НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП: АҚЫРЗАМАННАН ҚОРҚУЫМЫЗ КЕРЕК ПЕ?
Ақырзаман қорқыныш ұялата ма, қызықтыра ма, әлде көңілді қалдыра ма?
Көп адам Майя күнтізбесіне сәйкес, 2012 жылдың 21 желтоқсанында дүниежүзілік өзгерістер болады деп сенген еді. Ал сіз ше? Бәлкім, ештеңе болмағанына қуанған шығарсыз, я болмаса көңіліңіз қалған не бұған қол сілтей салған шығарсыз. Сонда бұл ақырзаман жайлы тағы бір қате болжам болғаны ма?
Киелі кітапта айтылған “ақырзаман” жайлы не деуге болады? (Матай 24:3 Кк). Кейбіреулер жер отқа оранып жоқ болады деп қорқады. Басқаларды ақырзаманда қандай оқиғалар орын алатыны қатты қызықтырады. Ал көбісі ақырзаман жайлы ести беруден шаршап, оның болатынына сенуден қалған. Бірақ мұндай көзқарастар айғаққа негізделген бе, әлде жай болжамдарға ма?
Ақырзаман жайлы Киелі кітапта шын мәнінде не айтылғаны сізді таңғалдыруы мүмкін. Бұл кітапта заманның ақырын, яғни осы дүниенің соңын неліктен күтуіміз керектігі түсіндіріледі. Сондай-ақ онда бұл күн жақын арада келмейді деп ойлап, бұған немкетті қарайтындардың болатыны да айтылған. Біз сізді ақырзаман жайлы кең таралған кейбір сұрақтарға Киелі кітаптың қалай жауап беретінін қарастыруға шақырамыз.
Жер отпен жойыла ма?
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “[Құдай] жерді берік негізге орнатты, ол ешқашан қозғалмайды орнынан” (ЗАБУР 103:5).
Жер отпен де, басқалай да жойылмайды. Керісінше, Киелі кітапқа сәйкес, Жер планетасы адамзаттың мәңгілік үйі болып табылады. Забур жырында: “Жер бетін [Құдай] адамзатқа берді”,— делінген (Забур 113:24; Ишая 45:18).
Жерді жаратқан соң, Құдай оның “өте жақсы” екенін айтты және Жаратушымыздың ойы әлі де сондай (Жаратылыс 1:31). Құдай жерді жоюды жоспарлап отырған жоқ, қайта, оны орны толмас залалдан қорғап, “жерді бүлдіргендерді құртуды” уәде етіп отыр (Аян 11:18).
Алайда кейбіреулер Киелі кітаптағы: “Қазіргі аспан мен жер... отпен жойылу үшін... сақталып отыр”,— деген сөздер жердің отпен жойылатынын білдіреді деп ойлайды (Петірдің 2-хаты 3:7). Бірақ бұл шынымен де солай ма? Негізінде, Киелі кітапта “аспан”, “жер” және “от” деген сөздер кейде бейнелі мағынада қолданылады. Мысалы, Забур 65:4-те: “Бүкіл жер Саған бас иіп сиынады”,— деп жазылған. Мұндағы “жер” деген сөз адамзат қоғамын білдіреді.
Петірдің 2-хаты 3:7-нің мәнмәтініне қарап, аспан, жер және оттың бейнелі мағынада қолданылғанын байқауға болады. Бұл 5 және 6-тармақтарда жазылған Нұх пайғамбардың күнінде Топан су болғандағы жағдайдан көрінеді. Онда ежелгі дүние сулардың астында қалып жойылды делінген, алайда біздің Жер планетамыз жоқ болып кеткен жоқ қой. Топан су “жерді” немесе сол замандағы зұлым адамзатты жоқ қылды. Сондай-ақ ол “аспанды”, яғни сол кездегі қоғамға билік жүргізген адамдарды жойып жіберді (Жаратылыс 6:11). Сол сияқты, Петірдің 2-хаты 3:7-дегі сөздер қазіргі зұлым адамзат қоғамы мен оның бұзылған үкіметтері тура отпен жойылғандай мәңгілікке жойылатынын білдіреді.
Заманның ақыры келгенде не болады?
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 2:17).
Мұндағы “өтеді де кетеді” деп айтылған “осы дүние” жердің өзін емес, жер бетіндегі Құдайдың еркіне сай өмір сүрмейтін барлық адамдарды білдіреді. Хирург науқастың өмірін сақтап қалу үшін қатерлі ісікті кесіп алып тастайтыны сияқты, Құдай да жақсы адамдардың жер бетінде қуанышты өмір сүре алуы үшін зұлымдарды “жояды” (Забур 36:9). Осы мағынада бұл дүниенің соңын қуана күтуімізге негіз бар.
“Ақырзаманға” деген осындай оң көзқарасты Киелі кітаптың басқа аудармаларынан да байқауға болады. Сол аудармаларда бұл тіркес “осы заманның аяғы” немесе “дәуірдің соңы” деп аударылған (Матай 24:3; “New International Version”). Егер жер де, адамзат та заманның ақыры келгенде аман қалатын болса, онда жаңа заман, яғни жаңа дәуір басталады деп күткеніміз орынды емес пе? Киелі кітап мұны растайды, өйткені онда “келер заман” жайында айтылады (Лұқа 18:30).
Иса пайғамбар болашақта орнайтын сол кезеңді “бәрі жаңаратын уақыт” деп атаған. Сол уақыт келгенде, ол адамдардың Құдайдың әуел бастағы ниетіне сай өмір сүруі үшін қам жасайды (Матай 19:28). Біз мынадай баталардың қызығын көретін боламыз:
Жұмақ орнаған жерде барлығы қауіпсіздік пен молшылықта өмір сүреді (Ишая 35:1; Миха 4:4).
Жұмысымыз мағыналы әрі қанағат әкелетін болады (Ишая 65:21—23).
Ауру атаулы болмайды (Ишая 33:24).
Қарт кісілер жасарады (Әйүп 33:25).
Өлгендер қайта тіріледі (Жохан 5:28, 29).
Егер “Құдайдың еркін”, яғни оның талаптарын орындасақ, біз дүниенің соңы келеді деп қорықпаймыз, қайта оны асыға күтетін боламыз.
Заманның ақырына дейін шынымен де аз уақыт қалды ма?
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “Осылардың болып жатқанын көргенде, Құдай патшалығының таяп қалғанын білесіңдер” (ЛҰҚА 21:31).
Профессор Ричард Кайл өзінің “Соңғы күндер қайта келді” атты кітабында: “Аяқастынан болатын өзгерістер мен әлеуметтік тәртіпсіздіктер ақырзаман туралы болжамдардың айтылуына ықпал етеді”,— деп жазды. Ал мұндай өзгерістер мен тәртіпсіздіктердің орын алуын түсіндіру қиын болса, бұл осындай болжамдардың таралуына одан бетер түрткі болады.
Алайда Киелі кітаптағы пайғамбарлар өз заманындағы жағымсыз жайттарды көріп, ақырзаман жайлы жазуды шешкен жоқ. Қайта, Құдай өз рухының жетелеуімен оларға дүниенің соңы таяп қалғанын білдіретін жағдайларды алдын ала жаздырған. Сізді төмендегі сол пайғамбарлықтардың бірнешеуін қарастыра отырып, олардың біздің заманымызда орындалып жатқанына көз жеткізуге шақырамыз.
Соғыс, ашаршылық, жерсілкіністері мен қатерлі індеттердің кең таралуы (Матай 24:7; Лұқа 21:11).
Қылмыстың көбеюі (Матай 24:12).
Адамзаттың жерді құртуы (Аян 11:18).
Адамдардың тек қара басын ойлауы, ақшақұмар және Құдайдан гөрі ләззат-ермекті жақсы көруі (Тімөтеге 2-хат 3:2, 4).
Отбасылардың ойран болуы (Тімөтеге 2-хат 3:2, 3).
Заманның ақыры жақындап қалғанын көрсететін белгіге көбісінің немкетті қарауы (Матай 24:37—39).
Дүниежүзі бойынша Құдай патшалығы туралы ізгі хабардың уағыздалуы (Матай 24:14).
Иса пайғамбар айтқандай, “осылардың бәрін көргенде”, біз осы дүниенің соңы жақын екенін білеміз (Матай 24:33). Ехоба куәгерлері бұл дәлелдердің бұлтартпас айғақ екеніне сенеді, әрі 236 елде уағыз ісін жүргізу арқылы өз сенімдері жайлы басқаларға айтады.
Қате болжамдар дүниенің соңы ешқашан келмейді дегенді білдіре ме?
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ЖАУАБЫ: “Жұрт: “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!”— деп айтатын уақытта, жүкті әйелдің толғағы кенеттен басталатыны іспетті, олардың да жойылуы кенеттен келеді. Сонда олар еш құтылмайды” (САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 5:3).
Киелі кітапта дүниенің жойылуы толғақтың басталуымен салыстырылады: толғақ міндетті түрде әрі күтпеген жерден болады. Дүниенің соңы да әйелдің босанатын мерзіміне ұқсайды. Әйел босанатын уақытының жақын қалғанының белгілерін жақсы біледі. Оның дәрігері бұл күнді шамалап айтуы мүмкін, алайда босанатын күні кешігіп жатса, болашақ ана сәбиінің жақын арада дүниеге келетініне күмәнданып қалмайды ғой?! Сол сияқты ақырзаман туралы қате болжамдар біздің “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымыздың белгілерін жоққа шығара алмайды (Тімөтеге 2-хат 3:1).
Мүмкін сіз: “Егер дүниенің соңы жақында келетіні белгілерден анық көрініп тұрса, неге көп адам мұны мойындамайды?”— деп ойлайтын шығарсыз. Киелі кітапта дүниенің соңына аз уақыт қалғанда, көпшіліктің бұған мән бермейтіні жазылған. Соңғы күндері болып жатқан үлкен өзгерістерді мойындаудың орнына, олар мұны күлкі етіп: “Ата-бабаларымыз өлім ұйқысына кете бастағалы бері ештеңе өзгерген жоқ, жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді”,— дейді (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Қорыта айтқанда, соңғы күндердің белгілері айдан анық, алайда көбісі мұны елемейді (Матай 24:38, 39).
Бұл мақалада ақырзаманның жақын қалғанын білдіретін Киелі кітаптағы белгілердің кейбірін ғана қарастырдықa. Бұдан да көбірек білгіңіз келер ме еді? Олай болса, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты тегін зерттеуге шақырамыз. Мұндай зерттеуді үйіңізде немесе сізге ыңғайлы басқа жерде, я болмаса телефон арқылы да өтуге болады. Сізден бар талап етілетіні — уақыт бөлу ғана, ал бұл сізге баға жетпес игілік әкелмек.
a Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының “Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз ба?” деген 9-тарауын қараңыз.