Құдайдың өз ниетін жүзеге асыру үшін ‘істерді жүргізу жолы’
‘[Құдай] барлық нәрсені өз еркі бойынша істейді’ (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 1:11, ЖД).
1. Ехоба Куәгерлерінің бәрі 2006 жылдың 12 сәуірінде не үшін жиналады?
ИЕМІЗДІҢ кешкі асына 2006 жылдың 12 сәуірінде сәрсенбі күні кешке 16 миллионға жуық адам жиналады. Олар бас қосқан жердің бәрінде Мәсіхтің денесін білдіретін ашымаған нан мен төгілген қанын білдіретін қызыл шарап қойылған үстел тұрады. Исаның өлімін Еске алу кешінің мағынасын түсіндіретін баяндаманың соңына таман осы рәміздер — алдымен нан, содан кейін шарап — кешке қатысушылар арасында қолдан-қолға беріледі. Ехоба Куәгерлері қауымдарының кейбіреулерінде ғана кешке қатысушы бір не одан көп адам рәміздерден дәм татады. Алайда басым көпшілігінде дәм татушылар болмайды. Бірақ неге көкте өмір сүруге үміті бар азғана мәсіхші ғана рәміздерден дәм татады да, ал жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін көпшілік дәм татпайды?
2, 3. а) Ехоба өз ниетіне сай қалай жарата бастады? ә) Ехоба жер мен адам баласын не үшін жаратты?
2 Ехоба — ниеті бар Құдай. Ол ниетін жүзеге асыруда ‘барлық нәрсені өз еркі бойынша істейді’ (Ефестіктерге 1:11, ЖД). Құдай алдымен жалғыз Ұлын жаратты (Жохан 1:1, 14; Аян 3:14). Содан кейін Ұлы екеуі сансыз көп рухани ұлдарын, ал ақыр соңында әлемді, соның ішінде жер мен адамды, жаратты (Әйүп 38:4, 7; Забур 102:19—21; Жохан 1:2, 3; Қолостықтарға 1:15, 16).
3 Ехоба жерді, мәсіхшілер әлемінің көп шіркеуінде үйрететіндей, ертеңгі күні көктегі рухани ұлдарының қатарын көбейту үшін адамдарды сынайтын орын ретінде жаратқан жоқ. Ол жерді нақты бір мақсатпен, яғни адамдар “мекендеу үшін” жаратты (Ишая 45:18). Құдай жерді адам баласы үшін, ал адамды жер үшін жаратты (Забур 113:24). Бүкіл жер шары оны игеріп, күтіп-баптайтын әділ адамдар мекендейтін жұмаққа айналу керек еді. Алғашқы адам жұбына ақырында көкке барасыңдар деп ешқашан айтылмаған (Жаратылыс 1:26—28; 2:7, 8, 15).
Ехобаның ниетінің орындалуына қарсылық жасау
4. Адамзат тарихының басында Ехобаның билігіне қатысты қандай дау туды?
4 Құдайдың рухани ұлдарының бірі бүлік шығарып, өзіне берілген сый — ерік бостандығын теріс пайдаланып, Ехобаның ниетін жүзеге асыруына кедергі жасамақ болды. Ол Ехобаның билігіне сүйіспеншілікпен мойынсұнатындардың арасындағы тыныштық пен татулықты бұзды. Алғашқы адам жұбын Құдайдан тәуелсіз өмір жолына түсірді (Жаратылыс 3:1—6). Ол Құдайдың құдіретін жоққа шығарған жоқ, бірақ оның билігінің әділдігіне, демек, билік ету құқына дау тудырды. Осылайша Ехобаның билігіне қатысты даулы мәселе адамзат тарихының басында жер бетінде көтерілді.
5. Тағы қандай қосымша дау көтерілді, әрі оның кімдерге қатысы болды?
5 Шайтан Әйүптің күндерінде осы бүкіләлемдік билікке қатысты даумен тығыз байланысты тағы бір дау көтерді. Ол Ехобаның жаратылыстарының таза ниетіне күмән келтіріп, олар Ехобаға қара бастарының қамы үшін мойынсұнып, қызмет етеді, ал егер бастарына қиындық түссе, Құдайдан бас тартар еді дегенге меңзеді (Әйүп 1:7—11; 2:4, 5). Бұл дау Ехобаның жердегі қызметшісіне қатысты туындағанымен, Құдайдың рухани ұлдарына, тіпті жалғыз Ұлына да, қатысы болды.
6. Ехоба өзінің ниеті мен есіміне адал екенін қалай көрсетті?
6 Өз ниеті мен есімінің мағынасына адал Ехоба өзін Пайғамбар әрі Құтқарушы болғыздыa. Ол Шайтанға: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың”,— деді (Жаратылыс 3:15). Ехоба Шайтанның дауына ‘әйелдің’, яки өзінің көктегі ұйымының бөлігінің, Ұрпағы арқылы жауап беріп, Адамның ұрпақтарына құтқарылу мен мәңгілік өмірге үміт сыйламақ болды (Римдіктерге 5:21; Ғалаттықтарға 4:26, 31).
‘Өз еркіне қатысты қасиетті құпиясы’
7. Ехоба елші Пауыл арқылы қандай ниетін ашты?
7 Елші Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге жазған хатында Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін, істерін қалай жүргізетіні жайлы тамаша түсіндірген. Пауыл: “Ол өз еркіне қатысты қасиетті құпиясын ашты. Өзінің ниет еткен ізгі қалауы бойынша белгіленген уақыты жеткенде істерін жүргізу жолы арқылы көк пен жердегінің бәрін де қайтадан Мәсіхке жинайды”,— деп жазды (Ефестіктерге 1:9, 10, ЖД). Ехобаның ұлы ниеті — Әлемдегі өзіне сүйіспеншілікпен мойынсұнатын жаратылыстарды біріктіру (Аян 4:11). Осылайша Шайтанның өтірікші екені дәлелденеді, ал Ехобаның есімі қастерленіп, еркі ‘көкте орындалғандай, жер бетінде де орындалады’ (Матай 6:10).
8. ‘Істерді жүргізу жолы’ деп аударылған сөз нені білдіреді?
8 Ехобаның ‘ізгі қалауы’, немесе ниеті, ‘істерді жүргізу жолы’ арқылы орындалады. Пауыл бұл жерде сөзбе-сөз “үй шаруасын ұйымдастыру жолы” дегенді білдіретін сөзді қолданған. Ехобаның өз ниетін жүзеге асыру үшін істерін жүргізудің керемет жолы “қасиетті құпиямен” байланысты. Ол бұл құпияны ғасырлар бойы біртіндеп ашып отырды (Ефестіктерге 1:10; 3:9, ЖД, сілтемені қараңдар).
9. Ехоба “өз еркіне қатысты қасиетті құпиясын” қалай біртіндеп ашты?
9 Жасалған бірқатар келісім арқылы Ехоба Едем бағында уәде етілген Ұрпаққа қатысты ниеті қалай жүзеге асатынын біртіндеп ашты. Ыбырайыммен жасасқан келісімі Ұрпақтың оның үрім-бұтағынан шығатынын, сол арқылы “жер бетіндегі барлық ұлттарға” бата қонатынын айқын етті. Бұл келісім сонымен қатар ұрпақтың басты бөлігіне қосылатындар да бар екеніне меңзеді (Жаратылыс 22:17, 18). Исраилмен жасалған Заң келісімі болса Ехобаның “дін қызметшілері патшалығы” болатыны жайлы ниетін ашып көрсетті (Мысырдан шығу 19:5, 6, “Таурат”). Ал Дәуітпен жасасқан келісім Ұрпақтың мәңгі тұратын Патшалықтың Патшасы болатынын көрсетті (Патшалықтар 2-жазба 7:12, 13; Забур 88:4, 5). Заң келісімі яһудилерді Мәсіхке алып келгенде, Ехоба өз ниетін жүзеге асырудың басқа да қырларын ашты (Ғалаттықтарға 3:19, 24). Ұрпақтың басты бөлігіне қосылу керек адамдар ‘дін қызметшілері патшалығын’ құрайтын болады, әрі рухани жаңа “Исраил” ретінде олармен “жаңа келісім” жасалады (Еремия 31:31—34; Еврейлерге 8:7—9)b.
10, 11. а) Ехоба алдын ала айтылған Ұрпақ кім болатынын қалай ашты? ә) Неге Құдайдың жалғыз Ұлы жер бетіне келді?
10 Құдайдың өз ниетін орындау үшін ‘істерді жүргізу жолы’ бойынша, алдын ала айтылған Ұрпақтың жер бетіне келетін уақыты жетті. Ехоба Мәриямға ұлды болатынын, оның есімін Иса деп қою керектігін айту үшін, Жәбірейіл періштені жіберді. Періште оған: “Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Иса Жақыптың үрім-бұтағына мәңгі Патшалық құратын болады, Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деді (Лұқа 1:32, 33). Осылайша уәде етілген Ұрпақ кім болатыны айқын болды (Ғалаттықтарға 3:16; 4:4).
11 Ехобаның жалғыз Ұлы жерге келіп, толық сыналуы керек болатын. Шайтанның дауына біржолата жауап қайтарыла ма, жоқ па, бұл толығымен Исаға байланысты еді. Ол Әкесіне адал болып қалар ма екен? Бұл қасиетті құпияның бір бөлігі еді. Кейінірек елші Пауыл Исаның жерге келуінің мәнісін түсіндіріп, былай деп жазды: “Құдайға ұнамдылық туралы бізге ашылған мына құпияның ұлы екендігі еш шүбәсыз: Мәсіх адам боп дүниеге келді де, Киелі Рух әділдігін дәлелдеді. Мәсіх періштелерге көрінді де, халықтарға Ол жарияланды, жер жүзінде Оған көбі иланды, Ол ұлылықпен көкке қабылданды” (Тімотеге 1-хат 3:16). Иә, Иса өлгенше мінсіздігінен еш айнымауымен Шайтанның дауына біржолата жауап қайтарды. Бірақ қасиетті құпияның басқа да қырлары әлі ашылу керек болатын.
‘Құдай Патшалығы туралы сыр’
12, 13. а) ‘Құдай Патшалығы туралы сырдың’ бір қыры қандай? ә) Кейбір адамдар көкке бара алуы үшін, Ехоба не істеу керек еді?
12 Иса Ғалилеяға шеккен сапарының бірінде қасиетті құпияның Мәсіхтің Патшалық үкіметімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Ол шәкірттеріне: “Құдай өз Патшалығы туралы сырды білуді сендерге бұйырған”,— деді (Марқа 4:11). Сол сырдың бір қыры — Ехобаның ұрпақтың бөлігі ретінде Ұлымен бірге көкте билік ететін ‘кішкентай қораны’, яғни 144 000 адамды, таңдауы (Лұқа 12:32; сілтемені қараңдар; Аян 14:1, 4).
13 Адамзат жер бетінде өмір сүруге жаратылғандықтан, көкке бара алулары үшін, Ехоба кейбір адамдарды ‘жаңадан жарату’ керек еді (Қорынттықтарға 2-хат 5:17). Осындай ерекше үмітке ие болғандардың бірі ретінде елші Петір: “Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып, жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді сөнбес үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 1:3, 4).
14. а) ‘Құдай Патшалығы туралы сырдың’ тағы бір қыры қандай? ә) Ненің арқасында Құдайдың осы ‘терең ой-мақсаттарын’ түсіне аламыз?
14 Болашақтағы Құдай үкіметіне қатысты сырдың тағы бір қыры — Құдай Мәсіхпен бірге көкте билік етуге шақырылғандардың шағын тобының арасында басқа ұлттың адамдары да болады деп шешті. Пауыл Ехобаның өз ниетін орындау үшін ‘істерді жүргізу жолының’ осы жағын былай деп түсіндірген болатын: “Ол [сыр] адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазір Киелі Рух оны Құдайдың қасиетті елшілері мен пайғамбарларына ашып отыр. Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Ізгі хабардың арқасында яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды, олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңіріміз берген уәдесінен үлестерін алмақ” (Ефестіктерге 3:5, 6). Сырдың осы бөлігі жайлы түсінік ‘қасиетті елшілерге’ берілген болатын. Бүгінгі күні де, егер киелі рухтың көмегі болмаса, Құдайдың осы ‘терең ой-мақсаттарын’ түсіне алмаған болар едік (Қорынттықтарға 1-хат 2:10; 4:1; Қолостықтарға 1:26, 27).
15, 16. Неге Ехоба Мәсіхпен бірге билік етушілерді адамзат арасынан таңдады?
15 Көктегі Сион төбесінде ‘Тоқтының’ қасында тұрған “жүз қырық төрт мың адамды” ‘күнәкар дүниеден азат етілгендер’, “Құдайға және Тоқтыға [Иса Мәсіхке] бағышталған алғашқы сый-тарту” ретінде “адамзат арасынан төлемдері өтеліп, азат етілгендер” деп айтады (Аян 14:1—4). Ехоба Едем бағында уәде етілген ұрпақтың басты бөлігі етіп көктегі ұлдарының тұңғышын таңдады. Алайда неге Мәсіхпен бірге билік етушілерді адамзат арасынан таңдады? Елші Пауыл бұл саны шектеулі адамдарды Ехоба ‘өз мақсатына сай таңдап алды’, ‘оның ізгі еркі осы болды’ деп түсіндіреді (Римдіктерге 8:17, 28—30; Ефестіктерге 1:5, 11; Тімотеге 2-хат 1:9).
16 Ехобаның ниеті — өзінің ұлы да киелі есімін қастерлі ету және бүкіләлемдік билігін ақтау. Ол ‘істерін жүргізу жолы’ арқылы теңдесі жоқ даналығын көрсетіп, тұңғыш Ұлын толығымен сыналу үшін жерге жіберді. Оның үстіне, Ехоба Ұлының қолындағы Патшалыққа өзінің ең жоғары билігін өмірінің соңына дейін қолдаған адамдар да кіреді деп шешті (Ефестіктерге 1:8—12; Аян 2:10, 11).
17. Мәсіх пен онымен бірге билік етушілердің бір кездері адам боп өмір сүргендері бізді неге қуантады?
17 Ехоба Ұлын жерге жіберу мен адамзат арасынан Патшалықтың мұрагерлері болатындарды таңдау арқылы Адамның ұрпақтарына зор сүйіспеншілігін көрсетті. Ал мұның Әбілдің күндерінен бері Ехобаға адал болып қалған адамдар үшін қандай пайдасы бар? Туылғаннан күнә мен өлімнің құлы болған кемелсіз адамдар Ехобаның о бастағы адамзатқа қатысты ниетіне сәйкес, рухани және тәндік жағынан сауығып, кемелділікке жеткізіледі (Римдіктерге 5:12). Жерде мәңгі өмір сүруді асыға күтетіндердің бәріне де Патшалары жердегі қызметінің барысында шәкірттеріне көрсеткендей сүйіспеншілік көрсетіп, түсінушілікпен қарайтынын білу қандай жұбаныш береді десеңші! (Матай 11:28, 29; Еврейлерге 2:17, 18; 4:15; 7:25, 26) Сондай-ақ Мәсіхпен бірге көкте билік етуші патшалар мен діни қызметкерлердің біз сияқты кемелсіздіктерімен күресіп, өмірдің тауқыметін көрген адал ерлер мен әйелдер болғанын білу де зор жұбаныш! (Римдіктерге 7:21—25)
Ехобаның ниеті өзгермейді
18, 19. Неге Пауылдың Ефестіктерге 1:8—11 тармақтардағы сөздері бізге түсініктірек болды және келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Пауылдың Ефестіктерге 1:8—11 (ЖД) тармақтардағы майланған мәсіхшілерге айтқан сөздерінің мағынасын енді жақсырақ түсінеміз. Ол Ехоба өздеріне “қасиетті құпияны” ашып бергенін, яғни өздерінің Мәсіхпен бірге ‘мұрагер ретінде тағайындалғандары’ мен ‘барлық нәрсені өз еркі бойынша істеушінің ниетіне сай алдын ала белгіленгендерін’ айтты. Бұл Ехобаның өз ниетін орындау үшін керемет түрде ‘істерді жүргізу жолына’ сай келетінін көреміз. Бұл сондай-ақ Иеміздің кешкі асында неге азғана мәсіхші рәміздерден дәм тататынын түсінуімізге көмектеседі.
19 Келесі мақалада көкте өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілер үшін Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші нені білдіретінін көреміз. Сондай-ақ жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін миллиондаған адамды Еске алу кешінің мәнісі неге барынша қызықтыру керектігін қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Құдайдың есімі сөзбе-сөз “Ол болғызады” дегенді білдіреді. Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін, кім болу керек болса, сол бола алады.
b Ехобаның ниетіне қатысы бар осы келісімдер жайлы егжей-тегжейлі қарастырылған мәліметті 1989 жылдың 1 ақпандағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 10—15 дейінгі беттерінен қарауға болады.
Қайталау
• Неге Ехоба жерді жаратып, оған адамзатты қоныстандырды?
• Неліктен Ехобаның жалғыз Ұлы жер бетінде сыналу керек еді?
• Ехоба Мәсіхпен бірге билік етушілерді неге адамзат арасынан таңдады?