Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесу.
Құдайдың адамдарды тозақ отында азаптайтыны рас па?
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ адамдармен Киелі кітап тақырыптарына әңгімелеседі. Сізді Киелі кітаптағы қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда келесі жолы Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұраңыз. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.
Төменде Ехоба куәгерлерінің әдетте адамдармен қалай әңгімелесетінінің үлгісі келтірілген. Ехоба куәгерінің есімі Марат, ал үй иесінің есімі Арман делік.
Құдай зұлым адамдарды жазалай ма?
Марат: Сізді қайта көргеніме қуаныштымын.
Арман: Мен де қуаныштымын.
Марат: Өткен жолы сіз айтқан бір жайт ойымнан кетпей қойды.
Арман: Ол не еді?
Марат: Сіз Ехоба куәгерлерінің тозақ оты бар дегенге сенбейтінін естігенде, таңғалдым деп едіңіз.
Арман: Таңғалғаным рас. Шынымды айтсам, тозақтың бар екеніне бәрі сенеді ғой, Куәгерлердің бұған сенбейтіні қызық екен.
Марат: Ойыңызды ашық айтқаныңызға рақмет. Маған өзгелердің пікірін білу өте қызықты. Адамдардың тозақ оты туралы түсінігі әртүрлі, сондықтан, айып етпесеңіз, осыған қатысты сіздің ойыңызды білсем деп едім.
Арман: Менің білуімше, адам өлген соң, қыл көпірден өтеді. Егер ол нағыз күнәкар болса, көпірдің астындағы жалындаған тозақ отына құлайды да, сол жерде мәңгі азапталады.
Марат: Көп адамдар осыған сенеді. Айтыңызшы, өмірде қандай да бір қиянат көргенсіз бе?
Арман: Көрдім ғой. Осыдан бес жыл бұрын біреулер әпкемді өлтіріп кеткен.
Марат: Өте қайғылы жағдай екен. Әлі де ес жимаған шығарсыз.
Арман: Иә, есіме түссе болды, жүрегім сыздап қоя береді.
Марат: Зұлымдардан қиянат көргенде, кейбіреулер сол оңбағандардың тозақ отында жанып кеткенін қалайды. Осылай олар өз істерінің жазасын тартса екен дейді.
Арман: Дәл солай. Мен де әпкемді өлтіріп, отбасымызды зар еңіретіп кеткен әлгі жауыздардың өз жазасын тартқанын қалаймын.
Марат: Мұндай сезім адам баласына тән. Жазықсыздардың жапа шеккенін көргенде, Құдайдың да ашу-ызасы келетіні, сондай-ақ оларды жазалауды уәде ететіні жайлы Киелі жазбаларда айтылған. Мысалы, Ишая пайғамбардың мына сөздеріне назар аударыңызшы: “Зұлымдар қасіретке қалады! Басқаға істеген жамандықтары өз бастарына түседі” (Ишая 3:11). Ендеше, Құдай зұлым адамдарды міндетті түрде жазалайтынына сенімді бола аламыз.
Арман: Сіздер тозақ оты жоқ деп тұрсыздар ғой, онда Құдай зұлымдарды қалай жазаламақ?
Марат: Сұрағыңыз орынды. Тоқетерін айтсам, Құдай зұлымдарды біржолата жояды. Киелі жазбалардағы мына бір сөзге көңіл бөліңізші (Салоникалықтарға 2-хат 1:9). Өзіңіз оқып көресіз бе?
Арман: Жарайды. Мұнда: “Олар жазаланады да, мәңгілікке жойылып, Иеміздің алдынан және оның ұлы құдіретінен аластатылады” делініпті.
Марат: Көрдіңіз бе, Құдай зұлымдарды жазалап, біржола жойып жібереді екен. Демек, олар қайтып өмір сүрмейді.
Арман: Бұл сөздерді түсіндім, бірақ бұл маған әділетсіздік боп көрінеді. Өйткені адамдардың бәрі өледі ғой. Ал зұлым адамдар бұдан да ауыр жазаға лайық емес пе?
Әділдік нені талап етеді?
Марат: Әділдікті жақсы көретін адам екенсіз.
Арман: Иә, жақсы көремін.
Марат: Мұныңыз мақтауға тұрады. Шындығына келгенде, адам баласын дұрыс пен бұрысты ажырата алатын етіп жаратқан — Құдай. Сондықтан өзі де әділдікке аса мән береді. Алайда дін басылары адамдарды тозақ отында жазалайды деп үйретеді, бірақ бұл Құдайды әділетсіз деумен парапар.
Арман: Мұнымен не дегіңіз келеді?
Марат: Қазір түсіндіремін. Адам ата мен Хауа ана туралы естіген шығарсыз?
Арман: Олар Құдай тыйым салған жемісті жеп, пейіштен қуылғанын естігенмін.
Марат: Иә, бұл солай болған. Қазір осы жайлы Киелі жазбалардан оқып көрсек болады. Жаратылыс 2:16, 17-де былай делінген: “[Құдай] оған бұйрық беріп: “Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жеген кезде өлесің”,— деді”. Байқадыңыз ба, Адам ата Құдай тыйым салған жемісті жеген кезде не болар еді?
Арман: Ол өлер еді.
Марат: Дұрыс айтасыз. Адам ата күнә жасағандықтан, оның ұрпақтары, яғни бүкіл адамзат, өлетін болдыa. Осы жерде Құдай тозақ отында жазалану туралы бірдеңе деді ме?
Арман: Жоқ.
Марат: Егер Адам ата мен Хауа ананы тозақ отында мәңгі азап шегу жазасы күтіп тұрған болса, Құдай бұл туралы ескертпес пе еді? Оның ескерткені әділ болар еді, әрі сүйіспеншілікке жатар еді ғой?
Арман: Мұнымен келісемін.
Марат: Ал енді Адам ата мен Хауа ана күнә жасағаннан кейін, Құдайдың оларға не дегеніне көңіл бөлейікші. Жаратылыс 3:19-ды оқып жібересіз бе?
Арман: “Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!”
Марат: Құдайдың айтуынша, Адам өлгенде, қайда барады екен?
Арман: Жердің қойнына кіріп, қайтадан топыраққа айналады депті ғой.
Марат: Дөп түстіңіз. Негізі, адам баласы өзі шыққан жерге ғана қайта оралады емес пе?
Арман: Иә, солай.
Марат: Ендеше, Адам ата жаратылмас бұрын қайда болған?
Арман: Ол жоқ болған.
Марат: Иә, ол еш жерде болмаған. Байқасаңыз, бұл жерде Құдай тозақ отында жазалау туралы ештеңе айтпаған. Егер ол Адам атаны тозақ отына жібермек ойы бола тұра, өзі жаратылған топыраққа қайта айналасың десе, мұнысы өтірік болмас па еді?
Арман: Иә, бұл солай болар еді. Бірақ адамдар тозақтан қорықпаса, қылмыс көбейіп кетпей ме?
Сүйіспеншіліктің Құдайы адамды тозақта азаптай ма?
Марат: Келісетін шығарсыз, тозақ отына сенетін елдерде қылмыс деңгейі басқа елдерге қарағанда төмен дей алмаймыз. Қайта, керісінше болып жатыр. Ойлап көріңізші: егер Құдайдың тозақта азаптайтыны рас болса, бұған сенетін адам біреуді азаптау дегеннен шошынбай, кәдімгі нәрсе деп қарар еді. Бірақ азаптау, қинау деген адамның жанын түршіктіретін нәрсе ғой?!
Арман: Рас, біреудің азабына бейжай қарай алмаймыз.
Марат: Ал енді азаптауға Құдайдың қалай қарайтынына көңіл бөлейікші. Киелі кітаптан Еремия 7:31-дегі сөздерді оқып жіберіңізші.
Арман: Мұнда былай депті: “[Олар] Бен-Хенном аңғарында Топет деген табыну орындарын салып, сол жерлерде ұлдары мен қыздарын жалған тәңірге арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен оларға бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ”.
Марат: Байқадыңыз ба, адамды өртеу Құдайдың ойына да келмеген. Олай болса, оның адамды тозақ отында азаптауы мүмкін бе?
Арман: Ым-м. Мүмкін емес.
Марат: Мұны жақсырақ түсіну үшін бір мысал келтірейін. Сіздің бала-шағаңыз бар шығар?
Арман: Иә, 15 жасар бір ұлым бар.
Марат: Балаңыз тіліңізді алмай, сізді ренжітетін көп жаман істер жасады делік. Сонда не істер едіңіз?
Арман: Оған ақыл айтып, жөнге салар едім.
Марат: Расында да, оны тура жолға салу үшін, бір емес, бірнеше рет көмектесер едіңіз.
Арман: Иә, солай етер едім.
Марат: Бірақ қанша тырысқаныңызбен, ол тіліңізді алмаса, оны жазалаудан басқа амал қалмас еді, солай ғой?
Арман: Бәлкім, бір жаза қолданар едім.
Марат: Бірақ оны жазалау үшін қолын қызып тұрған пешке қояр ма едіңіз?
Арман: Әрине, жоқ.
Марат: Олай болса, адам екеш адам бұлай етпесе, сүйіспеншілікке толы Жаратушымыз сондай қатыгездікке бара ма?
Арман: Бұл ақылға қонымды екен, бұл жағын ешқашан ойламаппын.
Ехоба Құдай зұлымдық атаулыны жояды
Марат: Бірақ Құдай тәубесіне келмейтін зұлымдарға қарсы әрекет ететініне сенімді бола аламыз. Бұл туралы Забур жыры 36:9-да жазылған. Өзіңіз оқып көресіз бе?
Арман: Жарайды. Мұнда: “Зұлымдық жасаушылар жойылып кетер, Иемізге сенушілер елді иемденер” делініпті.
Марат: Құдай зұлымдарға не істейтінін байқадыңыз ба?
Арман: Оларды жойып жібереді екен.
Марат: Дұрыс айтасыз. Басқаша айтқанда, Құдай зұлымдарды біржола құртып жібереді. Ал жақсы адамдар, яғни “Иемізге сенушілер”, жер бетінде мәңгі өмір сүреді. Әрине, бұған қатысты сізде сұрақтар туындауы мүмкін. Мысалы, неге Құдай зұлымдық жасамақ болған адамды бірден тоқтатпайды? Егер оларды шынымен жазаламақ болса, неге мұны тезірек істемейді?
Арман: Бұларға да жауап бар ма?
Марат: Иә, бар. Келесі рет келгенде, Киелі кітаптың бұл сұрақтарға қалай жауап беретінін көрсетейінb.
Арман: Жарайды, келіңіз.
a Римдіктерге 5:12 қараңыз.
b Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауын қараңыз.