе жатқанда
▪ Конгресс өтіп жатқан кезде
▪ Бағдарламадан кейінгі уақытта