Балаларыңа тәлім беріңдер
Ашкөздік Гехезайдың түбіне жетті
БІРДЕҢЕНІ қатты қалағансың ба? ~a Көпшілігіміз қалаймыз. Алайда қалаған нәрсеңді алу үшін өтірік айтуға бола ма? ~ Әрине, болмайды. Өтірік айтатын адам — ашкөз адам. Қазір ашкөздік Гехезай деген адамның түбіне қалай жеткенін қарастырып көрейік. Ол Ехоба Құдайдың пайғамбары Елішәнің қызметшісі болған.
Елішә мен Гехезай Құдайдың Ұлы Иса жер бетіне келмей тұрғанда, мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген. Ехоба Елішә пайғамбарға таңғажайып кереметтер жасатқан. Мысалы, Киелі кітапта Сирия әскерінің Нағыман деген бір басшысы туралы айтылған. Ол алапес деп аталатын жаман ауруға ұшыраған болатын. Оған ешкім көмектесе алмады, тек Елішә пайғамбар ғана оны сауықтырды.
Елішә Құдайдың көмегімен адамдарды сауықтырғанда, ешқашан ақша алмайтын. Неге деп ойлайсың? ~ Өйткені ол кереметтерді өзінің емес, Ехобаның күшімен жасап жатқанын білетін. Нағыман ауруынан жазылғанына қатты қуанып, Елішәға алтын, күміс, әдемі киімдер ұсынады. Елішә алмайды, бірақ оны Гехезай қатты алғысы келеді.
Нағыман кеткен соң, Гехезай оның соңынан жүгіре жөнеледі, бірақ Елішәға ештеңе айтпайды. Оны қуып жеткенде, Гехезай Нағыманға не дегенін білесің бе? ~ “Мені Елішә жіберді, жаңа ғана екі хабаршы келіп еді. Соларға беру үшін ол сізден киім сұратып жатыр”.
Бірақ бұл өтірік еді! Ол екі хабаршының келгенін ойдан шығарып айтқан болатын. Өйткені ол Нағыманның Елішәға бермек болған киімдерді өзіне алғысы келген. Нағыман бұл туралы ештеңе білмеді. Сондықтан оған сыйлықты қуана-қуана, тіпті Гехезайдың сұрағанынан да көп береді. Бұдан кейін не болғанын білесің бе? ~
Гехезай үйге қайтып келгенде, Елішә одан: “Қайда барып келдің?”— деп сұрайды.
“Ешқайда”,— деп жауап береді Гехезай. Алайда Ехоба Елішәға Гехезайдың не істегенін білдіріп қойған еді. Сондықтан Елішә оған: “Қазір ақша мен киім алатын уақыт па?”— дейді.
Гехезай өзінікі болмаса да ақша мен киімдерді алады. Сондықтан Құдай Нағыманның алапес ауруын Гехезайға жібереді. Айтшы, осы оқиғадан қандай сабақ алуымызға болады? ~ Оның бірі — біз біреуге ойдан шығарып ештеңе айтпауымыз керек.
Неге Гехезай ойдан шығарылған, яғни өтірік, оқиға айтты? ~ Себебі Гехезай ашкөз адам еді. Ол өзіне тиесілі емес затты алғысы келді, сол үшін өтірік айтты. Осының кесірінен ол өле-өлгенше жаман аурумен ауырды.
Бірақ Гехезай алапестен де жаман жағдайға ұшырады. Білесің бе, қандай жағдай? ~ Ол Құдайға ұнамсыз болып, оның сүйіспеншілігінен айырылып қалды. Біз мұндайға ешқашан жол бермейік! Қайта, қайырымды болып, қолымызда барды өзгелермен бөлісуге дайын болайық.
КИЕЛІ КІТАБЫҢНАН ОҚЫ
a Сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.