Сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделгенсіңдер ме?
ДОЛЫ ЖЕЛ соққылаған алып ағашты бақылаған кездерің болған ба? Жел қанша қатты соққыласа да, ол тапжылмайды. Неге? Өйткені оның тамырлары терең жайылған. Біз де осы ағаш сияқты бола аламыз. Егер Мәсіхтің сүйіспеншілігіне ‘тамыр жайып, негізделсек’, қатты соққылаған желге ұқсаған өмірдің қиыншылықтарына төтеп беретін боламыз (Ефес. 3:14—17, 18). Бұл қандай негіз?
Құдай Сөзінде мәсіхшілер қауымының “ең негізгі және басты “Тасы” — Иса Мәсіхтің Өзі” екені айтылған (Ефес. 2:20; Қор. 1-х. 3:11). Мәсіхшілер ‘онымен тығыз байланыста жүріп, негіздері Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беруге; өздері үйренген сенімді мықтап ұстануға’ шақырылады. Осылай етер болсақ, сенімімізге қарсы шабуылдың бәріне төтеп береміз. Бұлардың арасында адамдар ойлап тапқан ‘ақылға қонымды болып көрінген сөздер’ мен ‘пайдасыз ілімдер’ болуы мүмкін (Қол. 2:4—8).
“Кең де көз жеткісіз, терең және биік”
Қалай ‘терең тамыр жайып, сенімді мықтап ұстануға’ болады? Тамырымыз терең жайылу үшін Құдай Сөзін тыңғылықты зерттеуіміз керек. Ехоба біздің ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алғанымызды’ қалайды (Ефес. 3:18). Сол себепті мәсіхшілердің ешқайсысы “ең бастапқы қарапайым тәлімді” және шындықты үстіртін ғана түсінгендерін қанағат етпеу керек (Евр. 5:12; 6:1). Керісінше, әрқайсымыз Киелі кітап шындықтарын терең түсінуге ықыласты болуымыз қажет (Нақ. с. 2:1—5).
Әрине, бұл дегенміз шындыққа ‘терең тамыр жайып, берік негізге қалану’ үшін білімдар болу жеткілікті дегенді білдірмейді. Шайтан да Киелі кітапта не жазылғанын жақсы біледі. Біз біліммен шектеліп қалмауымыз керек. Білімнен де құнды ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігін’ ұғынуымыз қажет (Ефес. 3:18, 19). Сөйткенмен де біз Ехобаны әрі шындықты жақсы көргендіктен зерттейтін болсақ, Жазбаларды жақсы білгеніміз сенімімізді нығайтады (Қол. 2:2).
Қалай түсінетіндеріңді тексеріңдер
Қазір Киелі кітаптағы маңызды шындықтарды қалай түсінетінімізді тексеріп көрейікші. Бұлай еткеніміз Киелі кітапты әлдеқайда мұқият зерттеуге талпындырады. Мысалға Пауылдың Ефестіктерге жазған хатының кіріспе сөздерін алайық (“Ефестіктерге” деген қоршауды қара). Тармақтарды оқып болған соң, өздеріңнен: “Көлбеу қаріппен берілген сөздердің мәнін түсінемін бе?”— деп сұраңдар. Ендеше, сол сөздерді қарастырайық.
‘Әлем жаратылмас бұрын алдын ала белгіленгендер’
Пауыл бауырластарға былай деді: ‘Құдай бізді әлемді жаратпас бұрын, Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойды’. Ехоба кейбір адамдарды өзінің көктегі кемелді отбасының мүшесі ретінде қабылдауды шешті. Олар Мәсіхпен бірге патша және діни қызметкер ретінде билік жүргізетін болады (Рим. 8:19—23; Аян 5:9, 10). Ехобаның бүкіләлемдік билігіне шек келтірген кезде, Шайтан адамдардың қандай да бір міні бар екеніне меңзеген болатын. Сондықтан Ехобаның бүкіл ғаламды зұлымдықтың бастауы Шайтан Ібіліспен қоса, зұлымдық атаулыдан тазарту үшін сол адамдарды таңдағаны қандай орынды болған десеңші! Бірақ Ехоба нақты қай адамдарды өзінің ұлдары етіп қабылдайтынын алдын ала белгілеп қойған жоқ. Ол көкте Мәсіхпен бірге бір топ адам билік етеді деп шешті (Аян 14:3, 4).
Бауырластарға ‘әлем жаратылмас бұрын’ топ ретінде таңдалғаны туралы айтқанда, Пауыл қандай “әлемді” ойында тұтқан? Ол жер мен адамзат жаратылмай тұрғандағы уақытқа меңземеген еді. Бұл әділдік принципіне қайшы болар еді. Құдай Адам мен Хауаны жаратпас бұрын, олардың күнә жасауын жоспарлап қойған болса, неге олар жасаған ісі үшін жауапқа тартылуы керек еді? Олай болса, Адам мен Хауа Шайттанның бүлігіне қосылған кезде туындаған жағдайды жақсартуды Құдай қай кезде шешкен? Ол мұны Адам мен Хауа бүлік шығарған соң, бірақ олардың кемелсіз болса да, төлемін өтеп алуға болатын ұрпақтары пайда болмас бұрын шешті.
‘Құдайдың шексіз зор рақымы’
Пауыл Ефестіктерге жазған хатының кіріспе сөздерінде атап өткен шаралардың ‘Құдайдың шексіз зор рақымының’ арқасында жүзеге асатынын айтты. Осылайша ол Ехоба адамзат баласының төлемін өтеп алуға міндетті емес екеніне баса назар аударғысы келді.
Негізінде, ешқайсымыз да төлемімізді өтеп алуға лайықтымыз деп айта алмаймыз. Алайда адамзатты қатты сүйгендіктен Ехоба бізді құтқару үшін арнайы шара жасады. Қаншалықты кемелсіз және күнәкар екенімізді есепке алар болсақ, Пауыл айтқандай, біз тек Құдайдың рақымының арқасында ғана құтқарыла аламыз.
Құдайдың қасиетті құпиясы
Шайтан келтірген залалдың орнын қалай толтыратынын Құдай бірден ашқан жоқ. Бұл “қасиетті құпия” (ЖД) болатын (Ефес. 3:4, 5). Кейінірек мәсіхшілер қауымы орнатылған кезде, Ехоба жер мен адамзатқа қатысты о бастағы ниетін жүзеге асыру үшін не істейтінін ашты. Пауылдың түсіндіруінше, “белгілі уақыты жеткенде”, Құдай “істерін жүргізу жолы арқылы” (ЖД) бүкіл саналы жаратылыстарын біріктіретін болады.
Бірінші біріктіру б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Ехоба Мәсіхпен бірге көкте билік ететіндерді жинауға кіріскенде басталды (Ел. іс. 1:13—15; 2:1—4). Екінші біріктіру Мәсіхтің Патшалығы билік ететін заманда Жұмақта өмір сүретін адамдарды жинағанда болмақ еді (Аян 7:14—17; 21:1—5). Құдайдың “істерін жүргізу жолы” Мәсіхтің Патшалығын білдірмейді, өйткені Патшалық 1914 жылы ғана орнады. “Істерін жүргізу жолы” дегеніміз — Құдайдың барлық жаратылыстарын біріктіруге қатысты ниетін іске асыруы.
Ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар
Шындықтың “қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең және биік екенін” толық ұғыну үшін тыңғылықты жеке зерттеуді әдетке айналдырғанымыз дұрыс. Егер адамның өмірі қарбаласқа толы болса, Шайтан мұны қолданып, адамды жеке зерттеу дағдысынан айырады. Мәсіхші бұған жол бермеуі керек. ‘Ұғынуға келгенде ересектей болу’ үшін Құдай берген ‘парасатты’ (Тт) қолдануымыз қажет (Жох. 1-х. 5:20; Қор. 1-х. 14:20). Не нәрсеге сенетіндеріңді және неліктен сенетіндеріңді түсінсеңдер, ‘іштеріңдегі үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын боласыңдар’ (Пет. 1-х. 3:15).
Пауылдың хаты алғаш рет оқылған кезде өздеріңнің Ефес қаласындағы қауымда отырғандарыңды көз алдарыңа елестетіңдерші. Оның сөздері сендерді “Құдай Ұлына қатысты тура білімді” молайтуға талпындырмас па еді? (Ефес. 4:13 ЖД; 14). Олай болса, Пауылдың рухтың жетелеуімен жазылған сөздері бізді білімімізді тереңдетуге талпындырғай! Ехобаға деген терең сүйіспеншілік пен оның сөзін дұрыс түсінгеніміз ‘терең тамыр жайып, берік негізге’ қалануға көмектеседі. Соның арқасында зұлым дүние түгелімен жойылғанға дейін Шайтан қандай дауыл тұрғызбасын, төтеп бере аласыңдар (Заб. 1:1—3; Ерм. 17:7, 8).
[27-беттегі қоршау/сурет]
“Ефестіктерге”
“Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын! Ол бізді Мәсіх арқылы жарылқап, көктегі әр қилы рухани игіліктерді сыйлады. Құдай бізді Өзінің алдында қасиетті де мінсіз халқы болып жүрсін деп, әлемді жаратпастан бұрын Мәсіхтің құрбандығына бола таңдап алып, сүйіспеншілікпен Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойды; Оның ізгі еркі осы болған. Өзінің сүйікті рухани Ұлы арқылы бізге сыйлаған керемет рақымы үшін Құдай мадақталсын: Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді. Осылайша Құдай шексіз зор рақымын бізге молынан жаудырып, терең даналығы және түсінігімен Өзінің құпия жоспарын — Мәсіхке байланысты алға қойған ізгі ниетін ашып берді. Ол мұны белгілі уақыты жеткенде іске асырып, бүкіл әлемді, көк пен жердегінің бәрін де біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыратын болады” (Ефес. 1:3—10).