“Сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер”
“Сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер” (МАТ. 25:13).
1—3. а) Исаның екі астарлы әңгімесін түсінуге қандай мысалдар көмектеседі? ә) Қандай сұрақтардың жауабын білген маңызды?
ҮКІМЕТТЕ істейтін бір дәрежелі адам сенен маңызды кездесуге жеткізіп салуды сұрады делік. Алайда сол кісімен кездесердің дәл алдында көлігіңнің жанармайы аз екенін білесің де, асығып жанармай құюға кетесің. Сол екі арада әлгі кісі келісілген жерге келіп қалады. Ол әрі-бері жүріп сені іздейді. Бірақ уақыты тығыз болған соң басқа бір көлікке отырып, кетіп қалады. Көп ұзамай сен келесің де әлгі кісінің кетіп қалғанын көресің. Сонда сен өзіңді қалай сезінер едің?
2 Ал енді сен дәрежелі адамсың делік. Сапарға кетпес бұрын сен қабілетті үш адамды таңдап, оларға бір маңызды жұмыс тапсырасың. Үшеуіне не істеулері керектігін түсіндірдің де, олар бұған қуана келісті. Алайда сапардан қайтып оралғанда екеуі ғана тапсырмаларын орындағанын білесің. Ал түк бітірмеген үшіншісі сылтау айтып тұр. Сөйтсе, ол тіпті тырыспаған да екен. Сен не ойлар едің?
3 Иса он қыз және таланттар туралы астарлы әңгімесінде осыған ұқсас жағдай келтіріп, соңғы күндері майланған мәсіхшілердің кейбірі не себепті адал да ақылды болатынын, ал кейбірі неліктен ондай болмайтынын көрсеттіa (Мат. 25:1—30). Бұл әңгімелерден алар сабаққа нұсқап, Иса былай деді: “Сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер”. Бұл жерде Иса Шайтанның дүниесін соттайтын уақыты жайлы айтқан (Мат. 25:13). Бізге де сергек болу қажет. Бұның біз үшін қандай пайдасы бар? Кімдер сергек болып жүр? Сондай-ақ сергек болуымыз үшін біз не істеуіміз керек?
СЕРГЕК БОЛУДЫҢ ПАЙДАСЫ
4. Сергек болу үшін дүниенің соңы қашан келетінін нақты білу неліктен маңызды емес?
4 Жұмысқа, дәрігерге, қоғамдық көлікке кешігіп қалмау үшін сағатқа қарап отыру керек. Алайда өртсөндірушінің немесе табиғи апат болған жердегі құтқарушының олай еткені алаңдатуы, тіпті қауіпті болуы мүмкін. Оған сағатқа қараудан гөрі атқарып жатқан ісіне мұқият ден қойғаны маңызды. Осы дүниенің соңы жақындаған сайын Ехобаның құтқару үшін жасап жатқан ісін атқару бұрын-соңды болмағандай маңызды. Сергек болып, Ехобаның ниетін орындау үшін дүниенің соңы нақты қашан келетінін білу қажет емес. Шын мәнінде, сол күнді я сағатты білмегеніміздің кем дегенде бес пайдалы жағы бар.
5. Қалайша күнді де, сағатты да білмегеніміз жүрегімізде не бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді?
5 Біріншіден, дүниенің соңы қашан келетінін білмегеніміз жүрегімізде шынымен не бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді. Ехоба өзіне адал болу-болмауды таңдауға ерік бостандығын беруімен бізге құрмет көрсетті. Әрине, біз осы дүниенің соңынан аман өтіп, мәңгі өмір сүруді қалаймыз, алайда Ехобаға бұл үшін емес, оны сүйгендіктен қызмет етеміз (Забур 36:4 оқы). Оның еркін орындаудан қуаныш табамыз әрі Ехоба біздің игілігіміз үшін үйретіп жатқанын түсінеміз (Ишая 48:17). Иә, Ехобаның өсиеттерін орындау біз үшін ауыр емес (Жох. 1-х. 5:3).
6. Құдайды сүйгендіктен қызмет еткеніміз оған қалай әсер етеді және неліктен?
6 Күнді де, сағатты да білмегеніміздің екінші пайдалы жағы — бұл Ехобаның жүрегін қуантуымызға мүмкіндік береді. Ехобаға дүниенің соңы жақын қалғандықтан не сыйға ие болғымыз келгендіктен емес, оны сүйгендіктен қызмет еткенде, оған Шайтанның негізсіз таққан айыптарына жауап беруге көмектесеміз (Әйүп 2:4, 5; Нақыл сөздер 27:11 оқы). Біз Шайтанның адамзатқа қаншама қайғы-қасірет әкелгенін білгендіктен, оның зұлым билігінен бас тартып, Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауға қуаныштымыз.
7. Неліктен жанқиярлықпен өмір сүру дұрыс деп ойлайсың?
7 Үшіншіден, нақты уақытты білмей қызмет еткеніміз жанқиярлықпен өмір сүруге талпындырады. Біз ғана емес, Құдайды білмейтін кейбір адамдар да бұл дүниенің ақыры келетініне сенеді. Апат төніп келе жатыр деп қорыққан олар “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой” деген көзқарас ұстанады (Қор. 1-х. 15:32). Ал бізде мұндай қорқыныш жоқ. Біз өз қалауларымыздың жетегінде жүруден аулақпыз (Нақ. с. 18:1). Қайта, өзімізден бас тартып, барымызды, соның ішінде уақыт пен күшімізді, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға дайындықпен жұмсаймыз (Матай 16:24 оқы). Құдайға қызмет ету, әсіресе басқаларға ол жайлы айту бізге қуаныш әкеледі.
8. Ехобаға әрі оның Сөзіне толықтай сенім арту қажет екені Киелі кітаптың қандай оқиғасынан көрінеді?
8 Төртіншіден, күнді де, сағатты да білмегеніміз Ехобаға толықтай арқа сүйеуге әрі оның Сөзін өмірімізде барынша қолдануға көмектеседі. Кемелсіз адамдар өз ақылдарына сүйенуге бейім келеді. Сондықтан Пауыл барлық мәсіхшілерді: “Кім тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!”— деп ескерткен. Ешуа бастаған исраилдіктердің ішінде 23 000 адам Уәде етілген жерге кірер алдында Ехобаның ықыласынан айырылып қалды. Пауыл бұл оқиға жайында: “Замандардың соңы келген уақытта өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды”,— деді (Қор. 1-х. 10:8, 11, 12).
9. Қиындық көргеніміз бізді қалайша жақсартып, Құдаймен қарым-қатынасымызды нығайтады?
9 Дүниенің соңы қашан келетінін білмегеніміздің тағы бір пайдасы — қазір болып жатқан қиындықтарымыз бізді жақсарта түседі (Забур 118:71 оқы). Осы дүниенің соңғы күндерінде “ерекше қиын уақыт болатыны” рас (Тім. 2-х. 3:1—5). Шайтанның дүниесіндегі адамдар бізді жек көреді, сол себепті сеніміміз үшін қуғындалуымыз мүмкін (Жох. 15:19; 16:2). Егер кішіпейіл болып, қиындықтарда Құдайдың басшылығын іздесек, сеніміміз оттан өткен алтын сияқты берік болмақ. Қиындықтар бізді алған бетімізден қайтара алмайды. Қайта, Ехобамен қарым-қатынасымызды өзіміз ойлағаннан да берік етеді (Жақ. 1:2—4; 4:8).
10. Уақыт қалайша тез өтуі мүмкін?
10 Уақыт кейбіреулерге тез, ал өзгелерге баяу өтіп жатқандай көрінеді. Егер қандай да бір іспен қызу айналысып, сағатқа қарай бермейтін болсақ, уақыт зулап өтеді. Сол сияқты Ехобаның тапсырған керемет ісіне белсенді қатыссақ, сол күн де, сағат та біз ойлағаннан әлдеқайда тез келеді. Осы орайда майланған мәсіхшілердің көбісі тамаша үлгі көрсетті. Иса 1914 жылы таққа отырған соң қандай жағдай орын алғанын және кейбір майланғандар бұған қалай дайын болғанын, ал басқалары қалай дайын болмағанын қысқаша қарастырайық.
МАЙЛАНҒАН МӘСІХШІЛЕР ДАЙЫН БОЛДЫ
11. Неліктен 1914 жылдан кейін майланғандардың кейбірі Иса кешігіп жатыр деп ойлады?
11 Исаның он қыз және таланттар туралы әңгімелеріне оралайық. Осы екі әңгімедегі қыздар мен құлдар күйеу жігіт не қожайындары қашан келетінін білген болса, оларға сергек болудың қажеті болмас еді. Бірақ олар мұны білмеді, сондықтан дайын болулары керек еді. Көптеген жыл бойы майланғандар 1914 жыл ерекше жыл болады деп күтсе де, сол жылы нақты не болатынын толық түсінбеді. Алайда өздері күткендей болмай шыққанда, кейбіреулеріне Күйеу жігіт кешігіп жатқандай көрінді. Бір ер бауырлас былай деп есіне алды: “Кейбір бауырластар 1914 жылдың қазан айының бірінші аптасында көкке баратындарына сенімді болды”.
12. Майланғандар адал да ақылды екендерін қалай көрсетті?
12 Дүниенің соңы өздері ойлаған уақытта келмей қалғанда, үміттері ақталмаған майланғандардың салы суға кеткен болса керек. Бұл аздай, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар қуғын-сүргінге ұшырады. Уағыз ісі толықтай дерлік тоқтап қалды. Олар бейнелі ұйқыға батты. Бірақ 1919 жылы Иса Құдайдың рухани ғибадатханасын тексеруге келіп, майланғандарды оятты. Кейбіреулері тексеруден өте алмай, Патшаның ісін атқару мәртебесінен айырылып қалды (Мат. 25:16). Олар ақылсыз қыздар сияқты селқостық танытып, май құятын рухани құтыларын толтырмады. Сондай-ақ жалқау құлға ұқсап, Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға барғылары келмеді. Алайда майланғандардың көбісі мызғымас адалдық танытып, тіпті соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан, Қожайындарына құлшына қызмет ете берді.
13. Құл табының 1914 жылдан кейінгі және қазіргі көзқарасы қандай?
13 “Күзет мұнарасының” 1916 жылдың 1 ақпандағы санында келесідей маңызды сөздер жазылды: “Бауырластар, Құдаймен қарым-қатынасын дұрыс құратындардың оның ешбір шарасынан көңілдері қалмайды. Біз өз еркіміздің орындалғанын қалаған жоқпыз, сондықтан 1914 жылдың қазан айында үмітіміз ақталмай қалғанда, Иеміз өзінің жоспарын бізге бола өзгертпегеніне риза болдық. Біздің қалағанымыз бұл емес еді. Біз тек оның жоспарлары мен мақсаттарын жақсырақ түсінгіміз келеді”. Бүгінде де майланғандар осындай кішіпейілділік пен адалдық танытып, “бізді киелі рух жетелеп отыр” деп кеуде қақпайды. Олар Иеміздің ісін атқаруға ықыласты. “Басқа қойлар”, яғни жерде өмір сүруге үміті бар “ұлы жамағат” та майланғандардың сергектігі мен құлшынысына еліктеуде (Аян 7:9; Жох. 10:16).
БАСҚА ҚОЙЛАР ДАЙЫН ЕКЕНДЕРІН КӨРСЕТЕДІ
14. Рухани ас беруге тағайындалған Құдайдың арнасына етене жақын жүргеніміз бізді қалай қорғай алады?
14 Майланған мәсіхшілер сияқты ұлы жамағатқа жататын сергек қызметшілер де рухани ас беруге тағайындалған Құдайдың арнасына етене жақын жүр. Олар рухани құтыларын Құдайдың Сөзімен және киелі рухымен толтырып отырады (Забур 118:130; Жохан 16:13 оқы). Осылайша рухани күш алған олар тіпті ауыр сынақ кезінде де құлшыныстарын жоғалтпай, Мәсіх осы дүниені соттау үшін қайта келетін күнге дайын бола алады. Мысалы, бір нацистік концлагерьде отырған бауырластарда бастапқы кезде Киелі кітаптың тек бір ғана данасы болды. Содан олар басқа да рухани ас сұрап дұға етті. Көп ұзамай-ақ түрмеге тағы бір ер бауырлас түсіп, аяқ протезінің ішіне “Күзет мұнарасының” бірнеше жаңа сандарын тығып әкеледі. Кейін концлагерьден аман қалған Эрнст Вауер атты майланған бауырлас былай деді: “Ехоба бізге мақалалардағы жігерлендіретін ойларды есте сақтауға керемет түрде көмектесетін”. Бауырлас сөзін жалғап: “Қазір рухани ас-суды алу қиын емес, бірақ біз мұны әрдайым бағалаймыз ба? Ехоба өзіне сенім артып, адал болып, оның дастарқанынан тамақтанатын қызметшілеріне көл-көсір баталар дайындап қойғанына сенімдімін”,— деді.
15, 16. Бір ерлі-зайыптылардың қызметтегі құлшынысы қалай жарылқанды және бұл оқиғадан не нәрсеге үйрендің?
15 Басқа қойлар да Иеміздің ісіне құлшына атсалысып, Мәсіхтің бауырларына толықтай қолдау көрсетуде (Мат. 25:40). Олар Исаның әңгімесіндегі зұлым әрі жалқау құл сияқты емес, қайта, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қою үшін құрбандықтарға баруға және күш салуға дайын. Джон мен Масаконың мысалын қарастырып көрейік. Оларға Кенияға көшіп, сондағы қытай тіліндегі аймақта қызмет ету ұсынылғанда, алғашында екеуі тартыншақтайды. Алайда дұға ете отырып, жағдайларын саралап-салмақтаған соң, олар сонда көшіп баруды шешеді.
16 Джон мен Масако күш салғандарының арқасында мол батаға кенелді. Олар: “Мұнда қызмет өте керемет!”— дейді. Екеуі жеті Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізіп, көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешірді. Олар әңгімелерінің аяғында: “Осында болғанымыз үшін Ехобаға күн сайын алғыс айтамыз”,— деді. Бұлар ғана емес, көптеген бауырластар да дүниенің соңы қашан келмесін, өз шешімдерімен Құдайға барынша қызмет атқаруға бел буғандарын паш етіп жүр. Ғалақад мектебін бітіріп, миссионерлік қызмет атқарып жүрген мыңдаған бауырластар жайлы ойлап көрші. Неге осы бір ерекше қызмет түрі жайлы баяндайтын “Күзет мұнарасының” (ор.) 2001 жылғы 15 қазан айындағы “Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік!” деген мақаланы оқып шықпасқа? Миссионерлердің қызметте өткізген бір күні туралы оқи отырып, Құдайды мадақтау қызметіңді және қуанышыңды қалай арттыра алатының туралы ойлап көрші.
СЕН ДЕ СЕРГЕК БОЛ
17. Күнді де, сағатты да білмегеніміз неліктен пайдалы?
17 Дүниенің соңы келетін нақты күнді де, сағатты да білмегеніміз бізді ренжітіп не ұнжырғамызды түсірмейді. Қайта, бұл біз үшін игілікті екенін ұмытпайық. Бұл бізге сүюші Әкеміз Ехобаға одан бетер жақындауға әрі оның еркін орындауға көмектеседі. Былайша айтқанда, соқаны мықтап ұстап, алаңдататын нәрселерден аулақ болсақ, Иеміздің ісінде үлкен қуанышқа ие боламыз (Лұқа 9:62).
18. Неліктен біз адал болып қалғымыз келеді?
18 Біз Құдайдың сот күніне жылдам қарқынмен жақындап келеміз. Ешқайсысымыз да Ехоба мен Исаның көңілін қалдырғымыз келмейді. Олар бізге осы соңғы күндері қызмет ету мәртебесін сеніп тапсырды. Олардың бізге сенім артқандарына қалайша ризамыз десеңші! (Тімөтеге 1-хат 1:12 оқы).
19. Осы дүниенің соңы келгенде дайын болу үшін не істей аламыз?
19 Көкте өмір сүруге немесе жұмақ орнаған жерде өмір сүруге үміттенбейік, Құдайдың уағыздау мен шәкірт дайындауға қатысты тапсырмасын адал атқара береміз. Біз әлі де Ехобаның күні қай күні және қай сағатта келетінін білмейміз. Мұны білу бізге қажет те емес. Біз сол күнге дайын бола аламыз (Мат. 24:36, 44). Ехобаға толықтай арқа сүйесек әрі Патшалығын бірінші орынға қойсақ, ұятқа қалмайтынымыз хақ (Рим. 10:11).