Теократиялық қызмет мектебі
Мақсаты: Жариялаушыларға ізгі хабардың шебер уағыздаушылары мен тәлімгерлері болуға көмектесу.
Ұзақтығы: Шектелмеген.
Орны: Жергілікті Патшалық сарайы.
Қойылатын талаптар: Қауыммен тығыз араласып жүрген әрі Киелі кітаптың ілімдерін қабыл алып, өмірін сондағы принциптерге сай келтірген кез келген адам мектепке жазыла алады.
Қатыса алатындар: Оқушыларды теократиялық қызмет мектебінің бақылаушысы тізімге енгізеді.
Бүйірлік амиотрофиялық склероздан сал болып қалған Шарен есімді қыз бауырлас былай дейді: “Теократиялық қызмет мектебінің арқасында мен зерттеу жүргізуді және мәліметті қисынды етіп жеткізуді үйрендім. Сондай-ақ мен өзімнің ғана емес, өзгелердің де рухани қажеттіліктерін ойлайтын болдым”.
Ұзақ уақыт бойы аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен Арни былай дейді: “Мен кішкентайымнан кекеш болатынмын және адамдарға қарап сөйлей алмайтынмын. Бұл мектеп менің өз-өзіме деген сенімділігім мен құрметімді арттырды. Ехоба маған осы мектеп арқылы зор көмек берді. Мен дұрыс тыныс алудың және зейін қоюдың тәсілдерін үйреніп алдым. Қауымда және қызметте Құдайды даңқтауға мүмкіндігімнің барына қатты ризамын”.
Жаңа бетелдіктерге арналған мектеп
Мақсаты: Бетелге жаңадан келгендерге қызметтерін жемісті атқаруға көмектесу.
Ұзақтығы: 16 апта, аптасына 45 минуттан.
Орны: Бетел.
Қойылатын талаптар: Бетел отбасының тұрақты мүшесі я болмаса бір не одан көп жылға тағайындалған уақытша қызметші болу керек.
Қатыса алатындар: Бетел отбасына жаңадан келгендердің барлығы шақырылады.
Осы мектепке 1980 жылдары қатысқан Дмитрий былай дейді: “Бұл мектеп зерттеуді жақсырақ жүргізуге көмектесті және Бетелдегі қызметімді ұзақ уақыт бойы атқаруға дайындады. Оқытушылар, оқу бағдарламасы мен пайдалы кеңестер арқылы Ехоба мені сүйіспеншілікпен қамқорлайтынын және Бетелдегі қызметімді жемісті атқарғанымды қалайтынын түсіндім”.
Кейтлин былай деді: “Бұл мектеп ең маңызды нәрсеге назар аударуды, яғни рухани толысқан адам болуға талпынуды, үйретті. Сондай-ақ Ехобаға, оның үйіне және ұйымына деген ризашылығымды арттырды”.
Патшалық қызмет мектебі
Мақсаты: Аралаушы бақылаушылар мен ақсақалдарға, кейде қызмет көмекшілеріне де бақылау және ұйымдастыру істеріне қатысты жауапкершіліктерін атқаруды үйрету (Ел. іс. 20:28). Бүгінгі таңдағы әртүрлі үрдістерге, жағдайларға және қауымның қажеттіліктеріне қатысты басшылық беріледі. Бұл мектеп Басқарушы кеңестің ұйғарымы бойынша бірнеше жылда бір рет өткізіледі.
Ұзақтығы: Соңғы жылдары аралаушы бақылаушылар мектепте екі не екі жарым күн, ақсақалдар бір жарым күн, ал қызмет көмекшілері бір күн бойы тәлім алып жүр.
Орны: Әдетте Патшалық сарайында не Конгресс сарайында өткізіледі.
Қойылатын талаптар: Аралаушы бақылаушы, ақсақал не қызмет көмекшісі болу керек.
Қатыса алатындар: Ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін аудандық бақылаушы шақырады. Ал аралаушы бақылаушыларды филиал шақырады.
“Бұл мектеп қысқа уақыт аралығында өтсе де, ақсақалдарды қызметтерін қуанышпен атқаруға әрі Ехобаның тапсырған ісінде “ержүрек болуға” үйретті. Бұрыннан ақсақал болғандар да, жақында тағайындалғандар да жақсы бағушы болуды және “ойлары мен пікірлері бірдей болып, толықтай бірлікте тұруды” үйренді”,— дейді Куин (төменде).
“Патшалық қызмет мектебінде рухани нәрселерге қатысты түсінігіміз тереңдетілді, қауіп-қатерге қатысты ескертулер мен отарды қамқорлауға қатысты нақты кеңестер берілді. Осы жайттардың үшеуі бірдей жан-жақты қарастырылды. Ехобаның бізге осындай көмек беріп, мейірімділік танытқаны қандай керемет!”— дейді Майкл.
Ізашарлық қызмет мектебі
Мақсаты: Ізашарларға “қызметтерін толықтай атқаруға” көмектесу (Тім. 2-х. 4:5).
Ұзақтығы: Екі апта.
Орны: Филиал шешеді. Әдетте Патшалық сарайында өтеді.
Қойылатын талаптар: Кем дегенде бір жыл не одан көп уақыт жалпы ізашар болу керек.
Қатыса алатындар: Талаптарға сай келетін жалпы ізашарлардың барлығы шақырылады. Бұл жайлы оларды аудандық бақылаушы хабардар етеді.
“Ізашарлық мектеп қызметте және өмірде кезіккен қиындықтарды жеңуге көмектесті”,— дейді Лили (оң жақта).— “Менің зерттеу жүргізу, тәлім беру және Киелі кітапты қолдану шеберлігім айтарлықтай шыңдалды. Сондай-ақ өзгелерге көмектесу, ақсақалдарға қолдау көрсету және қауымның өсуіне үлес қосуда жақсара түстім”.
Бұл мектепке екі рет қатысқан Бренда былай дейді: “Мектеп ар-ұжданымды машықтандырды әрі рухани істерге өзімді 100 пайыз арнауға және өзгелерге көмектесуді басты назарда ұстауға үйретті. Ехобаның өте жомарт Құдай екені анық!”
Қауым ақсақалдарына арналған мектеп
Мақсаты: Ақсақалдарға қауымдағы жауапкершіліктерін атқаруға және рухани күйлерін нығайта түсуге көмектесу.
Ұзақтығы: Бес күн.
Орны: Филиал шешеді. Әдетте Патшалық сарайында не Конгресс сарайында өтеді.
Қойылатын талаптар: Тағайындалған ақсақал болу керек.
Қатыса алатындар: Ақсақалдарды филиал шақырады.
Құрама Штаттарында 92-сыныпты бітірген кейбір ақсақалдардың лебіздері:
“Мектептің маған тигізген пайдасы зор болды. Ол өзіме сырт көзбен қарап, Ехобаның қойларын қалай бағу керектігін көруіме көмектесті”.
“Мектеп мені Жазбалардағы ойларға баса назар аударып, өзгелерге көбірек жігер беруге талпындырды”.
“Мектептен алған тәлімді өмір бойы есімнен шығармаспын”.
Аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдеріне арналған мектеп
Мақсаты: “Құдай сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек етіп” жүрген аудандық және облыстық бақылаушыларға қауымның игілігі үшін анағұрлым жемісті қызмет атқаруға көмектесу (Тім. 1-х. 5:17; Пет. 1-х. 5:2, 3).
Ұзақтығы: Екі ай.
Орны: Филиал шешеді.
Қойылатын талаптар: Облыстық не аудандық бақылаушы болу керек.
Қатыса алатындар: Аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдерін филиал шақырады.
1999 жылы 1-сыныпты бітірген Жоел былай дейді: “Исаның ұйымға басшылық етіп жатқаны үшін ризашылығымыз арта түсті. Біз бауырластарға жігер беріп, әр қауымның бірлігін нығайтуымыз керектігін түсіндік. Аралаушы бақылаушы кеңес берсе де, тіпті кейде түзетсе де, оның басты мақсаты бауырластарға Ехобаның сүйіспеншілігін көре білуге көмектесу екенін жақсылап түсініп алдық”.
Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі
Мақсаты: Салтбасты ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін Ехобаның ұйымындағы қосымша жауапкершіліктерге дайындау. Мектепті бітіргендердің көбісі өз елдеріндегі қажеттілік бар аумақтарға тағайындалады. Өзгелері мүмкіндіктері бар болса, басқа елге тағайындалуы мүмкін. Ал кейбір бітірушілер шалғай аймақтарда уағыз ісін бастау не оның аясын кеңейту үшін уақытша арнайы ізашарлар ретінде де қызмет ете алады.
Ұзақтығы: Екі ай.
Орны: Филиал шешеді. Әдетте Патшалық сарайында не Конгресс сарайында өтеді.
Қойылатын талаптар: Қажеттілік бар жерлерде қызмет еткісі келетін 23—62 жас аралығындағы денсаулығы жақсы салтбасты ер бауырластар болу керек (Мар. 10:29, 30). Олар кем дегенде екі жыл жалпы ізашар және кем дегенде екі жыл ақсақал не қызмет көмекшісі ретінде үздіксіз қызмет етулері қажет.
Қатыса алатындар: Аудандық конгресте мектепке баруды қалайтындар үшін арнайы кездесу өткізіліп, мектеп жайлы мәлімет беріледі.
Құрама Штаттарында 23-сыныпты бітірген Рик есімді бауырлас былай дейді: “Мектепте бар ынта-жігеріммен тәлім алуға тырыстым. Осылайша Ехобаның рухына жүрек түкпірінде жатқан ой-ниеттерімді өзгертуге жол бердім. Ехоба қандай да бір қызметке тағайындағанда оны атқаруға өзі көмектеседі. Егер мен бар назарымды өзіме емес, Құдайдың еркін орындауға аударсам, оның маған күш беретінін түсіндім”.
“Мен Құдай ұйымының атқарып жатқан қызметін таңғажайып нәрсе ретінде қарастыруды үйрендім,— дейді Германияда қызмет ететін Андреас.— Алған білімім мені алдағы қызметіме дайындады. Сондай-ақ Киелі кітаптағы көптеген мысалдар мына бір маңызды шындықты түсінуіме көмектесті: Ехобаға және бауырластарыма қызмет ету шынайы бақытқа жетелейді”.
Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебі
Мақсаты: Ерлі-зайыптыларға арнайы білім беріп, Ехоба мен оның ұйымына көбірек қызмет етуге көмектесу. Мектепті бітірушілердің көбісі өз елдеріндегі көбірек қажеттілік бар жерлерге тағайындалады. Ал кейбіреулер мүмкіндіктері бар болса, басқа елге тағайындалуы мүмкін. Бітірушілер шалғай аймақтарда уағыз ісін бастау және оның аясын кеңейту үшін уақытша арнайы ізашарлар ретінде де қызмет ете алады.
Ұзақтығы: Екі ай.
Орны: Бұл мектеп Құрама Штаттарында өткізіледі. Сондай-ақ 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап кейбір филиалдардың аумағында, негізінен Конгресс сарайында не Патшалық сарайында, өткізілетін болады.
Қойылатын талаптар: Мектепке қажеттілік бар кез келген жерде қызмет етуге дайын, “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр” деген көзқарасты ұстанатын 25—50 жас аралығындағы денсаулығы жақсы ерлі-зайыптылар шақырылады (Ишая 6:8). Олар кем дегенде екі жыл отасқан және кем дегенде екі жыл үзбей толық уақыт қызмет етіп келе жатқан мәсіхшілер болу керек. Ал күйеуі кем дегенде екі жыл ақсақал не қызмет көмекшісі болу керек.
Қатыса алатындар: Облыстық конгресте мектепке қатысқысы келетіндер үшін арнайы кездесу өткізіліп, мектеп жайлы мәлімет беріледі. Егер сендердің аймақтарыңда өтетін конгресте мұндай кездесу өткізілмесе, қосымша мәлімет алу үшін жергілікті филиалға хат жазуға болады.
“Ехобаға көбірек қызмет еткісі келетін ерлі-зайыптылар үшін бұл керемет мүмкіндік! Сегіз апталық осы мектеп адамның өмірін күрт өзгертетіні таңғалдырады. Біз әр нәрседе байсалдылық сақтап, уақытымызды дұрыс пайдалануға бел будық”,— дейді Эрик пен Карина (төменде, 2011 жыл, 1-сынып).
Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебі
Мақсаты: Оқушылар аралаушы бақылаушы, бетелдік не халық тығыз шоғырланған жерлерде миссионер ретінде қызмет етуді үйренеді. Олар танаптағы және филиалдағы ұйымдастыру істерін жақсырақ атқарып, оларды тұрақтандыруға көмектеседі.
Ұзақтығы: Бес ай.
Орны: Күзет мұнарасының білім орталығы (Паттерсон, Нью-Йорк штаты, АҚШ).
Қойылатын талаптар: Бұл мектепте арнайы толық уақытты қызмет атқарып жүрген ерлі-зайыптылар, мысалы осы мектептен әлі білім алмаған миссионерлер, арнайы ізашарлар, бетелдіктер не аралаушы бақылаушылар, оқи алады. Олар толық уақытты қызметті кем дегенде үш жыл бірге атқарып келе жатқан мәсіхшілер болу керек. Сондай-ақ олар ағылшын тілінде еркін сөйлей, оқи әрі жаза алулары қажет.
Қатыса алатындар: Ерлі-зайыптыларға мектепке өтініш жазуды филиал комитеті ұсынады.
Құрама Штаттарында тұрған Ладэй мен Моник қазір Африкада қызмет етеді. Ладэй былай дейді: “Ғалақад мектебі бізді жер шарының кез келген жерінде қызмет етуге және білекті сыбанып, бауырластармен қызметтес болуға дайындады”.
Моник былай деп қосты: “Құдай Сөзінен үйренгендерімді іс жүзінде қолданғанның арқасында тағайындалған қызметімнен зор қуаныш табамын. Бұл қуаныш — Ехобаның сүйіспеншілігінің тағы бір дәлелі”.
Филиал комитетінің мүшелері мен олардың әйелдеріне арналған мектеп
Мақсаты: Филиал комитетінде қызмет ететіндерге Бетел үйлерінде жетекшілік ету, қауымдарға қатысы бар қызметпен байланысты істерге назар салу, облыс пен аудандарды қадағалау мәселелерінде басшылық беріледі. Сондай-ақ олар аударма, баспа және әдебиеттерді жөнелту істері жайлы мағлұмат алады.
Ұзақтығы: Екі ай.
Орны: Күзет мұнарасының білім орталығы (Паттерсон, Нью-Йорк штаты, АҚШ).
Қойылатын талаптар: Филиал комитетінің не жергілікті комитеттің мүшесі немесе осы қызметке тағайындалайын деп жатқан ер бауырлас болу керек.
Қатыса алатындар: Басқарушы кеңес бауырластарды жұбайларымен бірге шақырады.
25-сыныпты бітірген Лоуэл мен Кара Нигерияда қызмет етеді. Лоуэл былай дейді: “Мен мына бір маңызды жайтты жақсылап ұғып алдым: Ехобаға ұнамды болу қандай қызмет атқаратыныма не қаншалықты көп қызмет ететініме байланысты емес. Ең бастысы оның басшылығына мойынсұнуым керек. Сондай-ақ мектепте Ехобаға еліктеп, өзгелерге сүйіспеншілікпен қарауымыз керектігіне баса назар аударылды”.
Ал Кара былай дейді: “Мектепте айтылған бір ой менің есімнен шықпай қойды. Егер мен қандай да бір нәрсені оңай жолмен түсіндіріп бере алмасам, алдымен мұны өзім жақсылап зерттеп алуым керек екен”.