Құдайға жақындаңыз
Ехоба Құдай әділетсіздікті жек көреді
“АДАМДАР басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Шамамен 3000 жыл бұрын жазылған бұл сөздер қазіргі дүниені қалайша тура сипаттайды десеңші! Адамдар — мейлі кім болмасын, қайда тұрмасын — билікті теріс қолдануға бейім. Олардың құрбаны көбінесе әлсіздер мен кедей-кепшіктер болып жатады. Осындай әділетсіздікке Ехоба Құдай қалай қарайды? Мұның жауабын Езекиел 22:6, 7, 31-ден табамыз (оқыңыз).
Исраил халқына берілген Мұса заңында Ехоба билік иелері қолдағы биліктерін ешқашан теріс қолданбаулары керектігін нақты айтқан болатын. Құдай ел басшылары бейшаралар мен кедей-кепшіктерді елеп-ескеріп, мейіріммен қараған жағдайда ғана бүкіл халыққа батасын бермек еді (Заңды қайталау 27:19; 28:15, 45). Алайда Езекия пайғамбардың заманында Иерусалим мен Яһуданың билеушілері халыққа өктемдік жасаған. Қалайша?
Басшылар өз биліктерін қолданып, “адам қанын төккен” (6-тармақ). Заңды орындап, өзгелерді де осыған шақыруы керек басшылардың өзі билікті теріс қолданып, жазықсыздардың өміріне қол сұғып жатса, елде әділдік қайдан орнасын?!
Бұдан кейін Езекиел басшыларды ғана емес, Ехобаның заңдарын бұзып жатқан басқаларды да айыптаған болса керек. “Халық ата-анасын менсінбей, сыйлаған жоқ”,— дейді ол (7-тармақ). Ата-анаға лайықты құрмет көрсетпей, олар халықтың негізі болып табылатын отбасының берекесін кетірді (Мысырдан шығу 20:12).
Бұзылған жұрт араларындағы әлсіздерге күн көрсетпеді. Олар әрбір заңсыз әрекетімен Құдайдың сүйіспеншілікке негізделген заңдарына немкетті қарайтындарын көрсетті. Мысалы, Құдай заңдарының бірінде исраилдіктер араларында тұрып жатқан жатжерліктерге оң көзбен қараулары керектігі айтылған болатын (Мысырдан шығу 22:21; 23:9; Леуіліктер 19:33, 34). Бірақ халық “жатжерліктерді қанады” (7-тармақ).
Сондай-ақ халық қорғанышы жоқ “жетім-жесірлерге” жәбір көрсетті (7-тармақ). Ехоба Құдай ата-анасынан не жарынан айырылған жандардың қажеттілігіне ерекше көңіл бөледі. Ол жетім-жесірлерге жәбір көрсететіндерді өзі соттайтынын уәде еткен (Мысырдан шығу 22:22—24).
Осы және басқа да жолдармен Езекиел пайғамбардың заманындағы исраилдіктер Құдайдың сүйіспеншілікке негізделген заңдарын бұзып, аяқасты етті. Ехоба не істеді? Ол: “Оларға ашуымды төгемін”,— деп уәде берді (31-тармақ). Осы уәдесіне сай, б. з. б. 607 жылы бабылдықтардың Иерусалимді қиратып, халқын тұтқынға әкетуіне жол берді.
Езекиелдің сөздерінен Ехоба Құдай туралы және әділетсіздікке қатысты екі жайтты білеміз: біріншісі, Құдай әділетсіздікті жек көреді; екіншісі, әділетсіздіктен жапа шеккендерге жаны ашиды. Құдай өзгерген жоқ (Малахи 3:6). Ол жуырда әділетсіздікті және оны жасайтындарды құртуды уәде етеді (Нақыл сөздер 2:21, 22). Олай болса, неге әділдікті сүйетін Құдай туралы біліп, оған жақындай түспеске? (Забур 36:28).
[26-беттегі сөздер]
Ехоба Құдай билікті ешқашан теріс қолданбау керектігін нақты айтқан