ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Иса пайғамбар қылмыскерге көкте өмір сүресің деді ме?
Бұл сұрақтың туындау себебі — Иса пайғамбар қасындағы өлім жазасына кесілген қылмыскерге: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деген еді (Лұқа 23:43). Байқасаңыз, Иса жұмақтың қайда болатыны жайлы ештеңе айтқан жоқ. Олай болса, ол әлгі қылмыскер өзімен бірге көкте болады дегісі келді ме?
Алдымен, сол қылмыскер аспанда өмір сүруге лайық па еді, соны көрейік. Аспанға баруға үміті барлар сумен және киелі рухпен шомылдыру рәсімінен өтіп, осылайша Исаның киелі рухтан туылған шәкірттері болу керек (Жохан 3:3, 5). Көкке баратындарға қойылатын тағы бір талап — олар Құдайдың құлықтылық нормаларына сай өмір сүріп, шыншыл, мінсіз және жанашыр сияқты қасиеттер таныту қажет (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Сондай-ақ олар жердегі өмірінің соңына дейін Құдайға және Мәсіхке адал болып қалуға тиіс (Лұқа 22:28—30; Тімөтеге 2-хат 2:12). Осы талаптарға сай келген жағдайда ғана олар көктегі өмірге қайта тірілуге және ондағы аса жауапты міндеттерді, атап айтқанда, Мәсіхпен бірге адамзаттың үстінен мың жыл бойы патша әрі діни қызметкерлер ретінде қызмет етуге лайықты бола алады (Аян 20:6).
Ал Исаның қасындағы адам қылмыскер болды, әрі қылмыскер ретінде өлді (Лұқа 23:32, 39—41). Ол: “Патша болғаныңда, мені есіңе ала көр”, — деуімен Исаға құрмет көрсеткені рас (Лұқа 23:42). Әйткенмен ол шомылдыру рәсімінен өтіп, Исаның киелі рухтан туылған шәкірті болған жоқ, сондай-ақ өмірінде өзінің тура әрі адал екенін дәлелдеген жоқ. Ендеше, Исаның оған өздерінің мінсіздігін дәлелдеген адал ізбасарларымен бірге көктегі патшалықты уәде етуі ақылға қонымды ма? (Римдіктерге 2:6, 7).
Мынадай мысалды қарастырып көрейік. Егер ақшаңызды ұрлаған адам, артынан кешірім сұраса, сіз оны жазаламауды ұйғарарсыз. Бірақ оған ісіңізді басқаруды не отбасыңыздың қамын ойлауды сеніп тапсырар ма едіңіз? Мұндай жауапкершілікті тек өзіңіз кәміл сенетін адамдарға ғана тапсырар едіңіз, солай емес пе?! Сол сияқты, көкте өмір сүру үмітіне ие болғандар адамзатқа билік еткенде Құдайдың әділ талаптарын ұстанатынын осы бастан дәлелдеп, сенімді екендерін көрсетулері керек (Аян 2:10). Әлгі қылмыскердің соңғы сәтте айтқан өтініші шынайы болған күнде де, ол өзінің сенімді екенін дәлелдеген жоқ.
Алайда, Киелі кітаптың кейбір аудармаларына сай, Иса әлгі қылмыскерге сол күні өзімен бірге көкте боласың деді ме? Бұлай болуы мүмкін емес, өйткені Исаның өзі көкке сол күні көтерілген жоқ. Ол “жер қойнында”, яғни қабірде, үш күн болды (Матай 12:40; Марқа 10:34). Тіпті қайта тірілген соң да, ол көкке көтерілмес бұрын 40 күн бойы жерде болды (Елшілердің істері 1:3, 9). Демек, қылмыскер кісінің сол күні Исамен бірге көкте болуы мүмкін емес.
Онда қылмыскер қандай жұмаққа кіру керек еді? Қайта тірілген соң, ол Иса билік жүргізетін жер бетіндегі жұмақта болады (Елшілердің істері 24:15; Аян 21:3, 4). Сол жұмақ жайлы және Құдайдың талаптары жайлы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба куәгерлерінің бірімен хабарласыңыз.