Ехоба мен Исадан шыдамдылыққа үйрен
“Иеміздің шыдамдылығын құтқарылудың мүмкіндігі деп біліңдер” (ПЕТ. 2-Х. 3:15).
1. Адал қызметшілердің кейбірін не нәрсе толғандырады?
ЕХОБАҒА ондаған жыл қызмет етіп, көп сынақты бастан өткерген бір кішіпейіл әйел бауырлас: “Көзімнің тірісінде осы дүниенің ақырын көремін бе?”— деп сұрады. Ұзақ уақыт Ехобаға қызмет етіп жатқан бауырластардың кейбірін осындай сұрақ толғандырады. Бәріміз де Ехоба барлығын жаңадан жаратып, көріп жатқан қиындықтарымызды жоятын уақыт тезірек келсе екен дейміз (Аян 21:5). Бірақ осы дүниенің ақыры таяп қалғанын дәлелдейтін жайттар жетіп артылғанмен, сол күннің келгенін шыдамдылықпен күту оңай емес.
2. Шыдамдылық жайлы қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Киелі кітапта шыдамды болуымыз керектігі айтылған. Егер ежелдегі қызметшілер сияқты Құдайдың уәделері орындалатын уақытты нық сеніммен және шыдамдылықпен күтетін болсақ, сол уәделердің орындалуын көретін боламыз (Еврейлерге 6:11, 12 оқы). Ехоба өзі де шыдамдылық танытады. Ол зұлымдықты әлдеқашан жойып жібере алар еді, бірақ ол белгілеген уақытын күтіп отыр (Рим. 9:20—24). Неге Құдай сондай шыдамды? Иса Әкесіне тән шыдамдылықты танытып, бізге қандай үлгі қалдырды? Ехоба сияқты шыдамдылықпен күтуді үйренсек, мұның қандай игілігін көреміз? Осы сұрақтардың жауабы бізге Ехоба кешігіп жатқандай көрінсе де, шыдамдылық пен мықты сенім дамытуға көмектеседі.
НЕЛІКТЕН ЕХОБА ШЫДАМДЫЛЫҚ ТАНЫТАДЫ?
3, 4. а) Жерге қатысты ниетін жүзеге асыру үшін, Ехоба неліктен шыдамдылық танытуда? ә) Едем бағында көтерілген бүлікке Ехоба қалай жауап берді?
3 Ехобаның шыдамдылық танытуына келелі себептер бар. Ол әлемдегі ең жоғарғы Әмірші болып табылады. Алайда Едем бағында әлемдік маңызы бар дау көтерілген болатын. Бұл даудың толық шешілуі үшін уақыт қажет екенін білгендіктен Ехоба шыдамдылық танытып отыр. Көктегі мен жердегі жаратылыстарының әрқайсысының әрекеттері мен ойларын жақсы білгендіктен, ол біздің игілігімізге сай әрекет ететіні анық (Евр. 4:13).
4 Ехоба жер бетін Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтарымен толтыруды ниет еткен болатын. Хауа ана Шайтанға алданып, Адам ата мойынсұнбаушылық танытқанда, Құдай өз ниетінен айнып қалмады. Ол әбігерге түсіп, асығыс шешім қабылдап, адамзаттан бас тартқан жоқ. Керісінше, адамзатқа және Жер планетасына қатысты ниетін жүзеге асырудың жолын ойластырды (Ишая 55:11). Ниетінің кей тұстары ойдағыдай орындалу үшін, оған мыңдаған жыл бойы күту керек болды. Десе де ниетін жүзеге асырып, бүкіләлемдік билігін ақтау үшін, Ехоба зор ұстамдылық пен шыдамдылық танытып келеді.
5. Ехобаның шыдамдылығы қандай баталар әкеледі?
5 Ехобаның шыдамдылықпен күтуіне тағы бір себеп бар. Ол мәңгілік өмірге көбірек адам ие болса екен дейді. Қазір Ехоба “ұлы жамағатты” құтқару үшін, дайындық шараларын жүргізіп жатыр (Аян 7:9, 14; 14:6). Ол адамдарды уағыз ісі арқылы өз Патшалығы мен әділ талаптары туралы білім алуға шақырады. Патшалық туралы хабар — адамзат үшін ең керемет хабар. Иә, расында да, бұл — “ізгі хабар” (Мат. 24:14). Ехоба жақындатып тартқан әрбір адам дұрыс нәрсені жақсы көретін шынайы достардан құралған дүниежүзілік қауымның мүшесі болады (Жох. 6:44—47). Сүйіспеншілікке толы Құдайымыз осындай адамдарға өзінің ықыласына ие болуға көмектесуде. Сондай-ақ ол адамдардың арасынан көктегі үкіметтің болашақ мүшелерін таңдап жатыр. Көкке барған кезде олар мойынсұнғыш адамзатқа кемелділікке жетіп, мәңгі өмірді иемденуге көмектеседі. Демек, Ехоба шыдамдылықпен күтіп отырған кезде де өз уәделерін жүзеге асыру үшін әрекет етуде әрі мұның бәрі біздің игілігіміз үшін.
6. а) Нұхтың күндерінде Ехоба қалай шыдамдылық танытты? ә) Біздің күндерімізде ол қалай шыдамдылық танытып отыр?
6 Ехоба тіпті адамдар өзін қатты ренжіткен кезде де шыдамдылық танытады. Бұл оның Топан судың алдында жер бетін зұлымдық жайлағанда қалай әрекет еткенінен көрінеді. Адамзат азғындық пен зорлық-зомбылық жасап, күнәға белшесінен батқанда, Ехоба “қайғырып, қасірет шекті” (Жар. 6:2—8). Әрине, Құдай бұл жағдайға мәңгі төзіп отыра бермес еді, сол себепті ол тілазар адамдарды топан сумен жоюды шешті. Ехоба “шыдамдылықпен күтіп” отырған кезін Нұх пен оның отбасын құтқару үшін қолданды (Пет. 1-х. 3:20). Белгіленген уақытта ол Нұхқа жерге Топан су жіберетінін айтып, кеме соғуды тапсырды (Жар. 6:14—22). Сондай-ақ Ехоба Нұхқа төніп келе жатқан апат туралы басқаларға ескертуді бұйырды. Киелі кітапта Нұхтың “әділдікті уағыздаушы” болғаны айтылған (Пет. 2-х. 2:5). Иса біздің күніміз Нұхтың күндеріне ұқсайтынын айтты. Ехоба осы зұлым дүниені қашан жоятынын белгілеп қойды, бірақ “сол күн мен сағатты” ешбір адам баласы білмейді (Мат. 24:36). Бүгінде Құдай бізге адамдарды ескертуді және оларға қалай құтқарылуға болатынын айтуды тапсырған.
7. Ехоба уәделерін орындауды кешеуілдетіп жатыр ма? Түсіндір.
7 Иә, Ехобаның шыдамдылығы ол жай уақыттың өткенін күтіп, қол қусырып отыр дегенді білдірмейді. Сондай-ақ бұл оның бізге деген немқұрайдылығын не селқостығын білдіреді деп ешқашан ойламайық. Алайда, шыны керек, жасымыз ұлғайып жатқандықтан не осы дүниеде қайғы-қасірет шеккендіктен, бұны есте ұстау оңай емес. Біздің ұнжырғамыз түсуі немесе Құдай өз уәделерін орындауды кешеуілдетіп жатыр деп ойлай бастауымыз мүмкін (Евр. 10:36). Ехобаның шыдамды болуына келелі себептердің барын әрі осы уақытты адал қызметшілерінің игілігіне жаратып жатқандығын ешқашан ұмытпайық (Пет. 2-х. 2:3; 3:9). Ал қазір Құдайға тән шыдамдылықты Иса қалай танытқанын қарастырып көрейік.
ИСА — ШЫДАМДЫЛЫҚТЫҢ КЕРЕМЕТ ҮЛГІСІ
8. Иса қандай жағдайларда шыдамдылық танытты?
8 Иса Құдай еркін мыңдаған жылдар бойы шын жүректен орындап келеді. Шайтан бүлік шығарғанда, Ехоба жалғыз Ұлын Мәсіх ретінде жерге жіберуді шешті. Осы уақыт келгенше, Исаның сан мың жыл бойы күтіп, қандай шыдамдылық танытқаны жайлы ойлашы (Ғалаттықтарға 4:4 оқы). Ол қол қусырып отырмады, қайта, Әкесі тапсырған істі белсене атқарумен болды. Иса жерге келген кезде Шайтанның қолынан өлім табатыны туралы пайғамбарлықты білген (Жар. 3:15; Мат. 16:21). Азап шегуіне тура келсе де, ол Құдай еркіне шыдамдылықпен бойсұнды. Адалдық деп осыны айт! Иса тек өзінің қара басын не дәрежесін ойлаған жоқ. Біз де сондай болуымыз керек (Евр. 5:8, 9).
9, 10. а) Ехобаның әрекет еткенін шыдамдылықпен күте отырып Иса не істеді? ә) Біз Исаға қалай еліктей аламыз?
9 Қайта тірілгеннен кейін Исаға көк пен жердегі барлық билік берілді (Мат. 28:18). Бұл билікті ол Ехоба белгілеген уақытта оның еркін орындау үшін қолданады. 1914 жылы жаулары аяғының астына салынып берілгенше, Иса Құдайдың оң жағында отырып шыдамдылықпен күтті (Заб. 109:1, 2; Евр. 10:12, 13). Жақын болашақта ол Шайтанның дүниесін жояды. Ал әзірше Иса адамдарға Құдаймен татуласуға көмектесіп, оларды “өмір суына” жетелеуде (Аян 7:17).
10 Исаға қалай еліктей алатыныңды байқадың ба? Иса Әкесі не тапсырса да, соны орындауға ықыласты болғаны сөзсіз, сөйте тұра ол Ехобаның белгілеген уақыты бар екенін білген. Шайтанның зұлым дүниесінің құрдымға кететін уақытын күте жүріп, бәріміз де шыдамдылық танытуымыз керек. Біз Құдайды күтуіміз және ұнжырғамыз түскенде берілмеуіміз керек. Осындай шыдамдылықты дамыту үшін не істей аламыз?
СЕН ШЫДАМДЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТА АЛАСЫҢ?
11. а) Сенім мен шыдамдылықтың қандай байланысы бар? ә) Берік сенім танытуымызға қандай негіз бар?
11 Иса жерге келгенге дейін пайғамбарлар мен Құдайдың басқа да адал қызметшілері кемелсіз адамның қиыншылықтарға шыдамдылықпен төзе алатынын дәлелдеді. Олардың шыдамдылығы сенімдерімен тығыз байланысты еді (Жақып 5:10, 11 оқы). Ехобаның өздеріне берген уәделеріне сенбегенде немесе сенімдері әлсіз болғанда, олар бұл уәделердің орындалуын шыдамдылықпен күтпес еді. Құдай уәделерін орындайтынына сенімді болғандықтан, олар көптеген ауыр сынақтар мен қиыншылықтарға төзді. Өмірлері қыл үстінде тұрған кездері де болған (Евр. 11:13, 35—40). Олардың қасында бізде берік сенім танытуға әлдеқайда көп себеп бар. Иса — “сеніміміздің Басшысы” (Евр. 12:2). Ол пайғамбарлықтарды орындады және бізге Құдай еркін ашты.
12. Сенімімізді нығайту үшін не істей аламыз?
12 Сенімімізді нығайтып, шыдамдылығымызды жетілдіру үшін не істей аламыз? Мұның басты жолы — Құдайдың кеңестерін қолдану. Мысалы, Құдай Патшалығын неге өміріңде бірінші орынға қоюың керектігі жайлы ойлашы. Матай 6:33-тегі кеңесті қолдану үшін көбірек күш сала аласың ба? Бұл үшін қызметке көбірек атсалысуың не өмір салтыңа өзгерістер енгізуің керек шығар. Осы уақытқа дейін басшылығын ұстануға деген талпынысыңа Ехоба қалай батасын бергенін естен шығарма. Бәлкім, ол сені жаңа Киелі кітап зерттеу сабағымен жарылқаған шығар немесе “адам ақылынан асқан тыныштығын” сыйлаған болар (Філіпіліктерге 4:7 оқы). Ехобаның басшылығын ұстанудың арқасында алған баталарыңды көбірек ойлайтын болсаң, шыдамды болуға деген ықыласың арта түседі (Заб. 33:9).
13. Сенім адамды шыдамды ететінін қандай мысал көрсетеді?
13 Келесі мысалдың арқасында сенімнің шыдамдылық қасиетін көбірек танытуға қалай көмектесе алатынын көреміз. Егінші тұқым себеді, өсіреді және егін орады. Ол егінді молынан орған сайын келесі орақ кезінде де мол өнім алатынына сенімді болады, тіпті көбірек жерге тұқым себетін де шығар. Орақ кезін шыдамдылықпен күтуге тура келетінін білсе де, ол артынша еңбегінің жемісін көретініне сенімді. Сол сияқты Ехобаның нұсқауларын біліп, оларды өмірімізде ұстанғанда және соның жемісін көргенде, Ехобаға деген сеніміміз артады. Сонда бізге шыдамдылық танытып, Ехоба батасын төгетін уақытты күту оңайырақ болады (Жақып 5:7, 8 оқы).
14, 15. Біз қайғы-қасіретке қалай қарауымыз керек?
14 Шыдамдылық дамытудың тағы бір жолы — осы дүние мен өзіміздің жағдайымызға Ехобаның көзімен қарау. Мысалы, ол адамдардың қайғы-қасіретіне қалай қарайтыны туралы ойлашы. Ехоба адамдардың қасірет шегіп жатқанын талай рет көріп, жаны ауырды. Бірақ бұл оның жақсылық жасауына тосқауыл болмады. Ол жалғыз Ұлын “Ібілістің істерін талқандау үшін” және оның адамзатқа келтірген бар залалдың орнын толтыру үшін жерге жіберді (Жох. 1-х. 3:8). Иә, Құдай көп ұзамай қайғы-қасіретті мәңгілікке жояды. Сол сияқты біз де Шайтанның дүниесінде орын алып жатқан зұлымдықтың сенімімізді әлсіретуіне жол берудің немесе оның ақырын күтуден шаршап, шыдамсызданудың орнына, Құдай уәделерінің орындалатынына сенімді болайық. Ехоба зұлымдықты құртатын уақытты белгілеп қойған әрі дәл сол уақытта әрекет етеді (Ишая 46:13; Нқм. 1:9).
15 Осы қиын-қыстау соңғы күндері сеніміміз қатты сыналуы мүмкін. Өзіміз не жақындарымыз түрлі жағдайларда қатыгездіктің құрбаны болып қалуы ықтимал. Осындай кезде қатуланып кетпей, Ехобаға толықтай сенім артайық. Кемелсіз болғандықтан бұл оңайға соқпайды. Бірақ Матай 26:39-да (оқы) Исаның не дегенін есіңе алшы.
16. Осы дүниенің ақырын күте жүріп, не істеуден аулақ болуымыз керек?
16 Осы дүниенің ақыры жақын дегенге күмәнданатын адамдар “уақыт көрсетеді” деген оймен жүруі мүмкін. Бұл қалай болады? Ондай адам “Ехобаның уәделері орындалмай қалса не істеймін?” деп, өз жоспарын құра бастайды. Бәлкім, ол былай ойлайтын шығар: “Ехоба уәделерін орындай ма, жоқ па — оны уақыт көрсетеді”. Осындай қате ойлар адамның шыдамдылық танытуына кедергі жасайды. Нәтижесінде Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюдың орнына, ол осы дүниеде атақ-даңқ іздеуі, жоғары оқуға түсіп, болашағын жасауға тырысуы мүмкін. Алайда бұл оның сенімінің әлсіз екенін көрсетеді емес пе? Елші Пауыл бізді “сенімі мен шыдамдылығының арқасында” Ехобаның батасына кенелген адал адамдарға еліктеуге шақыратынын ұмытпа (Евр. 6:12). Ехоба бұл дүниенің белгіленген уақытынан бір сәтке де артық тұруына жол бермейді (Абб. 2:3). Сол күн келгенше Ехобаның қызметінде босаңсып кетпейік. Қайта, сергек болып, ізгі хабар туралы түбегейлі куәлік етейік. Бұл — теңдессіз қуаныш пен қанағат әкелетін іс (Лұқа 21:36).
ШЫДАМДЫЛЫҚТЫҢ ЖЕМІСТЕРІ
17, 18. а) Шыдамдылықпен күте отырып, не істеуге мүмкіндігіміз бар? ә) Біз қазір танытып жатқан шыдамдылықтың қандай жемістерін көретін боламыз?
17 Құдайға бір ай немесе бірнеше жыл бойы қызмет етіп жүрсек те, біз оған мәңгілік қызмет еткіміз келеді. Осы дүниеде қанша өмір сүруге тура келмесін, шыдамдылық құтқарылуға ие болғанға дейін төзімді болуға көмектеседі. Қазір Ехоба бізге оның шешімдеріне толықтай сенім артатынымызды, қажет болса, оның есімі үшін қасірет шегуге дайын екенімізді дәлелдеуге мүмкіндік беріп жатыр (Пет. 1-х. 4:13, 14). Сондай-ақ Ехоба құтқарылуымызға көмектесетін шыдамдылықты дамыту үшін қажетті тәлімді де беріп отыр (Пет. 1-х. 5:10).
18 Исада көк пен жердегі бүкіл билік бар, сондықтан өзіңнен басқа ешкім сені одан ажырата алмайды (Жох. 10:28, 29). Бізге алда не болады деп уайымдаудың, тіпті өлімнен де қорқудың қажеті жоқ. Ақырына дейін табандылық танытсақ, Ехоба бізді құтқарады. Ендеше осы дүниенің рухына бой алдырып, Ехобаға деген сенімімізді жоғалтып алмайық. Қайта, Құдай шыдамдылық танытып отырған уақытты даналықпен қолданып, сенімімізді нығайта берейік (Мат. 24:13; Петірдің 2-хаты 3:17, 18 оқы).