Ехоба өзінің жарқын жүзінің нұрын түсіруде
АДАМНЫҢ бетінде отыздан астам бұлшық ет бар. Күлгенде солардың он төрті жұмыс істейді. Бет бұлшық еттерінің қызметінсіз адаммен әңгімелесу қызықты болмас еді. Ал құлағы естімейтін адамдар үшін бет бұлшық еттері әңгімелерін әсерлі етуден әлдеқайда маңызды рөл атқарады. Олар дене қимылымен үйлесе отырып, басқа адамға ойды жеткізудің маңызды құралы болып табылады. Ым тілінің күрделі ойларды бүге-шігесіне дейін жеткізе алу мүмкіндігіне көп адам таңғалады.
Құлағы естімейтіндер соңғы кездері адам баласынан әлдеқайда зор тұлғаның мағыналы да жарқын жүзін көруде. Бейнелі сөзбен айтқанда, олар “Ехобаның нұрлы жүзінің алдына” келуде (Ерм. з. 2:19 ЖД). Бұл — кездейсоқ болған жайт емес, Ехобаның ұзақ уақыттан бері естімейтін адамдарға көрсетіп келе жатқан зор сүйіспеншілігі. Мұндай сүйіспеншілігін ол ежелгі Исраил халқына танытқан болатын (Леуі. 19:14). Қазіргі кезде де Құдай құлағы естімейтін адамдарға сүйіспеншілігін айқын көрсетуде. “Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тім. 1-х. 2:4). Құлағы естімейтін көп адам Құдай туралы шындықты білудің арқасында оның жүзін көруде. Бірақ олар ести алмаса, шындықты қалай білді? Жауап бермес бұрын, мұндай адамдар үшін ым тілінің қаншалық маңызды екенін қарастырайық.
Олар үшін көру естумен бірдей
Естімейтін адамдар мен ым тілі туралы жаңсақ ой көп. Олардың неге жаңсақ екенін көрейікші. Мысалы, естімейтін адамдар көлік жүргізе алады. Сөйлеп тұрған адамды ерін қимылына қарап түсіну олар үшін өте қиын. Ым тілінің Брайль қарпіне еш қатысы жоқ және ол жай ғана мәнерлі дене ишарасы емес. Сондай-ақ ортақ бір ым тілі жоқ. Әр аймақтың ым тілінде өзіне тән ым-ишарат бар.
Естімейтін адамдар оқи ала ма? Кейбіреулері жақсы оқиды, бірақ басым көпшілігі үшін бұл оңай шаруа емес. Себебі қағаз бетіндегі сөздер дыбысталатын тілден шыққан. Еститін баланың тілді қалай үйренетінін қарастырайық. Жарық дүниеге келген сәттен бастап ол айналысындағы адамдардың жергілікті тілде айтқан сөздерін естиді. Көп ұзамай жеке-жеке сөздердің басын қосып, сөйлем құра бастайды. Бұл — дыбысталатын тілді есту кезінде болатын табиғи құбылыс. Кейін еститін бала қағазға түсірілген сөздерді оқығанда олардың қалай дыбысталатынын және нені білдіретінін түсінеді.
Келесі бір жағдайды көзіңе елестетші. Сен бір шетелде әйнектен жасалған дыбыс өтпейтін бөлменің ішінде отырсың. Сол елдің тілін ешқашан естіген емессің. Күн сайын жергілікті адамдар келіп сенімен сөйлесуге тырысады. Ал сен оларды естімей, тек еріндерінің жыбырлағанын ғана көресің. Түсінбегеніңді байқап, олар айтқан сөздерін қағазға жазады да, саған әйнектің сыртынан көрсетеді. Енді сен бәрін ұғуың керек деп ойлайды. Мұндай жағдайда сен не істей аласың? Олармен пікір алысу мүмкін емес деген тұжырымға келерің анық. Неге? Себебі қағаздағы сөздер сен естімеген тілде жазылған. Бұл мысал саңырау адамдардың көбісінің жағдайын дәл суреттейді.
Ым тілі естімейтін адамдар үшін пікір алмасудың ең ұтымды құралы болып табылады. Олар өз ойын жеткізу үшін айналасындағы кеңістікті қолданып белгілер көрсетеді. Мұндай ым-ишарат ережелерге сай жасалады. Осылайша көрініс тілі арқылы жеткізіліп тұрған мәлімет көзбен қабылданады.
Саңырау адамның қол, дене және бет қимылымен көрсеткен белгілерінің бәрінің дерлік мағынасы бар. Бет қимылдары ойды жай әсерлі етіп жеткізудің жолы емес, ым тілі грамматикасының ажырамас бөлігі болып табылады. Мысалы, сұрақ қойғанда қастың керілгені риторикалық немесе “иә” не “жоқ” деген жауапты күтетін сұрақты білдіреді. Ал қабақтың түйілгені “кім”, “не”, “қайда”, “қашан”, “неге”, және “қалай” деген сұрақтарға нұсқайды. Ауыз қимылдары заттың көлемін немесе әрекеттің қарқыны мен күшін көрсетеді. Бас шайқау, иық қағу, бет жиыру және көзді ашып-жұму арқылы естімейтін адам ойдың әртүрлі реңкін жеткізе алады.
Осындай ым-ишараттар бұл тілді көздің жауын алатын көркем тілге айналдырады. Пікір алмасудың осыншама мол мүмкіндігінің арқасында ым тілін білетін адам кез келген түсінікті — поэзия мен техниканы, романтика мен әзіл-сықақты, нақты және дерексіз ұғымдарды — жеткізе алады.
Ым тіліндегі әдебиеттер жасаған өзгерістер
Ехоба туралы білім ым тілінде көріністермен жеткізілгенде, саңырау адамдар хабарды “естиді” және ‘Иемізге сенеді’. Сондықтан Ехоба куәгерлері дүниежүзіндегі құлағы естімейтін адамдарға уағыздауға және солар үшін әдебиеттер дайындауға барынша күш салуда (Рим. 10:14). Қазіргі кезде дүниежүзінде 58 ым тілінде аударма тобы бар және DVD-ге басылған әдебиеттер 40 ым тілінде шығуда. Осы іс жемісті болып жатыр ма?
Джеремидің әкесінің де, шешесінің де құлағы естімейді. Ол былай деп есіне алды: “Әкем “Күзет мұнарасындағы” мақаланың бірнеше ғана абзацын түсіну үшін бөлмесінде сағаттап отырып зерттейтін. Бір уақытта бөлмесінен атып шығып: “Енді ұқтым, енді ұқтым!”— деген белгі беретін де, не ұққанын маған түсіндіруге кірісетін. Ол уақытта он екі жаста едім. Көрсеткен абзацтарына бір көз жүгіртіп шығып: “Әке, мұнда басқа ой айтылған сияқты. Бұл...”,— дей бергенімде, белгі беріп мені тоқтататын. Сөйтіп мәтіннің мағынасын өз бетінше түсініп көру үшін қайтадан бөлмесіне кіріп кететін. Сондай кездегі оның жүзіндегі өкінішті және қайта зерттеуге бара жатқанын көріп өзімнің сүйсінгенімді ешқашан ұмытпаймын. DVD-ге басылған ым тіліндегі әдебиеттер шыққалы бері оның түсінігі артты. Ехобаға деген сезімін айтқанда жүзі жайнап кетеді, мұндай сәттерді мен әрқашан бағалаймын”.
Чилидегі ерлі-зайыпты Куәгерлер құлағы естімейтін Хесения есімді бойжеткен қызбен сөйлеседі. Куәгерлер анасының рұқсатымен Хесенияға “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген чили ым тіліндегі DVD-ді көрсетеді. Олар былай дейді: “Хесения оқиға басталғаннан күліп отырып көрді, бірақ соңында жылап жіберді. Мұнысына аң-таң болған анасына ол оқиғаның қатты ұнағанын түсіндірді. Бұдан ол Хесенияның DVD-дегі мәліметті ұққанын білді”.
Венесуэланың ауылды жерінде тұратын құлағы естімейтін бір балалы әйел екінші балаға жүкті еді. Қаржы тапшылығына байланысты екі бала асырауға күйеуі екеуінің шамалары жетпейтіндей сезініп, түсік жасатуды ойлап жүреді. Мұндай ниеттерінен бейхабар Ехоба куәгерлері оларды көшеде тоқтатып, “Құдай бізден нені талап етеді?” деген венесуэла ым тіліндегі DVD-ден 12-сабақты көрсетеді. Бұл сабақта Құдайдың түсік жасату мен кісі өлтіруге қалай қарайтыны талқыланады. Кейіннен әйелі Куәгерлерге сол сабақты өткендері үшін ризашылығын білдіріп, түсік жасатпауды шешкендерін айтты. Осылайша DVD-ге басылған ым тіліндегі мәлімет адам өмірін сақтап қалды.
Лорейн есімді құлағы естімейтін бір Куәгер былай дейді: “Киелі кітапты зерттеу мен үшін ұсақ бөлшектерден үлкен бір сурет құрастыруға ұқсайтын. Суреттің бос, яғни түсінбеген жерлері болғандықтан, оны толық көре алмаған едім. Шындық ым тілінде жеткізілгелі бері суреттің бос жерлері толтырылды”. Ал 38 жыл бойы Куәгер болып келе жатқан құлағы естімейтін Джордж былай дейді: “Қандай да бір жайтты түсіне білгенің өз-өзіңді сыйлауға көмектесетінінде және сенімділік беретінінде дау жоқ. Ым тіліндегі DVD-лер менің рухани өсуіме қатты әсер етті”.
“Өз тілімде кездесулер өтетіні қандай ғанибет!”
Ехоба куәгерлері басылымдармен қатар толықтай ым тілінде өтетін қауым кездесулерін ұйымдастырған. Қазір дүниежүзінде 1 100-ден аса ым тілді қауым бар. Бағдарлама естімейтін адамдардың өз тілінде өтеді, әрі Киелі кітап шындығы олардың ойлау қалпына сай жолмен жеткізіледі. Сондай-ақ олардың мәдениеті мен өмірлік тәжірибелеріне құрмет көрсететін жолмен ұсынылады.
Ым тілінде қауымдар ұйымдастыру қаншалықты пайдалы болды? Сирилдың жағдайын мысалға алайық. Ол Ехоба куәгері ретінде 1955 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Жылдар бойы ол шамасы келгенше басылымдарды зерттеп, мәсіхшілер кездесулеріне үзбей келіп тұрды. Кездесулерде аудармашы бірде болса, бірде болмаған. Болмаған жағдайда, қандай да бір бауырлас мінбеден айтылып жатқанды қағазға жазып түсіндіруге тырысатын. Бұл жағдай 34 жыл бойы, 1989 жылы Құрама Штаттарындағы Нью-Йорк қаласында алғашқы ым тіліндегі қауым ашылғанға дейін жалғасты. Осы қауымның мүшесі ретінде Сирил өзін қалай сезінді? “Мен бір ну орманнан, қараңғы түнектен жарыққа шыққандай болдым. Өз тілімде кездесулер өтетіні қандай ғанибет!”
Құлағы естімейтін адамдар Ехоба куәгерлерінің ым тілді қауым кездесулерінде Құдай туралы білім алады және ғибадат етеді. Ол жерде Құдай халқы бір-бірімен араласады әрі жігер алады. Естімейтін адамдар сөйлесе алмағандықтан қоғамнан оқшауланып қалған. Ал мәсіхшілердің қауымында олар бір-бірімен еркін пікір алмаса алады. Мұндай жанға жайлы ортада олар Ехобаға қызмет етуді үйренеді, рухани өседі, әрі жетістіктер жасайды. Осының арқасында құлағы естімейтін көп Куәгер толық уақыт қызмет ете алатын болды. Кейбіреулері басқа елдерге барып, естімейтін адамдарға Ехоба туралы білім беруде. Мәсіхші ерлердің көпшілігі жақсы тәлімгер, қамқор бағушы болуды және іс ұйымдастыруды үйреніп, қауымда жауапкершіліктер алуда.
Құрама Штаттарында ым тілді 100-ден аса қауым және шамамен 80 топ бар. Ал Бразилияда 300-дей қауым мен 400-ден аса топ бар. Мексикада 300-ге жуық қауым бар. Ресейде 30-дан аса қауым мен 113 топ құрылған. Бұл дүниежүзі бойынша ым тілді қауымдардың өсімін көрсететін бірнеше мысал ғана.
Ехоба куәгерлері ым тілінде конгрестер де өткізеді. Өткен жылы дүниежүзі бойынша әртүрлі ым тілінде 120-дан астам конгресс ұйымдастырылды. Бұл кездесулердің арқасында құлағы естімейтін Куәгерлер өздерінің дүниежүзілік бауырластыққа жататынын, солармен бірге уақтылы ас-су алып отырғандарын сезінді.
Құлағы естімейтін Леонардтың Ехоба куәгері болғанына 25 жылдан асты. Ол өзі жайлы былай дейді: “Мен Ехобаның шынайы Құдай екенін әрқашан білгенмін. Алайда оның қайғы-қасіретке неге жол бергенін толық түсінбейтінмін. Сондықтан оған кейде ашуланатынмын. Бір жолы ым тілді облыстық конгресте айтылған баяндамадан даулы мәселеге қатысты жайттарды түсіндім. Баяндама біткенде әйелім мені шынтағымен түртіп: “Енді қанағаттандың ба?”— деп сұрады. Сонда мен оған шын көңілден “иә” дей алдым. Бұл сұрақты жиырма бес жыл бойы түсінбесем де, Ехобадан кетпегеніме ризамын. Оны жақсы көрсем де, толық түсіне алмаған едім. Ал қазір түсінемін”.
Шын жүректен риза болу
Құлағы естімейтіндер Ехоба туралы білім алғанда, оның “жүзінен” сүйіспеншіліктің, әділдіктің, адалдық пен мейірімділіктің нышанын байқайды.
Ехоба куәгерлерінің ым тілді қауымдарындағы адамдар Құдай жүзін көруде, әрі бұдан былай да анық көре түседі. Оларға ‘Ехоба өзінің жарқын жүзінің нұрын түсіріп’, шынайы сүйіспеншілігін танытуда (Ру. сан. 6:25 ЖД). Құлағы естімейтін адамдар Ехобаны жақыннан танығанына қаншалықты риза десеңші!
[24, 25-беттердегі суреттер]
Дүниежүзі бойынша 1 100-ден аса ым тілді қауым бар
[26-беттегі суреттер]
Ехоба жарқын жүзінің нұрын құлағы естімейтін адамдарға түсіруде