ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
“Сен бұларды... нәрестелерге аштың”
Құдай жайлы шындықты білгіңіз келе ме? Бәлкім, ол кім, оған не ұнайды, не ұнамайды, оның еркі қандай деген сияқты сұрақтардың жауабын алғыңыз келетін шығар. Өзінің сөзі Киелі кітап арқылы Ехоба Құдай өзі жайлы шындықты ашады. Бірақ Киелі кітапты оқитындардың бәрі бірдей ондағы шындықтың мәнін толық түсіне бермейді. Неге? Өйткені шындықты түсіну — бәріне беріле бермейтін үлкен мәртебе. Иса пайғамбардың осыған қатысты не дегенін қарастырайық (Матай 11:25 оқыңыз).
Жоғарыда келтірілген жазба орны: “Сол кезде Иса былай деді”,— деген сөздермен басталады. Демек, Иса осының алдында орын алған жайтқа қатысты жауап бермек болған. Ғалилеяның үш қаласының тұрғындары Исаның кереметтерін көре тұра, оның шәкірттері болуға ықылас білдірмегендіктен, Иса оларды айыптаған болатын (Матай 11:20—24). Мүмкін сіз: “Адамдар Исаның керемет істерін көріп тұрып, қалайша оның үйреткен шындығына сенбеген?”— деп таңғалатын шығарсыз. Бұл адамдардың жүрегі қасарысқан болатын, сондықтан олар Исаға сенбеді (Матай 13:10—15).
Киелі кітаптағы рухани шындықтарды түсінуіміз үшін бізге екі нәрсе қажет, бұлар — Құдайдың көмегі және жүрегіміздің дұрыс күйі. Бұған қатысты Иса: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан жасырып, нәрестелерге аштың”,— деген. Киелі кітаптағы рухани шындықтардың мәнін түсіну неліктен зор мәртебе болып саналатынын байқадыңыз ба? Ехоба “Көк пен жердің Иесі” болғандықтан, шындықты кімге ашатынын өзі шешеді. Бірақ әрбір адамның шындықты білуге мүмкіндігі бар, өйткені Құдай ешкімді алаламайды. Олай болса, Киелі кітаптағы шындықты біреуге ашуды не жасыруды ол не нәрсеге негіздеп шешеді?
Ехоба Құдай тәкаппарларға емес, кішіпейілділерге рақымын төгеді (Жақып 4:6). Ол шындықты осы дүниедегі “данышпандар мен білімпаздардан”, яғни өздерін Құдайдың көмегіне мұқтаж емеспіз деп есептейтін өркөкірек әрі тек өздеріне арқа сүйейтін адамдардан жасырады (Қорынттықтарға 1-хат 1:19—21). Ал өзіне шын жүрекпен жақындайтын “нәрестелерге”, яғни бала сияқты кішіпейіл адамдарға шындығын ашады (Матай 18:1—4; Қорынттықтарға 1-хат 1:26—28). Иса пайғамбар адамдардың осындай екі тобын да кездестірген. Көптеген менмен, жоғары білімді діни жетекшілер Исаның хабарының мәнін түсінбеді, ал кішіпейіл балықшылар болса түсінді (Матай 4:18—22; 23:1—5; Елшілердің істері 4:13). Әйтсе де Исаның шәкірттерінің арасында шынайы кішіпейілділік танытқан бай әрі білімді адамдар да болған (Лұқа 19:1, 2, 8; Елшілердің істері 22:1—3).
Мақаланың басында көтерілген сұраққа қайта оралайық: Құдай жайлы шындықты білгіңіз келе ме? Олай болса, Құдайдың ықыласына өздерін данышпан деп есептейтіндер емес, қарапайым да кішіпейіл адамдар ие бола алатынын білу сізге жұбаныш берер. Егер Құдай Сөзін кішіпейілділікпен зерттесеңіз, Ехоба Құдай сізге баға жетпес сый, яғни өзі жайлы шындықты білу үшін түсінік береді. Ал бұл шындықты түсінгеніңіз өміріңізді әлдеқайда мағыналы етеді және Құдай уәде еткен әділдік орнаған “шынайы өмірге” жетелейдіa (Тімөтеге 1-хат 6:12, 19; Петірдің 2-хаты 3:13).
Қаңтарда оқитын Киелі кітап үзіндісі:
a Ехоба куәгерлері сізге Құдай және оның ниеті туралы шындықты білуіңізге қуана-қуана көмектеседі. Олар “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының көмегімен үй жағдайында Киелі кітапты ақысыз зерттеуді ұсынады.