Қызметте шыдамдылық танытайық
1. Ехоба адамзатқа қалай шыдамдылық танытып отыр?
1 Құдай адамзат баласына асқан шыдамдылық танытады (Мыс. ш. 34:6; Заб. 105:41—45; Пет. 2-х. 3:9). Дүниежүзілік уағыздау ісі оның адамзатқа танытып отырған сүйіспеншілік пен шыдамдылығының ең керемет көріністерінің бірі болып табылады. Ехобаның шыдамдылық танытып келгеніне 2000 жылдай болса да, ол әлі де ақжүрек адамдарды өзіне жақындатып тартуда (Жох. 6:44). Ал біз қызметімізде қалай Ехоба сияқты шыдамды бола аламыз?
2. Уағыздап жүрген аумағымызда қалай шыдамдылық таныта аламыз?
2 Үйме-үй уағыздау. Адамдар хабарымызға қызығушылық білдірмейтін аумақтарда уағыздауды “тоқтатпау” арқылы Ехобаның шыдамдылығына еліктейміз (Ел. іс. 5:42). Біз адамдардың немқұрайдылығына, келеке-мазағы мен қарсылығына төземіз (Мар. 13:12, 13). Сондай-ақ қызығушылық білдірген адамдарды үйінен қайта табу қиын болғанына қарамастан, себілген тұқымды суғару үшін бар күшімізді салу арқылы табандылық танытамыз.
3. Адамдарға қайта барғанда және зерттеу сабағын өткізгенде неліктен шыдамды болуымыз керек?
3 Киелі кітап зерттеу сабағы. Өсімдік өсіру үшін шыдамдылық қажет. Оны баптап-күтуге болады, бірақ қаншалықты тез өсетіні диқанға байланысты емес (Жақ. 5:7). Сол сияқты рухани өсім де бірте-бірте және өз сатысымен болады (Мар. 4:28). Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға жалған діни нанымдар мен Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптардан арылу қиын болуы мүмкін. Біз олардың рухани өсімін тездету үшін, өзгерістер жасауға мәжбүрлемеуіміз керек. Құдай рухының адамның жүрегіне әсер етуін күтіп, шыдамдылық танытуымыз қажет (Қор. 1-х. 3:6, 7).
4. Туыстарымызға шыдамдылықпен куәлік етудің қандай пайдасы бар?
4 Сенбейтін туыстар. Әрине, біз туысқандарымыздың шындықты білгенін қатты қалаймыз, алайда шыдамдылық танытып, куәлік етуге қолайлы уақытты таңдаймыз және бірден тым көп уағыздамаймыз (Екк. 3:1, 7). Қайта жүріс-тұрысымызбен куәлік етеміз, сондай-ақ сеніміз туралы жұмсақтықпен және құрметпен айтуға әрқашан дайынбыз (Пет. 1-х. 3:1, 15). Шынында да, шыдамдылықпен атқарылған қызметіміз әлдеқайда тиімді болады әрі көктегі Әкемізді қуантады.