Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w13 1.3. 10—12 бет.
  • “Көрсем де, түсінбедім”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Көрсем де, түсінбедім”
  • 2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АЛҒАШҚЫ РУХАНИ ҚАДАМДАР
  • ҮЛКЕН ҚАЙҒЫ ЖӘНЕ ЗОР ҚУАНЫШ
  • КИЕЛІ КІТАП ШЫНДЫҒЫН ТОЛЫҚ ТҮСІНДІМ
  • ҰЯЛШАҚТЫҚПЕН КҮРЕСУ
  • ЕХОБА ҚҰДАЙДЫҢ ТАҒЫ БІР СЫЙЫ
  • БІРІЛІГІ БАР ХАЛЫҚТЫҢ КӨРСЕТКЕН ҚОЛДАУЫ
  • Құлағы естімейтін бауырластарыңды бағалаңдар!
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехоба өзінің жарқын жүзінің нұрын түсіруде
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Құдай құлағы естімейтіндердің қамын ойлайды
    Сан түрлі тақырыптар
  • Құлағымның мүкістігі өзгелерге тәлім беруіме тосқауыл болмады
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
Көбірек мәлімет
2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w13 1.3. 10—12 бет.

ӨМІРБАЯН

“Көрсем де, түсінбедім”

Айтып берген: Оливье Амел

1975 жылы мен екі жаста болғанымда анам денімнің саулығына күдіктене бастады. Ол мені қолында ұстап тұрғанда, құрбысы еденге ауыр затты құлатып алыпты. Сонда гүрс еткен дауысқа менің селк ете қалмағанымды байқап қалыпты. Тіпті үш жасқа келсем де, тілім шықпапты. Кейіннен дәрігерлер менің мүлдем естімейтінімді анықтады. Бұл хабарды естігенде, үйдегілердің төбесіне жай түскендей болды.

Нәресте кезімде ата-анам ажырасып кетті. Содан анама мені және екі ағам мен әпкемді жалғыз өзі асырауына тура келді. Сол уақытта Францияда құлағы естімейтін балаларға қазіргіден өзгеше білім беретін. Білім берудің бұл әдісі кейде балалардың жанына бататын. Әйтсе де бала кезімнен бастап менде құлағы естімейтін өзге адамдарда болмаған ерекше мүмкіндік болды. Осы жайында айтып берейін.

Шамамен бес жасымда

Францияда біраз уақыт бойы мұғалімдердің көбі құлағы естімейтін балаларды сөйлету және еріннен оқуды үйрету керек деп есептеді. Сондықтан мектептерде қолмен ишарат жасауға қатаң тыйым салынды. Тіпті сабақ кезінде кейбір құлағы естімейтін балалардың қолын артына байлап қоятын.

Алғашқы жылдары аптасына бірнеше сағат бойы сөйлеуге үйрететін дәрігердің қабылдауында болатынмын. Сол жерде жағымнан не басымнан ұстап тұрып, өзім естімейтін дыбыстарды қайта-қайта айтуға мәжбүрлейтін. Мен өзге балалармен сөйлесе алмайтынмын. Сол жылдары басымнан өткергендер маған ауыр тиді.

Алты жасымда мені арнайы интернатқа берді. Сол жерде алғаш рет құлағы естімейтін басқа балалармен таныстым. Мұнда да ым тіліне тыйым салынған болатын. Сыныпта ым-ишарат жасаған баланы алақанынан ұрып не шашынан тартып жазалайтын. Алайда біз өзіміз ойлап тапқан белгілермен жасырын сөйлесетінбіз. Көптен күткенім орындалып, өзге балалармен араласа алатын болдым. Осылай қуанышқа толы төрт жыл өтті.

Он жасқа толғанымда, мені құлағы еститін балалар оқитын кәдімгі мектепке ауыстырды. Сонда көңілім қатты құлазыды! Құлағы естімейтін басқа балалардың бәрі өліп, дүниеде жалғыз қалғандай сезіндім. Сөйлеуге үйрету шараларының бәрі далаға кетеді деп қорыққан дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, отбасым ым тілін үйренбеді және мені басқа құлағы естімейтін балалармен араластырмады. Бірде құлақ дәрігерінің қабылдауына барғанда, үстелінің үстінде жатқан ым тілі кітабын байқап қалдым. Мұқабадағы суреттерді көріп, кітапқа қолыммен нұсқап: “Маған беріңізші!”— деп едім, дәрігер дереу кітапты тыға қойдыa.

АЛҒАШҚЫ РУХАНИ ҚАДАМДАР

Анам бізді Киелі кітап принциптерімен тәрбиелеуге тырысты. Ол бізді Бордо қаласының жанында орналасқан Мериньяктағы Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне апарып тұратын. Бала болғандықтан, кездесулерде айтылғандардың көбін түсінбейтінмін. Алайда бауырластар кезек-кезек жаныма отырып, айтылғандарды қағазға жазып көрсетіп отыратын. Олардың сүйіспеншілігі мен қамқорлығы маған қатты әсер етті. Үйде анам менімен Киелі кітап зерттейтін, бірақ үйреткендерін толық түсінбейтінмін. Періштеден хабар алған Даниял пайғамбар: “Айтқанын естісем де, түсінбедім”,— деген болатын, мен де өзімді тура солай сезіндім (Даниял 12:8). Бірақ менің жағдайымда “көрсем де, түсінбедім” болды.

Дегенмен Киелі кітаптың негізгі шындықтарын жайлап ұға бастадым. Анық түсінгендерімді жүрегімде сақтап, өмірімде қолдануға тырыстым. Сондай-ақ өзгелердің үлгісіне қарап та үйрендім. Мысалы, Киелі кітап бізді шыдамды болуға шақыратынын білетінмін (Жақып 5:7, 8). Бірақ мұның не екенін түсінбейтінмін. Бауырластардың осы қасиетті танытқандарын бақылау арқылы шыдамдылықтың не екенін білдім. Шынымен де, мәсіхшілер қауымының маған зор көмегі тиді.

ҮЛКЕН ҚАЙҒЫ ЖӘНЕ ЗОР ҚУАНЫШ

Стефан Киелі кітапты түсінуіме көмектесті

Жасөспірім шағым болатын. Бір күні көшеде ым-ишаратпен сөйлесіп тұрған жастарды көрдім. Ешкімге білдірмей, солармен араласа бастадым. Сөйтіп, француз ым тілін үйреніп алдым. Куәгерлердің кездесулеріне де барып жүрдім, мұнда Стефан есімді бір жас жігіт мені қанатының астына алды. Ол менімен сөйлесу үшін көп күш салатын, оған қатты бауыр басып кеттім. Бірақ алда үлкен қайғылы жағдай күтіп тұрған еді. Исаның ізбасары ретінде бейтараптық сақтағаны үшін Стефан түрмеге жабылды. Сонда көңілім қатты құлазыды! Стефан жоқ болғандықтан, салым суға кетіп, қауым кездесулеріне өте сирек баратын болдым.

Он бір айдан кейін Стефан түрмеден шығып, үйіне қайтып келді. Ол маған ым тілінде сөйлей бастағанда, өз көзіме өзім сенбей, аң-таң болдым. Сөйтсем, мұны түрмеде үйренген екен. Қолымен және жүзімен ым-ишараттар жасағанын көріп, оның не айтып жатқанын түсінген сайын қуанышым қойныма сыймады.

КИЕЛІ КІТАП ШЫНДЫҒЫН ТОЛЫҚ ТҮСІНДІМ

Стефан менімен Киелі кітап зерттеуге кірісті. Сонда ғана кезінде түсінген үзік-үзік Киелі кітап шындықтарының басы біріге бастады. Бала кезімде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріміздегі әдемі суреттерді қарауды ұнататынмын. Ондағы кейіпкерлерді салыстырып, оқиғаны есімде сақтау үшін суретті егжей-тегжейлі қарастыратынмын. Ыбырайым, оның “ұрпағы” және “ұлы жамағат” жайында білетінмін, бірақ бұл ілімдерді ым тілінде түсіндіргенде ғана, олардың шынайы мәні ашылды (Жаратылыс 22:15—18; Аян 7:9). Сонда өз тілімді, жүрегімнің тілін, тапқанымды түсіндім.

Енді кездесулерде айтылғандарды түсінетін болдым, олар жүрегіме әсер етіп, білімге деген құштарлығым арта түсті. Стефанның көмегімен Киелі кітап шындығы жайлы түсінігім тереңдеп, 1992 жылы өмірімді Ехоба Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім. Жетістіктерге қол жеткізсем де, тұйық әрі ұялшақ болып қала бердім. Бұл бала кезімде өзгелермен араласа алмағанымның салдары еді.

ҰЯЛШАҚТЫҚПЕН КҮРЕСУ

Мен барып жүрген ым тіліндегі кішкене топ Бордо қаласының шетінде орналасқан Пессактағы қауымға бекітілді. Бұл өте тиімді болды, мен рухани нығая бердім. Өзгелермен әлі де емін-еркін араласа алмайтындықтан, құлағы еститін достарым айтылғанның бәрін түсінгеніме көз жеткізіп отыратын. Жилль мен Елоди есімді ерлі-зайыпты менімен сөйлесу үшін көп күш салды. Олар қауымнан кейін бірге тамақтануға не кофе ішуге жиі шақырып тұратын. Уақыт өте келе керемет дос болып кеттік. Сүйіспеншілікке үйрететін Құдай жолымен жүретін адамдардың арасында болу неткен ғанибет!

Жұбайым Ванесса нағыз көмекшім болды

Осы қауымда мен Ванесса есімді сүйкімді бір қызбен таныстым. Маған оның сезімталдығы мен әділдігі ұнады. Менің құлағымның естімейтінін ол араласуға кедергі деп емес, қайта, мен сияқты адамдармен сөйлесуді үйренудің мүмкіндігі деп қарастырды. Мен оны жақсы көріп қалдым, сөйтіп, 2005 жылы үйлендік. Әлі де өзгелермен емін-еркін араласа алмайтындықтан, Ванесса маған ұялшақтықты жеңуге және ойымды ашық айтуды үйренуге көмектесті. Жауапкершіліктерімді атқарып жүргенде, ол маған қолдау көрсетеді. Мұнысын мен өте жоғары бағалаймын.

ЕХОБА ҚҰДАЙДЫҢ ТАҒЫ БІР СЫЙЫ

Біз үйленген жылы Лувье қаласында орналасқан “Франциядағы Ехоба куәгерлерінің филиалы” аударма жұмысына үйрету үшін мені бір айға шақырды. Сол жылдары филиал ым тілінде DVD дискіге жазылған бірнеше әдебиет шығару үшін көп тер төгуде еді. Бірақ алда әлі көп жұмыс күтіп тұрғандықтан, аударма тобына көмек қажет еді.

Француз ым тілінде Киелі кітапқа негізделген баяндама айтудамын

Мен үшін филиалда қызмет ету мүмкіндігі пайда болды, мұны Ванесса екеуіміз зор мәртебе әрі Ехоба Құдайдың сыйы деп қарастырдық. Бірақ бізді мазалаған жайттар да болды. Ым тіліндегі тобымыздың жайы не болар екен? Үйімізді қайтеміз? Ванесса сол аймақтан жұмыс таба ала ма? Осы мәселелердің әрқайсысына Ехоба керемет шешім тауып берді. Сол кезде Ехобаның бізге және құлағы естімейтін адамдарға деген сүйіспеншілігін сезіндім.

БІРІЛІГІ БАР ХАЛЫҚТЫҢ КӨРСЕТКЕН ҚОЛДАУЫ

Аударма жұмысына атсалысқанымның арқасында мен құлағы естімейтіндерге рухани көмек көрсету үшін, қандай іс атқарылып жатқанын жақсырақ түсіндім. Әріптестерімнің менімен сөйлесуге тырысатындарына қатты қуанатынмын. Олардың бірен-саран ым-ишаратты үйреніп алып қолданғандары жүрегіме жылы тиетін. Мұндайда жалғыздық сезімі түгілі, оның бары да ойыма келмейтін. Сүйіспеншіліктің осылай танытылып жатқаны Ехоба халқының арасында теңдесі жоқ бірліктің көрінісі еді (Забур 132:1).

Филиалдағы аударма бөлімінде қызмет етудемін

Ехоба әрқашан маған қауымдағы бауырластардың бірі арқылы көмектесіп отырды, әрі бұл үшін оған шексіз ризамын. Сонымен қатар өзім сияқты құлағы естімейтін адамдарға сүйіспеншілікке толы Жаратушымызды танып-білуге және оған жақындауға көмектесуге азғана болса да үлес қоса алғаныма ризамын. Болашақта сөйлесуге кедергі болатын нәрселердің барлығы жойылады, сондай-ақ бүкіл адамзат тату бір отбасы болып, “таза тілде” — яғни Ехоба Құдай жайлы шындық пен оның ниеті туралы — сөйлесетін болады (Софония 3:9 ЖД). Мен сол уақытты асыға күтудемін.

a Франция үкіметі 1991 жылға дейін құлағы естімейтін балаларды ым тіліне үйретуге ресми түрде рұқсат бермей келді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу