Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.10. 22—25 бет.
  • Өміріме бағыт берген үш конгресс

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Өміріме бағыт берген үш конгресс
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Батылдыққа үйрендім
  • Қанағат етудің сырын білдім
  • Қызметте көбірек беруге талпындық
  • Қымбатты бауырластарыммен қауышу
  • Ехобаның зор көмегін сезініп келемін
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехобаның маған жасаған жақсылықтарын немен өтеймін?
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехобаға ең жақсымды беруді үйрендім
    Ехоба куәгерлерінің өмірбаяны
  • Үйренуден еш жалыққан емеспін
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.10. 22—25 бет.

Өміріме бағыт берген үш конгресс

АЙТЫП БЕРГЕН ДЖОРДЖ УОРЭНЧЕК

КОНГРЕСТЕ естіген қандай да бір ойдың қатты әсер етіп, өміріңде үлкен өзгеріс жасауға талпындырған кезі болған ба? Дәл осындай жағдай менің басымнан өтті. Өмір жолымды өзгерткен үш конгресс есімде. Алғашқысы жасқаншақтықты жеңуге, екіншісі өз-өзіме сенімдірек болуға, ал үшіншісі көбірек беруге көмектесті. Бұл өзгерістерге тоқталмас бұрын, сол конгрестерге дейін, яғни балалық шағымда, болған оқиғаларды айтып берейін.

Мен 1928 жылы дүниеге келдім, екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі едім. Әпкелерім Марджи, Ольга және мен үшеуіміз екі мыңдай тұрғыны болған шағын Саут-Боунд-Брук (Нью-Джерси, АҚШ) қаласында өстік. Кедей тұрсақ та, анам қолы ашық адам еді. Мүмкіндік тауып жеңсік ас дайындаса, үнемі көршілерге дәм татқызатын. Бір күні анама венгрше сөйлейтін Куәгер келді, ол кезде мен тоғыз жаста едім. Туған тілінде сөйлескендіктен анам Киелі кітап хабарына ден қойды. Кейінірек жиырма жастағы Берта есімді жас әйел бауырлас анаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп, оған Ехобаның қызметшісі болуға көмектесті.

Мен анам сияқты емес, жасқаншақ әрі өзіме сенімсіз едім. Бұл аздай, анам мені жиі кемсітетін. Бірде жылап тұрып: “Маған неге ұрыса бересің?”— деп сұрағанымда, мені жақсы көретінін, бірақ ерке болып кеткенімді қаламайтынын түсіндірді. Анамның бұл ниеті тура болса да, жарытып мақтау сөз естімегендіктен, өзімді кем санайтынмын.

Бір күні менімен жылы-жұмсақ сөйлесетін көршіміз балаларымен шіркеудің жексенбілік мектебіне барып тұруды өтінді. Мұның Ехобаға ұнамайтынын білетінмін, бірақ мейірімді көршінің көңілін қалдыруға қорықтым. Сөйтіп бірнеше ай бойы ар-ұжданымның мазалағанына қарамай, шіркеуге барып жүрдім. Адам алдындағы қорқыныш мектепте де ар-ұжданыма қайшы әрекетке итермеледі. Директор қатал адам болатын, мұғалімдер барлық баланы туға тағзым ету рәсімін жасатып жатқанын тексеретін. Мен де тағзым ете бастадым. Бір жылдай осылай етіп жүріп, кейін үлкен өзгеріс жасадым.

Батылдыққа үйрендім

1939 жылы біздің үйде топтың кітап зерттеу кездесуі өтетін болды. Кездесуді Бен Мискалски есімді жас ізашар бауырлас жүргізді. Біз оны Биг Бен (Үлкен Бен) деп атайтынбыз, бұл орынды да еді. Ол мен үшін үйдің кіре берістегі есігі сияқты үлкен болып көрінетін. Алып денелі болғанымен, мінезі жұмсақ екен, оның жылы жүзбен күліп қарағаны көңілімді бірден орнықтырды. Ол мені уағызға шақырғанда, қуана келістім. Екеуіміз достасып кеттік. Көңілім түсіп жабырқаса, менімен туған ағамдай сөйлесетін. Бұл мен үшін өте маңызды еді, оны қатты жақсы көріп кеттім.

1941 жылы Бен біздің отбасымызға өзінің көлігімен Сент-Луистегі (Миссури штаты) конгреске баруды ұсынды. Сонда менің қуанғаным-ай! Бұрын-соңды үйден 80 шақырымнан алыстап шыққан емес едім, ал енді 1 500 шақырым жол жүргелі жаттым. Бірақ Сент-Луисте қиындықтар туындады. Дінбасы шіркеуіне келетін адамдарға Куәгерлермен келісімдерін бұзып, үйлеріне кіргізбеуге бұйрық берген екен. Көпшілігі солай етті. Бізбен келіскен отбасы да қатаң ескерту алғанына қарамастан, үйіне кіргізді. Берген уәделерін бұзу үй иелерінің ойларына да келмеген. Олардың батылдықтарына қайран қалдым.

Әпкелерім осы конгресте шомылдыру рәсімінен өтті. Сол күні Бруклиндегі Бетелде қызмет ететін Рутерфорд бауырлас құлшына айтқан баяндамасында Құдайдың еркін орындағысы келетін балалардың барлығын орындарынан тұруға шақырды. Сонда шамамен 15 000 бала орнынан тұрды, мен де тұрдым. Ол уағыз ісіне барынша қатысқысы келетіндерді “Мен” деп жауап беруге шақырғанда, басқа балаларға қосылып “Мен!” деп дауыстадым. Артынша бәрі ду қол шапалақ ұрды. Жүрегім жалындап кетті.

Конгрестен соң Батыс Виргинияда тұратын бауырластың үйіне қонаққа бардық. Ол қызметте бастан кешкен оқиғасын айтып берді. Ашулы тобыр оны ұрып-ұрып, үстіне смола құйып, қауырсын шашып кеткен. Мен оның әңгімесін демімді ішке тартып отырып тыңдадым. “Бірақ уағыздауды тоқтатпаймын”,— деді ол. Үйге қайтып бара жатқанда өзімді Дәуіт сияқты сезіндім. Себебі мен Ғолиятқа, мектеп директорына, қарсы тұруға дайын едім.

Мектепке келгенде директордың алдына бардым. Ол маған алара қарады. Ішімнен Ехобаға дұға етіп, көмек сұрадым. Содан соң: “Мен Ехоба куәгерлерінің конгресінде болдым. Бұдан былай туға тағзым етпеймін!”— деп судыратып айтып шықтым. Біраз уақыт үнсіздіктен кейін, директор жайлап орнынан тұрды да, маған қарай жақындады. Ашудан қызарып кеткен ол: “Туға тағзым етесің. Етпесең, мектептен шығасың!”— деп айқайлады. Бұл жолы мен берілмедім, сөйтіп бұрын-соңды сезінбеген қуанышқа бөлендім.

Болған жайтты Бенге айтып бергенше асықтым. Патшалық сарайында оны көре салысымен: “Мені мектептен шығарып жіберді! Туға тағзым етпедім!”— деп дауыстап жібердім. Бен мені құшақтап алды да, күлімсіреп: “Ехоба сені жақсы көреді”,— деді (Заң. қ. 31:6). Бұл сөздер мені қатты жігерлендірді. 1942 жылы 15 маусымда шомылдыру рәсімінен өттім.

Қанағат етудің сырын білдім

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдің экономикасы қарқындап өсті әрі дүние-мүлік жинау кең етек алды. Мен де жақсы табыс тауып, бұрын үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін заттар ала алдым. Достарымның кейбірі мотоцикл сатып алды, басқалары үйлерін жаңартты. Ал мен су жаңа көлік сатып алдым. Кейіннен тұрмыс жағдайын жақсартуға деген қызығушылық Патшалық мүддесін ығыстыра бастады. Өзімнің бұрыс бағытқа бет алғанымды білетінмін. Сөйтіп жүргенде, 1950 жылы Нью-Йорк қаласында өткен конгресс ой қалпым мен істерімді өзгертуге түрткі болды.

Сол конгресте баяндамашылар бірінен соң бірі тыңдаушыларды уағыз ісінде алға басуға талпындырды. Бір баяндамашы: “Басты қажеттіліктерден басқаның бәрін тастап, жарыстың аяғына дейін жүгір”,— деп шақырды. Ол дәл маған айтып жатқандай болды. Ғалақад мектебін бітірушілерді көргенде, ішімнен: “Мен қатарлы жастар шетелде қызмет ету үшін материалдық игіліктерден бас тартып жатса, мен де өз елімде солай етуім керек”,— деп ойладым. Конгресс біткен соң ізашар ретінде қызмет етуге бел будым.

Сол кездері мен Евелин Мондак деген құлшынысты қыз бауырласпен кездесіп жүрдім. Ол мен баратын қауымда еді. Евелиннің анасы алты бала өсірген батыл әйел болатын. Ол үлкен Рим католик шіркеуінің алдындағы көшеде уағыздауды ұнататын. Дінбасы ашуланып оны қанша қуса да, тапжылмай тұрып уағыздай беретін. Анасы сияқты, Евелин де адамнан қорықпайтын қыз еді (Нақ. с. 29:25).

1951 жылы Евелин екеуіміз үйлендік. Жұмыстарымыздан шығып, ізашарлық қызметті бастадық. Аудандық бақылаушы бізді Атлант мұхитының жағалауындағы Нью-Йорк қаласынан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Амагансетт ауылына көшуді ұсынды. Жергілікті қауым бізге тұратын үй тауып бере алмайтынын хабарлаған соң, жылжымалы үйшік іздей бастадық. Бірақ қалтамыз көтеретіні табылмады. Кейіннен нашар біреуі табылғанда, оған иесі 900 доллар сұрады, тойымызға сыйлаған ақша да сонша ғана еді. Соны сатып алып, жөндедік те, жаңа аймаққа алып кеттік. Алайда ол жерге келгенде, қалтамызда көк тиын жоқ, қалай күн көрер екенбіз деп ойладық.

Евелин үй жинайтын жұмысқа тұрды, мен болсам итальян мейрамханасында ыдыс-аяқ жуушы болып кешкі жұмысқа орналастым. Қожайыны маған: “Қалған тамақты әйеліңе алып кетіп тұр”,— деді. Жұмыстан түңгі сағат екіде оралатынмын, сонда үйшігімізді пицца мен спагеттидің иісі алып тұратын. Оны ысытып жегенде, әсіресе қысқы күндері сыртына мұз қатқан үйшікте бүрісіп отырған біз, бір рақаттанып қалушы едік. Кейде қауымдағы бауырластар үйшігіміздің алдына үлкен балық қалдырып кететін. Амагансеттегі қымбатты бауырластарымызбен қызмет еткен кезде біз басты қажеттіліктерді қанағат етіп-ақ бақытты бола алатынымызды түсіндік. Сол жылдар қуанышты кезең еді.

Қызметте көбірек беруге талпындық

1953 жылы шілде айында Нью-Йорк қаласындағы конгреске әртүрлі елде қызмет етіп жатқан жүздеген миссионер келді. Олар бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Жалындаған рухтары әсерлі еді. Оның үстіне, баяндамашы Патшалық туралы хабар әлі көп жерге жетпегенін айтқанда, не істеу керек екенімізді, яғни қызмет аясын кеңейту арқылы көбірек беру қажет екенін, түсіндік. Конгресс кезінде миссионерлік қызметке дайындайтын мектепке өтініш жаздық. Сол жылы біз Ғалақад мектебінің 23-ші сыныбына шақыру алдық, ол 1954 жылдың ақпанында басталды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе болды!

Бразилияға тағайындалғанымызды естігенде қатты қуандық. Кемемен он төрт күндік жолға шықпас бұрын, Бетелдегі бір жауапты бауырлас маған: “Сенімен бірге Бразилияға жұбайыңнан басқа тағы тоғыз әйел бауырлас барады. Оларды сенің қамқорлығыңа тапсырамыз”,— деді. Соңымнан он әйелді ертіп кемеге шығып жатқанда қарап тұрған теңізшілердің көзі шарасынан шықты. Бірақ әйел бауырластар өздерін дұрыс ұстағандықтан, жолда келеңсіз жағдай болған жоқ. Сонда да кеме Бразилия жеріне аман-есен жеткенде ғана жаным жай тапты.

Португал тілін үйреніп алған соң, біз Бразилияның оңтүстігіндегі Риу-Гранди-ду-Сул штатына аудандық қызметке тағайындалдық. Біздің алдымызда аудандық бақылаушы ретінде қызмет еткен бойдақ ер бауырлас әйелім екеуімізге: “Мұнда ерлі-зайыптыларды тағайындағанына таңғалып тұрмын. Бұл жерде өте қиын”,— деді. Қауымдар ауылды жерлерде шашырап орналасқандықтан, олардың кейбіреуіне тек жүк көлігімен ғана баруға болатын. Жүргізушіге тамақ алып берсең, жүктің үстіне шығуға рұқсат беретін. Біз жүктің үстінде атқа мінгескендей аяқтарымызды екі жаққа салып отырып, жүк байлаған жіпке жармасып алатынбыз. Көлік оқыс бұрылған сайын жүк бір жаққа қисайып, өмір үшін арпалысқа түсеміз, жүктің ұшар басынан тіпті төменде жатқан алқап көрінетін. Бірақ бізді қатты күткен бауырластардың жүзіндегі қуанышты көргенде, күні бойғы қиын сапарымыздың бекер болмағанын түсінетінбіз.

Біз бауырластардың үйлерінде тұрдық. Олар сіңірі шыққан кедей болса да, беруден тартынбайтын. Бір шалғай аймақта ер бауырластардың барлығы ет зауытында жұмыс істеді. Жалақылары тек бір күндік тамаққа ғана жететін. Жұмысқа бір күн бармаса, ақысыз қалатын. Соған қарамастан біз барғанда жұмыстан екі күн демалыс алып, қауым істеріне атсалысты. Олар қамдарын Ехобаға сеніп тапсырды. Осы кішіпейіл бауырластардың Құдай Патшалығының игілігі үшін үлкен құрбандықтарға барғандарынан ұмытылмас сабақ алдық. Олармен араласудың арқасында ешбір мектеп бере алмайтын білім алдық. Әлі күнге дейін сол бауырластарды еске алсам, қуаныштан көзіме жас келеді.

Денсаулығы нашар анама қарау үшін біз 1976 жылы Құрама Штаттарына оралдық. Бразилияда тұру оңай болмаса да, біз сол аймақта жариялаушылар мен қауымдардың айтарлықтай көбейгенінің куәсі болғанымызға ризамыз. Бразилиядан хат алған сайын өміріміздің сол бір тамаша кезі есімізге түсіп, көңілімізді толқытады.

Қымбатты бауырластарыммен қауышу

Анамның қамын жасай жүріп ізашарлық қызмет атқардық, әрі тазалаушы болып жұмыс істедік. Өмірінің соңына дейін Ехобаға адалдық сақтаған анам 1980 жылы қайтыс болды. Бұдан кейін мені Құрама Штаттарына аудандық қызметке шақырды. 1990 жылы әйелім екеуіміз Коннектикуттағы қауымға барғанымызда қымбатты бір адамды кездестірдік. Қауымдардың бірінде ақсақал ретінде қызмет етіп жүрген Бен бауырласпен — иә, 50 жыл бұрын маған Ехобаның жағында тұруға көмектескен баяғы Бенмен — қайта қауыштым. Бір-бірімізді құшақтап, қалай қуандық десеңші!

1996 жылдан бері Евелин екеуіміз Елизабет (Нью-Джерси штаты) қаласындағы португал тілді қауымда мүмкіндігі шектеулі арнайы ізашар ретінде қызмет етудеміз. Денсаулығым нашар болса да, қадірлі жарымның көмегімен шамам келгенше қызмет етіп жүрмін. Евелин көрші тұратын әлсіз қарт бауырласымызға да көмектеседі. Ол — баяғы Берта, жетпіс жыл бұрын анама Ехобаның қызметшісі болуға көмектескен бауырлас. Отбасыма шындықты білуге көмектескені үшін ризашылығымызды білдіруге осындай мүмкіндік болғанына қуаныштымыз.

Осы үш конгрестің шынайы ғибадатта нық тұруыма, өмірімді қарапайым етуге және қызметімнің аясын кеңейтуге талпындырғанына шексіз ризамын. Сол конгрестер менің өміріме бағыт берді.

[23-беттегі сурет]

Евелиннің анасы (сол жақта) және менің анам

[23-беттегі сурет]

Досым Бен

[24-беттегі сурет]

Бразилия жерінде

[25-беттегі сурет]

Евелин екеуіміз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу