Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • bt 15-тар., 117—123 бет.
  • “Қауымдарды нығайтты”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Қауымдарды нығайтты”
  • “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Бауырластардың жағдайын білейік” (Ел. іс. 15:36)
  • “Бір-біріне қатты ашуланды” (Ел. іс. 15:37—41)
  • “Ол туралы жақсы пікірде болатын” (Ел. іс. 16:1—3)
  • “Сенімі нығайды” (Ел. іс. 16:4, 5)
  • “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам”
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Бауырластарға қызмет еткен Марқа
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Табандылық танытқан Марқа
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Ехоба берген билікпен батыл сөйледі”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
Көбірек мәлімет
“Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
bt 15-тар., 117—123 бет.

15-ТАРАУ

“Қауымдарды нығайтты”

Аралаушы бақылаушылар қауымдарды нығайтып, сенімдерінде нық тұруға көмектесті

Елшілердің істері 15:36—16:5 негізделген

1—3. а) Пауылдың қызметтегі жаңа серіктесі жайлы айтып беріңіз. ә) Бұл тараудан не білеміз?

ҚАЛАЛАРДЫ аралап, елші Пауыл мен бір жас жігіт ойлы-қырлы жолдармен келе жатыр. Жиырманың ар жақ, бер жағындағы тепсе темір үзетін бұл жігіттің аты — Тімөте. Әр басқан қадамы Тімөтені үйінен алыстатып барады. Ал күн батқан кезде, Иқония мен Листра өңірі көзден ғайып болды. Екеуін алда не күтіп тұр? Елші Пауыл миссионерлік сапарға екінші рет шығып тұрғандықтан, алда талай қауіп-қатер, талай қиындықтар күтіп тұрғанын іші сезеді. Бұл қиындықтарға жас Тімөте шыдай алар ма екен? Пауыл осыны ойлап келе жатқан болар.

2 Пауыл Тімөтеге өте сенімді, тіпті Тімөте өзіне осыншалықты сенімді емес шығар. Жуырда болған жағдайдан кейін Пауылдың бір нәрсеге көзі жетті: оған асқан сенімді серік керек. Аралаушы бақылаушы ретінде олар қауымдарды аралап, нығайтулары қажет еді. Сондықтан олардың табанды болғандары әрі ойлары бір жерден шыққандары маңызды. Пауыл неге бұлай сезінді? Бұның бір себебі — Барнаба екеуінің арасында туған келіспеушілік болса керек.

3 Осы мақалада мәсіхшілер туындаған түсініспеушілікті қалай шешу керектігін, елші Пауыл сапарына неге Тімөтені таңдағанын білеміз. Сондай-ақ бүгінгі аудандық бақылаушылардың маңызды қызметіне тереңірек үңілеміз.

“Бауырластардың жағдайын білейік” (Ел. іс. 15:36)

4. Пауыл екінші миссионерлік сапарға қандай мақсатпен аттанды?

4 Алдыңғы тарауда Пауыл, Барнаба, Сыйлас және Яһуда төртеуінің басқарушы кеңестің шешімін Антиохиядағы қауымға жеткізіп, оларды қалай нығайтқанын көрдік. Ал содан кейін Пауыл не істеді? Ол Барнабаға жаңа жоспар ұсынып: “Жүр, Ехобаның сөзін жариялаған әрбір қалаға қайта соғып, сондағы бауырластардың жағдайын білейік”,— деді (Ел. іс. 15:36). Пауыл Барнабаға сол жаңа шәкірттерге жай ғана қонаққа барып келуді ұсынған жоқ. Елшілердің істерінен оның екінші миссионерлік сапарға не мақсатпен шыққаны анық көрінеді. Біріншіден, ол қауымдарға басқарушы кеңестің қабылдаған шешімдерін әрі қарай да жеткізбекші (Ел. іс. 16:4). Екіншіден, Пауыл аралаушы бақылаушы ретінде қауымдарды рухани нығайтып, сенімдерін қатайтуды көздеді (Рим. 1:11, 12). Бүгінде Ехоба куәгерлерінің ұйымы қалай елшілер салған жолмен жүріп келеді?

5. Бүгінде Басқарушы кеңес қалай қауымдарға басшылық пен жігер береді?

5 Қазіргі таңда Мәсіх қауымдарды Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі арқылы жетелейді. Бұл майланған адал бауырластар хаттар, онлайн әрі баспа түріндегі әдебиеттер, қауым кездесулері және басқа да жолдармен жер-жердегі қауымдарға басшылық пен жігер береді. Сондай-ақ Басқарушы кеңес әрбір қауыммен тығыз байланыста болғысы келеді. Сондықтан аралаушы бақылаушыларды жібереді. Басқарушы кеңес дүниежүзі бойынша мыңдаған лайықты ақсақалды аудандық бақылаушы етіп тікелей өзі тағайындаған.

6, 7. Аудандық бақылаушылардың қандай жауапкершіліктері бар?

6 Аудандық бақылаушылар барған қауымдарында бауырластарға жеке көңіл бөлуге, оларды рухани бекемдеуге тырысады. Қалайша? І ғасырдағы Пауылдай мәсіхшілердің үлгісіне еліктеу арқылы. Пауыл өзі сияқты аралаушы бақылаушы болған Тімөтеге мынадай кеңес берген: “Құдай сөзін уағызда, уақыт қолайлы не қиын болсын, мұны кейінге қалдырмай атқар; тәлім беру шеберлігін барынша қолданып, зор шыдамдылықпен әшкереле, қатаң ескерт, жігер бер... Ізгі хабардың уағыздаушысы бол” (Тім. 2-х. 4:2, 5).

7 Осы сөздерге сай, аудандық бақылаушылар, егер үйленген болса әйелдерімен бірге, барған қауымдарындағы жариялаушылармен қызметтің әр түріне қатысады. Олар құлшына уағыздайды, шебер тәлім береді. Осылай қауымға жақсы ықпал етеді (Рим. 12:11; Тім. 2-х. 2:15). Аудандық бақылаушылар риясыз сүйіспеншіліктерімен баурап алады. Бауырластар десе, алдарына жан салмайтын олар қолайсыз ауа райында да, тіпті қауіпті жерлерге де сапар шегуге дайын (Філіп. 2:3, 4). Сонымен қатар олар әрбір қауымда Киелі кітапқа негізделген баяндамалары арқылы бауырластардың жігерін қайрайды, тәлім береді, кеңес береді. Ал қауымдағылар осы аудандық бақылаушылардың жүріс-тұрыстары жайлы ой жүгіртіп, сенімдерін серік етуге тырысады (Евр. 13:7).

“Бір-біріне қатты ашуланды” (Ел. іс. 15:37—41)

8. Барнаба Пауылдың ұсынысын қалай қабылдады?

8 Пауыл бауырластарға барып қайтуды ұсынғанда, Барнаба қуанып кетті (Ел. іс. 15:36). Алдында бірге қызметтескендіктен, баратын өңірлері де, бауырластар да екеуіне жақсы таныс еді (Ел. іс. 13:2—14:28). Сондықтан бұл сапарға Пауылмен бірге Барнабаның барғаны өте дұрыс болып көрінді. Бірақ осы кезде екеуінің арасында бір келіспеушілік туындады. Елшілердің істері 15:37-де: “Барнаба өздерімен бірге Марқа деп те аталатын Жоханды ертіп алмақ болды”,— деп жазылған. Барнаба Пауылға жай ұсыныс тастаған жоқ. Ол осы сапарға немере інісі Марқаны ертіп алуға нық бекінген еді.

9. Пауыл не үшін Барнабамен келіспеді?

9 Бірақ Пауыл бұнымен келіспеді. Неге? Елшілердің істерінде былай деп жазылған: “Алайда Марқа оларды Памфилияда тастап, тапсырылған істі атқаруға бармағандықтан, Пауыл оны ерткісі келмеді” (Ел. іс. 15:38). Пауыл мен Барнаба бірінші миссионерлік сапарға шыққанда, қастарында Марқа да болған еді. Бірақ олармен соңына дейін қалмады (Ел. іс. 12:25; 13:13). Сапардың басында-ақ, Памфилияда жүргенде, Марқа қызметін тастап, Иерусалимге үйіне қайтып кеткен-тұғын. Оның не себептен кетіп қалғаны Киелі кітапта айтылмаған. Пауыл оның бұл әрекетін жауапсыздық деп қарастырды. Сондықтан болар, Пауыл оның сенімді адам екеніне күмәнданып, сапарға алып шыққысы келмеді.

10. Пауыл мен Барнабаның арасындағы келіспеушілік неге әкеп соқты?

10 Барнаба өздерімен бірге “Марқаны алып шығамыз” деп қоймаса, Пауыл “жоқ, ертпейміз” деп тұрып алды. “Содан бір-біріне қатты ашуланып, екеуі екі жаққа кетті”,— делінген Елшілердің істері 15:39-да. Барнаба Марқаны алып, туған жері Кипрге жүзіп кетеді. Ал Пауыл жоспарлаған сапарына аттанбақ болды. Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Пауыл Сыйласты таңдап алды да, бауырластар өзін Ехобаның рақымына тапсырған соң, жолға шықты” (Ел. іс. 15:40). Олар “Сирия мен Киликия арқылы өтіп, қауымдарды нығайтты” (Ел. іс. 15:41).

11. Біреумен ренжісіп қалғанда, достығымызды суытып алмауға қандай қасиеттер көмектеседі?

11 Бұл оқиға біздің күнәкар болмысымызды есімізге салады. Пауыл мен Барнаба басқарушы кеңестің арнайы тағайындалған өкілдері еді. Пауылдың өзі де сол кеңестің мүшесі болған көрінеді. Соған қарамай, екеуі де пендешілікке бой алдырып, қызбалық жасады. Бірақ екеуінің арасына түскен сызат ұзаққа жалғасты ма? Жоқ. Кемелсіз болса да, Пауыл мен Барнаба кішіпейіл болған және Мәсіхтің ой қалпына еліктеуге тырысқан. Сондықтан кейінірек олардың бір-бірін кешіріп, қайта достасқаны шүбәсіз (Ефес. 4:1—3). Ал Пауыл мен Марқаға келсек, кейіндеу екеуі көптеген теократиялық тапсырмаларды бірге атқардыa (Қол. 4:10).

12. Ақсақалдар мен аудандық бақылаушылар Пауыл мен Барнабаға ұқсап, қандай қасиеттерді таныту керек?

12 Осы жағдайда Пауыл мен Барнаба бір-біріне ашуланғанмен, бұл олардың мінезіне тән емес еді. Барнаба өте жұмсақ әрі жомарт болған. Тіпті елшілер оны Жүсіп деп атамай, “жұбатушы” дегенді білдіретін Барнаба деген есіммен атап кеткен (Ел. іс. 4:36). Пауыл да өзінің мейірімділігімен және қамқорлығымен танымал болған (Сал. 1-х. 2:7, 8). Бүгінде ақсақалдар, аудандық бақылаушылар да, Пауыл мен Барнабаға еліктегені дұрыс. Олар кішіпейіл болып, бір-біріне және қауымдағы бауырластарға мейіріммен қараулары керек (Пет. 1-х. 5:2, 3).

“Ол туралы жақсы пікірде болатын” (Ел. іс. 16:1—3)

13, 14. а) Тімөте кім болған және Пауыл онымен қалай танысқан? ә) Неге Тімөте Пауылдың көзіне оттай басылды? б) Тімөте қандай тапсырма алды?

13 Екінші миссионерлік сапарында Пауыл Рим провинциясы Ғалатияға келді. Ол жақта бірнеше қауым бар еді. Кейін “Пауыл Дербеге, сосын Листраға барды”. Әрі қарай Киелі кітапта былай делінген: “Сол жерде анасы сенуші яһуди, ал әкесі грек болған Тімөте есімді шәкірт бар еді”b (Ел. іс. 16:1).

14 Пауыл Тімөтенің отбасымен бірінші сапарында, яғни шамамен б. з. 47 жылы танысқан болар. Араға екі-үш жыл салып, сол өлкеге екінші рет барғанда, жас Тімөте Пауылдың көзіне оттай басылды. Себебі бауырластар “ол туралы жақсы пікірде” еді. Тімөтені өз қауымындағылар ғана емес, жақын маңдағы қауымдағылар да мақтап жатты. Елшілердің істерінде айтылғандай, Листрадағы және одан 30 шақырымдай жердегі Иқониядағы бауырластар Тімөте туралы жақсы сөздер айтып жүрді (Ел. іс. 16:2). Киелі рухтың жетелеуімен сондағы ақсақалдар жас Тімөтеге үлкен жауапкершілік тапсырды. Енді ол Пауыл және Сыйласпен бірге жүріп, сапарларында қолғабыс етпек еді (Ел. іс. 16:3).

15, 16. Тімөте ненің арқасында жақсатқа ие болды?

15 Өрімдей жас болса да, Тімөтенің осындай жақсатқа ие болуына не себеп? Ол бір ақылды, келбетті, қабілетті болғандықтан ба? Көпшілік адамның бойындағы осы нәрселерге қарайды. Кезінде тіпті Самуил пайғамбар да сырт келбетке алданып қалған. Бірақ Ехоба оған: “Құдай пенде емес қой: пенде адамның сырт келбетіне қарайды, ал Ехоба жүрегіне қарайды”,— деген (Сам. 1-ж. 16:7). Тімөтенің бауырластар арасында жақсатқа ие болуы қандай да бір қабілеттерінің емес, жан дүниесіндегі жақсы қасиеттерінің арқасында еді.

16 Жылдар өте, елші Пауыл Тімөтенің бойындағы кейбір рухани қасиеттерді атап өткен. Мысалы, оның жақсы көзқарасын, риясыз сүйіспеншілігі мен қауымдар үшін жан сала еңбек ететінін айтқан (Філіп. 2:20—22). Сондай-ақ Тімөте “шынайы сенімімен” танымал болған (Тім. 2-х. 1:5).

17. Жастар Тімөтеге қалай еліктей алады?

17 Қазіргі таңда көптеген жастарымыз Тімөтеге еліктеп, бойларында мәсіхшіге тән қасиеттерді тәрбиелеуге тырысады. Осылай олар жап-жас болса да, Ехобаның және бауырластардың алдында жақсатқа ие (Нақ. с. 22:1; Тім. 1-х. 4:15). Олардың да сенімі шынайы, екіжүзді өмір кешпейді (Зәб. 26:4). Бұл жастар Тімөте іспетті қауымға көп пайдасын тигізе алады. Олар жариялаушы болып, өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткенде, қауымдағылар оларға “бәрекелді” дейді!

“Сенімі нығайды” (Ел. іс. 16:4, 5)

18. а) Пауыл мен Тімөте аралаушы бақылаушы ретінде басқарушы кеңеске қалай көмектесті? ә) Қауымдар қалай жарылқанды?

18 Пауыл мен Тімөте бірталай жыл бойы иық тіресе еңбектенді. Аралаушы бақылаушы ретінде екеуі басқарушы кеңес тапсырған әртүрлі істерді атқарды. “Олар қалаларды аралағанда, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді” (Ел. іс. 16:4). Ал қауымдағы бауырластар, өз кезегінде, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың нұсқауларына құлақ асты. Осылай мойынсұнғандықтан, “қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 16:5).

19, 20. “Басшылықты қолға алғандарға” неге мойынсұнуымыз керек?

19 Біз де “басшылықты қолға алған” бауырластардың нұсқауларына қуанышпен мойынсұнсақ, Ехоба қауымдарға батасын төгеді (Евр. 13:17). Мына дүние күннен-күнге өзгеріп жатқандықтан, “адал да ақылды құлдың” беріп жатқан рухани ас-суын үздіксіз қабылдап отыруымыз керек (Мат. 24:45; Қор. 1-х. 7:29—31). Сонда рухани күйіміз күйремейді және “өзімізді осы дүниедегі арамдықтардан кіршіксіз таза ұстаймыз” (Жақ. 1:27).

20 Рас, бүгіндегі бақылаушылар да, соның ішінде Басқарушы кеңестің мүшелері де, Пауыл, Барнаба, Марқа және I ғасырдағы басқа да ақсақалдар сияқты кемелсіз пенде (Рим. 5:12; Жақ. 3:2). Бірақ Басқарушы кеңестің мүшелері сенім артуға әбден лайық, өйткені олар Құдай Сөзін берік ұстанады және барынша елшілер салған жолмен жүреді (Тім. 2-х. 1:13, 14). Нәтижесінде, қауымдардың қанаты қатайып, сенімдері өсуде.

ТІМӨТЕ “ІЗГІ ХАБАРДЫ ТАРАТУДА” АЯНБАЙ ЕҢБЕКТЕНДІ

Тімөте Пауыл үшін керемет қолғанат болған. Екеуі 11 жылдай иықтаса қызмет еткеннен кейін, Пауыл ол жайында былай деген: “Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа ешкімім жоқ. Тімөте сенімді екенін көрсетті, мұны өздерің де білесіңдер. Ол ізгі хабарды таратуда әкесіне қолғабыс еткен баладай менімен бірге қызмет етіп келеді” (Філіп. 2:20, 22). Иә, Тімөте қызмет десе, ішкен асын жерге қойған. Осы үшін Пауыл оны жанындай жақсы көрді, әрі ол бізге де жақсы үлгі қалдырды.

Тімөте.

Тімөтенің әкесі грек, шешесі яһуди болған. Ол Листра қаласында туып-өссе керек. Анасы Әунике мен әжесі Лойда Жазбаларды Тімөтеге нәресте кезінен үйреткен (Ел. іс. 16:1, 3; Тім. 2-х. 1:5; 3:14, 15). Үшеуі бірге мәсіхшілікті Пауыл алғаш рет осы қалаға келгенде қабылдағанға ұқсайды.

Бірнеше жылдан кейін Пауыл сол қалаға қайтып келгенде, жасы жиырмалардағы Тімөте жайлы “Листра мен Иқониядағы бауырластар жақсы пікірде” екенін естиді (Ел. іс. 16:2). Тімөтеге қатысты “пайғамбарлықтарға” сүйеніп, Пауыл мен ақсақалдар оны арнайы қызметке тағайындауды шешеді (Тім. 1-х. 1:18; 4:14; Тім. 2-х. 1:6). Ол Пауылмен бірге миссионерлік сапарға шығатын болды. Бірақ бұл үшін оған отбасын жырақта қалдыруға әрі барған жерлеріндегі яһудилердің наразылығын тудырмас үшін сүндеттелуге тура келді (Ел. іс. 16:3).

Тімөте көп жерлерге сапар шеккен. Мысалы, ол Пауыл және Сыйласпен бірге Філіпіде, кейін Сыйласпен Береяда, сосын жалғыз өзі Салоникада қызмет еткен. Содан соң ол Пауылмен қайтадан Қорынтта кездеседі. Тімөте оған Салоникадағы бауырластар қиындықтарына қарамастан, сүйіспеншілікпен, адалдықпен қызмет етіп жатқандарын айтып, қуантып қояды (Ел. іс. 16:6—17:14; Сал. 1-х. 3:2—6). Пауыл Ефесте болғанда, Қорынттағы бауырластар жайлы жағымсыз хабар естіп, Тімөтені қайтадан сол жаққа жібереді (Қор. 1-х. 4:17). Кейінірек Пауыл Ефестен Тімөте мен Ерасты Македонияға аттандырады. Бірақ Пауыл римдіктерге хат жазғанда, Тімөте оның қасында Қорынтта еді (Ел. іс. 19:22; Рим. 16:21). Бұлар — Тімөтенің ізгі хабарды уағыздау үшін жасаған сапарларының кейбірі ғана.

Пауылдың “ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме” дегеніне қарағанда, Тімөте қауымдағы билігін қолданудан тартынса керек (Тім. 1-х. 4:12). Бірақ Пауыл Тімөтеге сенімді болғандықтан, қауымдағы қиын мәселелерді шешуге жіберіп: “Жалған ілім таратып жүргендерге тыйым сал”,— деп нұсқау берген (Тім. 1-х. 1:3). Сондай-ақ Пауыл Тімөтеге ақсақалдарды, қызмет көмекшілерін тағайындауға билік берген (Тім. 1-х. 5:22).

Пауыл Тімөтені көркем қасиеттері үшін айрықша жақсы көрді. Жазбалардан көрінетіндей, ол Пауылға ұлындай болған, адал әрі сүйікті серігі еді. Пауыл оның көз жасын ұмытпағанын, қатты сағынғанын, ол үшін дұға ететінін жазған. Ол қамқор әке ретінде Тімөтеге “жиі ауыратындықтан”, асқазаны болса керек, кеңес берген (Тім. 1-х. 5:23; Тім. 2-х. 1:3, 4).

Пауыл алғаш рет Римде түрмеде отырғанда, Тімөте жанында болған. Тімөтенің өзі де біраз уақыт бойы қамауда отырған (Флм. 1; Евр. 13:23). Бұл екеуінің арасы қаншалықты жақын болғанын Пауылдың өлер алдында Тімөтеге: “Маған тезірек келу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе”,— деген сөздерінен көреміз (Тім. 2-х. 4:6—9). Ол сүйікті ұстазын көріп үлгерді ме, жоқ па — бұл туралы Жазбалар үндемейді.

МАРҚА КӨП ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМА АТҚАРДЫ

Марқа жазған Ізгі хабарда Исаны тұтқындағандар “бір жас жігітті” де ұстап алмақшы болғаны айтылған. Бірақ ол “жалаңаш қашып кетеді” (Мар. 14:51, 52). Бұл оқиғаны Жохан Марқа деп те аталған Марқа ғана жазғандықтан, сол жас жігіт оның өзі болуы мүмкін. Осы рас болса, ол Исамен қандай да бір шамада таныс болған.

Марқа қарт кісінің айтқандарын жазып алып жатыр.

Осы оқиғадан 11 жылдай өткен соң, Ирод Агриппа мәсіхшілерді қудалаған кезде, Иерусалим қауымындағы “біраз бауырлас” Марқаның анасы Мәриямның үйінде дұға етуге жиналған еді. Петір түрмеден керемет түрде босағанда тап осы үйге келген (Ел. іс. 12:12). Демек, Марқа кейінірек мәсіхшілердің қауымы өтіп тұрған үйде өсіп, ер жетсе керек. Ол ертедегі Исаның шәкірттерін жақсы білген, әрі олар бұған жақсы ықпал еткен.

Марқа ертедегі мәсіхшілер қауымындағы біраз бақылаушылармен етене қызметтескен. Сірә, оның бірінші тапсырмасы туысы Барнабамен және елші Пауылмен Сириядағы Антиохияда қызметтесу болған (Ел. іс. 12:25). Барнаба мен Пауыл бірінші миссионерлік сапарға аттанғанда, Марқа оларға еріп шықты. Алдымен олар Кипрге, сосын Кіші Азияға сапар шекті. Сол жерде Марқа белгісіз себептермен Иерусалимге қайтып кетеді (Ел. іс. 13:4, 13). Елшілердің істері 15-тарауда айтылғандай, Барнаба мен Пауылдың арасында Марқаға бола келіспеушілік туындаған. Осы жағдайдан кейін Марқа мен Барнаба миссионерлік қызметтерін жалғастырып Кипрге қарай жүріп кетеді (Ел. іс. 15:36—39).

Б. з. 60—61 жылдары Марқа қайтадан Пауылмен қызметтесіп жүрді, бұл жолы Римде. Осыған қарағанда, олардың арасындағы келіспеушілік баяғыда-ақ ұмыт болған көрінеді. Осы қалада тұтқында отырған Пауыл Қолостағы қауымға былай деп жазады: “Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ пен Барнабаның туысы Марқа да сендерге сәлем жолдайды (Марқа өздеріңе барса, оны жылы қабылдаңдар деген нұсқау алғансыңдар)” (Қол. 4:10). Демек, Пауыл Марқаны Римнен Қолосқа өкілі ретінде жіберуді ойлап жүрген.

Шамамен 62—64 жылдар аралығында Марқа елші Петірмен Бабылда қызмет еткен. Осы кітаптың 10-тарауынан білгеніміздей, екеуі бір-біріне өте жақын болып кеткен, өйткені елші Петір оны “ұлым Марқа” деп атаған (Пет. 1-х. 5:13).

Шамамен б. з. 65 жылы Пауыл екінші рет Римде қамауда отырғанда, Ефесте жүрген Тімөтеге былай деп жазды: “Марқаны өзіңмен бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ” (Тім. 2-х. 4:11). Марқа бұл шақыруға бірден құлақ асып, Ефестен Римге барғаны анық. Ендеше, Барнаба, Пауыл, Петір Марқаны не үшін жоғары бағалағаны түсінікті!

Марқаның үлесіне тиген ең мәртебелі тапсырма — Ехобаның рухының жетелеуімен Ізгі хабарды жазғаны. Кейбіреулердің айтуынша, Марқа көп мәліметті елші Петірден білген. Бұл шынымен де солай болған сияқты, өйткені оның жазған кейбір оқиғаларынан оларды Петір секілді өз көзімен көрген адам баяндап жатқандай әсер аласың. Бірақ ол Ізгі хабарын Петірмен Бабылда жүрген кезінде емес, Римде болғанда қағазға түсірсе керек. Марқа көп латын сөзін қолданған және яһуди емес адамдарға түсінікті болу үшін еврей сөздерін аударған. Бұдан ол жазбасын негізінен басқа ұлт адамдарына арнап жазған деуге болады.

a 118-беттегі “Марқа көп ерекше тапсырма атқарды” деген қоршауды қараңыз.

b 121-беттегі “Тімөте “ізгі хабарды таратуда” аянбай еңбектенді” деген қоршауды қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу