Қауымды нығайта беріңдер!
“Бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер!” (САЛ. 1-Х. 5:11).
1. Мәсіхшілер қауымының мүшелері қандай баталарға ие болуда және қандай қиыншылықтарға кезігуде?
МӘСІХШІЛЕР ҚАУЫМЫНЫҢ мүшесі болу неткен мәртебе! Біз Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа иеміз. Құдай Сөзін басшылыққа алғанымыз осы дүниеге тән өмір салтының зиянды салдарынан сақтайды. Қауымдағы достарымыз бізге тек игілік тілейді. Расында да, біз көптеген баталарға иеміз. Алайда мәсіхшілердің басым көпшілігінің басында қандай да бір қиыншылықтар бар. Біреулері Құдай Сөзін әлі терең түсінбеген болса, өзгелері науқас не жан күйзелісіне түскен. Тағы біреулері бұрыс шешімдерінің зардабын шегуде. Сондай-ақ бәріміз де құдайдан безген дүниеде өмір сүрудеміз.
2. Бауырластарымыздың қиыншылықтарға кезіккені бізді не істеуге талпындыру керек және неге?
2 Бауырластарымыздың зардап шеккені біздің де жанымызға батады. Елші Пауыл қауымды денеге теңеп, “бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады” деген (Қор. 1-х. 12:12, 26). Мұндай кезде бауырластарымызға қол ұшын бергеніміз дұрыс. Киелі кітапта қауым мүшелерінің бір-біріне қиыншылықтармен күресуге көмектескені жайлы көптеген мысалдар жазылған. Бұл мысалдарды қарастыру барысында, осыған ұқсас жағдайларда қалай әрекет ете алатының туралы ойлан. Ехобаның қауымын рухани нығайту үшін бауырластарыңа сен қалай қол ұшын бере аласың?
Оны үйіне шақырды
3, 4. Ақила мен Прискила Аполлосқа қандай көмек көрсетті?
3 Аполлос есімді мәсіхші Ефеске келмей тұрып-ақ, ізгі хабарды құлшыныспен уағыздайтын. Елшілердің істері кітабында оның ‘Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білсе де, Иеміз Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететіні’ айтылған. “Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен” шомылдыру рәсімінен өтуден бейхабар делінгені Аполлостың шындықты Жақиядан немесе Исаның шәкірттерінен б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамына дейін естігенін білдірсе керек. Құлшынысы мол болғанымен, ол біраз маңызды жайттарды түсінбейтін еді. Бауырластармен араласқаны оған қалай көмектесті екен? (Ел. іс. 1:4, 5; 18:25; Мат. 28:19).
4 Мәсіхші ерлі-зайыптылар Ақила мен Прискила Аполлостың мәжілісханада батыл сөйлегенін естіп, оны үйіне шақырып, Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп берді (Елшілердің істері 18:24—26 оқы). Осылайша оған іс жүзінде сүйіспеншілік танытты. Әрине, Ақила мен Прискила Аполлосты сынап жатқандай көрініп қалмас үшін, ілтипатпен және мейіріммен сөйлегені сөзсіз. Бар болғаны, оған мәсіхшілер қауымы жайлы көбірек мәлімет беру керек еді. Аполлос жаңа достарының осындай маңызды жайттарды түсіндіріп бергені үшін риза болғаны сөзсіз. Кейін ол Ахаядағы бауырластарға “үлкен көмек көрсетті” және жақсы куәлік берді (Ел. іс. 18:27, 28).
5. Сан мыңдаған Патшалық жариялаушылары қандай іс атқаруда және мұның нәтижесі қандай?
5 Бүгіндегі қауым мүшелерінің көбісі өздеріне Киелі кітапты түсінуге көмектескен бауырластарға дән риза. Бірге Киелі кітапты зерттеген адамдардың арасында мызғымас достық пайда болып жатады. Көп жағдайда адамдарға шындықты үйрету үшін бірнеше ай бойы жүйелі түрде зерттеу сабағын жүргізіп тұру керек. Десе де Патшалықтың жариялаушылары мұндай құрбандықтарға баруға дайын, өйткені адамдардың өмірі ізгі хабарға байланысты екенін түсінеді (Жох. 17:3). Ал зерттеушінің шындықты қабылдап, өмірін соған сай өзгерткенін және Ехобаның еркін орындауға белін бекем буғанын көргенде, қуаныштан жүректері жарыла жаздайды!
Ол туралы “бауырластар жақсы пікірде еді”
6, 7. а) Пауыл неге Тімотені таңдады? ә) Көмек көрсетілгеннің арқасында Тімоте қандай жетістікке қол жеткізді?
6 Елші Пауыл мен Сыйлас екінші миссионерлік сапары кезінде Лүстра қаласына барғанда, ол жерде Тімоте есімді жасы жиырмалар шамасындағы жігітпен танысады. “Лүстра мен Қониядағы бауырластар [ол туралы] жақсы пікірде еді”. Тімотенің анасы Әунике мен әжесі Лойда мәсіхшілер болатын, бірақ әкесі сенуші емес-тін (Тім. 2-х. 1:5). Пауыл бұл отбасымен бұдан бір-екі жыл бұрын сол аймаққа алғаш келген кезінде танысқан болса керек. Ал осы жолы елші өзін жақсы қырынан көрсеткен жас Тімотеге ерекше көңіл аударды. Жергілікті ақсақалдар кеңесі де ол туралы жақсы мінездеме берді. Сол себепті Пауыл Тімотені өзінің серігі болуға шақырды (Елшілердің істері 16:1—3 оқы).
7 Тімоте өзінен жасы үлкен бауырласынан көп нәрсеге үйренді. Нәтижесінде ол керемет жетістікке қол жеткізді де, Пауыл оған қауымдарды аралау ісін сеніп тапсырды. Пауылмен бірге болған он бес жылдай уақыттың ішінде тәжірибесі аз, балаң жігіт жақсы бақылаушы болып шықты (Філіп. 2:19—22; Тім. 1-х. 1:3).
8, 9. Қауым мүшелері жастарды қалай жігерлендіре алады? Мысал келтір.
8 Қазіргі таңдағы Құдай халқының арасындағы жастар да рухани жетістікке қол жеткізе алады. Рухани толысқан бауырластар қол ұшын беріп, жігерлендіріп тұратын болса, бұл жас бауырластар Құдай халқының арасында үлкен жауапкершіліктерге ие бола алады. Қауымдағы бауырластарға көз салшы. Олардың арасында Тімоте сияқты қызметтерінің аясын кеңейте алады-ау деген жастар бар ма? Қолдау көрсетер болсаң, олар болашақта жалпы не арнайы ізашар, бетелдік немесе аралаушы бақылаушы болуы мүмкін. Осындай мақсаттарға қол жеткізу үшін сен оларға қалай көмектесе аласың?
9 Бетелде 20 жыл қызмет еткен Мартин бауырлас бұдан 30 жыл бұрын болған оқиғаны жылулықпен есіне алады. Бірде өзімен қызметтес болған аудандық бақылаушы жас кезінде Бетелде қызмет еткен кезі туралы ерекше шабытпен айтқан болатын. Ол Мартинді Ехобаның ұйымында осы сияқты қызметке ұмтылуға жігерлендірді. Мартиннің айтуынша, бұл әңгіме оның кейінгі шешімдеріне қатты әсер етті. Жастармен рухани мақсаттар жайында сөйлесер болсаң, ертеңгі күні олар рухани жетістіктерге жетуі әбден мүмкін.
“Жаны күйзелгендерді жұбатыңдар”
10. Епафродит қандай халге ұшырады және неліктен?
10 Епафродит філіпіліктердің өкілі ретінде түрмеде отырған елші Пауылға бару үшін Філіпіден Римге дейін ұзақ та, қажытарлық сапар шекті. Ол філіпіліктердің сыйын жеткізіп қана қоймай, қиын жағдайға түскен елші Пауылға қолынан келгенше қолғабыс етуге дайын болды. Алайда ол Римге барғанда қатты ауырып қалды да, “хал үстінде жатты”. Тапсырылған істі орындай алмағанын уайымдап, Епафродит жан күйзелісіне ұшырады (Філіп. 2:25—27).
11. а) Қауымда әлдекімнің жаны күйзеліп жүрсе, неге таңғалмауымыз керек? ә) Пауыл бауырластардан Епафродитке қандай көмек көрсетулерін өтінді?
11 Адамдар әртүрлі қиыншылықтардың салдарынан жан күйзелісіне ұшырайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жер жүзіндегі бес адамның біреуі өмірінде әйтеуір бір рет осындай күйді бастан кешіреді. Ехобаның қызметшілерін мұндай жағдай айналып өтпейді. Отбасын асырау қиын болғанда, денсаулық нашарлағанда, қателік жасағанда не басқа да себептермен адамның салы суға кетуі мүмкін. Філіпіліктер Епафродитке қалай көмектесе алар еді? Пауыл былай деді: “Оны Иемізбен жүрген бауырластарың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер. Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлім аузынан қалды. Маған сендер бере алмаған көмекті ол басын өлімге тіге отыра көрсетті” (Філіп. 2:29, 30).
12. Жаны күйзелгендерді қалай жұбатуға болады?
12 Біз де мұңайып не жаны күйзеліп жүрген бауырластарды жұбатуымыз керек. Олардың Ехобаға деген қызметте сіңірген еңбектері туралы жылы-жылы сөздер айта алатынымыз сөзсіз. Сірә, олар Құдайға бағышталу немесе толық уақытты қызмет атқару үшін үлкен өзгерістер жасаған болар. Біз олардың еңбектерін бағалаймыз және Ехобаның да бағалайтынын айтып жігерлендіруімізге болады. Жастың ұлғаюы не денсаулықтың нашарлауының себебінен бұрынғыдай көп қызмет ете алмайтын бауырластар да біздің құрметімізге лайық. Бауырластарымыздың жағдайы қандай болмасын, Ехоба бізге: “Жаны күйзелгендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар”,— деп кеңес береді (Сал. 1-х. 5:14 ЖД).
“Оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс”
13, 14. а) Қорынт қаласындағы қауым ақсақалдары бір адамға қатысты қандай шара қолданды және неліктен? ә) Күнә жасаған адамның қауымнан шығарылғаны қандай нәтиже берді?
13 Бірінші ғасырдағы Қорынт қаласындағы қауымда азғындыққа салынған біреу бар еді. Оның әрекеттері қауымның тазалығына қауіп төндірді және тіпті сенуші емес адамдардың өзіне ерсі көрінді. Сондықтан Пауылдың бұл адамды қауымнан шығаруға кеңес бергені өте орынды болды (Қор. 1-х. 5:1, 7, 11—13).
14 Бұл шара жақсы нәтиже берді. Қауымның тазалығы сақталды әрі күнә жасаған адам тәубесіне келді. Оның істерінен шын жүректен өкінгені белгілі болған соң, Пауыл екінші хатында ол кісіні қайтадан қауымға қабылдауға кеңес берді. Алайда олар мұнымен шектелмеуі керек еді. Пауыл бауырластарды әлгі адам ‘шексіз қайғыға батпасын деп, оны мейірімділікпен кешіріп, жігерлендіруге’ шақырды (Қорынттықтарға 2-хат 2:5—8 оқы).
15. Күнәсіна өкініп, қауымға қайта қабылданған бауырластарға қалай қарауымыз керек?
15 Бұл оқиғадан біз қандай сабақ аламыз? Бауырласымыз қауымнан шығарылғанда көңіліміз түседі. Сірә, ол Құдай есіміне кір келтіріп, қауымды жаманатты еткен болар. Мүмкін тіпті бізге қарсы күнә жасаған шығар. Қандай болған күнде де, мұндай мәселелерді қарауға тағайындалған ақсақалдар Ехобаның басшылығына жүгіне отырып күнәсіна өкінген оны қауымға қайта қабылдауды ұйғарса, бұл жайт оның Ехобаның кешіріміне ие болғанының белгісі (Мат. 18:17—20). Олай болса, біз де Құдайға еліктеуіміз керек емес пе? Ал қаталдық танытып, кешіруден бас тартсақ, Ехобаға қарсы шыққан болар едік. Қауымның татулығы мен ынтымағына үлес қосып, Ехобаның ықыласынан айырылмау үшін шын жүректен өкінген және қайта қауымға қабылданған бауырластарға сүйіспеншілік көрсеткеніміз дұрыс (Мат. 6:14, 15; Лұқа 15:7).
“Ол қызметіме пайдалы болмақ”
16. Пауылдың Марқадан неге көңілі қалды?
16 Жазбалардағы тағы бір оқиғадан көңілімізді қалдырған бауырластарға реніш сақтамауымыз керектігін көруге болады. Бір жолы Марқа елші Пауылдың көңілін қалдырады. Пауыл мен Барнабаның бірінші миссионерлік сапарында Марқа олармен бірге болып, көмектесіп жүрген болатын. Алайда біраз уақыт өткен соң, оларды тастап, үйіне қайтып кетті. Бұған қатты көңілі қалған Пауыл екінші сапарға шығарда Марқаны ерткісі келмеді. Сол себепті Барнаба екеуінің арасында кикілжің туды (Елшілердің істері 13:1—5, 13; 15:37, 38 оқы).
17, 18. Пауыл мен Марқаның арасындағы келіспеушіліктің шешілгенін қайдан білеміз және біз бұдан не үйренеміз?
17 Пауылдың өзін ерткісі келмегеніне Марқаның ұнжырғасы түспегенге ұқсайды. Өйткені ол Барнабамен бірге басқа аумақта миссионерлік қызметін жалғастырды (Ел. іс. 15:39). Пауылдың кейінірек жазған хатынан Марқаның адал да сенімді болып қалғанын көруге болады. Римде түрмеде отырған Пауыл хат арқылы Тімотені өзіне шақырды. Сол хатында ол: “Марқаны тауып бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ”,— деді (Тім. 2-х. 4:11). Иә, Марқаның рухани жетістіктерге жеткені Пауылдың назарынан тыс қалмады.
18 Біз бұдан не нәрсеге үйренеміз? Пауылдың өзімен бірге ертпегені Марқа үшін кедергі тас болған жоқ. Осы оқиғадан кейін ол жақсы миссионер болуға қажетті қасиеттер дамыта білді. Пауыл да, Марқа да рухани толысқан ер бауырластар болғандықтан, бір-біріне реніш сақтамады. Кейін Пауыл Марқаның қызметте жақсы серік екенін айтты. Демек, қандай да бір бауырлас әлсіздігін жеңіп, проблема шешілсе, оған әрі қарай да рухани жетістікке жетуге көмектескеніміз дұрыс. Бауырластардың жақсы жақтарын көре білсек, қауымды нығайта аламыз.
Қауым және сен
19. Қауым мүшелері бір-біріне қалай көмектесе алады?
19 Осы ‘қиын-қыстау күндері’ бәріміз де бір-біріміздің көмегімізге мұқтажбыз (Тім. 2-х. 3:1). Кейде бауырластар қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керек екенін білмеуі мүмкін. Ал Ехоба біледі және оған көмектесу үшін қауымның кез келген мүшесін, оның ішінде сен де барсың, қолданады (Ишая 30:20, 21; 32:1, 2). Олай болса, бәріміз де Пауылдың: “Бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер!”— деген кеңесін жадымызда сақтайық (Сал. 1-х. 5:11).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қауым мүшелері неге бірін-бірі нығайтуы керек?
• Өзгелерге қандай қиыншылықтарды жеңуге көмектесе аласың?
• Неліктен бауырластардың көмегіне мұқтажбыз?
[11-беттегі сурет]
Бауырласымыз қиын жағдайға тап болғанда, біз қол ұшын бере аламыз
[12-беттегі сурет]
Қауымдағы жастар рухани жетістіктерге жете алады