Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 15.6. 15—19 бет.
  • Ашуды тізгіндеу арқылы ‘жамандықты жеңейік!’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ашуды тізгіндеу арқылы ‘жамандықты жеңейік!’
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Біз ашу-ызаға толы дүниеде өмір сүрудеміз
  • Жағымды және жағымсыз мысалдар
  • Мәсіхшілердің көзқарасы
  • Бәріне бірдей жылы жүзді болу жақсы нәтиже береді
  • “Терең түсінік адамды ашуға баяу етер”
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ілтипатпен сөйлеп, өзгелермен жақсы қарым-қатынас сақта
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 15.6. 15—19 бет.

Ашуды тізгіндеу арқылы ‘жамандықты жеңейік!’

‘Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шығыңдар!’ (РИМ. 12:19, 21)

1, 2. Куәгерлер қандай жақсы үлгі көрсетті?

ЖОЛАУШЫЛАРЫНЫҢ арасында отыз төрт Ехоба куәгері бар ұшақ техникалық себептермен шалғайда орналасқан әуежайға қонуға мәжбүр болды. Куәгерлер филиалдың бағышталу бағдарламасына бара жатқан еді. Алғашында жанармай толтырып алу үшін бір сағатқа ғана бөгелеміз деп ойлаған бауырластар, сонда 44 сағат күтулеріне тура келді. Ол жерде адамға ең қажетті ас-су мен санитарлық жағдай да жоқ еді. Көптеген жолаушылар ашуланып, әуежай қызметкерлеріне қатты наразылық білдіргенде, бауырластар шыдамдылық танытты.

2 Ақырында Куәгерлер бағышталу бағдарламасының соңғы бөлігіне үлгерді. Шаршағандарына қарамастан, олар бағдарламадан кейін жергілікті бауырластармен қызу әңгіме-дүкен құрды. Олардың шыдамды да ұстамды болғандары назардан тыс қалмағаны кейін белгілі болды. Жолаушылардың бірі әуе жолы компаниясына былай деді: “Егер сол 34 мәсіхші болмағанда, әуежайда тәртіпсіздік орнап, қақтығыс басталып кетер еді”.

Біз ашу-ызаға толы дүниеде өмір сүрудеміз

3, 4. а) Ашуға берілу адамзатқа қалай әсер етуде және қашаннан бері? ә) Қабылдың ашуға берілмеуіне болар ма еді? Түсіндір.

3 Мына зұлым дүниенің тауқыметінен адамдар ашушаң болып кеткен (Екк. 7:7). Ашуға берілген адамдар жиі бір-бірін жек көріп, тіпті зорлық-зомбылыққа да барады. Соның салдарынан мемлекетаралық және азаматтық соғыстар да бой көтеруде. Туыстар арасындағы келіспеушілік көптеген отбасыларында дау-жанжал тудыруда. Мұндай ашу мен одан туатын зорлық-зомбылық о бастан бастау алған. Адам мен Хауаның тұңғыш ұлдары Қабыл қызғаныштан бойын ашу кернеп, інісі Әбілді өлтірген болатын. Ехоба олай етпеуге кеңес беріп, тілін алған жағдайда батасын төгуді уәде етсе де, Қабыл ашуға бой алдырды (Жаратылыс 4:6—8 оқы).

4 Кемелсіздікті мұра еткенімен де, Қабылдың ашуын басып, басқаша әрекет етуіне мүмкіндігі бар еді. Сол себепті де ол осы ісі үшін жауапқа тартылды. Сол сияқты, кемелсіз болғандықтан, бізге де ашуға берілмей, сезімдерімізді игеру қиын болуы мүмкін. Оның үстіне, бүгінгі ‘қиын-қыстау күндері’ басымызға түсетін өзге де қиыншылықтар бар (Тім. 2-х. 3:1). Мысалы, қаржы тапшылығы жанымызға батуы мүмкін. Полиция қызметкерлері мен отбасына көмек көрсететін ұйымдардың мәлімдеуінше, экономикалық дағдарыстың салдарынан отбасында зорлық-зомбылық көбеюде.

5, 6. Ашу шақыруға қатысты қандай осы дүниелік көзқарас бізге әсер етуі мүмкін?

5 Біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы адамдардың көбісі “өзімшіл”, “тәкаппар” және тіпті “қатыгез”. Біздің де осындай адамдар сияқты болып кетуіміз әбден мүмкін (Тім. 2-х. 3:2—5). Фильмдер мен теледидар бағдарламаларында жиі кек қайтаратын адамдар дәріптеліп, зорлық-зомбылық қиыншылықты жеңудің дұрыс әрі әділ жолы ретінде көрсетіледі. Әдетте оны көріп отырған адамдар жағымсыз кейіпкер “лайықты жазасын алатын”, яғни жағымды кейіпкердің қолынан қаза болатын, уақытты асыға күтіп отырады.

6 Мұндай насихат Ехобаның жолын емес, “осы дүниелік рухты” және оның ашулы басшысы Шайтанды дәріптейді (Қор. 1-х. 2:12; Ефес. 2:2; Аян 12:12). Бұл рух кемелсіз тәннің қалауларын қанағаттандыруға талпындырады және Құдайдың киелі рухы мен оның жемісіне қарсы әрекет етеді. Өйткені Құдай сөзі кек қайтармауға үйретеді (Матай 5:39, 44, 45 оқы). Олай болса, Исаның тәлімдерін қалай толық орындай аламыз?

Жағымды және жағымсыз мысалдар

7. Шимон мен Леуінің ашу шақырғандарының салдары қандай болды?

7 Киелі кітапта ашуды тізгіндеуге қатысты кеңестер көптеп саналады. Онда ашуымызды басқан жағдайда не болатынын, олай етпеген жағдайда неге ұшырайтынымызды көрсететін мысалдар да бар. Жақыптың ұлдары Шимон мен Леуі қарындастары Динаны зорлағаны үшін Сихемнен кек алғанда не болғанын қарастырып көрейікші. Олар қатты ренжіп, бойларын ‘ашу кернеген’ болатын (Жар. 34:7). Ал Жақыптың өзге ұлдары Сихемнің қаласындағы еркек кіндіктің барлығын өлтірді де, балалары мен әйелдерін тұтқынға алып, үйлеріндегі дүние-мүліктерін тонап кетті. Олар мұны Дина үшін ғана емес, намысымызға тиді және ел алдында масқара болдық деген оймен де істеген болса керек. Жақыптың ұлдары өздерінің де, әкелерінің де атына кір келді деп ойлады. Ал Жақып бұл туралы қандай ойда болды екен?

8. Шимон мен Леуінің мысалынан кек қайтаруға қатысты не білеміз?

8 Динамен болған жағдай Жақыптың жанына қатты батса да, ол ұлдарының әрекеттеріне наразылығын білдірді. Шимон мен Леуі болса, ақталуға тырысып: “Ал ананың қарындасымызға жезөкшеге қарағандай қарауға құқы болды ма?— деді (Жар. 34:31). Болған оқиға Ехобаға да ұнамаған болатын. Көп жылдан кейін Жақып Шимон мен Леуі ашуға мініп, қатыгез әрекет еткендері үшін Құдай олардың ұрпақтарын Исраилдің ішіне бытыратып жіберетінін алдын ала айтты (Жаратылыс 49:5—7 оқы). Иә, ашуға бой алдырғандары оларды Құдайдың да, әкелерінің де батасынан айырды.

9. Қай кезде Дәуіт ашуға беріліп қала жаздады?

9 Дәуіт патшаның жағдайында мүлдем өзгеше болды. Ол кек қайтаруға себеп болатындай талай оқиғаны бастан кешірсе де, ешқашан олай еткен емес еді (Пат. 1-ж. 24:3—7). Бірақ бірде ол да ашуға беріліп қала жаздады. Набал есімді дәулетті кісі Дәуіттің жігіттері отарын қорғап жүргеніне қарамастан, оларды балағаттап, дөрекі сөйлейді. Әсіресе жігіттерінің сөз естігені үшін бойын ыза кернеген Дәуіт кек қайтаруға шақ қалады. Ол жігіттерімен Набалды үй-ішімен бірге жоймақшы болып бара жатқанда бір қызметші Набалдың ақылды әйелі Әбигелді бұл жайында ескертіп, тездетіп әрекет етуге талпындырады. Ол бөгелместен сый-тартуын алып, Дәуіттің алдынан шығады. Сөйтіп, кішіпейілділікпен Набалдың ақымақтығы үшін кешірім өтініп, Дәуіттің Құдайдан қорқатынына назар аударады. Сонда сабасына түскен Дәуіт былай дейді: ‘Мені қан төгуден сақтап қалғаның үшін саған көп рақмет!’ (Пат. 1-ж. 25:2—35).

Мәсіхшілердің көзқарасы

10. Кек қайтаруға қатысты мәсіхшілер қандай көзқарас ұстанулары керек?

10 Шимон мен Леуінің және Дәуіт пен Әбигелдің бастарынан өткен оқиғалардан көрінетіндей, Ехоба жүгенсіз ашу мен қатыгездікті жек көреді, ал татуластырушыларға батасын төгеді. “Егер сенің тарапыңнан мүмкін болса, барлық адаммен тыныштықта өмір сүр,— дейді елші Пауыл.— Өздерің үшін кек қайтармаңдар, сүйіктілерім, қайта, Құдайдың қаһарына жол беріңдер. Өйткені былай деп жазылған: “Кек алу менің үлесімде, Мен сазайын тартқызамын,— дейді Жаратушы”. Сонымен, егер сенің жауың аш болса, оны тамақтандыр; егер шөлдесе, оның шөлін қандыр: өйткені осыларды жасау арқылы оның басына жанып тұрған көмірді үйе бересің. Жамандықтан жеңілме, бірақ жауыздықты жақсылықпен жең” (Рим. 12:18—21)a.

11. Бір қыз бауырлас ашуын басуды қалай үйренді?

11 Біз де солай әрекет ете аламыз. Мысалы, бір қыз бауырлас ақсақалға жаңа бастығының өзін жақтырмай, шеттетіп жүргенін және бұған қатты ашуланып, тіпті жұмыстан шыққысы келетінін айтады. Ақсақал оған тез шешім қабылдамауға кеңес береді. Ол қыз бауырластың бастығының әрекеттеріне наразы болғаны, жағдайды ушықтырып жібергенін байқайды (Тит. 3:1—3). Сол себепті ақсақал бауырласқа, тіпті жұмысын ауыстырған күннің өзінде, бірінші кезекте көзқарасын өзгертуі керек екенін айтады. Сондай-ақ бастығы өзіне қалай қарасын десе, оған да солай қарауға кеңес береді (Лұқа 6:31 оқы). Қыз бауырлас осылай етіп көретінін айтады. Нәтижесінде біраз уақыттан кейін бастығының жүрегі жібіп, тіпті бауырласымызға жұмысы үшін ризашылық білдіреді.

12. Неге мәсіхшілердің жөнсіз әрекеттері жанымызға қатты батуы мүмкін?

12 Қауымнан тыс адамдармен осындай қиындықтардың туындап тұратыны бізді таңғалдырмайды. Шайтанның дүниесінде жиі әділетсіздік орын алып жатады, десе де зұлым адамдардың бізді ашуландыруына жол бермеуіміз керек (Заб. 36:1—11; Екк. 8:12, 13; 12:13, 14). Алайда бауырластармен арамызда қиындықтың туындауы жанымызға әлдеқайда қатты батады. Бір әйел бауырлас былай деп еске алады: “Шындыққа алғаш келгенде ең қиыны Ехобаның қызметшілерінің кемелсіз адамдар екенімен келісу болды”. Мына суық, қатыгез дүниеден шыққан біз қауымдағылар бір-біріне мейірімді болады деп күтеміз. Сол себепті бауырластарымыздың бірінің, әсіресе жауапкершілік жүктелген бауырластың, жөнсіз не мәсіхшілерге жат әрекет еткені ауыр тиіп, ашуландыруы мүмкін. Бәлкім біз “Ехобаның халқының арасында мұндай нәрсе болуы мүмкін бе?” деп сұрайтын шығармыз. Бірақ мұндай жағдай тіпті елшілердің уақытында майланған мәсіхшілердің де арасында болған (Ғал. 2:11—14; 5:15; Жақ. 3:14, 15). Біз осындай жайттың құрбаны болсақ, қалай әрекет етуіміз керек?

13. Неліктен арамыздағы келіспеушіліктерді жеңуіміз керек және мұны қалай істей аламыз?

13 “Мен өзімді ренжіткен адамдар үшін дұға етуді үйрендім,— дейді жоғарыда сөздері келтірілген қыз бауырлас.— Бұл жақсы көмектеседі”. Жоғарыда оқығанымыздай, Иса бізді қудалағандар үшін дұға етуіміз керектігін айтқан (Мат. 5:44). Олай болса, бауырластарымыз үшін дұға еткеніміз қандай орынды десеңші! Әкесі балаларының тату болғанын қалайтынындай, Ехоба жердегі қызметшілерінің тату болғанын қалайды. Біздің жаңа дүниеде бауырластарымызбен тату-тәтті болып, бақытты әрі мәңгі өмір сүру үмітіміз бар. Ехоба қазірден бастап бұған үйретуде. Ол бізге сеніп тапсырған ісін иық тіресе атқарғанымызды қалайды. Сондықтан бәріміз де арамыздағы келіспеушіліктерді шешіп не қатені кешіре салып, өзара ынтымағымызды сақтауға тырысайық (Нақыл сөздер 19:11 оқы). Қиындықтар туындағанда бауырластарымыздан алыстаудың орнына бір-бірімізге Құдай халқының арасында, Ехобаның ‘бізді мәңгілік қамқорлыққа алатын қанатының астында’, қалуға көмектескеніміз жөн (Заң. қ. 33:27).

Бәріне бірдей жылы жүзді болу жақсы нәтиже береді

14. Шайтанның арамызға іріткі салуына жол бермеу үшін не істеуіміз керек?

14 Патшалық туралы ізгі хабардың таралуына кедергі жасау үшін Шайтан мен жын-перілер отбасы мүшелерін өзара өштестіріп, қауымға іріткі салуға тырысып бағуда. Осылайша ол осы құрылымдардың іргетасын шайқалтуды көздейді (Мат. 12:25). Шайтан мен жын-перілердің жаман әсеріне берілмес үшін Пауылдың: “Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды, ол бәріне бірдей жылы жүзді... болуы қажет”,— деген кеңесіне құлақ түргеніміз жөн (Тім. 2-х. 2:24). Шын мәнінде “біз адам баласына емес... зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”. Бұл шайқастан жеңімпаз болып шығу үшін зорлық-зомбылыққа, ашуға берілудің орнына, рухани қару-жарақты асынуымыз керек. Ал бұл “татуласу туралы ізгі хабарды таратуға дайын” болуды да білдіреді (Ефес. 6:12—18).

15. Жауларымыз шабуыл жасағанда, қалай әрекет етуіміз керек?

15 Ехобаның жаулары оның бейбіт халқына ашық шабуыл жасауда. Олардың кейбіреулері Ехоба куәгерлеріне күш көрсетуде. Басқалары болса бұқаралық ақпарат құралдары арқылы не сот залдарында бізге жала жабуда. Иса шәкірттерін осы жайлы алдын ала ескерткен болатын (Мат. 5:11, 12). Мұндай жағдайда қалай әрекет етуіміз керек? Біз ешқашан сөзімізбен не ісімізбен ‘жамандыққа жамандықпен қайтармауымыз’ керек (Рим. 12:17; Пет. 1-х. 3:16).

16, 17. Бір қауым қандай қиын жағдайға тап болды?

16 Шайтан бізге қарсы не істемесін, ‘жамандықты жақсылықпен жеңу’ арқылы тиімді куәлік бере аламыз. Мысалы, Тынық мұхит аралдарының біріндегі қауым Еске алу кешін өткізуге бір залды жалға алады. Мұны білген жергілікті шіркеудің қызметкерлері өздерінің адамдарын діни қызмет атқару үшін тура сол уақытқа, сол залға шақырады. Бірақ полиция бастығы оларға Еске алу кеші өтетін уақытта залды босату керектігін айтады. Алайда уақыты келгенде залдың іші шіркеу мүшелеріне толы болады.

17 Полиция қызметкерлері залды босату үшін күш қолданғалы жатқанда, шіркеу басшысы ақсақалдардың біріне келіп: “Сендердің маңызды кездесулерің бар ма еді?”— деп сұрайды. Бауырлас Еске алу кеші туралы айтқанда, ол: “Мен білмеген едім!”— деп жауап қатады. Сонда полиция қызметкері: “Бірақ біз сізге таңертең ғана айтқан едік қой!”— дейді. Сонда шіркеу басшысы ақсақалға бұрылып, мысқылмен, былай дейді: “Енді сендер не істемексіңдер? Зал толы адам. Сендер полиция қызметкерлеріне бізді қуып шығартпақсыңдар ма?” Ол ел арасында Куәгерлер шіркеу адамдарын қуып шығыпты деген сөз тарағанын қалаған еді. Сонда бауырластар не істеді екен?

18. Арандатушылыққа кезіккенде, бауырластар қалай әрекет етті және нәтижесі қандай болды?

18 Куәгерлер полиция қызметкерлеріне шіркеу адамдарына жарты сағаттық қызметтерін өткізіп алуға рұқсат етуді ұсынды. Содан соң Еске алу кеші болмақ еді. Алайда шіркеу қызметі уақытынан асып кетті. Ол біткен соң ғана Еске алу кеші өтті. Келесі күні жергілікті үкімет бас қосып, болған жайды талқылады. Мән-жайдың анық-қанығына жеткен соң, олар қиындықтың туындауына Ехоба куәгерлері емес, шіркеу басшысы кінәлі екенін жария етуді шіркеу қызметкерлеріне міндеттеді. Сондай-ақ жергілікті үкімет Ехоба куәгерлеріне осындай қиын жағдайда шыдамдылық танытқандары үшін ризашылық білдірді. Иә, Куәгерлердің ‘барлық адамдармен тату болуға’ ұмтылғандары жақсы нәтиже берді.

19. Өзгелермен тату болуға тағы не көмектеседі?

19 Өзгелермен тату болуға көмектесетін тағы бір жайт — сыпайы сөйлеу. Келесі мақаладан сыпайы сөйлеуге не жататынын және оған қалай үйренуге болатынын білеміз.

[Сілтеме]

a “Жанып тұрған көмірді үйе бересің” деген сөздер ежелдегі металды балқыту үшін қолданылған әдіске нұсқайды. Ол кезде металды бөліп алу үшін шикізатты отқа орайтын, яғни астынан ғана от қоймай, көмір шоқтарын үстіне де салатын. Мейірімсіз адамға көрсетілген сүйіспеншілігіміз оның көзқарасын өзгертіп, жақсы қасиеттер танытуға талпындыруы мүмкін.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Бүгіндегі адамдар не себепті ашуға бейім?

• Киелі кітапта ашуды тізгіндеудің нәтижесі мен оған бой алдырудың салдарын көрсететін қандай мысалдар бар?

• Бауырласымыз бізді ренжітсе, қалай әрекет етуіміз керек?

• Жауларымыздың қастық әрекеттеріне біз қалай қарауымыз керек?

[16-беттегі сурет]

Шимон мен Леуі ашуға бой алдырды

[18-беттегі суреттер]

Мейірімділік танытқанымыз өзгелердің жүректерін жібітуі мүмкін

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу